Эдгар Аллан Поның 1845 жылы "Aristidean" журналында жарияланған "American poetry" атты мақаласы - сол кезеңдегі АҚШ әдеби сынының маңызды үлгілерінің бірі болды. Мәтінде По Америкадағы поэзияның даму деңгейін, оның көркемдік жетістіктері мен құрылымдық кемшіліктерін жүйелі түрде талдайды. Автор Еуропадағы әдеби мектептермен салыстыру арқылы өз мемлекетіндегі поэзияның өзіндік ерекшеліктерін айқындайды және поэтологиялық талаптарды жоғары қоя отырып, эстетикалық стандарттардың маңызын атап өтеді. Сонымен қатар автор айтатын, Америкада сол кезеңде қалыптасқан әдеби ортадағы екіжүзділік, таныс-тамырмен кітап шығарып, өзін мақтатып сын жаздыру, әдеби байқаулардағы әділетсіздік секілді факторлар қазақ әдебиетіндегі қазіргі кезеңді дәл суреттегендей әсер қалдырады. Яғни мақаланы оқып отырған кезде "айнаға қарап" тұрғандай көңіл-күйде боласыз... По бұл факторлардың әдебиеттің болашағына жасайтын ықпалын дәлме дәл суреттеп береді. Шамамен екі ғасыр бұрынғы Америкадағы жағдайлар қазақ қоғамының ол жақтан 2 ғасыр артта келе жатқанын математикалық формула секілді дәлдікпен тағы бір рет көзге шұқып көрсеткендей болмақ... Жалғыз айырмашылығы - оларда жершілдік пен рушылдық қана болмаған екен...;) ол жағынан біз олардан сәл "ұпайымыз артылып" тұрған сияқтымыз..;) Олай болса, оқып отырып айнаға қараңыздар... яки айнаға қарай отырып оқыңыздар...
Қарлығаш ҚАБАЙ
АМЕРИКА ПОЭЗИЯСЫ
Ел ішінде де, ел сыртында да ұзақ уақыт бізді поэзияға бейім емес халық деп жиі және қатты айтып келгені сондай, бұл жала қайталана-қайталана ақырында шындықтың өзі сияқты қабылдана бастады. Алайда мұндай тұжырым – негізсіз бір тұжырым. Бұл – қате пікір, есеп-қисаптық қабілет пен идеалдық бастама өзара қарама-қарсы күйде болады деп қабылдайтын ескі догманың салдары. Ал шындығында ақыл-ой қуатының бұл екі саласының бір-бірінен бөлек мүлде өмір сүре алмайтыны әлдеқашан дәлелденген. Қиялдың ең жоғары дәрежесі әрдайым терең математикалық не аналитикалық қасиетке ие. Оның үстіне бұл теорияның екінші жағы да – ақиқат.
Саяси жағдайымыздың өзгешелігі біздегі барша практикалық қабілетті тым ерте оятты. Ұлттың балалық шағының өзінде-ақ біз ата-бабаларымыздың кемел өнерін көмескілейтіндей дәрежеде жаңалыққа негізделген шеберлік көрсеттік. Лидерлікке жаңа қол жеткізген кезден-ақ адамзаттың тұрмыс-тіршілігін жеңілдететін барлық өнер мен ғылымда майталман екенімізді дәлелдеп үлгердік. Бірақ алғашқы әрі ең табиғи қажеттіліктеріміздің бізді жетелеп әкелген жолы – кейінірек өз еркімізбен таңдаған бағыт деп қабылдана бастады... Біздің жай ғана өмірлік бір қажеттіліктеріміз бен шынайы құмарлығымыз шатастырылды. Сол кездің өзінде ең бірінші темір жол салуға мәжбүр болғандығымыз үшін, өлең жазуымыз мүмкін емес деп шешілді. Дамуымыздың бірінші кезеңінде локомотив құруымыз орынды болғандықтан, екінші кезеңде дастан жаза алатынымыз теріске шығарылды. Бастапқы кезімізде бәріміздің бірдей Гомер бола алмағанымыз үшін, соңына дейін бәрімізді Джереми Бентамға айналады деп қабылдап, қатаң үкімге барды адамдар...
Бірақ бұл – таза есуастық. Поэтикалық сезімнің бастау-бұлағы адамның мәңгілікке жол алған табиғатының тереңінде жатыр және ол өзін қоршаған дүнияуи жағдайларға тәуелді емес. Аркадиядағы ақын қандай болса, Камчаткадағы ақын да сондай. Бір ғана саксондық рух – ағылшын жүрегін де, америкалық жүректі де тірілтіп тұрған бір қуат. Ешбір әлеуметтік, саяси, моральдық немесе физикалық жағдай ата-бабаларымыздікіндей алаулап жанған ішкі лебізімізді сәл ғана тұншықтырудан әріге аса алмайды.
Соңғы он, он екі жыл бойы әдебиетімізді жіті қадағалап келгендер, біздің расында да поэтикалық рухы бар бір халық екенімізді мойындауға бейім. Бұл ақиқат біздің өлең жайлы, ақындар жайлы мәлімет іздеуге деген құштарлығымыздан артық қандай да бір айғақпен дәлелденбейді. Бірақ осы тұстағы бір өкінішіміз – біздің ең қиын да күрделі нәрселерді қаузайтынымызда. Поэзияға қатысты жүйелі, жинақы, әсіресе салыстырмалы көзқарасты көптен бері аңсарлы бір мұратқа айналдырдық... Бірақ оны қайдан, қалай табамыз? Күнделікті баспасөздің бағандарынан үзік-үзік деректерді өзіміз жинаймыз ба? Әлде осы жерден анда-санда ұшырасатын тәп-тәуір ойлар мен шынайы пікірлерді тіміскілейміз бе? Бұл күлкілі болар еді. Қарапайым әдеби сыншылығымыздың азғаны, тозғаны жұрттың бәріне мәлім ғой. Ол өзінің қуатын өз қолымен-ақ тұншықтырды. Қазіргі күнде сыншы мен баспагер арасындағы байланысты бәріміз білеміз. Бұл байланыс не жай ғана рақымшылықтың құнын өтеп, соны қалтаға басудан, не болмаса тым ұсақ әрі арамтамақ парақорлықтан тұрады; ал бұл халық мүддесі тұрғысынан қарағанда алдыңғысынан да зиянды, әрі пікірдің сатушысы мен алушысы үшін одан бетер қорлыққа толы жағдай, өйткені мұнда көрсетілетін қызмет алынған ақыға сай емес.
Бұл мәселеге қатысты айғақтарымыздың теріске шығарылуы мүмкін деп санайтындарға жымиып қана қараймыз. Өйткені біз айтып отырған бұл ой, өкінішке қарай, масқара бір жағдай болғанымен, шындықтың өзегінен туып отыр. Жалпы жемқорлық туралы айыптың ішінде, әрине, сиректеу болса да, бірнеше өзгеше жағдай кездеседі. Шынында да, біздің қоғамда толық тәуелсіздігін сақтайтын, баспагерлерден кітап алмайтын немесе олардан тек әділ сыни көзқарас көретініне нық сенген жағдайда ғана кітаптарды қабылдайтын бірқатар редакторлар бар. Бірақ мұндай редакторлардың саны халықтың күдігін сейілтуге жеткілікті емес. Ал оларға деген күдік жақында ғана Бостондағы бірқатар әдеби топтар тудырған интригалардың әшкереленуінен кейін бұрынғыдан да бетер күшейді. Елдегі бас баспагерлердің пәрменімен, қажет болған сайын, партияның бір шолақ белсендісі немесе фирманың жағымпаз қорғаушысы үшін қолдан жасалған жалған қоғамдық пікір қалыптастырылып отырғаны сол интриганың кезінде белгілі болды. Бір кездері бұл жақта қолдан «мадақтау» машинасы сондай жүйелі, сондай сенімді деңгейде дамыған еді, тіпті әлгі Бостондағы кей баспагерлер өздерінің барлық ісіне жегілген қызметкерлеріне жаздыртып, дайындап қойған мадақтамалық сын топтамаларын үнемі ұстап отырып, кітаптың шағын парақшалары арасына сұғына салып жіберіп, бұл жарнамаларды өздері ықпал ете алатын көптеген газеттерге жөнелтуден еш қымсынбады. Алайда осы сұмдық та сұрықсыз әрекеттердің этикаға жат екені мен асқан тұрпайылығы баспагерлердің, газеттердің ар-намысын сақтаған кей бөлігінің ашу-ызасынан қашып құтылған жоқ... Мұндай айла-шарғылар енді оңай қайталана қоймас... және біз ешқандай қағидатқа жатпайтын надандық пен шарлатандықтың бұғауында пайда болған бұл әрекеттерді – шынайы құндылық пен ұлттық әдебиеттің тұтас игілігінің алғышартын қалыптастыруға негіз болған жағдаяттар деп қана қабылдаймыз.
Шынында да, баспа ісімен (баспасөзбен) байланысы бар әрбір адамның қолындағы ықпалын АДАЛДЫҚ пен АҚИҚАТ мүддесіне арнауы – дәл қазір ең бірінші борышқа айналды. Осы бағытта қол жеткізген нәтижелеріміз біздің ең шынайы ниетіміз бен ең елеулі еңбегімізге әбден лайық болмақ. Сондықтан да билік басындағы топтың шашбауын көтермейтін дарынды адамның мүддесіне ашық зиян келтіре отырып, жұртшылыққа мағынасыздықты күштеп таңуға жасалған барша қастандықты айыптаймыз. Уақыт өте келе біз әдебиет өкілдерін айқын көруге және олардың әрқайсының шынайы бағасын тек қана қатаң әрі дербес сын өлшемдері арқылы анықтауға болатын бір маңызды деңгейге жетуіміз әбден мүмкін. Алайда олардың қазіргі мәртебелері толық орнықты, не көпшілігінің иеленіп отырған орындары біз айтқан айла-шарғыдан өзгеше, берік негізге сүйеніп тұр деп ешкім айта алмайды. Мұны тек надан адамдар немесе «бұрынғы жақсы заманның» сақталуына мүдделі тараптар ғана дәлелдеуге тырысуы мүмкін. Халық аузынан жинақталған, газеттердің беттерінен алынған кейбір белгілі әдебиетшілеріміздің беделі мен «ақылды», «білімді» адамдардың жеке бағалауынан туындайтын олардың шығармашылығы туралы пікірлері арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бұл екеуі бір-бірінен бұлайша түбегейлі ажырап тұратын басқа бір дерек жоқ шығар. Біз бұл жайтты жаңа ашылған құбылыс немесе бір жаңалық ретінде айтып отырған жоқпыз. Керісінше, көп адамның жалған марапат алып отырғаны және бұл айырмашылықтың рас екені – күні бүгінге дейін көптің әзіл-қалжыңы мен күнделікті күлкінің өзегіне айналып келе жатқан, бұрыннан белгілі бір ақиқат.
Тіпті біздің қоғамда жаңа кітаптарға арналған кәдуілгі сын-пікірлердің жалпы сипаты мен жасандылығының деңгейіндей күлкіңді келтіретін ештеңе жоқ шығар... Кейде бойында талғамның ұшқыны да жоқ, әрдайым уақытқа жарымайтын, көбіне есі кіресілі-шығасылы болып жүретін бір баспа редакторы әлемге осындай кітаптар жайлы жар салудан тайынбайды. Күнделікті дағдысына айналған бұл «шолу» материал, шын мәнінде, оның өзі де әрең ашып қараған, енді шыққалы отырған жұқа кітаптарға арналады. Ал олардың мазмұнының төрттен үш бөлігі өзіне қанша тырысса да еврей тіліндей түсініксіз болып қала беретіні айдан анық болса да, ол осыны көптеген кітаптарға толыққанды сын жасалған, көлемі мен саны жағынан он-он бес не жиырма оқырманның бір ай бойы қолын босатпайтындай деңгейде ойға бай «беделді рецензия» етіп көрсетеді. Бірақ ол жұртты сендіре алмайтын тұсын жағымпаздықпен толтырады; уақыт тапшылығын күйгелек мінезімен жабады. Жер бетінде мұндай редактордан оңай риза болатын жан жоқ. Ол Ной Вебстердің ұлы сөздігінен бастап, Том Тамның соңғы асыл тастармен әшекейленген басылымына дейін таңырқай табынады. Шын мәнінде, оның жаны қиналатын жалғыз нәрсе – өзінің қуанышын жеткізер сөз табу ғана. Ол үшін әрбір шағын кітапша – ғажайып; әрбір қалың том – әріп әлеміндегі жаңа бір дәуір. Содан оның тіркестері күн сайын үлкейе бермек. Егер «Гаррисон Эйнсворт» деп әңгімесін бастамағанда, біз оны «нағыз бір желөкпе» деп атар едік...
Соған қарамастан, әдебиетіміздің қайсыбір саласы туралы айқын мағлұмат алуға тырысқанда, қарапайым оқырман да, бөгде жұрттан келген адам да жеңілтек журналдардан салмақтырақ басылымдарға дейін қарап, босқа үңілері сөзсіз. Бірақ біздің мұнда көздегеніміз – журналдарымызды талдау емес. Бірақ олардың ішіндегі ең таңдаулысының бірі - “Arcturus” екенін айта кеткен жөн. Өйткені оны талғамы жоғары, қабілетті мықты әрі жалпы әдебиеттен хабардар адамдар басқарды. “Arcturus”-тың әдеби пікірлерінің әділ екеніне біз аз болса да сенеміз. Алайда оның шынайы әдеби сын тұрғысынан осы күнге дейін не істегенін немесе не істеуге тиіс болғанын егжей-тегжейлі ең мықты мақалаларының біріндегі мынадай үзіндіден аңғаруға болады:
“...Алайда бүгінгі таңда сынның өрісі кеңейіп, жалпыға ортақ сипат алды. Ол грамматикалық қателіктерге көз жұмады және кемшін ұйқасты не бұрыс өлшемді түзетуді сенің өз еркіңе қалдырады. Қазір ол шығарманың түпкі мәніне, жазушының ұмтылған мақсатына үңіледі. Бұл – идеялық сын. Жақсы сын қазіргі әдебиеттің бір «жанрына» айналғандықтан, оның әділетті түрде болуын талап етуге де құқылымыз. Қазір сын қиялға жақын, тұтастай драмалық шығармаларды қоспағанда, әдеби түрлердің барлығын қамтиды. Бұлар – эссе, уағыз, шешендік сөз, тарихи шығарма, философиялық толғам, прозалық поэма, өнерге құрылған роман немесе диалог... Мұндай шығармаларда мысқыл да, нәзіктік те, автобиографияға тән жеке сезімдер де, мемлекетшіл ойдың ең терең көкжиегі де бар. Баллада мен эпос Гомер дәуірінің туындысы болғанындай, сын – он тоғызыншы ғасырдың табиғи әрі заңды характеристикалық өнімі.”
Бұл жерде айтылғандардың бәріне қосыла алмаймыз. “Он тоғызыншы ғасырдың өнімі” деп аталған сын жанры – тек соңғы жиырма–отыз жыл ішінде ҰЛЫБРИТАНИЯДА ғана қалыптасқан құбылыс. Мәселен, аты аталып жүретін француз сыни мақалалары нағыз сынға тән бірегей рухты әлі де сақтап келеді. Ал немістер туралы не айтуымыз керек? Винкельманн туралы не айтуымыз керек? Шеллинг туралы не айтуымыз керек? Гёте туралы не айтуымыз керек? Август Уильям туралы не айтуға тиіспіз? Фредерик Шлегель жөнінде не айтамыз? – олардың тамаша логикалық сындары Джонсон, Эддисон және Блейрдың сындарының іргесінен қалыс қалмайды. Өйткені бұл шеберлердің қағидалары - табиғаттың өзі соңғы демін бергенге дейін құламайтын қағидалар. Олардың еңбектері егжей-тегжейлі, ауқымды, терең болу арқылы ерекшеленеді және сол қағидаларды әлдеқайда мұқият қолдану арқылы шеберлікке ие болған. Қазіргі сынның бұрынғы дәуірлердегі сыннан рухани тұрғыда өзгеше болуы тиіс деу – өзгермейтін заңдардың, яғни адам жүрегі мен адам ақылының заңдарының өзгергіштігін меңзегенмен бірдей; ал шынайы сын өнерінің тірегі – міне, тек осы заңдар. Және бұл өнер, дәл “Дунсиад” дәуіріндегідей-ақ, өз міндетін атқара жүріп, «грамматикалық қателерді көзге ілмей» немесе «ақсаған ұйқасты түзетуді өзіңе қалдыра отырып» жұмыс жүргізе алмайды. “Arcturus” журналы сын деген нәрсенің не екенін қандай түрде түсіндірсе, біз де сынның не емес екенін дәл сондай нақтылықпен айтамыз. Сын – біздіңше, эссе де, уағыз да, шешендік сөз де, тарихи үзінді де, философиялық пайым да, прозалық поэма да, өнерге құрылған роман не диалог та емес. Шын мәнінде, осы аталғандардың бәрінен бөлек тұратын жалғыз нәрсе – сынның өзі. Егер “Arcturus” журналының пікірі бойынша сын деген осы болса, онда неге ол дәл сол дәрежеде “қиял туындысы” немесе драмалық махаббат романы яки мелодрама немесе қатарынан екеуі де бола алмайды деген сұрақ туады. Бұлай деу ақылға сыймайтыны сөзсіз.
Біз, міне, дәл осы ақылға қонбайтын жалпылама пайымға қарсы шығамыз. Ең болмаса ұзақ қолданылуының арқасында мағынасы жеткілікті түрде айқындалған “сын” деген терминіміз бар. Әрі бұл термин айқындап келе жатқан маңызы орасан зор, шекарасы анық сызылған өнеріміз де бар. «Arcturus» айтқан сол шым-шытырық ғылымға, бір мезетте барлық нәрсенің баламасы да, өзі де бола алатын сол “әмбебап” ғылымға біз арнайы тоқталуға аса ықылас танытпаймыз. Алайда адамзаттың басым көпшілігімен бірге, мағынасы нақты, тіпті өте нақты жүк арқалап үйренген атаудың сол мақсатқа жымысқы түрде телінуіне қарсы шығуға тиіспіз. «Сын» дегенде көзделген мағынаға қызмет ете алатын “сыннан” басқа қандай сөз бар? Орфизмге, диализмге, алкотшылдыққа, не болмаса мағынасы одан да былыққан әрі шатасқан өзге сөздерге қарсы шықпаймыз ба?
Алайда мұндай сындық адасулар – күні бүгін үстемдік құрып тұрған “мағынасыздықтың” айнадағы жұмсартылған кескіні ғана. Бүгінгі күні үстемдік құрып отырған мағынасыздық дегенде, біз – жапалақтың масскасын киіп алып, ғажайып түрде данышпан болуды ойлайтын жексұрын қылықты адамды, жасанды терең көрегендікке салынуды, барлық құпияны, әсіресе психологиялық құпияны, жылаңқы салмақпен “теріс қаратып” беруге тырысатын жалған ыждағаттылықты, бір түйеқұс секілді басын «сандырақтың» ішіне тығып алып, өзі ештеңе көрмегендіктен, сол сандырағы мазаққа ұшырамайды деп ойлайтын пендені еске аламыз. Әсіресе қазіргі Бостондағы бейшара әумесерлер тобы арасында белең алған бір жасандылық бар. Олар – мысалдармен мүләйімсіп сөйлейтін, бір көзінде кір қысық күлкі, екіншісінде қолдан жапсырылған шылқыған жас тамшысы бар, Карлайлға ант-су ішкен бейшаралар, өздерінің де, қоғамның да игілігі үшін істей алар ең қасиетті істері – ми деп ойлайтын болмашы ботқаны шала піскен күйінде үрлеу ғана болып көрінетін, бас бармағын сорған сәби секілді шаласауаттылар мен ақымақтардың тобыры.
Мысал ретінде осы мырзалардың бірінің «Жоғалған жұмақты» (өз сөзімен айтқанда) талдауға алғанын елестетейік. Ол былай дер еді:
«Жоғалған жұмақ» – адам бірлігінің психологиялық ішкі тұтастығының жүректен туған айқын көрінісі. Ол нағыз даралықтың бірегейлігін иеленеді. Оны өлең ретінде емес, туынды ретінде, көпқырлы «Теогония» ретінде, «Еңбек мен күндердің» бір көрінісі ретінде қарастыру керек. Ол – ілгері жылжуға арналған қанат. Қозғалыстың ішінде үздіксіз қозғалып тұратын және алға ұмтылатын бір дөңгелек іспетті. Ғасырдың бақсысы, өз ғасырының бақсысы үшін, мүмкін болашақ ғасырлардың бақсылары үшін сақталып келген құт. Біз бұл еңбектен өзімізге бір достық пейіл табамыз».
Осындай мақтаншақ есектердің таза догма мен доктриналары әдебиетке, өнерге немесе басқа салаларға қатысты болса да бізге тым беймәлім де жат болмақ. Әрі шынтуайтына келгенде, оларды білгіміз де келмейді. Өйткені олар ешқашан алға жылжымайтын «Жетістік» жайлы жазған ұлы еңбектерін әбден шығырына жеткізіп жазып жүргенде, біздің пікірімізге, ойымызға назар аударуға шамалары да келмеген болар. Дегенмен осы адамдардың көзқарастары қандай болса да ұзақ уақыт бойы «таңуға» тырысып, қауіп төндіріп, бопсалап келген сол «Ойлары» қаншалықты қауіпті деп есептесек те – оны дамыту жолында өздері таңдап алған тәсілдің күрделілігі мен орамдылығы (қулық-сұмдыққа негізделгені) бізді таңғалдырмай қоймайды. Белгілі бір тілдің қолданылу аясы – ойдың таралу деңгейіне тікелей байланысты.
Бір адам, бір «көретін» құдірет иесі өзін қалай атауды қаласа да, егер бүкіл әлем оны бәрібір есек деп білсе және ол адам өзі түсінбейтін бір ойды қайталай беретін болса, онда ендігі істей алатын ең дұрыс ісі – сол ойы туралы ауыз ашпау ғана болмақ. Өйткені, әрине, өзі түсінбейтін нәрсені қарапайым көпшілік түсінеді деп үміттенгені жөн емес. Ал егер оның өзі шынымен анық, түсінікті түрде жеткізе алатын бір идеясы болып, оны басқаларға да айқын баяндап бергісі келсе, онда өз мақсатына жету үшін сол ойды жеткізудің ең қолайлы, ең тиімді сөйлеу тәсілдерін қолдануы керек екенін талассыз. Адамдармен олардың өз тілінде сөйлесу керек. Күнделікті қолданылатын сөздерді өздеріне үйреншікті қалыпта, бір-біріне дұрыс жалғастырып қолдануы тиіс.
Ал енді біздің тоқсан сайын шығатын журналдар туралы не айтуға болады? Поэтикалық әдебиетіміздің жай-күйін зерттеуде бізге қандай көмек көрсете алады олар? Мұндағы мақалалардың бәрі анонимді. Кім жазады? Кім туралы жаздырады? Жеке өшпенділіктің нәтижесі болуы мүмкін тирадтарға немесе оның тікелей не жанама түрде авторға қатысты айтылған мадақтарға бір ақымақтан басқа кім сенеді?
Бұл пессимистік брошюралардың жақсылығы – анда-санда «omnibus rebus et quibusdam aliis» (бәрін қамтып отырып, байқамай ара-тұра жақсы нәрсені де қамтып қалу) туралы жақсы бір эссені де қамтып қалатынында. Мұндай мақалаларды кешкі астан кейінгі уақыттан басқа кез келген сәтте оқысаң, міндетті түрде ұйқы шақыратын әсерге ұрынбай, емін-еркін қарай аласың. Ал Reviews («Сындар», «Шолулар») деп аталатын мерзімдік басылымдардан ешқашан шынайы сын күтудің қажеті жоқ.
Бұдан бөлек, барлық адамдар білетін немесе білуге тиіс бір нәрсе бар. Бұл – кітаптардың, өкінішке қарай, сөзді созуға, сөз қууға тым әуестігі. Бұл – олардың табиғатының бір бөлігі, тіпті болмысының шарты, сенімдерінің өзегі іспетті болып кетті. Тәжірибелі сыншы «жалпылай» сөйлеудің қауіпсіздігін ұнатады. Сол себепті ол нақтылыққа, жекелей обьектілерге қарай сирек адым атады. «Сөздер, сөздер, сөздер» - сыншының бүкіл күш-қуатының құпиясы.Өзіне тиесілі бір-екі ойы ғана бар, бірақ оларды ортаға салғанда әрі сақ, әрі тым ұқыпты келеді. Ақылы шындығымен қоса құдыққа тығылғандай болады, ал оны сыртқа шығару үнемі үлкен әуре-сарсаң. Ол қарапайым да тура нәрсенің бәріне қасақана өш. Алып Мулиноның: «Bélier, mon ami, commencez au beginning» (достым, әңгімені басынан баста) деген ақылын құлағына ілмейді. Не бірден әңгімесінің дәл ортасына қойып кетеді, не артқы есіктен сап етіп кіре келеді, не тіпті шаянша қапталдап жақындайды. Өйткені басқа еш жол оған жеткілікті «тереңдік» немесе әсер бере алмайтындай болып көрінеді. Бірақ әңгіме тереңдеген сайын, өз «даналығының» жарқылынан өзі соқыр күйге түсіп, содан шығатын жолды сирек табады. Әзілдеріне күліп шаршаған, яки оның әбден тұтығып қалғанын көргісі келмеген оқырман түбінде қолына кітап алып, сонымен-ақ оны «үнінен айыруға» мәжбүр болады. «Сирендер қандай ән шырқап еді? - дейді Сэр Томас Браун. Немесе Ахиллес әйелдер арасына жасырынып жүргенде қандай ат қолданды? Әлбетте, мұндай жұмбақ сұрақтардың ешқайсысы жорамалдана алмайтындай деңгейде болмайды». Алайда Ахиллес пен ежелгі дінсіз дәуірдің бүкіл Сирендері қолдаса да, Сэр Томастың өзінің он жағдайдың тоғызына келгенде, бір Quarterly Reviewer-дің не көздейтінін анық айтып бере алуы екіталай...
Алайда, біздің Quarterly (мерзімді журналдар) басылымдарымыз арқылы жалпы жұртқа тараған пікірлер керемет бір тұтастықта америка әдебиетінің нақты не екенін дәлелдейтін құжат ретінде қарастырылса және жалпылай алғанда шынымен де солай қабылданатыны айтылса, онда біз өзімізді жер бетіндегі басқа жұрттар қызғанатын халық ретінде көрер едік. Жақсы жазушыларымыз көп. Ауа қабатымыздың өзі данышпандықтың иісі аңқып тұрғандай, ал біз, ұлт ретінде - сол ауаға қанығып, рухы тазара түскен алып бір хамелеон іспеттіміз. Біз кемелдікпен оралған teretes et rotundi (лат. жұмыр да тегіс пішін) секілдіміз.
Барлық ақындарымыз – шетінен жасампаз, «тілсіз де, бақытсыз да» емес; барлық әйел ақындарымыз – шетінен бірер Хеманс (Фелиция Хеманс); роман жазатын авторларымыздың бәрі не аты шықпаған алыптар, не аты жер жарған тұлғалар екенін жоққа шығару да дұрыс емес; және не жазса да, қай тақырыпқа қалам тербесе де, бәрі бірдей керемет Кричтон сияқты, болмаса соның рухынан нәр алған деп әсірелеп мадақтаймыз. Біз өзімізді кереметпіз деп есептеп мәз боламыз, бірақ бір күні бұл қолдан жасалған рухани даңқтан айырылуымыз мүмкін; оған қоса Ескі әлемнің (Еуропаның) қызғанышы да біздің бұл «даңқымызды» шайқап жіберуі ықтимал. Біздің баспасөз, яғни Америка баспасөзі өз қаламгерлерін тұтас ізгілік пен таланттың, өнердің жалғыз иесі деп мақтайды әрі соған сендіреді, бірақ Еуропа мұндай шектен шыққан дара иемденушілікті көтере алмайды; осы бір ұятты монополияға бір күні қарсы шығуы мүмкін.
Бұл мәселеге байланысты кейде өзімізді өзіміз келеке қылып та жүрміз. Бірақ сол келеке мен әзілдің өзі жиіркенішті. Өйткені мадақшылдық, мақтаншақтық, атаққұмарлық сынды қасиеттердің тым көп белең алуы - күлкілі емес, керісінше жеккөрініш тудыратын нәрсе. Тез иілетіндей деңгейде жасық, бірақ соған қарамастан қыңыр да даукес мінезі арқылы батыл көрінетін, бірақ ешқандай негізсіз, дәлелсіз, өз-өзіне тым сенімді болып жүретін, жаппай мадақтауға, жалған мақтарнға толы болмысы бар адамдар - қоғамның қарапайым ақыл-ойын барған сайын қорлыққа жетелеп жүр. Мұндай адамдар, мұндай мінез өз табиғатында түкке тұрмайтын нәрсе болса да, «ақылсыздықты», надандықты биікке көтерудің ең өрескел құралына айналды және оссы арқылы шынайы қабілетке ие басқа адамдарға зиян келтіріп, ақыры оны мүлде құртып жіберіп отыр. Мұндай адамдардан ғана тұратн қоғамға айналып бара жатуымыз – шынайы ізгіліктің толық жойылуына алып келетін ең үлкен кесапат. Бұл сөздерді оқыған, жақсы ниетті және қарапайым түсінігі бар бір адам бар ма? Тым құрығанда бір адам бар ма? Бұл сөздерді оқыған адам, қуаныш сезімін былай қойып, ашу мен ренішке бой алдырмай ма? Оның ойына хаттардағы ең таза, бірақ ең жалған сөздер орала кетері анық. Бұл адамдар сырттай халықтық мақтауға сай биік дәрежеге көтерілгендей көрінеді, бірақ оны әлі де тек тәкаппарлықпен, кейде белсенді әрі икемді тәкаппарлықпен, кейде айқын бір жасандылық арқылы, тіпті кейде тек өз сыңаржақ болжамдарының ұлылығымен ғана ұстап тұрады. Бұл болжамдарға ешбір баспасөз қарсы шықпай, керісінше толықтай қолдап отыр. Яғни олар туғызған шудың дүрбелеңіне сай толық қолдау табады; бұл қолдаудың қуаты олардың өздері жайлы болжамдарының мүлде негізсіз және ақталмастығына үйлеседі әрі дәл сәйкес келеді.
Ұзаққа созылған мадақтау мен асыра бағалау нәтижесінде олардың шын мәнінде кемшілік саналатын қасиеттерін адамдар ізгілік сияқты қабылдай бастайды. Осылайша халық санасын жаулаған құр мақтан халықтың талғамын құртып тынады. Бұрынғы дәуірлер, дәстүрге сай, тіпті күлкілі нәрселерге де біршама көркемдік пен әсерлілік беріп отырған. Біз үздіксіз мақтаумен (асыра мақтаумен) шамадан тыс айналысқанымыз сонша, тіпті ақыры оны парыз деп біліп, ал тік сөйлеуді (нақты, ашық айтуды) парызды орындамау деп санайтын деңгейге жеттік. Үлкен қателікпен бастаған бұл ісімізді әдетке айналдырдық. Әдебиетіміздің алғашқы күндерінде біз әрбір еңбекті шектеусіз мақтау арқылы әдебиетті дамытуға болады деген негізсіз ойды жаппай қабылдадық. Ал қазір барлық адамдарға арналған мақтаудың ащы екенін біліп, тек лайықты бірнеше адамға ғана теріс сын айтуға болатынын үйреніп және жүйенің осылай дамуының жалғыз нәтижесі ақымақтықты қолдау болатынын елемей, дәстүрдің үстемдігіне сүйеніп, жағымсыз тәжірибелерімізді жалғастырып келеміз. Біз ұлттық мақтанышымызбен, өз-өзімізді сенімді сезінгендей болсақ та, іс-әрекетіміздің түп негізі ретінде бұрынғыны, ескіні қорғау мен қолдауға тәуелділіктің жатқанын мойындамаймыз. Қысқаша айтқанда, елдегі баспасөз биліктің үстемдігіне қарсы жасалған аз ғана батыл, тәуелсіз сынға уақытында қарсы шығудан қымсынбаған. Ал егер ара-тұра бағындырылмайтын ерікке сүйенген қатал шындыққа ие рухты адамдар шыға қалса, онда дереу жекелей айла-шарғылар іске қосылады. Сынға төтеп бере алмайтындар оны жою үшін кез келген әдіске, кейде қауіпті әрекеттерге дейін барады. Мұндай әрекеттер қатаң түрде сынды жазған адамды төмендетуге, ізі жоқ айыптауларға, қаралауға, қатыгез түрде саяси қастандықтар жасауға дейін барған. Ал баспасөз қате немесе әділетсіз әрекеттерді көріп тұрса да, үнсіз қалған, яғни сыни тұрғыдан қарсы шықпаған. Әдеби аренада әділ сын жазылса да, соны жазған адамды қорлау немесе негізсіз өсекпен жауап беру қалыпты жағдай ретінде қабылданған. Ал қазір, расында, біз автордың кітабы көпшіліктің ортақ игілігі екенін және кітапты жарыққа шығару арқылы оның сыншыға батыл түрде «азық» лақтырып отырғанымен тең екенін ұмытырып кетеміз. Яғни кітап шығару – батыл түрде сыншылардың алдына өзіңді жығып беру деген сөз.
Ал сол сыншының міндеті анық әрі айқын: оның міндеті - мақтау да емес, даттау да емес, тіпті өз еркімен үнсіз қалу да емес, оның міндеті - автордың өзі жазып, жариялаған сөздерінен туындайтын сезімдерге бағыну. Яғни таңданыс па, мысқыл ма, менсінбеу ме - солардың жетегінде сөйлеу. Өйткені шынайы сын дегеніміз - сынға алынған дүниенің сыншының рухындағы айнада қалдырған бейнесі.
Газеттер мен журналдардан дұрыс мәлімет таба алмаған соң, олардан үміт үзген адам поэзия туралы шынайы ақпаратты ақындардың шығармаларын жинақтадық деп атайтын кітаптардан, яғни антологиялардан іздеуге мәжбүр болады. Жалпы жұрттың мен қозғап отырған тақырыпқа қаншалықты қызығатынының ең дәлелді айғағы - осындай жинақтардың өзін көпшіліктің қуана-қуана қабылдайтыны. Әдеби өнімдер нарығы жалпы тоқырауға ұшырап тұрған кездің өзінде, мұндай кітаптар ең болмаса сатылымы жағынан табысқа қол жеткізеді. Кеттеллдің “Американ поэзиясының үлгілері”, Чивердің “Американ поэзиясының жалпы жинағы”, Морристің құрастырған жинағы, Вильям Каллен Брайанттың таңдамалысы, Кисстің “Американың ақындары”, сондай-ақ Руфус У. Грисуолдтың “Американың ақындары мен поэзиясы” антологиялары – осының бәрі кеңінен таралып, жақсы сатылған кітаптар болды. Әрине, белгілі бір дәрежеде олардың табысын жеке адамдардың ықпалымен байланысты құбылыс деп қарастыруға тура келеді. Өйткені антологияны құрастырушының назарына ілігіп, кітапта өзіне лайық орын алған әрбір адам, табиғи түрде, осылайша өзін құрметке бөлеген еңбектің бір данасына ие болуды қалайды. Ал бұл ықылас, кей жағдайларда, құрметтелген адамның он-жиырма жақын досына дейін таралады. Яғни сол адамның достары да сатып алады ол кітапты. Ал сонсоң мүлде басқа бір топтағы адамдар, көңіл күйі де, тілек-ниеті де мүлде бөлек адамдар қатарынан да сатып алушылар табылады. Яғни біз айтып отырғандар - өздерін бұл жинаққа енуге толық лайық деп санаған, бірақ белгісіз себептермен тізімге кірмей қалған көпшілік қауым. Олар бұл «сәтсіз басылған» кітапты, әдеттегідей өздерінің таза ар-ожданымен оқу үшін емес, керісінше бір қарап шығып, ішіндегілерді еркін сынау үшін сатып алады. Яғни кез келген кітаптың сұранысы оның сапасынан немесе автордың атағынан гөрі, көбіне тақырыптың өзі қоғамға қаншалықты қызықты екеніне байланысты болады.
Ал ең алғаш аталған екі антологияға келсек, біз оларға аса үлкен мән бермейміз. Мәселен, Кеттеллдің жинағы, біздің ойымызша, тек автордың жеке талғамын сипаттайды. Және оның талғамының төмендігін көрсетіп тұр. Кеттелл әлемге «Американ поэзиясы» ретінде ұсынған көп нәрсе - шындығында, сол поэзияның сапасын көрсететін кей шығармаларды есепке алмағанда, бұрын-соңды естілмеген немесе ешкім танымайтын, тек Кеттеллдің өзі ғана бағалайтын тұлғалардың нашар туындылары ғана. Ал Чивердің «Common-Place-Book» кітабы, кем дегенде, өз атауына сай келетіндіктен артықшылыққа ие болды, бірақ ол тым қарапайым, тіпті өте ортанқол деңгейде еді. Ал Морристің «Таңдамалылары» өз деңгейінде жақсы шыққан кітап болды. Өйткені ол жинақтың мақсаты - елдегі әрбір ақынның, тіпті танымал емес, поэзиялық атағы жоқ адамдардың шығармаларынан қысқа үзінділерді, бірер тармақты ғана жинауға бағытталған еді. Жалпы алғанда, тармақтар сәтті таңдалған еді; бірақ Морристің мейірімділігі оны, өкінішке қарай, өз талғамына сәйкеспейтін көп ақынды қосуға итермелеп жіберген сияқты. Елде екі жүзден астам ақын бар деп аса үлкен сенімділікпен, ресми түрде жариялап жіберді. Ал Брайанттың жинағы өзінен көп үміт күттірген ақынның достарын ренжітіп, көпшіліктің көңіілін түсірді; өйткені бұл жинақ бір ақынның поэзияны ешқашан сыншыл түрде әрі бейтарап бағалаушы бола алмайтынын анық көрсетіп берді. Ал Кисе өзінің еңбегіне ең қатал бейтараптық танытпаса да, кем дегенде, мәдени талғам мен төзімді бағалау қабілеті, тақырыптық сұрыптау тұрғысынан алдыңғы кейбір авторлардан әлдеқайда білімді екенін көрсетеді. Дегенмен әлі де көп жұмыс істеу керек еді. Ал енді Грисволд өз антологиясында бұл жұмысты өте көлемді қылып орындауға тырысты. Оның жинағының негізін авторлар турады қысқаша өмірбаяндық және сындық жазбалар, сондай-ақ сексен жеті ақынның шығармаларынан таңдалған үзінділер құрайды. Қосалқы бөлімде тағы алпыс-жетпіс ақынның шығармаларынан үзінділер берілген, бірақ олардың шығармалары тым аз немесе редактордың пікірінше тым нашар болғандықтан, оларға бөлек кеңірек орын қарастырылмаған. Соңғы аталған осы үзінділердің әрқайсына ескертпе қосылған, онда қысқаша өмірбаяндық мәлімет берілген, бірақ ешқандай сын тұрғысындағы талдау жоқ.
«Американдық ақындар мен поэзия» жинағының құрастырушысы жасаған салыстырмалы бағалар мен жалпы пікірлерінің көпшілігімен біз жеке тұрғыдан келіспейтінімізді айтсақ, бұл қалыпты процесс болмақ. Өйткені екі адамның бір мәселеде толық келісуі сирек кездеседі. Бір ғана істегі барлық жайттарда, оның үстіне сан түрлі көзқарасқа бейім процесстерде екі адамның пікірі толық сәйкесе алады деп ойлау - ақылға сыймайтын нәрсе. Кітапта кездесетін редактордың жеке көзқарастары мен алалаушылықтар оқырманның өз пікіріне қарсы келетіндіктен, көптеген адамдар оны қазір оқымайтын да болып кетті. Өкінішке орай, Грисволд ең ұлы сыншы емес, дегенмен егер бұл еңбек ең ұлы сыншының туындысы болған күннің өзінде бізді қазіргідей таң қалдыратын және мазалайтын пікір қайшылықтары бәрібір болар еді.
Сондықтан біз жинақтаушы редактордың сыншы ретіндегі көп ойларына келіспейтінімізді айтсақ та, ол мұны әрқашан тек жеке пікір ретінде қабылдап, ешқандай негізі жоқ деп бағалайтыны сөзсіз. Сондықтан бұл жинақ негізі аса үлкен мәнге ие емес. Дегенмен, жалпы алғанда, өзінің «таңдаулыларында» ол аталған ақындардың ең үздік шығармаларын бізге ұсынған жоқ деп санаймыз. Қосалқы бөлімде берілген кейбір ақындар негізгі бөлімде болуы тиіс еді. Ал негізгі бөлімде көрсетілген 3-4 ақын негізінен қосалқы бөлімде тұруға лайық тұғын. Сонсоң осы жинаққа міндетті түрде енуі тиіс кей ақындар мүлдем қамтылмай қалған. Өкінішке қарай, көптеген жағдайларда сыншыны жеке бейтараптықты бұзды деп айыптауға да болады. Өйткені өз достарымыздың поэзиясына деген пікірлерімізді олардың адалдығы мен достығынан бөлу көбіне өте қиын. Осы тұрғыдан алғанда шынында да, Грисволд мырзаның қолға алған ісі аса күрделі еді және ол оны өзіне лайықты деңгейде орындады. Дегенмен сыншы ретіндегі оның жұмысы бейтараптық пен әділдік секілді белгілі қасиеттерді талап етеді, бірақ ол тым мейірімді болғандықтан бұл қасиеттерге ие бола алмай қалып жатты. Бұл жұмыс аналитикалық қабілетті, поэзияның табиғаты, қағидалары мен мақсаттары жөнінде айқын түсінікті, принципке қайшы барлық алалаушылыққа қатаң қарсылықты, поэзияны сезу қабілетін, кемшілікті анықтауда парасаттылық пен оны ашық айтудағы батылдықты, қысқасы, талант пен сенімді, өз абыройынан жоғары сыпайылықты, керек кезінде жақтырмайтын адамдарыңды да мадақтауға және жақын достарыңа сын айта алатын деңгейдегі сирек кездесетін ерлікті талап етеді. Оның кітабын ақылға қонымды деп айтуға болмайды, бірақ, кемшіліктеріне қарамастан, ол өз саласындағы ең үздік кітап және біздің поэзиялық әдебиетіміз туралы нақты әрі қанағаттанарлық білім алуға болатын жалғыз дереккөз болып отыр. Бұл тақырып туралы көп нәрсе жазуға болады, Америкалық ақындарды жеке-жеке қарастыруға да болады, бірақ бұл істі кейінгі жазбаларда қолға аламыз. Бұл процесс жақын арада ғана жүзеге асуы мүмкін. Тек Грисволд мырзаның кітабының жетінші, түзетілген басылымының жарық көруі арқылы емес, біз көп үміт күтетін тағы бір жаңа томның шығуы арқылы жүзеге асуы мүмкін. Алайда, сол соңғы томнан күткен үмітіміз ақталмауы да мүмкін...
Түпнұсқадан аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ