Баспаның жуырда ұйымдастырған жиынында танымал тұлғалар музыка сүйемелдеуімен сахнаға шығып, Билік пен Қысымға адалдықтарын білдірді.
Кекшілдік ар-ұятқа еліктеп киініп алған қалпы, сәнденіп келіп, өзінің мүлдем қателік жібермейтін жадында сақталған дүниелерден мысал келтіре бастады. Бұл аласа бойлы мүгедек жан сол сәтте зор қошеметке бөленді.
Дөрекілік көмек сұрағандай болып жан-жағына қарап тұрғанда сахнаға шығуы сәтсіздікпен аяқталды. Сахнада тұрып байқамай тайып құлады, бірақ жағдайдың артын соншалықты шебер жауып жібергенін қарашы. Ашуға булығып сахнаны аяғымен теуіп қалып еді, сахнаның тақтайы ойылып түсті.
Одан кейін Мәдени Надандық сахнаға шығып, аузын көбіктетіп тұрып надан жұртты «білім жүгінен» құтқаратынын айтып, ант ішті. Ұраны – «Білімділерге жол жоқ!», ал надан қауым оны әбден тозған иықтарына көтеріп алып, есік алдына дейін алып шықты.
Сорлылық та сахнада бой көрсетті. Ол алып бір «аштық өнерпазының» рөлін сомдады. Түсе бере өзі дәріптеп өсірген бірнеше семіз бұзақының алдында құрметпен бас иіуді де ұмытпады.
Зияндылық бәрінің сүйікті әзілкеші ретінде залды күлкіге бөледі. Бірақ шаттана күліп, санын ұстай бергенде белі аяқ асты кілт ете қалды.
Таныстыру бағдарламасының екінші бөлімінде сахнаға бірінші болып Құмарлық шықты. Ол ұзын бойлы спортшы еді. Сахнада секіремін деп шақшадай басын төбеге соғып алды. Бірақ басын соққанда да, кеш жүргізушісі тура терісіне апарып медальді инемен қадағанда да, меңіреу адамдай міз бақпай тұра берді.
Мүмкін сахнаны көріп толқығаннан болар, Әділеттің өңі сәл қуарып кетіпті. Ұсақ-түйек әңгімеге тоқтала келе, жақын арада кең көлемді баяндама жасау, жалпы, жоспарында бар екенін айтып, осыған сөз байласып кетіп қалды.
Білгіштік – жас та мығым жігіт. Ол биліктің өз көзін қалай ашқанын және қоғамдағы барлық кеселдің шын себепкері болған қыр мұрындыларды қалай танығанын айтып, баяндама жасады.
Сөйтіп отырғанда сахнаға Жанқиярлық шықты. Жүзі сондай нұрлы, пәк, бойы ұзын, арықша келген бала екен. Жара-жара болып әбден тозған қос қолына үлкен бір жасанды мырыш тостаған ұстап алыпты. Жұмысшылардан қайырымдылық үшін ақша жинап жүріп, шаршаңқы да бәсең үнмен: «Балаларыңызды ойлаңыздар», – деп тіл қатты.
Тоқыр басын тап-таза тақиямен жасырған Тәртіп те сахнаға шықты. Ол өтірікшілерге – доктор атағын, кісі өлтірушілерге – хирург лицензиясын үлестірді. Түнде көзге түсе бермейтін артқы аулалардағы қоқыс жәшіктеріне ұрлыққа түссе де, сұп-сұр киімінде шаңның титтей де ізі көрінбейтін. Тоналған жандар ұзын-сонар кезекке тұрып, оның үстелінің алдына көмек сұрап келді, ал ол көмектесудің орнына тамыры білеуленген қолымен бәріне төлем қағазын шығарып беріп отыр.
Үнемшілдік өзінше Тәртіптің медбикесі, көмекшісі болып жүретін. Сахнада Тәртіпке келіп, ауруханалардағы науқастардың тістерінің арасынан қырып алып жинаған нан қоқымдарын себетке толтырып, құрметпен тарту етті.
Мойнында қамшы ізі қалған Еңбекқорлық сахнаға құдды артынан ажал қуып келе жатқандай ентіге жетіп жығылып, тегін өнер көрсетті. Ешкімнің «ләм-мим» деуге шамасын келтірмей, аспандата оқ ататын қысқа зеңбіректі алып шығып, оның көмейін толтыру үшін екі мың отбасына жетерлік улы газды көзді ашып-жұмғанша жасап тастады.
Осы әйгілілердің бәрі – Суық пен Аштықтың балалары мен немерелері болатын. Олар халық алдында сахнаға шығып, Билік пен Қысымға жан аямай қызмет көрсетіп жатты…
Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ






