Жұма, 13 Наурыз , 2026
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс
  • Кіру
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Бастапқы Проза

Фёдор Михайлович Достоевский: «Адал ұры»

Қарлығаш ҚАБАЙ жазған Қарлығаш ҚАБАЙ
13.03.2026
- Проза
0
Фёдор Михайлович Достоевский: «Адал ұры»
29
БӨЛІСТІ
57
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-ге бөлісу

Бір күні таңертең жұмысқа шығуға қамданып жатқан едім. Сол сәтте әрі тамағымды пісіріп, әрі кірімді жуып жүретін, сонымен қатар үй шаруасына да жауапты Аграфена ханым бөлмеге асығыс кіріп келді. Есіктен енген бойда-ақ қатты таңырқатарлықтай бір әрекет жасап, менімен сөйлесе бастады.

Ол үнемі үнсіз, жай ғана өзімен-өзі жүретін, момын кәрі әйел болатын. Алты жыл бойы оның аузынан күнделікті әзірлейтін тамағына қатысты бір-екі ауыз сөзден басқа ештеңе естіген емеспін. Тіпті менімен сөйлеспейтін де секілді еді. Шынында да, одан мардымды бір сөз естідім деу қиын-ақ.

Ал сол күні таңертең кенет тілі шыққандай болып былай деді:

– Сізге бір шаруамен келдім, мырза. Бір нәрсе сұрайын деп едім, – деп бастап, сөзін жалғады:

– Мына кіші бөлмені біреуге жалға берсеңіз жақсы болар еді.

– Қай бөлмені?

– Қайсысы болушы еді, мырзам? Анау ас үйдің жанындағысы ғой…

– Оны неге аяқ асты жалға беру керек болды?

– Неге ме? Неге болмасын? Өзге жұрттар да пәтерінің бір бөлігін жалға беріп жатыр ғой. Осының өзі бір себеп емес пе?

– Сонда оны кім алады жалға? Ешкімге пайдасы тиеді деп ойламаймын…

– Кім дейсіз бе? О не дегеніңіз? Қазірдің өзінде жалдаймын деген бір адам бар.

– Бірақ өзің ойлап көрші, апатай… Ол жерге не төсек, не кереует сыймайды. Соншалық тар. Ондай бөлмеде кім тұра алады? Отыратын орынның өзі жоқ қой.

– Отырудың не керегі бар? Тек жататын жер болса жеткілікті. Ал отырғысы келсе, терезенің алдына отыруына да болады.

– Құдай-ау! Қай терезе, апатай?

– Қайсысы дейсіз бе? Білмегенсіп сөйлейсіз ғой, расында… Дәліз жақтағы терезе ғой! Сол терезенің алдына отырып, рахаттанып даланы тамашалауына болады… Я тігін тігеді, яки басқа бір іспен айналысар. Бәлкім, орындыққа да отырады, отырғысы келсе. Өзінің орындығы бар, үстелі бар… Басқа заттары да бар шығар…

– Бұл бөлмені жалдаймын деп тұрған адам кім өзі?

– Көпті көрген, өте жақсы адам. Оның тамағын да мен дайындап берермін. Бөлме ақысы мен тамағы үшін айына үш рубль алсам, соның өзі жетеді.

Қысқасы, бұл шаруа туралы біраз ойланған соң мен мынадай бір нәрсені түсіндім. Әлгі қарт адам біздің ас үйді жалға алып, сол жерде күн көру үшін біздің Аграфенаны қалай болса да көрдірген екен. Аграфена бір нәрсені ойға алса, оны міндетті түрде іске асырады. Басқаша айтқанда, егер Аграфена бір ойға берілсе, оның бетін қайтару мүмкін емес. Өйткені көнбейтін болсам, маған да тыныштық бермейді. Ондай кезде ол бірден ойға беріліп, өз-өзін терең мұңға батырып алады. Бұл кем дегенде екі-үш аптаға созылады. Сол уақыт ішінде тамақ бұзылады, кір жуу толық іске аспайтын болады, жиһаздар тазаланбай қалады. Қысқасы, көңілге қиын, жанға ауыр тиетін көп жағдай туындайды. Бұл жағдайлар, әрине, адамды мазаламай қоймайды. Бірақ Аграфена оны көп көрсетпейді де. Оның үнсіз, момын, өзіндік жеке пікірі жоқ әйел екенін, басқалардың сөзіне жиі еретінін мен бұрыннан аңғарған едім. Оған ерекше мән беріп жүрдім. Ал егер тауықтай миында бір ой немесе әрекет пайда болса, оны іске асыруға кедергі жасау – тікелей оның өзін өлтірумен бірдей еді. Мен өзімнің жан тыныштығымды бәрінен жоғары қойғандықтан, оның ұсынысын ұзаққа созбай, бірден қабылдадым.

– Ол адамның кем дегенде паспорты, жеке куәлігі немесе соған ұқсас бір құжаты бар ма? – деп сұрадым.

– Әрине бар, мырза, – деп жауап берді. – Ақылгөй, өмір көрген адам. Маған айына үш рубль төлейтінін айтты.

Келесі күні менің қарапайым, жалғызбасты күн кешіп жатқан үйіме жаңа пәтерші келді. Бұл жағдай мені қынжылтқан да жоқ, көңілімді алаңдатқан да жоқ. Тіпті ішімнен қуанып та кеттім. Әдетте мен өмірді жалғыздықта, сыртқы ортаға жабық бір қамал құсап өткізуді жөн көретінмін. Ешкімнің өміріне араласпаймын, ешкімнің де менікіне араласқанын қаламаймын. Бұл жағдай маған ерекше бақыт сыйлайтын. Танысым өте аз болды, тіпті сыртқа көп шықпайтынмын. Он жыл бойы жабайы тоқылдақтай үйде отырсаң, осы бір жабайы жалғыздыққа үйреніп кетеді екенсің. Сол жалғыздықта қызметшім Аграфенамен бірге мүлдем өзгермейтін жалғызбасты өмірімде он-он бес жыл, тіпті одан да көп уақыт күнелту – шындығында тым көңілді іс емес еді. Сол себепті үйге тыныш, өзімен-өзі жүретін, өз ойының ішінде үнсіз өмір сүретін бір адамның келуі – мен үшін Құдайдың бір сыйы сияқты болды.

Аграфена шын айтқан екен. Пәтер жалдаушы шынымен де ақылды, өмір көрген адам болып шықты. Жеке куәлігіне қарап, бұрынғы әскер екенін анықтау да қиын болған жоқ. Ал мен куәлігін қолыма алмай тұрып, көзқарасынан-ақ оны сезген едім. Иә, бұны сезу – тәжірибенің ісі. Егер мұқият назар аударсаң, адамның түрінен-ақ кім екенін аңғаруға болады. Бұл – менің жеке қабілеттерімнің бірі деп санадым. Аграфена әкелген пәтерші Астафий Иванович өте жақсы адам болып шықты. Өз қатарластарының алды болатын адам. Сондықтан біз тез тіл табысып, түсінісіп кеттік. Бірақ Астафий Ивановичтің маған ұнаған ерекшелігі – бізге кейде өте қызық оқиғаларды баяндап беруі еді. Өмірімнің шіркеу іспеттес бірқалыпты, қызықсыз болып кеткен кезеңінде осындай әңгімешіл адамға тап келу – мен үшін нағыз қазына болды. Жылдар бойы іздесем де, мұндай адамды таба алмас едім. Бірде ол маған өте әсерлі бір оқиғаны айтып берді. Сол оқиға мені өзіне қатты баурап алған еді. Ол оны мына жағдайларға байланысты айтып берген.

Бір күні мен үйде жалғыз қалған едім. Астафий мен Аграфена күнделікті шаруалары бойынша сыртқа шығып кеткен. Олар шыққаннан кейін кенеттен есіктен біреу кіргендей болды. Екінші бөлмеде отырып, әлдекімнің аяғының дыбысын естідім, сол дыбыстан оның бөтен адам екенін байқадым. Қателеспеген екенмін. Дереу есікті аштым. Шынымен де қарсы алдымда күздің суық желіне қарамастан жейдешең жүрген, қысқа бойлы бір адам тұр екен.

– Сізге не керек? – деп сұрадым.

– Александров мырза осында тұра ма екен?

Мен оның сұрағына қыңырайып жауап бердім:

– Жоқ, бауырым, мұнда ондай адам тұрмайды! Сау болыңыз!..

Әлгі шақырылмаған қонақ есікке қарай жақындап, өзін қауіпсіздікке алып барып, былай деді:

– Қалай сонда? Аула тазалаушы осында тұратынын айтты ғой.

– Шық, бауырым, жоғал! – дедім мен. Сонсоң адамның қолапайсыз қозғалысын біраз уақыт бақылап тұрдым.

Келесі күні түстен кейін, Астафий Иванович менің кей тұсын жамау үшін берген күртешемді дайындап, кері беріп жатқан сәтте, үйге тағы біреу кірді. Дереу есікті аштым. Кешегі адам тағы келіп, еш тартынбай, көз алдымда менің пальтомды үлкен салқынқандылықпен ілгіштен жұлып алды. Содан соң дереу үйден шығып, қашып кетті. Осы жағдайлардың бәрін көріп тұрған Аграфенаның таңданыстан аузы ашылып қалыпты. Бірақ пальтоны кері алу, қүтқару үшін саусағын да қимылдатқан жоқ. Астафий Иванович болса, дереу ұрлықшының соңына түсті. Бірақ он минут өткенде, өкінішке қарай, ентіккен қалпы құр алақан қайтып келді. Әлгі адам уысынан сытылып кеткен екен.

– Өкінішке қарай, пальто бізге бұйырмапты, Астафий Иванович. Дегенмен шинелімізді де ұрлап кетпегені үшін шүкіршілік қылуымыз керек. Мұның өзі пайда ғой… Әйтпесе ұрлықшы бұны да жымқырса, орны толмас зарарға ұшырайтын едік, – дедім мен.

Астафий Ивановичтің ентіккенін көріп, ұрланған пальтоны ұмытып та кеттім. Бұл жағдайға Астафий Иванович қатты таң қалды. Шынымен де ұрланған пальтоға мүлдем қынжылған жоқпын… Ал Астафий Иванович болса, біршама уақыт өзіне келе алмай тұрғандай болды. Сәт сайын қолындағы шаруасын тастап, мәселенің қалай орын алғанын басынан бастап, егжей-тегжейлі қайта-қайта баяндаумен болды. Бірақ қайталаған сайын әңгімесі дәмді бола түседі… Барлығын, қалай басталғанын, кейін қалай аяқталғанын, өзінің сол жерде қалай тұрғанын, көз алдымызда екі қадам жердегі пальтоның қалай ұрланғанын әдемілеп баяндайды. Содан кейін ұрлықтың қалай нәтижеленгенін, адамның қолынан қалай қашып құтылғанын ашық айтып береді. Біраз уақыт өткен соң істеп жатқан шаруасына қайта ойысады да, сонсоң тағы да тоқтап қалады. Соңында аула тазалайтын күзетшіге барып, мәселені ашып, «үйіңде мұндай жағдайлардың болуына қалай рұқсат етесің?» – деп ашуланды. Күзетшінің бұл жағдайға көз жұмып қарауын қабылдай алмағандықтан екеуі өзара сөзге келісіп қалды. Күзетшімен ұрсысып болған соң, қайтадан жоғарыға көтеріліп, жұмысын жалғастырды. Отырған бойда қайта кірісті. Сонсоң барлығы қалай болғанын тағы да басынан бастап, ерінбей-жалықпай, егжей-тегжейлі баяндап кетті. Қысқасы, Астафий Иванович қолынан келетін барлық істі еш қымсынбай, тартынбай орындағанымен, мазасыз, күйзеліске бейім, үнемі өткен оқиғаларды өз-өзіне айтып, қайта-қайта алаңдай беретін адам еді.

– Бізді де ақымақ қылғанын қарашы, Астафий Иванович, – деп кешкісін оған бір шыны шай ұсынып жатып әлгі әңгімені тағы есіне түсірдім. Біртүрлі көңілім құлазып жүрген едім. Пальто оқиғасын есіне түсірсем, бәлкім менің де жаным жадырап қалатын шығар деп мәселені қайта қоздырып, қызықтырғым келді. Бұл әңгіме есімізге түскен сайын Астафий Иванович сүйсіне әңгімелейтін, маған бұл оқиға бара-бара күлкілі көріне бастады.

– Дұрыс айтасыз, мырза, – деп жауап берді Астафий Иванович, – бізді тура жынды қылды ғой. Киім менікі емес болса да, шын мәнінде қатты жаныма батты. Қалай қиналғанымды айтып жеткізе алмаймын. Қаным басыма шапты. Шекем қызып кетті, бірақ не пайда… Меніңше, ұрлықшылар – жер бетіндегі ең сұмырай әрі ең нашар адамдар. Басқасын қайтейін, бұл адам сенің еңбегіңді, көз нұрыңды, тер төгіп жасаған жұмысыңды, уақытынды ұрлап кетті. Мені де қатты күйзелтті!.. Нашар адам… Айтудың өзі жиіркенішті… Пальтоны қалай ұрлап кеткенін қарашы. Ойламай тұра алмаймын. Айтып тұрмын ғой, ұрлықшы адамнан нашар ешкім жоқ. Оны тіпті жылан деп атауға болады. Нашар адам… Тфүу! Енді оны тіпті ойлағым да келмейді. Осы оқиға ойыма түскен сайын жынданып кете жаздаймын. Сіз ше, мырза? Өзіңіз осы ұрланған зат үшін еш қамықпадыңыз ба? Құдай үшін, айтыңызшы?

– Иә, Астафий Иванович, сіздің толық хақыңыз бар… меніңше, бір зат ұрланғанша, отқа түсіп жанып кеткені дұрыс… Шынымен адамды қатты қинайды.

– Әрине, қинайды ғой… Бірақ білесіз бе, ұрылардың бәрі бірдей болмайды. Менің басымнан да бір рет осындай жағдай өткен. Мен де өмірімде бір ұрыға тап келгенмін. Бірақ ол адам адал еді.

– Қызық қой, қалай сонда адал? Ұрлықшының адалы бола ма екен, Астафий Иванович…

– Әрине, сіздің ойыңыз дұрыс. Ешбір ұрлықшы адал бола алмайды. Иә, иә, мұндай нәрсе мүмкін емес. Бірақ бір нәрсені айта кетейін. Ол адам адал болатын, бірақ ұрлық жасады… Сонда да оның жағдайы аянышты болатын.

– Бұл жағдай қалай болды, Астафий Иванович?

– Иә, сондай да бір қызық болған, мырзам. Шамамен осыдан екі жыл бұрын. Сондай бір оқиға орын алды. Ол кездері мен бір жылдай жұмыссыз жүрдім. Енді бір жұмыс тауып, орналаспақ болып жүргенде, тағдыр мені бір азып-тозған, жағдайы нашар адаммен кездестіріп, жолымызды тоғыстырды. Біз қарапайым, шалғайдағы мәйханада кездестік. Ол өзі бір ішкіш, қаңғыбас, жұмыссыз, жұртқа масыл болып жүретін біреу болатын. Бұрын бір жерде тұрақты жұмыс істеп көрген, бірақ ішкілікке салынып, жұмыстан қуылып қалыпты. Сол жағдай оны бақытсыздыққа душар еткен екен. Шынында да, өзі сондай бір бейшара кісі! Үстіндегі киімі де алқам-салқам, тіпті киім деуге келмейді. Кейде тіпті шинелінің астында жейдесі бар ма, жоқ па деп те ойлайсың. Қолына не түссе, соның бәрін ішімдікке жұмсап жіберетін. Бірақ бұзақы емес, мінезі жуас, өзі мейірімді, жұмсақ жан еді. Тіпті сүйкімді, кейде ұялшақ боп көрінеді. Өз қалауымен адамдардан ештеңе сұрамайды. Бірақ бейшараның ішкісі келіп тұрғанын өзің көріп тұрасың ғой, сонда амалсыз бір ыстақан ұсынып жібересің. Сөйтіп жүргенде біз жақын араласып кеттік, анығын айтқанда, ол маған үйір болып алды… Ал маған бәрібір еді. Жай ғана онымен араласып жүрдім. Тура бір күшік сияқты артымнан қалмайтын. Мен қайда барсам, ол да соңымнан еріп жүреді. Ал біз небәрі бір-ақ рет кездескен едік, өзі сондай әлжуаз біреу болатын.

Әуелі оны бір күн ғана түнеп шықсын деп, үйіме кіргіздім. Жарайды дедім, кіргіздім. Қарасам, құжаттары да дұрыс, өзі де жаман адам емес сияқты. Ертесі тағы да түнеуге рұқсат бердім, үшінші күні тағы келді де, күні бойы терезе алдында отырып алды. Сөйтіп тағы да түнеп шықты. Содан соң отырып ап, ойландым. Мынау маған тіпті жабысып алған екен ғой. Енді оны тамақтандырасың, ішкізесің, оған қоса тағы үйде қонақ қыласың. Онсыз да өзім кедей адаммын, ол аз болғандай мынаны мойныма масыл қылып алдым. Бұрын ол мен сияқты бір қызметкерге барып, үйіне қонып жүріпті, оған да үйір болып алған дейді. Екеуі бірге ішіп жүрген екен. Ақыры әлгісі ішкілікке салынып, құсадан қайтыс болыпты. Ал мұның аты Емеля, толық аты-жөні – Емельян Ильич еді. Енді мен бұдан қалай құтыламын деп ойлана бастадым. Қуып жіберуге ұятым жібермейді әрі аяймын. Өзі сондай бейшара, күйсіз адам, құдай сақтасын! Оған қоса тым момын, ештеңе сұрамайды, көп үндемейді де, тек бір кішкентай күшік сияқты көзіңе қарап отыра береді. Міне, ішімдік дегенің адамның сиқын осылай бұзады ғой! Енді мен оған: «Бара бер, Емельянушка, сенің мұнда істейтін ісің жоқ, қателесіп келдің. Өзім де жақында бір тілім нан таба алмай қалайын деп жүрмін, сені қалай асыраймын?» – деп қалай айтамын? Әбден басым қатты. Егер мен оған осылай десем, ол не істер екен? Тіпті елестетіп көрдім. Ол менің сөзімді естігенде маған ұзақ қарап отырар еді, ештеңені түсінбей біраз үнсіз қалар еді. Кейін барып қана мәнісін ұққанда, терезеге бір қарап алып, жайлап тұрып, өзінің түйіншегін алатын болар. Сол түйіншегі қазір де көз алдымда. Ала-құла, қызыл, жыртық бір түйіншек, ішіне нені орап алғанын бір Құдай біледі, әйтеуір қайда барса да, қасынан тастамайды. Содан соң әрі жарасымды, әрі жылы болсын, жыртықтары көрінбей тұрсын деп шинелін дұрыстап киіп алар еді. Өзі сондай сыпайы адам еді ғой! Кейін есікті ашып, көзіне жас алып, баспалдақтан түсіп, сыртқа шығып кетер еді-ау… Осының бәрін елестетіп көрдім. Қалай болғанда да, оны бұлай мүлдемге қуып жіберуге болмайды ғой… аяп кеттім! Бірақ өзімді де аяймын, маған да оңай емес қой! «Тоқташы, – деймін ішімнен, – Емельянушка, менің үйімде сен ұзақ уақыт қонақ боп жүре алмайсың. Жақында мен басқа жерге көшіп кетемін, сонда мені таба алмай қаласың ғой», – дедім. Сонымен, мырзам, біз көшіп кеттік. Сол кезде пәтердің қожайыны Александр Филимонович (қазір марқұм болған, жарықтықтың жаны жәннатта болсын) маған: «Саған ризамын, Астафий, біз ауылдан қайтып келгенде сені ұмытпаймыз», – деген еді. Мен олардың үйінде басқарушы болып жұмыс істейтінмін. Жақсы қожайын еді, бірақ көп ұзамай, сол жылы қайтыс болды. Ол кісіні жерлеп, ақтық сапарға шығарып салған соң, мен өз заттарымды жинастырдым, азын-аулақ ақшам да бар еді. «Біраз өзіммен-өзім қалып, тынығайын енді», – деп ойладым да, бір кемпірдің үйіне көшіп барып, бір бұрышын жалдап тұрдым. Оның үйінде бос тұрған жалғыз ғана бөлме сол еді. Өзі бұрын бір жерде бала күтуші болып істеген екен, ал қазір жеке тұрып, зейнетақы алып, күн көріп жүрген. Сол сәтте ішімнен: «Қош бол, енді, Емельянушка, көзімнің нұры…енді сен мені таба алмайсың!» – деп ойладым. Ал, мырзам, сонсоң не болды деп ойлайсыз? Кешке қарай үйге қайтып келсем (бір таныс адамға барып келген едім), бірінші көргенім – Емеля. Менің сандығымның үстінде отыр екен, жанында әлгі ала-құла түйіншегі жатыр. Үстінде шинелі бар, мені күтіп отыр екен… Жалығып кетсе керек, кемпірден бір шіркеу кітабын сұрап алыпты да, оны төңкеріп теріс жағынан ұстап алыпты. Әйтеуір тауып алыпты ғой мені! Сол сәтте қолым талып, салбырап кетті. «Енді амал жоқ, – деп ойладым, – басында-ақ қуып жібермеген өзім кінәлімін». Сонсоң Емеляға қарап: «-Паспортыңды әкелдің бе, Емеля?» – деп сұрадым.

Мен сонда, мырза, отырып алып ойлана бастадым. Осы бір қаңғып жүрген адам маған соншалықты көп ауыртпалық сала қояр ма екен? Ойлана келе, анау айтқандай бір салмақ салмайды деген қорытындыға келдім. Тамақ беру керек қой бұған. Таңертең бір үзім нан берермін, дәмдірек болсын десем, жанына бір пияз сатып алармын. Түсте де бір үзім нан мен пияз берермін. Кешке де кваспен бірге пияз бен нан жесе жетеді, әрине егер өзі нан жегісі келсе. Ал ара-тұра бір сорпа қайнатып жатсақ, екеуміз де тоя тамақтанармыз. Өзім көп тамақ жемеймін, ал бұл – ішімдікке салынған адам екені белгілі ғой, ол да тамақты онша іше қоймас. Оған тек бір жұтым арақ яки жасыл шарап болса болды. «Ішімдік жағынан мені әбден титықтататын шығар», – деп ойладым. Бірақ сол сәтте, мырза, ойыма тағы бір нәрсе келді де, сол ойға қатты беріліп кеттім. Тіпті Емеля кетіп қалса, мен де өмірге разы болмайтындай болып көріндім… Емеляға мен де үйренісіп кеткен секілдімін. Сөйтіп, мен оған әкелік қамқорлық жасаймын деп шештім. «Оны жаман жолдан, құрдымнан сақтап қаламын, арақтан іргесін аулаққа саламын!» – деп ойладым. Сосын оған іштей былай дедім: «Тоқтай тұр! Жарайды, Емеля, қала бер, бірақ енді менің қолымда боласың, айтқанымды тыңдайсың!»

Сөйтіп: «енді оны біртіндеп кез келген бір жұмысқа үйрете бастайын», – деп ойладым. Әуелі аздап өз қалауынша, еркін жүрсін, ал мен сол уақыт аралығында оның қандай іске қыры бар екенін байқап көрейін. Өйткені қандай жұмыс болса да, ең алдымен адамның соған бейімділігі мен белгілі бір қабілеті болуы керек қой, мырза. Содан мен оны білдірмей бақылап жүрдім. Сөйтсем, аһ, Емельянушка, сен бір әбден азып-тозған адам екенсің ғой! Содан соң оның жанына барып, әуелі жақсы сөзден бастадым: – Олай да, былай да, – деймін, – Емельян Ильич, өзіңе бір қарап, үсті-басыңды жөндеп алсаң қайтеді? Жетеді енді қаңғып жүргенің! Қарашы, үстіңдегі киіміңнің бәрі жыртық, шинеліңді айтпай-ақ қояйын, ол тіпті, шынын айтқанда, шүберек орнына жарайтындай болып қапты. Бұл жараспайды! Енді абыройды ойлайтын уақыт жеткен шығар, – деймін.

Менің Емельянушкам басын салбыратып, үнсіз отырып тыңдайды. Не дерсіз, мырза! Соншалықты нашар күйге түскен, ішімдікке салынып, тілін жоғалтқандай жөнді бір жауап та айта алмайды. Сен оған қияр десең, ол саған бұршақ деп жауап береді! Бірдеңе айтсаң, ұзақ тыңдайды, үнсіз тыңдай береді, ақырында ауыр бір күрсініп қояды.

– Неге күрсінесің, Емельян Ильич? – деп сұраймын.

– Жай, ештеңе емес, Астафий Иваныч, уайымдамаңыз. Бүгін көшеде екі әйел төбелесіп қалды, Астафий Иваныч. Біреуі байқамай екіншісінің мүкжидек салынған себетін төгіп алыпты.

– Содан соң не болды?

– Ал анау соған ашуланып, әдейі оның да өз себетіндегі мүкжидегін төгіп тастап, оған қоса аяғымен таптай бастапты.

– Сонсоң не болды, Емельян Ильич?

– Ештеңе емес, Астафий Иваныч, жай айта салдым.

«Ештеңе емес, жай ғана». Эһ! – деп ойлаймын іштей. Емеля, Емелюшка! Ақыл-есіңді ішімдікке жұмсап, өміріңді зая өткіздің ғой!..

– Тағы бірде ақсүйектің бірі Гороховая көшесінде, дәлірек айтқанда Садоваяда, тротуарда құнды қағазын түсіріп алыпты. Бір жұмысшы көріп қалып: «Бұл – менің бағыма түсті!» – депті. Сол кезде тағы біреуі көріп: «Жоқ, бұл маған бұйырып тұр! Мен сенен бұрын көрдім!» – депті.

– Иә, Емельян Ильич?

– Сөйтіп, әлгі жұмысшы табынан шыққан екеу төбелесіп кетіпті, Астафий Иваныч. Сол кезде бір қалалық күзетші келіп, құнды қағазды жерден алып, әлгі ақсүйекке қайтарып беріпті, ал екі шаруаны да түрмеге қамаймын деп қорқытыпты.

– Еее, сонымен? Бұл оқиғаның қай жерінен ғибрат аламыз, Емельянушка?

– Ештеңе, Астафий Иваныч. Халық күліп тұрды.

– Эһ, Емельянушка! Халық дейсің бе! Сен өз рухыңды ішімдікке сатып жіберген болып отырсың ғой… Қарашы, Емельян Ильич, менің саған бір ұсынысым бар.

– Қандай, Астафий Иваныч?

– Саған жұмыс істеу керек, расында да, бір жұмысқа кірсеңші! Жүзінші рет айтып тұрмын. Өз-өзіңді аясаңшы!

– Қандай жұмысқа барайын, Астафий Иваныч? Өзім де білмеймін…Мені ешкім жұмысқа алмайды ғой, Астафий Иваныч.

– Емеля – сен ішкіш адамсың. Сені қызметтен сол үшін қуып жіберді емес пе!

– Ал бүгін буфетші Власты конторға шақырыпты, Астафий Иваныч.

– Неге шақырыпты?

– Неге екенін білмеймін, Астафий Иваныч. Демек солай болуы қажет болған шығар, сол үшін шақырған шығар…

«Эһ! Біз екеуіміз де құрдымға кеттік, Емельянушка! Бізді күнәларымыз үшін Құдай жазалайды!» – деп ойладым сол сәтте. Өзіңіз ойлаңызшы енді, мырза, мұндай адамға не істеуге болады…

Бірақ өте айлакер жігіт екен! Тыңдайды, тыңдайды мені, кейін шаршап, егер мен мұнысына ренжігенімді байқаса, шинелін алып қашып кетеді. Күні бойы қаңғып жүреді де, кешке қарай мас боп қайта келеді. Кім ішкізді, ақшаны қайдан тапты, оны бір Құдай біледі, менің кінәм емес!..

– Жоқ, – деймін, – Емельян Ильич, бұлай болмайды! Ішуді доғар! Естіп тұрсың ба? Тоқтат! Келесі жолы мас боп келсең, баспалдақта түнейтін боласың. Үйге кіргізбеймін!..

Емеля мұны естіген соң бір күн отырады, екінші күн отырады, ал үшінші күні тағы қашып кетеді. Күттім, күттім, келген жоқ! Шынын айтсам, қатты уайымдадым әрі аяп кеттім. «Мен оған не істеп қойдым?» – деп ойладым тағы. Қорқытып жібердім ғой. Ал енді қайда кетті бұл бейшара? Құдай-ау, жоғалып кетпесе жарар еді! Түн болды, әлі жоқ. Таңертең есік алдына шықсам, әлгі Емеля есік алдына жатып, ұйықтап қалыпты. Басын табалдырыққа қойып, қатты тоңып, қозғалмай қатып қалыпты.

– Не болды, Емеля? Құдай сақтасын! Қайдан келдің?

– Сіз, әлгі, Астафий Иваныч, бірнеше күн бұрын ашуландыңыз ғой, ренжідіңіз, мені есік алдына қондырамын деп уәде бердіңіз, мен сондықтан кіре алмай қалдым, Астафий Иваныч, – деді, – сонсоң осы жерге жаттым.

Мен бір жағынан қатты ашуландым, бір жағынан әлгіні аяп кеттім!

– Емеля, қандай да бір басқа қызметті таңдасаңшы. Неге баспалдақты күзетесің?! – дедім әзіл араластырып.

– Ал қандай қызмет таңдайын, Астафий Иваныч? Сіз айтыңызшы мынау-мынау деп, мен соны таңдайын.

Сол сәтте ашуға булығып кетіп:

– Тіпті сен осы тігін өнерін үйреніп алсаң да болар еді ғой. Қарашы, шинелің қандай! Жай ғана жыртық болса жарайды ғой, бірақ сен қазір баспалдақты осымен сыпырып жүрсің! Абыройыңды сақтау үшін қолыңа ине алып, өз жыртығыңды жамауың керек еді. Эһ, сен барып тұрған ішкіш адамсың, Емеля!

Содан соң қызық болды, мырза! Ол үйге кіре салып, қолына ине алды. Мен оған әзілдеп айтқан едім, ал ол қорқып кетті де, сол ине мен жіпті қалай қолданатынын үйрене бастады. Шинелін шешіп, жіпті инеге өткізбек болып жатыр.

Жағдайы белгілі ғой. Көзі қызарып, ісіп кеткен, қолы дірілдеп тұр. Қанша тырысса да, жіпті инеге өткізе алмайды. Қолымен біршама қозғап көрді, бұрылып, сығымдап көрді. Жоқ! Ақыры қойды да, маған қарады…

– Емеля, – дедім, – сен мені ұятқа қалдырдың! Адамдар көрсе, басыңды кесуге болар еді! Ал мен жаңағыны ойнап айтқан болатынмын… Жарайды, баршы, Құдай сақтасын, күнәдан аулақ бол! Осында отыр, бірақ ұят іс жасама, баспалдақта түнеп жүрме, мені жұртқа мазақ қыласың…

– Ал не істеймін сонда, Астафий Иваныч? Мен өзім де білемін, әрдайым мас болып жүремін де, ешбір іске жарамаймын… Тек сізді, менің қамқоршым, жүрегіме арқау етіп алып жүремін үнемі…

Сонда кенет оның көгерген еріндері дірілдеп кетті, ақ бетіне бір жас төгіле бастады, сақалына дейін дірілдеп, бір уыс жас төгіле бастады. Сол жас менің жүрегімді бір сәтке пышақпен тіліп алғандай болды.

«Эһ, сезімтал жан екенсің ғой, мүлдем ойламаппын!» – дедім іштей. Кім мұны болжап біле алады? Жарайды, Емеля, енді сені толықтай жайыңа қалдыруым керек. Қалағаныңша қаңғыр…

Жарайды, мырза, бұл әңгімені ұзаққа созудың қажеті жоқ! Әйтеуір, өте қарапайым әңгіме, болмашы ғана дүние ғой, айтуға да тұрмайды, мырза. Айтсақ, ол үшін екі-үш тиын да бермес едіңіз. Ал егер менің көп ақшам болса, осы жағдайды қайта бастан өткермеу үшін бәрін беруге даяр едім!

Мырза, сол кезде менің қолымда түймелі шалбарлар болды, тар да болса жақсы, әдемі шалбарлар. Түсі көкшіл, торлы. Оларды осы жаққа келген ірі жер телімін иеленуші, бай бір адам тапсырыспен тіктірген еді, бірақ кейін «тар болыпты» деп, алудан бас тартты. Сөйтіп, шалбарлар қолымда қалды. Ойланып қарасам, құнды нәрсе ғой! Толкучиеде сатсам, бәлкім, бақандай бес рубльге өтетін еді, болмаса, мен екі шалбарды Петербургтегі мырзаларға беріп, қалған матаны өз желеткеме қоссам да болады екен. Кедей адамға бәрі пайда ғой! Ал Емельянушка сол кезде ауыр, қапалы күндерді бастан кешіріп жүр еді. Қарасам, бір күн ішпеді, екінші күні де ішпеді, үшінші күні де ішпеді, мүлдем тып-тыныш, мұңайып отыр. «Мүмкін, ендігі есін жиған шығар, әлде дұрыс жолға түсті ме екен», – деп ойладым. Ол өзі бір үлкен мереке кезі болатын. Мен түнгі ғибадатымды орындау үшін шіркеуге бардым. Қайтып келіп қарасам, Емеля терезеде отыр, аздап қана мас екен, тербеліп тұр. Эһ! – дедім ішімнен, – бәсе, бұл қашан түзелуші еді! – дедім де,  сосын әлдебір себеппен сандықтың жанына барып қарасам, әлгі шалбарлар жоқ! Барлық жерді ақтарып шықтым, таппадым. Жүрегім біртүрлі дірілдеп кетті. Алдымен үйдегі кемпірге бардым, сол алды екен деп ойлап, айыптадым. Бірақ Емеляға қарасам, мас боп отыр, ештеңені сезбейді.

– «Жоқ, мырза, – деді кемпір, – Құдай сақтасын, маған шалбар не керек? Оны қайтемін? Менің де кеше бір юбкам жоғалып кетіп еді…»

– «Бүгін үйде кім болды, кім кірді?» – дедім.

– «Ешкім, мырза, мен өзім осында болдым. Емельян Ильич кіріп шықты, кейін қайта келді. Қараңыз, әні отыр», – деді.

– «Емеля, сен менің ана бір байға арнап тіккен жаңа шалбарларымды алдың ба? Саған қажет болды ма?» – деп сұрадым.

– «Жоқ, Астафий Иваныч, мен, яғни, әлгі, оларды алмадым», – деп жауап берді тұтығып.

Қалай сұмдық жағдайға тап болғанымды білсеңіз ғой, мырза! Тағы іздеуге кірістім, барлық жерді қарап шықтым, таппадым. Ал Емеля әлгі жерде тербеліп отыр. Мен сандықтың алдында отырып, оған байқатпай сығырайып қарадым… Эһ! – деп ойладым, – жүрегім кеудемде өртеніп жатқандай болды, бетім де қызарып кеткен. Содан Емеля да маған қарады.

– Жоқ, – деді ол, – Астафий Иваныч, мен сіздің шалбарларыңызды, яғни… Сіз бәлкім ойлайтын шығарсыз, мен оларды алды деп, бірақ мен алмадым.

– Ал сонда олар қайда кетті, Емельян Ильич?

– Жоқ, – деді, – Астафий Иваныч, мен мүлде көрмедім.

– Сонда, Емельян Ильич, олар өздері, өз аяқтарымен жүріп, жоғалып кетті деп ойлайсыз ба?

– Мүмкін, өздері де жоғалып кеткен шығар, Астафий Иваныч.

Мен оны тыңдадым да, орнымнан тұрып, терезеге жақындадым, шам жағып, жұмысқа кірістім. Төменгі қабатта тұратын шенеуніктің тапсырысы бойынша желеткісін жөндеп тігуді бастап кеттім. Бірақ жүрегімде бір ауырлық бар, өртеніп жатыр. Шынында, ашуға булығып, барлық киімдерімді пешке лақтырып жібергенім оң болар ма еді…

Сол сәтте Емеля да менің ашуымды сезді. Ашулы адам деген шіркін бәрін алыстан аңғару қабілетіне ие ғой, тіпті бұлтты ауада ұшып бара жатқан құс сияқты дерсің.

– Ал, Астафий Иванович, – деп бастады Емелюшка әңгімесін, дауысы дірілдеп тұр, – бүгін фельдшер Антип Прохорыч кеше қайтыс болған көшірдің әйеліне үйленіпті…

Сол сәтте мен оған көзімді алайтып бір қарап алдым. Яғни шын мәнінде ренжіп қарадым… Емелья бәрін түсінді. Орнынан тұрып, төсектің жанына барып, бірдеңелерді ақтарып жатыр. Мен не істер екен деп күтіп тұрдым. Ұзақ уақыт бойы іздеді. Іздеп жүріп дауыстап: «Жоқ, жоқ, қайда кетуі мүмкін!» – деп қояды. Не болар екен деп күттім. Емелья тізерлеп төсектің астына кірді. Сонда ғана шыдай алмай кеттім:

– Не істеп жатырсыз, – дедім мен, – Емельян Ильич, неге тізерлеп жүрсіз?

– Мынау, Астафий Иваныч, шалбарлар жоқ па екен, қарап жатырмын, бір жерге түсіп кетпеді ме, көру үшін.

– Қойыңыз, жолдас, – дедім (ашумен оған «сіз» деп сөйлеуге көшіп), – неге сіз мен сияқты қарапайым, кедей адамға араша түсіп отырсыз? Тізеңізді босқа тоздырмаңыз!

– Ештеңе етпейді ғой, Астафий Иваныч, – деді ол, – мүмкін, іздесем, табылып қалатын шығар.

– Хммм… – дедім мен, – тыңдаңызшы, Емельян Ильич!

– Не дедіңіз, Астафий Иваныч? – деп сұрады ол.

– Сен, мүмкін, оларды жай ғана ұрлап алған шығарсың? Менің нанымды жеп отырғаныңа қарамастан осындай іс жасадың ба, шынымен? – дедім.  Ол сонда менің алдымда тізерлеп, еденде құрдай жорғалап кетті. Өзім де шошып кеттім.

– Жоқ… Астафий Иванович… – деді ол. Өзі төсектің астына жатып қалды. Ұзақ жатты, содан кейін шықты. Түрін көрдім. Бозарып тұр. Өңі қуарып қалған көрпеге ұқсап кетіпті. Жерден түрегелді де, менің қасыма, терезенің жанына келіп отырды. Шамамен он минут өткенде барып:

– Жоқ, – деді ол, – Астафий Иваныч… – деп қайталап барып, кенет тұрды да, менің қасыма келді. Қарасам, бұл жолы түрі құдды күнә сияқты қорқынышты көрінеді екен.

– Жоқ, – деді, – Астафий Иваныч, мен сіздің шалбарларыңызды алмадым…

Осыны айтып болғанда қалшылдап тұла бойы тұтас діріл қаға бастады. Қолымен кеудесін сипайды. Дауысы да қатты дірілдеп тұр, мен де қорқып кеттім, терезеге жабысқандай боп шегіне беріппін.

– Жарайды, – дедім, – Емельян Ильич, сіз солай десеңіз солай шығар, егер мен ақымақ сізге артық сөз айтып қойсам, кешіріңіз. Ал шалбарлар жоғалса, жоғалсын енді. Біз шалбарсыз да өмір сүреміз. Қолымыз бар Құдайға шүкір, ұрлыққа бармаймыз, басқа кедей адамның нанын, маңдай терін тонамаймыз, өз нанымызды өз еңбегімізбен табамыз…

Менің сөзімді тыңдаған Емелья алдымда сәл тік тұрды да, кейін отырды. Солай кеш бойы тапжылмай отырды. Мен ұйықтауға кеткенше Емелья бір орыннан қозғалған жоқ. Таңертең қарасам, еденде, өз шинеліне оралған күйде жатыр екен. Төсекке де жатпағанын қарашы. Мен сол күннен кейін оны ұнатпай қалдым, яғни ертесі күні-ақ жек көріп кеттім. Құдды туған балам мені тонап, ренжіткендей болып сезілді бұл күйім. Ал Емелья тіпті ұйықтамай, апталап ішіп жүрді. Яғни толық есінен адасып, ішімдікке әбден салынып кетті. Таңертең кетеді, түнде келеді, екі апта бойы бірде бір сөз естіген жоқпын одан. Мүмкін, сол кезде өзін жазалағысы келген шығар немесе өзін қалай да қырып-жойғысы келген болар. Ақыры бір күн тоқтады, қолдағының бәрін ішіп бітірді де, терезенің алдына қайта отырды. Есімде, ол үш күн бойы үнсіз отырды сол жерде. Кенет қарасам, ағыл-тегіл жылайды. Яғни, мырзам, өзіңіз елестетіп көріңізші, дап-дардай адам терезенің алдына отырып алып жылайды да жылайды! Тіпті өз еркінен тыс көзінен жас төгілуде. Шынымды айтсам, дап-дардай үлкен адамның әрі Емелья сияқты бір кісінің қайғы мен мұңнан жылағанын көру өте ауыр екен, мырза.

– Не болды, Емелья? – дедім мен.

Сол сәтте оның бүкіл денесі дірілдеп кетті. Тіпті қалшылдап қалды. Мен шалбар оқиғасынан кейін алғаш рет оған тіл қатып тұрмын.

– Ештеңе… Астафий Иваныч…

– Құдай сақтасын, Емелья, бәрі өз жолымен болсын. Неге сонша мұңайып отырсың? – дедім, оны аяп.

– Әлгі… Астафий Иваныч, ештеңе болған жоқ… Мен бір жұмыс іздеп жүрмін, Астафий Иваныч.

– Қандай жұмыс іздеп жүрсің, Емельян Ильич?

– Мынадай бір жұмыс… Мүмкін, бұрынғыдай бір қызмет табармын. Федосей Иванычқа барып сұрап та көрдім… Сізді ренжіткім келмейді, Астафий Иваныч. Егер қызмет тапсам, бәрін сізге беремін, барлық шығындарыңызды өтеймін.

– Жарайды, Емелья, болды ғой, болды, бәрі – өтіп кетті! Қой, өмірімізді бұрынғыдай сүре берейік.

– Жоқққ, Астафий Иваныч, сіз бәрін кешірсеңіз де… мен сіздің шалбарларыңыздың шығынын өтемей қоймаймын…

– Жарайды, сен қалай қаласаң солай болсын, Құдай сенімен болсын, Емельянушка!

– Жоқ, Астафий Иваныч. Мен, көрдіңіз бе, енді сіздің үйіңізде тұрмаймын. Өтінемін, кешіріңіз, Астафий Иваныч.

– Құдай сақтасын, – дедім. – Кім сені ренжітті, кім сені үйден қуды, Емельян Ильич? Әлде маған әлі ренжіп жүрсіз бе?

– Жоқ… сіздің үйіңізде тұра алмаймын енді, Астафий Иваныч… Мен өзім кетейін…

Яғни ренжісе де, сәл адам болып қалған секілді көрінді. Қарасам, шынымен орнынан тұрып, шинелін иығына салып жатыр екен.

– Емельян Ильич, қайда барасың? Мұның не? Қайда барасың?

– Жоқ, кешіріңіз, Астафий Иваныч, ұстамаңыз мені… Мен кетейін, Астафий Иваныч. Сіз енді қазір басқа адам болып кеттіңіз.

– Қалай басқа адам? Әлі сол қалпымын ғой! Бірақ сен ақылсыз бала сияқты сыртқа жалғыз кетіп қала бересің ғой, Емельян Ильич.

– Жоқ, Астафий Иваныч, сіз үйден шыққан кезде қазір сандықты құлыптап кетіп жүрсіз, ал мен соны көріп, жылап отырамын ылғи… Жақсы, мені босатыңыз, Астафий Иваныч, және кешіріңіз, мен бірге тұрған кезімізде сізді ренжіткен болсам, кешіріңіз.

Сонымен не керек? Әлгі адам кетіп қалды. Бір күн бойы күттім, кешке қарай оралады ғой деп ойладым. Жоқ! Келесі күні де келмеді, үшінші күні де жоқ. Қорықтым, күйзелістен жаным күйреп кетті. Тамағымнан ас-су өтпейді, түнде көзіме ұйқы кірмейді. Төртінші күні шығып, барлық қонақ үйлерді, дәмханаларды кезіп көрдім, сұрадым, бірақ таппадым, Емельянушка жоғалып кетті!

«Бейшара, әлі тірі ме екен?» – деп ойлай бастадым. «Мүмкін әлсіз, мас күйде бір бұрышта құлап, шіріп жатқан шығар»… Не тірі емес, не өлі емес бір күйде үйіме қайттым. Келесі күні оны іздеуге шықтым. Жолда өзімді де аямай қарғадым. Неге оның кетуіне жол бердім? Осындай ес-ақылы кем адамның өз еркімен кетіп қалуына неге рұқсат еттім екен?

Содан соң не керек, бесінші күні (мереке болатын) қарасам, жарқ атып, есіктің ашылғаны естілді. Бет-аузы көкпеңбек болып, үсті-басы кір қожалақ қалпы Емелья кіріп келе жатыр екен. Түріне қарасам, көшеде түнеп жүрген секілді. Шинелін шешіп, сандықтың үстіне отырды да, маған қарады. Мен қуандым, бірақ сол сәтте бұрынғыдан да ауыр бір мұң көңілімді қаптады. Міне, мырза, солай болды. Қараңызшы, егер мен сондай бір адамдық күнә жасасам, шынымды айтсам, иттей болып өліп кетсем де, қайта оралмас едім. Ал Емеля қайтып келді! Шынында да мұндай жағдайға түскен адамды көру өте ауыр. Мен оны аялап, жылыттым, жұбата бастадым.

– Жарайды, дедім, – Емельянушка, келдің ғой бастысы. Сәл кешігіп келгеніңде, мен бүгін де барлық қонақ үйлерді кезіп, сені іздеуге шығатын едім. Тамақ іштің бе?

– Іштім, Астафий Иваныч.

– Қойшы, шынымен іштің бе? Міне, бауырым, кешеден қалған қырыққабат сорпасы бар еді. Жай су емес, сиыр етінен қайнатылған. Міне пияз да, нан да бар. Же деймін. Денсаулыққа артық болмайды.

Алдына қойдым. Сонда барып байқадым. Бейшара адам, сірә, кемі үш күн бойы нәр татпаған болса керек, тамақтың апыр-топырын шығарып, жей бастады. Демек, оны менің үйіме қайта айдап әкелген аштық болса керек. Соған қарап, жүрегім езіліп кетті.

«Ә, қазір дүкенге жүгіріп барып келейін. Аздап ішімдік әкеліп берейін, көңілі жібісін. Сосын бәрі бітті, жетер енді! Менде саған деген өкпе де, ашу да қалған жоқ, Емельянушка!» – дедім ішімнен.

Шарап әкелдім.

– Міне, – дедім, – Емельян Ильич, мереке құрметіне бір рөмке ішейік. Ішесің бе? Жаман болмайды.

Ол қолын созды, ашқарақтана созды, тіпті рөмкені ұстап та алды. Бірақ бір мезет тоқтап қалып, аз ғана кідіргенін көрдім. Қарасам, рөмкені алып, аузына апарған екен, бірақ шарап жеңіне төгіліп жатыр. Ақыры аузына жеткізді, бірақ сол сәтте-ақ қайтадан үстелдің үстіне тастай салды.

– Не болды, Емельянушка?

– Жоқ… мен, сол… Астафий Иваныч…

– Ішпейсің бе?

– Мен енді, Астафий Иваныч… енді ішпеймін, Астафий Иваныч.

– Қалай сонда, Емелюшка? Мүлде қоймақсың ба, әлде бүгін ғана ішпейсің бе?

Ол үнсіз қалды. Қарасам, бір минут өткен соң басын қолымен сүйей бастады.

– Не болды саған, Емеля? Ауырып қалған жоқсың ба?

– Жоқ, жай ғана… өзімді онша жақсы сезінбей тұрмын, Астафий Иваныч.

Мен оны көтеріп, төсекке жатқыздым. Қарасам, расында халі нашарлап кетіпті. Басы оттай жанып тұр, қызуы көтеріліп, қатты қалтырап жатыр. Бір күн бойы қасында отырдым. Түнге қарай жағдайы тіпті ауырлап кетті. Мен квасқа май мен пияз араластырып, үстіне аздап нан үгітіп бердім оған.

– Мә, – дедім, – мына нан сорпадан аздап ішіп алшы, бәлкім, жеңілдеп қаларсың!

Ол басын шайқады.

– Жоқ, – деді, – мен бүгін тамақ ішпеймін, Астафий Иваныч.

Оған шай да дайындадым, қарт кемпір құсатып қымтап орап тастадым. Бұдан артық ем жоқ қой деп ойладым. Бірақ бәрібір көңілім алаң. Үшінші күні таңертең дәрігерге бардым. Жақын жерде менің танысым, дәрігер Костоправов тұратын. Бұрын, Босомягиндердің үйінде қызмет етіп жүрген кезімде танысқанбыз. Ауырғанда мені де сол емдеген еді.

Дәрігер келіп, қарап шықты.

– Жоқ, – деді, – жағдайы ауыр. Маған бола адам жіберіп әуре болмау керек еді. Бірақ мүмкін оған беріп көрерсің деп, ұнтақ дәрі қалдырып кетті. Ал мен дәрігер жай ойнап айтқан шығар деп ойлап, оны берген жоқпын. Сөйтіп жүргенде бесінші күн де келіп жетті.

Түсінесіз бе, мырзам? Ол менің көз алдымда ақырын-ақырын жан тапсырып жатқан еді. Мен терезе түбінде жұмыспен айналысып отырмын. Кемпір пешті жағып жүр. Бәріміз үнсіздікке шомдық. Ал менің жүрегім мына бейшара, ішкіш адам үшін қанжылап бара жатқан еді, мырза. Дәл туған ұлымды жерлеп жатқандай күй кешіп отырмын.

Білемін, Емеля маған қарап жатыр. Бірдеңе айтқысы келеді, өзін әрең ұстап жатыр, бірақ айтуға батпайтын сияқты. Мұны таңертең де байқап едім. Ақыры мен оған қарадым. Қарасам, бейшараның көзінде сондай бір мұң бар, көзін менен алмайды. Ал менің өзіне қарап отырғанымды байқаса болды, бірден көзін төмен салады.

– Астафий Иваныч!

– Не болды, Емелюшка?

– Айтыңызшы, егер менің мына шинелімді Толкучий базарына апарып сатсақ, көп ақша таба алар ма едік, Астафий Иваныч?

– Еее, – дедім, – қанша беретінін кім білсін. Бәлкім, үш рубльдей болып қалатын шығар, Емельян Ильич.

Ал шын мәнінде апарып сатсаң, бәлкім ештеңе де бермес еді, қайта мұндай нашар затты сатып жүрсің деп бетіңе қарап күліп, мазақ қылар еді. Бірақ мен осы бір бейшара Құдайдың пендесінің аңқау мінезді екенін білген соң көңілін жұбату үшін ғана 3 рубль дей салдым.

– Ал мен, Астафий Иваныч, – деді ол, – оған күміс үш рубль берер деп ойлап едім, матасы де жақсы ғой, шұғадан тігілген, Астафий Иваныч. Егер өзі шұға болса, қалайша үш рубль бермейді?

– Білмеймін, Емельян Ильич, – дедім, – егер апарып сатқың келсе, әуелі үш рубль сұраған жөн шығар.

Емеля біраз үнсіз жатты. Сосын тағы да тіл қатты:

– Астафий Иваныч!

– Не болды, Емельянушка? – деп сұрадым.

– Сіз мен өлген соң мына шинелімді сатып жіберіңіз, мені шинеліме орап көмуші болмаңыз. Мен онсыз да жата беремін, ал ол – бағалы нәрсе, бәлкім сізге керек болып қалар…

Сол сәтте, мырзам, жүрегім шым ете қалды. Айтып жеткізу қиын. Қарасам, бейшара адамның көңіліне өлім алдындағы ауыр мұң келіп жеткен екен. Тағы да үнсіз қалдық. Шамамен бір сағаттай уақыт өтті. Мен оған тағы қарадым. Әлі де менен көз алмай жатыр екен. Ал көзі менің көзіммен түйісе қалса, бірден төмен қарайды.

– Су ішкіңіз келмей ме, Емельян Ильич? – дедім.

– Беріңізші, Құдай разы болсын, Астафий Иваныч.

Мен оған су бердім. Ол аздап ұрттады.

– Рақмет, Астафий Иваныч, – деді.

– Басқа бірдеңе керек емес пе, Емельянушка?

– Жоқ, Астафий Иваныч, ештеңе керек емес… мен… сол…

– Не?

– Мына…

– Не айтқың келеді, Емелюшка?

– Шалбарлар… сол… оларды… сол кезде мен алған едім… Астафий Иваныч…

– Е, – дедім мен, – Құдай сені кешірсін, Емельянушка, бейшарам-ай! Алаңдама, жаның жай тапсын…, – дедім.

Сол сәтте менің демім тарылып, көзімнен жас парлап кетті. Бір сәтке жүзімді бұрып әкеттім.

– Астафий Иваныч…

Қарасам, Емеля тағы бірдеңе айтқысы келді. Өзі сәл көтеріліп, бар күшін жинап, ерінін жыбырлатады… Бірден жүзі қызарып кетті. Маған қарайды… Кенет түсі қайтадан боп-боз болып барады… әп-сәтте өңі қашып кетті. Басын артқа шалқайтып, соңғы рет терең тыныс алды да, сол жерде жан тапсырды.

Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ

Сөзбелгілер: адал ұрыәңгімеДостоевскийЕмельянушкакейіпкерпрозаСүйікті Емельянушка
Алдыңғы жазба

Кейт ШОПЕН: «Бір сағаттың хикаясы»

Ұқсас мақалалар

Кейт ШОПЕН: «Бір сағаттың хикаясы»
Проза

Кейт ШОПЕН: «Бір сағаттың хикаясы»

08.03.2026
492
Франц Кафка: «Академияға арналған баяндама»
Проза

Франц Кафка: «Академияға арналған баяндама»

07.03.2026
603
Генрих Бёлль: «Мұңды жүз»
Проза

Генрих Теодор Бёлль: «Мұңды жүз»

21.02.2026
322
Амброз БИРС: «Үкісай көпіріндегі оқиға»
Проза

Амброз БИРС: «Үкісай көпіріндегі оқиға»

05.02.2026
325

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын

Сөзбелгі

Your browser doesn't support the HTML5 CANVAS tag.

  • қоғам
  • философия
  • абсурд
  • жаңа өлең
  • стиль
  • аударма
  • Жұлдызды түн
  • проза
  • үрей
  • ойлар
  • жындыхана
  • түйсік
  • сен және ол жайлы
  • әңгіме
  • әуендер мен естеліктер
  • таным
  • еркіндік
  • түрік поэзиясы
  • өнертапқыш
  • жаңалықтар
  • жаңашылдық
  • картиналар
  • өлең
  • жазу
  • кітаптар
  • сын
  • әдебиет
  • сағыныш
  • поэзия
  • қазақ әдебиеті

Кітаптар

ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ

«ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ» порталы – Қазақстандағы тәуелсіз әдеби кеңістікте қалыптасқан әдебиет пен өнердің онлайн-платформасы.

Байланыс

  • Бас редактор: Қарлығаш ҚАБАЙ
  • Email: karlygaaaa.sh@gmail.com
  • Мекенжайы: Астана / Қазақстан
  • Телефон: +7 747 702 9797

Соңғы жазбалар

  • Фёдор Михайлович Достоевский: «Адал ұры»
  • Кейт ШОПЕН: «Бір сағаттың хикаясы»
  • Франц Кафка: «Академияға арналған баяндама»

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Поэзия
  • Проза
  • Сын
  • Кітаптар
  • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Көркемөнер

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.