Құрметті Академия мүшелері!
Өткен маймылдық тіршілігім жайында баяндама әзірлеп, оны академияға ұсынуға шақырғандарыңыз – мен үшін зор мәртебе. Алайда, өкінішке қарай, бұл өтініштеріңізді толық орындай алмаймын. Маймылдық ғұмырым артта қалғанына небәрі бес жылдай ғана болды. Күнтізбе өлшеміне қарағанда бұл қысқа мерзім болып көрінеді. Бірақ сол кезеңді бар пәрменімен, бар қарқынымен еңсеріп өткен мен үшін ол аса ұзақ, бітпейтін бір кезең тұғын.
Бірақ енді бұл жылдар арагідік таңдаулы жандардың ортасында, насихаттар мен ду қол шапалақтың, оркестр әуенінің сүйемелдеуімен өтті. Дегенмен шын мәнінде мен жалғыз болатынмын ол кезде. Өйткені маған серік болғандардың бәрі мені тамашалау үшін манеждің арғы жағында, тым қашықта тұратын.
Егер өз тегіме, жастық шағымның естеліктеріне қамалып, олардан айырылмау үшін қасарысқан болсам, мұндай жетістікке жете алмас едім. Қазір қандай да бір қырсықтықтан бас тартуды – өзім бағынуға міндетті ең жоғарғы бұйрыққа айналдырдым. Мен – маймылдардың ең еркіні ретінде осы ноқтаны мойныма ілуге өз еркіммен көндім. Бірақ дәл осының өзі естеліктерімнің қақпасын маған біртіндеп жауып тастады. Әуелде адамдар қаласа, көк пен жердің арасына керілген әлгі кең қақпа арқылы шыққан мекеніме қайта оралар едім. Алайда қамшылап қуғандай болып үдей түскен даму процесім алға жылжыған сайын, сол қақпа төмендеп, тарыла берді. Адамдар әлемінде өзімді барған сайын әрі еркін, әрі тұсаулы сезіне бастадым. Өткен тіршілігімнен ескен дауыл басылды. Бүгінде өкшемді салқындататын әлсіз леп қана қалған. Сол леп екеуіміздің де бір кездері басып өтіп, осы жаққа қарай келген қақпамыз қазір тым кішірейіп кеткен. Бар күшім мен еркімді жиып, қайтадан сол қақпаға барып жеткен күннің өзінде, терім сыдырылып қалмаса, одан өте алмас едім. Ашығын айтқанда, мырзалар, мұндай жайттарды символдармен бейнелегенді құп көрсем де, ашығын тағы айтар болсам, мырзалар, егер сіздер де осындай бір дүниеден өткен болсаңыздар, сіздердің маймылдықтарыңыз да менікінен өзгеше болмас еді. Ал әлгі лептің өкшемді қытықтауына келетін болсақ, мынаны айтайын, мырзалар, жер бетінде жортқан әрбір тіршілік иесінің, тіпті кішкентай шимпанзеден ұлы Ахилге дейінгі әрбір тіршілік иесінің қытыққа сезімтал бір өкшесі бар.
Дегенмен де, тілегіңізді аздап болса да орындауға болады, әрі мұны үлкен бір ықыласпен атқарғым келеді. Мен үйренген алғашқы нәрсе – иіліп сәлем беру еді. Иіліп сәлем беру – таза көңілдің белгісі. Мансабымның дәл қазіргідей биік шегіне жеткен тұста, сол алғашқы иілуіме қатысты шынайы ойларымды да айта кетейін. Айтар сөзім, әрине, академия үшін айрықша жаңалық бола қоймас. Ол сіздердің менен күткендеріңізден де, қанша қаласам да айтып жеткізе алмайтын жайттардан да әлдеқайда жұтаң болмақ. Соған қарамастан бұрынғы бір маймылдың адамдар әлеміне қандай жолмен аяқ басып, сол ортада қалай тамыр жайғанын баяндап беруге жарар. Бірақ егер өз орнымның беріктігіне толық көзім жетпесе, әрі өркениетті дүниенің ең үлкен шоулары орын алатын сахналарында мызғымас беделге ие болмасам, қазір айтпақ болып отырған осынау мардымсыз дүниелердің өзін айтуға батпас едім.
Менің туған жерім – Алтын Жағалау деген жер. Қалай қолға түскенім жайында айтар болсам, амал жоқ, өзгелердің жазбаларына сүйенуге тура келеді. Мені ұстау ісіне Хагенбек фирмасының бір аңшылар тобы қатысқан. Айтпақшы, сол кезден бері әлгі топтың басшысымен талай рет қызыл шараптың бөтелкесін бірге босатқанымыз бар. Сол аңшылар жағалаудағы тоғай ішінде торуылдап жатқанда, мен кешкісін өзімнің руластарымның бір үйіріне қосылып, су ішу үшін теңіз жиегіне келген едім. Кенет оқ атылды. Ішімізден тек мен ғана жараланыппын. Маған екі оқ тиді. Оның бірі бетіме тап келген. Бұл жара аса ауыр болмаса да, бетімде үлкен қызыл тыртық күйінде қалды. Сол тыртық маған тым ерсі естілетін, тіпті маймылдың өзі ойлап тапқандай көрінетін «Қызыл Петер» деген сүйкімсіз атты таңып берді. Әлдеқашан аты шығып үлгерген, құйрығын бұлғаңдататын қолға үйретілген маймыл Петерден мені тек бетімдегі сол қызыл дақ қана айырып тұрғандай. Кейде осылай деп жүретінім бар.
Екінші оқ санымның астынан тиген. Жарасы ауыр еді, қазірге дейін сәл ақсаңдап жүретінім де содан. Жақында газеттердің бірінен маған тиісіп неше түрліні жазатын әлгі мыңдаған бетсіздердің бірінің мақаласын оқып қалдым. Оның айтуынша, менің маймылдық табиғатым әлі толық кетпеген көрінеді, соның бір дәлелі – маған келіп-кететін қонақтарға әлгі оқ тиген жерді көрсету үшін шалбарымды түріп жіберуге ынтығып тұрады екенмін-мыс. Мұндайда адамның қолына мылтық алып, сол жазбаны шимайлаған қолдың саусақтарын біртіндеп ұшырып жібергісі келетіні бар. Ал мен болсам, қаласам кез келгеннің алдында шалбарымды түре аламын. Ода тұрған не бар. Жұрт, әрі кетсе, күтімі келіскен терім мен ескі жараның ізін ғана көреді. Осы тұста, қате түсінік қалыптаспасын деп, бір сөзді әдейі атап өту керек болып тұр. Аяғымдағы із – опасыз оқтан қалған жараның ізі. Бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұр, жасырып-жабатын ештеңесі жоқ. Шындық туралы сөз қозғалғанда, кең пейілді адам қажетсіз әдептілікті ысырып қоюы тисі. Ал әлгі мақаланы жазған адамның өзі жұрт алдында шалбарын түрсе, жағдай мүлде басқаша болар еді. Оның бұған тәуекел етпегені, әрине, ақылдылық. Әйткенмен сыпайылық танытып, менің басымды қатырмаса игі. Оқ тигеннен кейін көзімді ашқанда өзімнің Хагенбек фирмасының кемесінің трюмінде, бір тордың ішінде жатқанымды көрдім. Есімде қалғаны осы ғана. Ол төрт жағы түгел темірден өрілген кәдімгі тор емес еді, үш қабырғасы ғана темір шыбықтардан тұрады, ал төртінші қабырғаның орнын жәшікпен тіреп қойыпты. Тік тұрайын десем ол бәле тым аласа, ал отырайын десем тым тар болатын. Сондықтан дірілдеп тұрған аяқтарымды бауырыма қарай тартып, жерде бүк түсіп отыратынмын. Әуелгі кезде мәңгі қараңғылықта қалғым келгендей жүзімді жәшік жаққа бұрып, арқама темір сымдардың батқанын ғана сезіп отыратынмын. Бәлкім, ешкімді көргім келмегеннен болар. Жабайы жануарларды алғашында осылай ұстаған дұрыс деп санайды адамдар. Қазіргі бастан кешкен тәжірибемнен кейін, мұның адамдар үшін расында да орынды іс екенін жоққа шығара алмаймын.
Бірақ сол кезде мұндайды ойлаған да емеспін. Өмірімде тұңғыш рет тығырыққа тірелгенімді сездім. Құтылар жол көрінбеді. Дәл қарсы алдымда тақтайлары бір-біріне мықтап жымдастырылып қағылған жәшік тұр. Негізі тақтайлардың арасында жоғарыдан төмен қарай созылған жіңішке саңылаулар бар еді. Мұны алғаш байқаған сәтте аңғалдықпен қуанып, айқайлап жібергенім де есімде, өйткені сол саңылауларға құйрығым сыяды деп ойлағанмын. Бірақ олар құйрығымның ұшы да өтпейтіндей деңгейде тар екен. Бүкіл маймылдық күшімді жұмсасам да, ол саңылауды кеңейте алар емеспін. Кейін естігеніме қарағанда, мен салыстырмалы түрде басқа маймылдардан байсалды болыппын. Мұнан олар не көп ұзамай «құйрық бұлғап» кетеді, я болмаса, алғашқы нәзік кезеңнен өткен соң, үйретуге де, тәрбиелеуге де өте бейім бір жануарға айналады деп, екі түрлі жорамал жасаса керек. Ақыры сол алғашқы кезеңнен де өттім. Булыққан өксік, жанымды күйдірген бүргелерді қырып-жою, бір кокос жаңғағын жалыға жалап отыру, басымды жәшіктің қабырғасына соғу, қасыма біреу жақындай қалса, тіл шығару – міне, жаңа өмірімнің алғашқы машақаттары осылар еді. Бірақ осының бәрінде мені бір ғана сезім билеп тұрды. Ол сезім шығатын жолдың жоқтығын қайта-қайта есіме салғандай болатын. Әрине, ол кезде маймыл ретінде нені сезінгенімді қазір адам тілінде ғана жеткізе аламын, демек оны ендігі дәлме-дәл бейнелеуім де мүмкін емес. Әйткенмен бұрынғы маймылдық өмірімнің шындығына енді толық жете алмасам да, сол шындықтың менің айтып отырған нәрселеріме жуықтайтынына сенемін.
Торға түскенге дейін мен кез келген жағдайда әрдайым қиындықтан құтылудың бір емес, бірнеше жолын табатынмын. Ал қазір бір ғана шешімін, бір ғана шығу жолын ойлаудың өзі мүмкін емес болып тұр. Әбден тығырыққа тірелдім. Тіпті біреу мені ұстап алып, бір бұрышқа апарып шегелеп тастаса да, еркіндігім мұншалықты шектелмес еді. Неге дейсіз бе? Башпайларыңның арасындағы етті тырнақтарыңмен қасып-қасып жара қылып тастасаң да, мұның себебін таба алмайсың. Арқаңды тордың теміріне тіреп, өзіңді екіге бөліп жіберердей тілгілесең де, себебін ұқпайсың. Бұл жағдайдан құтылатын жол жоқ еді. Бірақ бір шарасын табуым шарт, өйткені онсыз өмір сүре алмайтын едім. Егер үнемі осы жәшіктің қабырғасының алдында отыра берсем, бір күні сөзсіз «құйрығым діріл қағып», шарасыздықтан өлер едім. Ал Хагенбек фирмасында маймылдың орны – жәшік қабырғасының түбі. Ондай болса, мен маймылдықтан бас тартамын деп шештім. Сол кездері ішімді «жарып шыққан» бір жарқын да әдемі түйін мынау болатын: маймылдар қарнымен ойланады. Менің «шығу жолы» дегенде нені меңзейтінімді дұрыс түсінбей қаларсыздар ма деп қауіптенемін. Мен бұл сөзді ең қарапайым, ең кең мағынасында айтып отырмын. Әдейі «еркіндік» демедім. Төрт тарапқа еркін жайылатын әлгі асқақ еркіндік сезімін айтып отырғаным жоқ. Маймыл кезімде ол сезім маған бөтен болмаған шығар, тіпті сондай еркіндікті аңсайтын адамдарды да кездестіргенмін. Бірақ өз басыма келсек, мен еркіндікті сол кезде де, қазір де қалаған емеспін. Айтпақшы, «еркіндік» деген сөзбен адамдар бірін-бірі жиі алдайды. Еркіндік қаншалықты деңгейде ең асқақ сезімдердің бірі саналса, адамдардың еркіндікті қолданып бір-бірін алдауы да соншалықты асқақ болмақ.
Қаншама рет цирк сахнасына шығу кезегімді күтіп тұрғанымда, жоғарғы жақтағы трапецияларда жаттығып жүрген бір жұп әртісті көргенмін. Олар кеңістікте ары-бері тербеліп, бір-бірінің қолына секіріп барып құлайды. Бірі екіншісін шашынан тістеп алып, әуеде қалықтап жүреді. Сонда ішімнен: «Міне, адам еркіндігі деген осы шығар!» – деп ойлайтынмын. «Қандай паң, қандай масаң қимылдар!» Табиғаттың қасиетті заңын мазақ ету дерсің. Мұндай көріністі көрген сәттегі маймылдардың күлкісіне шыдап тұрар ғимарат бұл дүниеде жоқ шығар. Жоқ, мен қалаған нәрсе – еркіндік емес еді. Маған тек бір құтылатын жол керек болды. Оң жақ па, сол жақ па – бәрібір. Басқа ештеңе тілемеймін. Тіпті сол құтылатын, құтқаратын жолдың өзі түбі алдамшы болып шықса да, мен соның өзіне көнер едім. Менің қалауым аса қиын дүние емес еді, сондықтан түңілетін сәтім де тым ауыр болмас деп ойладым. Алға жылжу керек еді. Қалай да ілгерілеуім керек! Қос қолымды жоғары көтеріп, жәшік қабырғасы мен тор темірінің арасында қысылып тұрған күйі қала алмас едім.
Өз ішімдегі терең тыныштыққа қол жеткізбегенімде, ешқашан ештеңеден құтыла алмасымда бүгін анық түсіндім. Бәлкім қазіргі күйіме алып келген сол тыныштық кеме үстіндегі алғашқы күндерден кейін жанымды жайлаған әлгі сабыр – маған сол кемедегі адамдардың арқасында дарыған шығар. Қалай болғанда да, олар жаман адамдар емес еді. Сол кезде қалғып-шұлғып жатып естіген олардың зілдей аяқ дыбыстарын қазірдің өзінде бір тыныштықпен еске аламын. Ол адамдар бәрін тым баяу, тым салмақты түрде істейтін. Араларынан бірі көзін ұқалағысы келсе де, қолын көтерген сәтінің өзі ауыр жүк көтергендей көрінетін. Әзілдері дөрекі болғанымен, шын көңілден шығатын. Күлкілерінің өзіне әлдебір жағымсыздау, бірақ елеусіз жөтел араласып кететін. Ауыздарында әрдайым түкіріп тастайтын бірдеңе дайын тұратын да, бірақ қайда түкіріп жатқанын өздері де аса елей қоймайтын. Кейде менің үстімдегі бүргелерім өздеріне қарай ыршып кетеді деп шағымданатын, бірақ сол үшін маған ешқашан шын мәнінде ашуланған емес. Олар менің терімде бүргелер өсіп-өнетінін, ал бүргенің өзі секіріп жүретін бір жаратылыс екенін білетін, соны әлдеқашан мойындап қойғандай еді. Бос уақыттарында сол адамдардың кейбірі менің айналама жарты шеңбер жасап отыра қалатын. Өзара көп сөйлеспейді, тек анда-санда күбірлегендей дыбыс шығаратын, жәшіктерге шалқасынан жатып алып, темекі шегетін. Мен болмашы бір қимыл жасасам болды, алақандарымен тізелерін соғып қалады. Кейде іштеріндегі бірі таяқ алып, өзіме ұнайтын жерлерімді түртпектеп, қытықтайтын. Дәл бүгін сол кемемен сапарға шығуға қайта шақырса, әлбетте, шақыруды қабыл алмас едім. Бірақ бір нәрсені анық білемін: егер мен келісіп, тағы да сол торға түссем, онда еске алатын дүниелерімнің бәрі нашар естеліктер болмайтыны сөзсіз. Сол бір жандардың арасында тапқан тыныштық мені ең алдымен қашуға ұмтылудан тежеді. Бүгінгі көзқарасыммен айтар болсам, егер өмір сүргім келсе, қандай да бір шығу жолын табуым керек екенін сол кезден-ақ сезген сияқтымын. Бірақ дәл сол жолдың өзі қашу арқылы табылмайтынын да түйсінгендеймін. Шынымен қашып құтылу мүмкін бе еді, жоқ па оны енді білмеймін. Бірақ, шамасы, мүмкін болған шығар. Маймыл әрқашан қашып кетуге бейім келеді. Қазір мен өзімнің бүгінгі тістеріммен кәдімгі бір жаңғақты шағарда да сақ болуға тиіспін, ал ол кездері тордың құлпын тістелей-тістелей бір күні жұлып тастар едім-ау деп ойлаймын. Бірақ мен мұны істеген жоқпын. Істеген күннің өзінде не ұтар едім? Басымды сыртқа шығарған сәттен-ақ қайта ұстап алар еді. Содан соң бұрынғыдан да қатал жазалап, тіпті қиын бір торға қамалар едім. Яки қашып шықтым делік, бірақ байқамай басқа жануарлардың, мысалы, айдаһарлар мен жыландардың қасына тап болар едім де, солардың аузында жан тапсырар едім. Ал ешкімге байқатпай кеменің үстіне шығып алып, борттан теңізге секірер болсам, онда біраз уақыт толқынның құшағында шайқалып, ақыры суға кетер едім. Яғни, ашығын айтқанда, мұның бәрі – бос әурешілікке айналар еді. Әрине, сол кезде мен мұның бәрін адамша ойлап, есептеп жатқан жоқпын. Бірақ айналамдағы жағдайдың ықпалымен, есептеп тұрғандай әрекет еттім. Шын мәнінде есеп жүргізген жоқпын, тек барынша сабырмен айналамды бақылаумен ғана болдым. Айналамдағы адамдардың ары-бері жүріп-тұрғанын байқап жаттым. Бірдей жүздер, бірдей қимылдар… Көбіне олар маған бір ғана адамдай елестейтін. Бәрі бір-бірінің көшірмесі іспеттес еді. Демек адамдар емін-еркін жүріп-тұра алады екен деп ойладым. Сол кезде санамда бір ұлы мақсат қылаң берді. Маған ешкім де адамдар сияқты болсаң, бұл тордан құтыласың деп уәде берген емес. Ешкім жүзеге асуы мүмкін емес мұндай уәдені бермейді ғой. Бірақ кейде уақыт өте келе әлдебір қалауың жүзеге асқанда, сол қалауыңның уәдесі бұрыннан-ақ бар болғанын, тек оны іздеп таппағаныңды кейін барып түсініп жатасың Дегенмен бұл адамдардың бойында мені ерекше ынтық қылатындай ештеңе жоқ еді. Егер мен әлгі айтылған еркіндіктің жақтаушысы болсам, онда бұл адамдардың көздерінен көмескі түрде ғана қылаң беретін «құтылу жолынан» гөрі, ашық мұхитты таңдаған болар едім. Бірақ бір нәрсені анық білем. Мұндай ойлар санама келмей тұрып-ақ мен әлгі адамдарды бақылауды бастап кеткен едім. Тіпті дәл сол бақылау процесінің уақыт өте келе біртіндеп әдетке айналуы мені әлгі бір «адамдарға еліктеу» бағытына қарай бұрған болатын.
Адамдарға еліктеу мен күткеннен де оңай еді! Түкіруді мен алғашқы күннен-ақ үйреніп алдым. Көп ұзамай бір-біріміздің бетімізге түкіре бастадық. Олармен арамыздағы айырмашылық тек мынада еді. Мен біреу бетіме түкірсе, кейін өз бетімді жалап, түкірік ізін тазалай алатынмын, ал олар ондайды істемейтін. Көп уақыт өтпей-ақ кәмелетке толған адамдай болып, темекі шегуге де кірістім. Әсіресе сахнаға шыққанда бас бармағыммен трубканың аузын басып, тұрған темекінің үстін баспай қойсам болды – бүкіл трюм күлкіге қарық болып, қуанышқа толып кететін. Бірақ бос трубка мен толы трубканың айырмасын ұзақ уақыт түсіне алмай жүрдім. Ал мені ең қатты қинағаны – арақ бөтелкесі болды. Оның иісінен-ақ жаным түршігетін. Өзімді бар күшіммен мәжбүрледім, бірақ сонда да үйренгенше біршама апта өтті. Бір қызығы, менің осы мәселе бойынша өзіммен жүргізген күресімді кемедегі адамдар басқа машықтарымнан әлдеқайда маңыздырақ деп қабылдайтын. Бірақ мен өз естеліктерімде, өз санамда бұл адамдарды бір-бірінен ажырата алмайтынмын. Бәрі бірдей болып көрінетін. Дегенмен олардың арасында бір қызық жан бар-тын. Жалғыз өзі болсын, достарымен бірге болсын, күндіз де, түнде де, кез келген бір уақытта менің жаныма қайта-қайта келіп тұратын. Қолындағы бөтелкесін де ұмытпайтын. Қарсы алдыма отырып алып, маған ақыл айтатын. Ол мені түсіне алмаса да, тіршілігімнің сырын ашқысы келетін. Бөтелкенің тығынын баяу ғана шығарып, менің не болып жатқанын ұғып-ұқпағанымды тексергендей жүзіме қарайтын. Шынымды айтсам, мен оны мазасыз, шыдамсыз күйде қадала қарап, мұқият бақылайтынмын. Жер жүзін түгел аралап шықса да, бірде-бір мұғалім-адам мен сияқты зерек оқушыны таба алмас еді. Тығынды алып тастаған соң, ол бөтелкені көтеріп аузына апаратын. Мен оның қимылын көзбен жұтып қоя жаздап, жұтқыншағына дейін қадағалайтынмын. Ол менің түсінгенімді байқап, ризашылықпен басын изеп, бөтелкені ерніне тигізетін. Ал мен болсам, жағдайды біртіндеп ұға бастаған мастық шаттықпен шыңғырып, қолым жеткен кез келген жерімді рахаттана қасып қоятынмын. Ол бір жұтым ішетін, ал мен оны қайталай алмайтыныма ашуланып, тордың ішінде сабырсыздық пен үмітсіздікке булығып, үсті-басымды былғап алатынмын. Бұл күйім оған тосын қуаныш сыйлайтын. Содан соң ол бөтелкені өзінен сәл алыс ұстап, сәлден кейін ерекше шабытпен аузына қайта апарып, барынша «үйретуші» кейіппен шалқайып тұрып, бөтелкені бір деммен босатып қоятын. Мен болсам, шектен тыс құштарлықтан қалжырап, оны әрі қарай бақылай алмай қалатынмын. Ал ол қарнын сипап, жымиып, теориялық сабағын аяқтағанда, мен тордың теміріне әрең сүйеніп тұратынмын. Шын мәніндегі практикалық сабақ содан кейін ғана басталатын. Теориялық сабақтан кейін шаршап-шалдығушы ма едім? Әрине, қатты шаршайтынмын. Бұл – менің маңдайыма жазылған тағдыр болатын. Бірақ бәрібір бар күшімді жинап, маған қарай созылған бөтелкені ұстап алатынмын. Қолым дірілдеп, тығынын суырып тастаймын. Сол сәттен-ақ ішімде жаңа бір күш пайда болғандай болатын. Бөтелкені көтеріп, әлгі ұстазым құсап аузыма апаратынмын. Сырттай қарағанда, бәрі түпнұсқадан айнымайтын сияқты еді. Бірақ бөтелке бос болса да, ішінде тек иісі ғана қалса да, мен кенет жиіркеніп, оны лақтырып жіберетінмін. Ұстазымның көңілі түсетін, бірақ мен одан да қатты күйзелетінмін. Бөтелкені лақтырып тастаған соң қарнымды сипап, жымиып қоюды ұмытпасам да, бұл оны да, мені де жұбата алмайтын. Сабақтарымыз көбіне осылай өтетін. Бұл ұстазымның міндеті – маған дәл адамдар құсап ішуді үйрету болатын. Шынында да, ол нағыз ұстаз еді. Маған ешқашан ашуланбайтын. Анда-санда ғана денемдегі қолым жететін бір жерге трубкасының шоғын тигізіп қоятын да, әлгі жер бықсып күйе бастағанша күтетін. Бірақ артынан өзі сол үлкен, мейірімді қолдарымен күйген жерді басып, өшіріп жіберетін. Ол маған ешқашан өшіге қарамайтын. Екеуміздің де маймылдық табиғатқа қарсы соғысып жүргенімізді, ал менің күресім оның күресінен де ауыр екенін сезетін. Сөйтіп, бір күні кешкісін, шамасы, бір мереке күні болса керек, мені тамашалау үшін қалың көпшілік жиналған еді. Граммофон ойнап тұр, бір офицер адамдардың арасында әрлі-берлі қимылдап жүр. Дәл сол кеште, ешкім маған назар аудармаған бір сәтте, тордың алдына кездейсоқ қойылған бір бөтелкені қағып алдым. Көрермендердің мейлінше мұқият бақылаған көзқарастарының алдында мен бөтелкенің тығынын шеберлікпен суырып шығардым. Бөтелкені аузыма апардым да, еш кідірмей, жүзімді тыжырайтпай, құдды тумысынан алқаш болған адамдай көзімді төңкеріп, жұтқыншағымнан бүлкілдеген дыбыс шығара отырып, оны шынымен-ақ түбіне дейін ішіп жібердім. Сосын бос бөтелкені бұрынғыдай үмітсіздікпен емес, асқан шеберлікпен лақтырып жібердім. Бұл сәт – ұстазым үшін де, мен үшін де ұлы жеңіс еді. Қарнымды сипауды ұмытып кеттім. Бірақ қолымнан басқа ештеңе келмегендіктен, құдды ішімдегі әлдебір күш итермелегендей, мас адамдай кенет буырқанып, «Һееей!» – деп айқай салдым. Бұл – менің адамша шығарған алғашқы дыбысым еді. Сол айқай арқылы мен адамзат әлеміне адым атқандай болдым. Ал олардың: «Естідің бе, сөйлеп тұр!» – деген дауыстарының жаңғырығы терге малшынған тұтас денемді сүйіп жатқан бір жылы лептей болып сезілді.
Тағы да қайталап айтамын: адамдарға еліктеу маған ешқашан ұнаған емес. Мен тек өзімді құтқарудың бір жолын табу үшін ғана соларға ұқсауға тырыстым. Басқа ешбір себебі жоқ. Оның үстіне, сол күнгі жеңісім маған аса көп пайда әкелген де жоқ. Дауысым бірден жоғалып кетті де, тек бірнеше айдан кейін ғана қайта шықты. Тіпті ішімдік бөтелкесіне деген жиіркенішім бұрынғыдан да күшейе түсті. Бірақ ендігі ұстанатын бағытым анық айқындалған болатын. Гамбургке жеткізіліп, алғашқы жануар үйретушінің қолына тапсырылған соң-ақ, алдымда екі таңдау тұрғанын түсіндім: хайуанат бағы немесе театр сахнасы. Мен бір сәтке де кідірмедім. Ішімнен өзіме былай дедім:
Бар күшіңді сал! Қалай да театр сахнасына жетуге тырыс! Сені құтқаратын жол – сол ғана. Ал хайуанаттар бағы болса, жаңа үлгідегі темір торлы қапас қана болмақ. Ол жерге түстің бе – құрыдың деген сөз. Содан кейін ғана мен шын мәнінде бәрін үйрене бастадым, мырзалар! Аһ, адам тығырыққа тірелгенде бәрін үйренеді ғой! Тығырықтан шығатын жолды табамын дегенде барып үйренеді! Ештеңеге қарамай, бәріне төзу арқылы үйренеді! Өзін-өзі қамшылайды, өз болмысында титтей де қарсылық сезілсе, өз тәнін өзі быт-шыт қылып талқандайды. Уақыт өте келе менің маймылдық табиғатым мені асығыс түрде тәрк ете бастады. Тіпті мұны көрген алғашқы ұстазымның өзі сәл-пәл маймылға айналғандай күй кешіп, көп ұзамай сабақ беруді доғарды да, бір емханаға жатқызылуға мәжбүр болды. Бағыма қарай ол көп ұзамай жазылып, қайта оралды.
Дегенмен, мойындау керек, мен талай ұстазды «ескірттім». Кейде бір уақытта бірнеше ұстазым да болды. Өз қабілетіме деген сенімім артып, жұрт менің жетістіктерімді бақылап, алдымда жарқын болашақ күтіп тұрғаны айқындала бастағанда, тіпті мен өзім арнайы ұстаз жалдай бастадым. Оларды қатарынан бес бөлмеге бөлек-бөлек орналастырдым да, бір бөлмеден шыға сала екіншісіне кіріп, бәрінен кезек-кезек сабақ алатын болдым. Иә, бұл – менің өмірімдегі нағыз ілгерілеу сәті еді! Ғылымның сәулесі ояна бастап, миыма төрт жақтан бірдей құйылып жатқандай болатын. Бқл жағдай мені сол сәтте қуантқанын жоққа шығармаймын. Бірақ шындығын айтсам, мен мұны сол кезде де, қазір де ешқашан асыра бағалаған емеспін. Мен осы уақытқа дейін жер бетінде теңдесі болмаған күш-жігерді жұмсап, бір еуропалық адамның орташа мәдени деңгейіне дейін жеттім. Шын мәнінде бұл, бәлкім, аса қиын нәрсе де емес шығар. Бірақ дәл сол жетістік маған тордан шығуға мүмкіндік берді, осы бір ерекше жолды, яғни адамға тән «шығу жолын» ашуға көмектесті. Неміс тілінде «сытылып кету» деген өте жақсы бір сөз бар. Мен де соны істедім, яғни сытылып шықтым. Еркіндікті таңдай алмайтынымды түсінген сәтте, бұдан басқа жол жоқ екенін бағамдадым.
Қол жеткізген жетістігімді және соның арқасында жеткен мақсатымды да зерделегенде, өзімді кінәлауға да, ерекше мақтануға да себеп таппаймын. Қазір мен қолымды шалбарымның қалтасына салып, үстелімнің үстіндегі шарап бөтелкесіне көз тастап, кейде орындықта жай ғана отыра аламын, кейде тербелмелі креслоға жайғасып, терезеден сыртқа көз тастаймын. Егер біреу келіп қалса, орнымнан тұрып, лайықты түрде қарсы аламын. Менің менеджерім алдыңғы бөлмеде отырады. Қоңырау соғылған бойда жүгіріп келіп, айтатын сөзімді тыңдауға әзір. Кешкісін көбіне сахнаға шығамын. Қазір содан артық табысқа жете алмасым анық.
Жалпылай алғанда, көздеген мақсатыма жеттім. «Бұған бола сонша әуреленудің қажеті бар ма еді?» – деп айтпасын ешкім. Оның үстіне, бұл туралы біреудің пікірін естуге зәру де емеспін. Менің бұл баяндаманы әзірлеудегі басты мақсатым – тек сіздерге кей мәліметтерді жеткізу еді. Жай ғана хабардар еткім келді. Құрметті Академия мүшелері, мен сіздерге де тек бір баяндама ғана жасап тұрмын.
Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ





