Өз заманында әйел теңдігі үшін көп күрескен Америкалық қаламгер Кейт Шопеннің осы бір әңгімесін «мәңгілік бақытты» аңсаған барша әйелдер қауымына арнап, аударып отырмыз. Мақсатымыз – мықты әйелдерге толы қоғам жасау емес, әйелдерді мықты болуға мәжбүрлемейтін қоғам қалыптастыру… Сұлулар күні құтты болсын!
Аудармашыдан
Луиза Мэллард ханымның жүрек ауруы бар болғандықтан, күйеуі туралы қайғылы хабарды естіртуде айрықша сақтық таныту қажет болатын.
Бұл ауыр хабарды оған сіңлісі Жозефина үзік-үзік сөзбен, жартысы бүркемеленген ым арқылы, тұспалдап жеткізді. Күйеуінің досы Ричардс та сол кезде жанында тұрған еді. Теміржолдағы апат жөніндегі хабар газет кеңсесіне жеткен сәтте, «қаза тапқандар» тізімінің басында Брентли Мэллардтың аты тұрғанын көргендердің қатарында Ричардс та бар болатын. Ол бұл хабардың шындығына көз жеткізу үшін екінші жеделхаттың келуін күтті. Содан соң өзінен бұрын әлдеқайда салғырт, сезімсіз біреу барып айтып қоймасын деп, дереу жолға шықты.
Әдетте әйелдер мұндай хабарды естігенде оқиғаның мәнін ұғына алмай, сілейіп, жансыз күйге түсіп, қатып қалатын. Бірақ Мэллард ханым өйткен жоқ. Бірден сіңлісінің құшағына құлап, тағдыр тәлкегіне ұрынған жанның ащы, еркін өксігімен жылай жөнелді. Қайғының алапат толқыны саябырсыған соң, ол жалғыз өзі бөлмесіне көтерілді. Оның соңынан ешкім ермеді.
Ашық тұрған терезенің алдында жайлы, кең бір кресло тұр еді. Ол сол креслоға бүкіл денесін ғана емес, тіпті жанын да билеп алған әлдебір мең-зең шаршаудың салмағымен баяу сіңіп кеткендей болып жайғасты.
Терезеден көктем келген соң тіршілігіне қайта қауышып діріл қаққан ағаштардың ұшар басы көрінетін. Жаңбырдың жағымды лебі ауаға жайылып жатыр. Төменгі көшеде бір көшпелі сатушы даусын соза айқайлап, тауарын жар салып жүрген. Алыстан жеткен әлгі сатушының әндеткен үні мен шатырлардың ернеуінде шырылдаған торғайдың сыңғыры оған әлсіз ғана естіліп тұр.
Батысқа қараған терезесінен бірінің үстіне бірі үйілген бұлттар арасынан анда-санда көгілдір аспан да қылаң беріп қалатын.
Ол креслоның арқалығына басын сүйеп, қимылсыз отыр. Тек арасында ғана, ұйықтағанша жылап, түсінде де өксігі басылмайтын баладай бір күйге түседі. Өйткені тамағына өксік түйіліп, өзін селк еткізіп, ара-тұра бойын шайқап өтетін.
Ол жас еді. Жүзінде бастан кешкен қысымының ізі мен тағдырдың ауыр салмағы қалдырған сызықтар байқалатын. Бірақ жүзі құп-қу әрі сабырлы болатын. Дәл осы сәтте оның көзі алыстағы көгілдір кеңістікке қадалып, жансыздана қалғандай еді. Бұл көзқарас әлдебір көрініске үңілгеннен гөрі, саналы бір ойдың әлі айтылмай, кідіріп тұрғанын аңғартқандай болатын.
Үрейге толы күйде өзіне қарай жақындап келе жатқан бір нәрсені күтті. Ол не еді? Не екенін өзі де білмейтін, тұспалды әрі түсініксіз бір құбылыс. Бірақ оның көктен төмен сырғып, дыбыстармен, иістермен, ауаны толтырған алуан түстермен бірге өзіне таяп келе жатқанын сезді.
Кеудесі дүрсілдеп, демі жиілей бастады. Өзіне иелік етпек болып жақындаған әлгі сезімді танып-біле бастаған сайын, нәзік саусақтарының әлсіздігіндей әлсіз еркімен кері итеріп, қарсы тұруға тырысты. Алайда кенет қарсылығын доғарды. Сәл ғана ашылған еріндерінің арасынан сыбыр секілді болып жалғыз сөз сырғып шықты. Естілер-естілмес үнмен оны қайта-қайта қайталады:
– Азатпын, азатпын, азатпын!
Көзінен әуелі бос, аңыраған бір көзқарас, артынан үрей аралас сезім жылт етті. Бірақ көп ұзамай жанары өткір де жарқын күйінде қайтадан бір нүктеге қадалып қалды. Тамыры қатты соғып, бойындағы қан денесінің әр тұсын жылытып, жеңілдік пен тыныштық сыйлағандай еді.
Өзін билеп алған бұл сезім үрейлі бір ләззат емес пе екен деп көп ойланды. Алайда айқын да асқақ түйсік бұл болмашы ойды елемей өтуге мәжбүрледі. Бірақ бұрын соңды өзіне ешқашан шынайы сүйіспеншілікпен қарап көрмеген, өлім тыныштығына бүрініп қатып қалған бозғылт, суық жүзді сол адамды және өліммен бірлесіп үлгерген нәзік қолын қайта көргенде, тағы да жылайтынын білетін. Сол қасіретті сәттің ар жағынан тек өзіне ғана тиесілі болған жылдар тізбегі қылаң берді. Луиза сол жылдарды қарсы алып жатқандай қолдарын алға созды.
Ендігі жылдарда ешкім болмайды, тек өзі үшін ғана өмір сүретін болады. Ерлер мен әйелдер бір-біріне өз қалауын зорлап таңатын бір қоғамдағы соқыр тәртіпте енді оның еркін билеп-төстейтін өзге бір күшті еріктің болмайтынын аңғарды. Кенеттен келген осы қысқа да сәулелі сәтте ол, мейлі ізгі ниетпен, мейлі жаман ниетпен болсын, әлдекімнің өз қалауын өзге біреуге таңуының өзі-ақ қылмыс екенін ұқты.
Дегенмен ара-тұра күйеуін жақсы көретін. Көбінесе жек көретін. Оның не маңызы бар енді! «Махаббат» деп аталатын шешімі жоқ жұмбақтың, адамның ең қуатты түйсігі саналатын өз «меніне» ие болу құқығының алдында қандай маңызы болуы мүмкін?
– Азатпын! Денем де, жаным да енді азат! – деп сыбырлаудан танбады.
Ал Жозефина сол сәтте жабық есіктің ар жағында тізерлеп отырып, ернін кілт саңылауына таяп, ішке кіргізуін жалынып сұрап жатты.
– Луиза, есікті аш! Өтінемін, ашшы. Науқастанып қаласың ғой. Луиза, не істеп жатырсың? Құдай үшін, есікті аш!
– Кете бер. Мен өзіме зиянымды тигізіп жатқан жоқпын.
Жоқ, ол ашық терезеден өмірдің шипалы лебін жұтып отырған еді.
Қиялдары өзін күтіп тұрған күндердің кеңістігінде еркін самғады. Көктемгі күндер, жазғы күндер және енді өзіне ғана тиесілі болмақ әр алуан басқа да күндер… Ол өмірінің ұзақ болуын тілеп, асығыс іштей дұға қылды. Кеше ғана ұзақ өмір сүру туралы ойлаудың өзінен жүрегі тітіркеніп, қорқып кеткен еді.
Сіңлісінің қайта-қайта жалынғанынан кейін, ақыры орнынан тұрып есікті ашты. Көзінде жеңістің оты бар еді. Өзі аңғармаса да, жеңіс Құдайындай асқақ қадаммен жүріп келе жатты. Сіңлісінің белінен құшақтап, екеуі бірге баспалдақпен төмен түсті. Төменде Ричардс оларды күтіп тұрған.
Сол сәтте біреу есікті кілтпен ашып жатты. Ішке кірген – үсті-басы сапардан шаршағандай алқам-салқам, қолында жол сөмкесі мен қолшатыры бар Брентли Мэллардтың өзі еді. Ол апат орын алған жерден алыс болғандықтан, теміржолдағы қайғылы оқиғадан мүлде бейхабар болатын. Жозефинаның ащы үнде айқайлап жылағаны мен Ричардстың әйелін одан жасырып қалуға тырысқан әрекеті оны аң-таң қылды.
Дәрігерлер келген соң Мэллард ханымның жүрегі ұстап, қайтыс болғанын айтты.
Оны өлтірген – шектен тыс бақыт болатын… Осының барлығы не бәрі бір сағат ішінде орын алған еді…
Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ





