Сіз жүздеген бөлшекке бөлініп барып, шытынаған айнаға қарап көрдіңіз бе? Көрмеген болсаңыз керек, өйткені дәстүрлі түсінікте «сынған айнаға қарауға болмайды»… Өйткені сынған айнаның әр бөлшегінде жүзіңіздің бір бөлігі қалады. Өйткені шытынаған айнаның әр бөлшегі – жүзіңіздің әр бөлшегіндей туыс. Адам баласы шытынаған жүзін көруге шыдай алмағаны үшін шытынаған айнаға үрке қарайды…
Али Ахмад Саид Асбар (Адонис) атты Сириялық ақынның «Бұл – менің атым» (Hâzâ Huve İsmî) деп аталатын өлеңі бар. Сол жерде ақын:
«Оның қос қолында күн өледі ылғи,
Түннің құшағына көмбеймін деп қасарысады келіп.
Сонсоң
Толассыз толқындар арқылы
Теңіз үйретеді оған
Өз ішінен сытылып шығуды…
Өз ішінен тағы да «өзі» болып шығуды…», – дейді.
Файзулла Төлтайдың өлеңдеріндегі «түнге қарағанда көрге ұқсайтын» түн мен «құшағы қабірге айналып кеткенше көз жасымен түн қазып, бәрінің денесін кеудесіне жерлеп жүретін» уақыт та – өз-өзін қанша жерлесе де, үнемі қайта сытылып шығып отырғанын көреміз. Тек сол уақыттың өзі өз ішінен «өзі» болып шыға ма, өзге болып шыға ма? – деген сұрақ туындайды. Сол тұста «барлық Жел бұл желден басқаша болғанымен, ешбірі басқа емес екені анық» деген үкімге келе бере, «күмәнімізді күмәніміздің ішіне қамап, кез-келген уақытта шөккен мезгілсіз түн» құсап Гераклиттің сөзі ойымызға шөге қалады. «Бір өзенге екі рет шомыла алмаймыз» деп сыбырлайды ол. Өйткені өзен де – бұрынғы өзен емес, «мен» де – алдыңғы «мен» емеспін…
Осылайша алдарыңызға ұсынылып отырған өлеңдерде ойлар инерциялық күйде болғанымен өз ішінде мыңдаған бөлікке бөлініп, шытынап барып, жүректің бір тұсына үйіліп, нәдемі (дос, сырлас) нәдімге (күмән) айналған сәтте өз-өзін қайтадан шашып жіберіп, көңілімізді күл талқан еткендей бір әсерге бөлейді.
Шығыс поэзиясы, тасаввуф кеңістігі көбіне мәңгілік, циклдік уақытты сезіндірсе, батыс поэзиясы – сызықтық, тарихи уақыт пен жеке адамның сезімдерін алға шығарады. Бірін – шексіз біртұтастық, екіншісін – шексіз бөлшектену деп қарай аламыз. Ал Файзулла Төлтайдың төмендегі өлеңдерінде жананды (ғашықты) аңсаған жанның ой ішінде сансыз күйге түсіп, бөлшектенгенін көруге болады. Олай болса, шытынаған айнадағы сансыз «мен»-дерден үрікпеуіңізді тілей отырып, шығыс пен батыстың пәлсапалық кеңістігін көңілге көркем құятын төмендегі өлеңдерді алдарыңызға ұсынамыз. Біз үшін әр күн – поэзия күні…
Қарлығаш ҚАБАЙ
Файзулла ТӨЛТАЙ:
БІР БҰЛТЫ КЕМ АСПАННЫҢ АСТЫНДА
«گفت فرما باد را ای جانپناه»
Руми, Мәснауи [1-дәптер, 49-бөлім]
Бір бұлты кем аспанның астында ешқашан бір-бірін сүймеген жаным мен жаһанның
мәңгілік жанталасындай күнұзаққа жарымжан жел еседі, күнұзаққа тынымсыз шуылдаумен болады
алдымнан шыққан барлық жолдарды бір жерге, барлық жерлерді бір жолға бастап. Тек осы жел ғана түсіме
түнеген өлімнен қорқып өңімнен қашып шыққалы бері қасымнан бір елі айрылған емес: көз ұшындағы
жол бітер нүктенің ішінен сәт сайын мыңдаған күн көріп қарашығында орман өртеніп жатса да тоқтаусыз
азынайды да тұрады – құдды бір күллі өлілерді тәрк етіп қашқан топырақ секілді мен де оған қосылып
азынаймын деп жол бойы мың бөлшектенемін. Жол бойы тынысымнан таң жаралғанша үнім де
үнсіздігім де ұмытылып қай бөлшегімнің қай маңда қалғанын ұға алмай аласұрамын – жел болса
сонда да иілмес от сияқтанып өзінде жоқтың бәрін тартып алатын өлімнен қашқан үстіне
қаша түседі, көз жасымен бірге барлық ағзасы ағып кеткен көкірегіне топырақ түйіршіктерін
көміп. Бірақ ол қанша қашса да бұл маңның үздіксіз өзгеріп үнемі баяғыдай қалатынын
білмейді, білмейді және дәл бұлай қашудың өзі де алысқа созылған өлім екенін.
Жел мұнда бейне бір жаңбырдан қашып, соңында топанға тап болған адамдай
бір ғана нүктенің бойында тоқтаусыз көшуге мәжбүр, тоқтаусыз қашуға мәжбүр күннен күнді
түннен түнді ажыратуға қауқары жетпей: мұнда оған ұйқысын сел басқан бөлшектерімнің көз ұшындағы
рияқар рухтарына ұқсап өлімнен өлімге өлім жол көрсетіп тұрғандай. Дәл осы жолда өлім суды аңсап
жүріп сусаған алаудың сөнгені секілді бір сәтке тоқтауға мүмкіндік бермейді – жел болса не одан
қаша алмай, қашса да не оған жете алмай әр адым аттаған сайын үздіксіз өртене береді, өртене
береді ешқашан тұра алмастай болып құлаған жаным мен жаһанды қойнына қысып – бірақ бұл өлімнің
желге жақындығы емес, алыстығы да емес өлімнің: өлім бұл, жақын мен алыс, алыс жақындық,
жақын алыстық. Жел көрген жақындық – қашықтық, алыстық – қашықтық, ал өлім
қашықтықсыз жақын мен алыс, алыс пен жақын. Бірақ бұл желге әлі қонбаған ойлардың
көлеңкелердегі ойыны секілді бұлыңғыр, қарашығына жағылған күйедей
қараңғы, жауырынын күн ойған бір тұтам жол сынды белгісіз.
Жел бірақ сонда да соңынан аршы ерткен көшпелі мазардай тоқтаусыз көшуден
бір сәтке жалыққан емес. Жол бойы азынап жүріп азап шеге алмауының өзі азапқа айналған
мыңдаған мүрдені қойнына орап тоқтаусыз көшеді де тұрады. Ол тіпті әр көшкен сайын үздіксіз өзгеріп
үнемі баяғыдай қалатын өлімнің өзіндей өрекпіп үдей түседі. Үрейлене түседі көз ұшындағы жол
бітер нүктенің ішінен дәл өзі сынды мыңдаған желдің жанұшыра жанталасқандарын көріп – олардың
бірақ барлығы бұл желден басқаша болғанымен, ешбірі басқа емес екені анық. Барлығы бейне бір
бақалқұс секілді күллі өлілерді тәрк еткен жолдардың бойында үздіксіз бір-біріне сағым көлеңкеленеді –
жел болса хәлден хәлге еніп соққан дәл осы желдердің ішінде өзінің қайсысы екенін ажырата
алмай одан әрмен жүйткіп зәресі ұшады, одан әрмен қасіретіне қасірет жүктеп көкжиектенген
күнге өртенеді, атауы уақытқа көмілген бір шөкім бұлт сияқтанып. Ол енді түн қорқып
түс жетектеген жолдарды жұрт ете алмай қашанға дейін кім үшін кімнен қашатынын
білмейді, қашанға дейін кім үшін кімге мың бөлшектенетінін білмейді
көкірегіндегі топырақ үйінділеріне тұншығып жүріп.
ЖЕРҰЙЫҚ
Жылдар бойы теңіз мүжіген ескегімді соңында қырман күрегіне ауыстырып,
құдайға құрбан етілген іздерді тау басында жерлеп жүрген сәттерде
жарым қалған жолдардың рухындай теңізге сіңген күн жақтан қаракөлеңкеленіп желмая
көрінеді, тапжылмай қарап тұрады жолда көз жұмған даланы өзімен бірге ертіп
алып келіп. Оларға ақталар бірде бір сөз таппай күрек ұшындағы жел тиген құмдай боп
шашыла түсемін. Жол бойы кім кімді ертіп жүргені белгісіз іздерімнің көріне
тығыламын, өзге шыраққа пәруана болған сапарымның дәл бұлай аяқталғанына
өкініп. Желмая болса сонда да міз бақпай қаракөлеңкеленіп қарап тұрады,
бұл маңда қалу мен болудың арасындағы соқпақтан.
Қараған сайын қап-қара құрдымға малынған күн сынды өзіне тарта түседі.
Жүр дейтін секілді соңымнан, жол бізді күтіп тұр: жерұйыққа қарай жол алу –
аяқталмайтын сапар, сансыз таңдар мен шексіз түндерді өткеретін сапар,
әр адым аттаған сайын ізіңнен аңыз өрбитін сапар.
Сен үшін ең ұлы бақыт – жерұйық емес, шексіз және үздіксіз жолда оны іздеу екенін біл.
Сен оған жақындаудың ләззаттына бат. Оны ешқашан табуды ойлама.
Жерұйықты табу – жерұйықты табу жайлы қиялыңның күл-талқанын шығады.
Жерұйық жер емес – сапар. Бұл сапар – сенің тағдырың.
Жүр енді жол бізді күтіп тұр.
Көмейіне құм құйып алғандай айналамды айналып мекенсіз жел уілдейді,
желге қосылып мен уілдеймін мазардың басына белгі ғып қадалған күрекке сүйеніп:
көз алдымдағы жансыз іздерімнің кіндігіне байланған жолдарға қарап
құдайға кім кімді құрбан еткенін ажырата алар емеспін. Кімді бұл желмая
сапарға шақырып тұрғанын ұға алмай далмын. Кім үшін бұл дала
теңізге шөккен таулар секілді өркеш-өркеш болып созылып жатыр?
Кімді ертіп күн батып барады қиялымдағы мәңгілік жерұйыққа қарай,
менің өмір бойы іздеген жерұйығыма қарай,
менің жерұйығыма қарай…
ТҮН ТҮНГЕ ҚАРАҒАНДА КӨРГЕ ҰҚСАЙДЫ
Бұл маңда күмәнімді күмәнімнің ішіне қамап кез-келген уақытта
мезгілсіз түн шөгеді, әп-сәтте жоқ болып кетеді жарамның жарықтарынан үңіліп
тұрған белгісіз сәулелер. Солайша, көмейіне күн кептеліп қалған қап-қараңғы
әлемге сәт сайын құлап кете беремін, сәт сайын құлап бара жатып саусақтарымның
ұшына қатып қалған көз жасыммен қарманып қалуға тырысам. Бірақ түн түнге
қарағанда көрге ұқсайды, күннен үгітіліп түскен топырақтарына салып
лақыттың түбіне лақтырып жібереді. Мен сонда өлудің алдында өлімнің
шарасыздығындай одан әрмен жарамның астына жаншыла
түсемін, кірпігім батар деп ешқашан ерінім тимеген көлеңкелерімді
құшағыма қысып. Басы мен соңы жоқ түн болса мені осы көлеңкелерден де
мақрұм қалдырғысы келердей үн-түнсіз тереңдей береді,
тереңдей береді, тереңдей береді, сарқылмас күмәндар ішінде
жіп сынды шырмалған іздерімді бойлап.
Мен бірақ оның төменге құлдилап бара жатқан өзінен емес, үздіксіз
төлденген үнсіздігінен қорқамын, құдды бір құдайға бергісіз өлімімнің жансыз
бөлшектері секілді жан-жағымнан қаумалап сөреленіп тұрады – төбеме тік қойып
серт еткен мазар тастары куә: құшағым қабірге айналып кеткенше көз жасыммен
түн қазып бәрінің денесін кеудеме жерлеп жүремін, бірде біреуін қалдырмай
барлығын арулап көмуге тырысып бағамын, түн мүжіген көлеңкелерімді
денелеріне кебін ғып орап. Аспан көлемдес бетағаш астында
олардың бірақ таусылар түрі жоқ, жерлеген сайын жер тесіп шыққан
қартлақтардай күрмеуі шешілмес іздерімді бойлап қайтадан сөреленіп
тұра қалады, қайтадан көр қаптаған күмәндар секілді жан-жағымнан қаумалап
лақыттың түбіне тұншықтыра түседі – ендігі қанша қаласам да
бұл маңнан шығу мүмкін емес, сөре-сөре үнсіздіктерімен бірге төбемнен
түн құлап кеткендей көр ішіндегі көрге жаншылып жатудан басқа қолымнан
ештеңе келмейді, түн ішіндегі түнге жаншылып жатудан басқа
қолымнан ештеңе келмейді, кез-келген уақытта
көмейімнен күн суырып алардай қорқып.
Бірақ мен бұған да разымын, қашудан қашқан адамдай қап-қараңғы
әлемнің ішінде қарайып жатуға разымын, сәт сайын төбемнен түн құлап түссе де,
лақыттың түбінде тұншығып жатуға разымын, жерленер бірде бір жер таппай кірпігіме
сөреленген үнсіздіктерге көміліп жатуға разымын, түннің қараңғылығына, көрдің
тарлығына бастығырылып жатуға разымын. Тек менің түнге үнсіз ілулі тұрған жалғыз
ғана жансауға өлімімді көр ішіндегі көрден аман сақтап қалсам болғаны, түн ішіндегі
түннен аман сақтап қалсам болғаны түйін-түйін үнсіздіктерге түгесіліп
кетпей. Онсызда оның жіп сынды шырмалған өлу алдындағы шарасыздығы
адам шыдарлық емес, жан шыдарлық емес жараның астында жаншылып
жатқан. Ол әлі білмейді күмәнға көмілген күмәндай бұл маңнан ендігі
шыға алмайтынымызды, ендігі күн торлап түн тереңдеген сайын көрге үнсіз
жұтылған үстіне жұтыла беретінімізді білмейді. Ол мұнда ешқашан беттесіп
көрмеген өлуден қалай қашарын білмейді. Мен екенімді білмейді
көмейіне кептеліп тұрған шарасыздығының. Ол әлі өзінің
өлім екенін білмейді. Ол мұнда ештеңе білмейді,
білмейді, білмейді, білмейді.
СЕН ҚАЙДАСЫҢ, БАР ДЕРТІМНІҢ ИСАСЫ?!
«آن عیسی هر درد کو؟»
Хақани Ширвани [200-қасида, 15-бәйіт]
Сен қайдасың, бар дертімнің Исасы?!
Өз көкжиегіне қамалған күн сынды шарасыздығымның
ішінен сені іздей-іздей амалым таусылды. Сен жайлы сағым
қуалаған қиялдарым да түн аңсап көшкен түстей боп
түгесілуге айналды. Жалғыз-ақ жол бұлаңдатып көкжиектенген
көбелеңкелер ғана алыстан сен кейіптенеді, сүреңсіз шыр айналады да
тұрады шармыққа керілген жанымның жансауғасына ұқсап. Жаһаннан жар
тілегенсіп жансырап жатса да мен енді олардың сен емес екенін білем,
үмітсіреген жол да емес екенін білем заннға ерген зарымды жұбата
алатын. Олар бұл шарасыздығымның ішіне шашылып түскен
шақтардың сені әлі бар еткісі келетін мүмкін әлемдері,
сені әлі жар еткісі келетін мүмкін нәдемдері
құдды бір қойнына пұт жасырған дәруіштердей
көрмеу мен көнбеудің көкжиегіне
бастығырылып қалған.
Сен қайдасың, бар дертімнің Исасы?!
Мен енді қазір де табтан таһқа құлаған адамдай
қай шақтың қай әлемі тап болғанымды ұға алар емеспін,
қай қадамымнан жамырай ұшқан жанансыз әлемнің қайсысында
жан аңсап тұрғанымды біле алмай далмын. Бейне бір бәріне
бір уақта бірдей боп шашылып түскендей жан-жақтан жапатармағай
шырылдай беремін, шуылдай беремін бейуақта белгісіз заннға еріп затқа
енген бірде бір әлемнен шығар жол таппай. Мұндағы жолдардың барлығы
құдды бір таң алды жорылмай қалған түстердей біржола жоққа еніп кеткенге
ұқсайды, таһта өліп кеткенге ұқсайды табтай боп жайылған шақтардың
қойнында қираған пұт сияқтанып. Мен бірақ сонда да не бітпейтін
не ешқайда жалғаспайтын жолдардың өзіндей бәрінің
ішінде амалсыз болуға мәжбүрмін, амалсыз бәрінің ішінде
бәрімен қалуға мәжбүрмін нәдемі нәдімге айналған
жанан мен жарамды ажырата алмай.
Сен қайдасың, бар дертімнің Исасы?!
Ендігі шақтардан шақтарға шашылған мың мүмкін
әлемнің ішінде сені іздеу сені табу емес өзімді жоғалтпаудың
ең соңғы амалы секілді, ең соңғы шапағы секілді өз-өзін өзіне өзімен
тұсаулап тастаған жарымжан күннің. Бірақ мен мұндағы күн түспес әлемнің
ішінде қай меннің қан жұтып тұрғанын білмеймін, қай менді қайсы шақ қайсы бір
әлемнің қойнында шармыққа шегелеп жатқанын ұқпаймын, тіпті бұл шашылған әлемнің
қайсысында түн аңсап көшкен түстей боп қай сенді іздеп жүргенімді ажырата
алар емеспін, қай меннің жол бұлаңдатып тұрған нәдемсіз қиялдарында
қандай сен бар екенін де түйсіне алмаймын. Тек қана барлығы
барлығының ішіне шағылып түскендей тоқтаусыз сені іздеп сенсірей
береді, тоқтаусыз жар аңсап жансырай береді көрмеу мен
көнбеудің көкжиегінде көбелеңкеленіп.
Сен қайдасың, бар дертімнің Исасы?!
Қысқаша сөздік:
«آن عیسی هر درد کو؟» – қаз. « Барлық дертке дауа болған, сол Иса қайда?»
«گفت فرما باد را ای جانپناه» – қаз. «Желге әмір ет, жанымның жансауғасы»
Занн «ظن» (zann) -қаз. күмән, күдік, сенімге жақын ой
Қартлақ – түрік халықтарының наным-сенімдері бойынша өлгеннен кейін қабірінен шығып тірі адамдарды қорқытатын яки оларға зиян жеткізетін өлі мақұлық.
Нәдем«نَدِيم» (nadim) –қаз. Өмірлік дос, сырлас, мәжіліс серігі
Нәдім/надым «نَادِم» (nâdim) – қаз. өкінген адам
Таб تاب (tab) – қаз. 1. төзім 2. Шуақ 3. Жалын
Таһ «ته» (täh) – қаз. бір нәрсенің түбі, ең соңғы нүктесі, шегі
Шүрида «شوریده» – қаз. ғашық, ақылды тәрк ету, экстазға берілу





