Үміт Неджжари: «Жапырақ түсті, жаңбыр үнді адамдар жайлы хикая»

   Үміт Неджжари 1989 жылы 15 сәуірде Иранның Тебриз қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін Тебриз қаласында алған. 2009-2013 жылдар аралығында Ислам азад университетінің Тебриз филиалында Электроника факультетінде оқыған. 2016-2020 жылдары Баку Евразия Университетінің Филология факультетінде «Әзербайжан тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алған. Неджжаридің өлеңдері 30-дан астам шетел тілдеріне аударылып, түрлі елдерде басылып шықты. Ол Еуропаның халықаралық IWA BOGDANI жазушылар ассоциациясының вице-президенті, Халықаралық Михаил Эминеску академиясының құрметті мүшесі және Әлемдік жас түркі жазушылар одағының басқарма мүшесі.

   Неджжаридің тосын бұрылысқа толы, еркіндік пен бейбітшілік аңсаған өлеңдер топтамасын қазақ тілді оқырманмен қауыштыру мақсатында алдарыңызға ұсынып отырмыз. Наджи ел-Алише айтатын болсақ, "Тебриз" еркіндігіне қауышқанға дейін Ханзала әлемге жүзін көрсетпейді... Ал оған дейін өлең оқыңыз...

Аудармашыдан

 

Ағаштармен рулас адамдар жайлы хикая


Жапырақ түсті,
Жаңбыр үнді адамдар бар...
Жақыныңда емес олар,
Көздерін алыстан таны...
Кеше келмеді,
Бүгін болмады,
Ертең, ертең...
Ертеңдерден келеді сол адамдар...

 

Бір ыстақан суда бір тамшы толқын

Бір ыстақандағы бір жұтым су –
бөлмеміздегі үнсіздікке оранып тұрған

        теңіздің толқыны...

 

Сөгет ағашының бұтақтары –
Ләйліні көрген сайын желге құшақ жаятын

        Мәжнүннің шашы...

 

Қолына бір тал гүл ұстап,
Кешкісін көшеден өткен мас жігіт
Сүйікті әнін ысқырып айтады ылғи...

 

Ұшып кеткен құстан қалған жалғыз қауырсын,
Көк аспанды қорғап тұр...

 

Мен сенен қалған бір жапырақ бұлтпын,
Сені мәңгі қорғап,
Сен боп жауамын жерге...

 

***

Көздерің – алдыңғы шептегі жау әскері.

Назары түскен жанарым тұтқындалып

Кері қайтпайды ешқашан...

Үніңдегі миналар кеудеге жара салып,

Қаншама жүректі бөлшектеп үлгерген...

Ал қолың...

Қолың құдды бейбітшілік секілді,

Барлық атысты тоқтатып,

Барлық тұтқынды кері қайтаратын ол...

 

 

Бейбітшілік жалауы

 

Жел көлеңкемізден есіп өтіп,

Саусағымыздың ұшынан аттанады көбелектер.

Жапырақтар бара-бара сарғайып,

Ағаштар қурайды..

Себебі

күз – біздің қарсы көршіміз...

 

Бір жаңбыр маусымында жазғам..:

Сөздерді бөтенсіген кезде

Бәріміз бірер Сизифке айналамыз,

немесе

Ницшенің Зәрдүшіндегі

өлген құдайларға....

Жақындаған сайын ұлғаяды

қараңғы көшелердегі бағаналы жарықтар..

Алауға айналады жаққан шамдарың...

 

Бір жерге жазып қой:

Сенің жазбаларың арқылы әлемдегі ең жалған өлеңдер

ақиқатқа айналады..

Бір күні күн сенің алақаныңнан шығарына сенгендіктен

Әр түн сайын таңның терезесін ашық қалдырамын мен...

 

Білгейсің!

Сенің дауыс ноталарыңнан қаланың әсем көшелеріне

жаңбырлы ауа райының көңіл-күйі орнайтын болады әлі..

Атыңды еске алса, кемелердің ысқырығына оянады шағалалардың түсі..

Сен көз жанарыңмен барлық әскерлерге

Аспанға оқ жаудыруға болмайтынын айтасың.

Өйткені ақ бұлттар – көкжүзінің татулық байрағы іспеттес.

Сарбаздар мен саясатшылар қайдан білсін?

Соғыс алаңында жалаңаяқ қыдырған баланың

Алладан бұрын анасының атын аузына алатынын...

және айтқайсың оларға

бұл өлеңде айтылмай қалған сөздер

жүрегімді әлі жұлмалап жатқанын...

 

Бір жаңбыр маусымында

осы өлеңді жазып отырмын..

Бізден сізге дейін жалғыз сөздік шақырымдай жол қалды...

Біз өмір сүріп жатқан осы әлемде

Сусыздық емес, сөзсіздік өлтіреді адамды...

 

Екі аяқты тор

 

Есік-терезелерін жауып, демалған бір қаланың әңгімесін

жел жазып отырды.

Жазып отырды ғой «сағыныш — адамның көлеңкесі» деп.

Бірге туып, бірге өледі сағынышы адаммен...

 

Уақыт – үнсіздігін жамылған әйел секілді...

Бізге естелік тоқумен айналысады үнемі...

 

...Үнемі

диірменші іспеттес уақыт

күн өткен сайын шашымызға ұн сеуіп келеді...

 

Екі аяқты торлар

ұшуды әлдеқашан ұмытқан құстарды тасиды ішінде...

 

Бәрінің тым алыста қалған

таныс та бейтаныс бір досы бар...

Сағынса шерін соған айтады...

Жалықса соған жазады бәрін...

 

Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ