Ымырттағы қараңғылық қоюланып, әдепкі жұмыс уақытын аяқтаған фабрика қызметкерлері үздіксіз сабылысып, сыртқа ағылып жатыр. Құжынасқан қалың топ өзара қол алысып, жамырап үйді-үйлеріне тарқай бастады. Қалаға қарай тартылған тас жолдың бойында манағы қызметкерлердің бағыттас бір бөлігі кетіп барады. Әзіл-қалжыңдары жарасып, арқа-жарқа болысып тас жолдың төңірегін думанға бөлеп барады. Әсіресе,жас қыздардың әлдебір айтылған тосын сөзге таң-тамаша болып, сыңғыр етер күміс күлкісінен - тыныштыққа бөккен меңіреу мезгіл селт ете қалатындай...  

       Осы бір топтан оңаша, ойын-күлкіден оқ бойы оқшау қалып, соңдарынан ерген болыпбір жігіт ағасы да баяу басып ілбіп келеді. Иә, ол да алдындағы топтағылармен тең құқылы қызыметкер. Қайратсыз, қауқарсыздерліктей қартаң адам емес, тек, сылтып басуға ғана мәжбүр аяғының осы бір кінәраты, оны еш топқа ілестіре алмады. Ол адымын жазамын дегенше, әріптестері бұдан едәуір алыстап үлгереді. Көз ұшынан ұзай бастаған көңілді топтың қуанышты үндеріәлсін-әлсін естіледі бұған... Жігіт ағасы олардың сондай бақытты күйін көре тұра,өзін елеусіз сезініп, мүгедек хәліне кейіген де жоқ. Және ешқандай қызғаныш сезімінеде бой алдырған жоқ... Жарымжандығы, жалқы басын кезген қисапсыз ойларына тұтқын қылып, және осы бір жалғыздық әлемінің жаршысына айналдырғалы қашаноны...

       Баяғысынша баяу ырғатылып, ақсаңдайбасып жүріп келеді. Кешкі салқын сезіліп, төңірек тұманытып тұр. Қараңғылық қанатын кеңінен жайып, егістік алқаптарынан биіктеп кетіпті. Жетіліп, пісуі қанған өнімнің тәтті иісі мұрын жарады. Жігіт ағасы бұл жерге еріксіз аялдады. Әріптестері әлдеқашан алыстап, құлақ кескендей тыныштық орнаған. Шегірткелердің інжулі шырылы ғана тіршілік хабаршысындай. Одан өзге бөтен үн, жат дыбыс естілмейді. Табиғат өз құдіретін өзі енді ғана сезінгендей, оның көкірегіндегі ой-қиялмен сөзсіз, тілсізастасты.        

         Осы сәттің әуезін кенет бөгде бір дауыс бұзды. Әлдекімнің өксігенін естіген сынды ма, қалай ? Жігіт ағасы мұны қалт жібергісі келмеді, мұқият құлақ түрді. Айнала мүлгіген үнсіздік құшағынада. Асқан сақтықпен, дыбыс шыққан жаққа үңіле түсті. Сонда барып байқады, көшенің келесі бетіндегі темір жолдың үстінде адам сұлбасындағы біреудің отырғанын, жәнеағыл-тегіл жылап отырғанын да шырамытты.Бастапқыда өзінің немқұрайлылығына басып, жанынан өтіп кете бермек еді. Осы ойға бекініп, оқтала бергенінде ғана күл-парша болып, бода-бодасы шыққан қызды тани кетті.

       Өзімен бір фабрикада жұмыс істейтін қыз ғой. Барлығының оны «Ұсқынсыз Джулия» деп атайтыны да есіне түсті. Бұл атау сонааау балалығынан бері өзіне де әбден таныс. Қыздың тұрқына зер сала ұзақ қарады сосын... Жүзінде ашудан толық арыла қоймаған алабөтен бір дөрекілік табы бар, бет терісі секпілденген әрі кіршеңдеу. Қараған адамға расымен жеркеніш тудыратындай. Дене бітімі де келіссіз, жүйесіз сызылған құрылыс жобасының нәтижесіндей әсер қалдырады екен. Буын-буыны әлі қатып үлгермеген жас сәбидің буындарындай былбыр, арық, осының бәрін көтеріп тұрған бөксесі де келісті емес-ақ!Тек қана көздері, өзінің осындай кеспірсіз кескініне деген жан дүниесінің шарасыздығын, кінәсіздігін айғақтап тұратындай. Сұрықсыз пішініне қадалған сырт көздердің сұғынан, тұңғиық жанарының отты нұрымен қорғанатын секілді, бейбақ...

       Адам баласы да осыншалық жігері құм болып, тасада қалып қайғырады екен-ау!Көзтаныстығының өтеуі есебінде санады ма екен, бей-жай өтіп кете алмады. Қыздың жанына барып жұбатқысы келгендей әуелі қолын иығына қойды.

     Бүйірінен түрткендей селк етті.

     «Жайыма қалдыр мені!»

      Нақты кімге айтқанын бажайлаған да жоқ. Бажайлауға құлқы да жоғын білдірді. Өз дерті өзінде. Басын көтергенде барып таныды оны... Иә, бұл адамды өте жақсы біледі. Жақсы білетін себебі, фабрикадағы жұмысшылар ішінде өзін кемсітпеген біреу болса, ол осы адам еді.

     «Жайыма қалдыршы мені, өзімді өзіме қалдыршы...»

     Бұл сөзге де ешқандай жауап қатпастан қасына отырды жігіт ағасы... Жан арпалысының толқуы сәл бәсеңдеп, саябырсудың орнына керісінше, өксігі жиілеп, ышқынысы күшейе түсті. Булығып жылай берді. Сол сәтте жігіт ағасының ауызынан алғашқы сөз шықты. Жұмсақ дауысымен, жұбату сарынында:

      «Жылаумен ештеңе өзгерте алмайсың, Джулия. Саған тағы не істеді олар?»

       Арада орнаған ауыр үнсіздіктің тұманы сейіле бастағандай болды. Ашуы тарқамаған, тарғылданған қоңыр дауысымен болған жағдайды баяндауға көшті:

      «Олардың жексенбі күнгі ұжымдық демалыс жоспарын талқылап тұрғанын құлағым шалып қалды. Ауылдық жерлерге барайық, қырға шығайық деп жарыса қостап жатыр екен бірін-бірі...  Нақты кімдер келеді дегендерін естуім сол екен, ақымақ басым, мен деп айқай салыппын. Әдетінше бәрі қарқылға басып, күнделікті кемсітпе келемеждерін қайталап кетіп барады. Маған не болғанын білмеймін, сол сәт шыдамым шегіне жетті, кеудемде кептеліп тұрған оларға қатысты бар шындығымды лақ еткіздім. Өздерінің қандай жексұрын екендіктерін іркілмей айтып салдым. Сол кезде... сол кезде... жапа-тармағай келіп мені соққының астына алды.»

      Ары қарай жыламауға дәті жібермеді. Бұл жолы жігіт ағасы онымен бірге қайғырды. Қайтсе де оны осы бір қасірет қамытынан босатуы керектігін сезінді. Манағы орнаған тыныштықты қайтару үшін оған өз өмірінің азапты сәттерінен сыр айтпаққа да бекінді.

     «Қарашы маған, Джулия. Барлық жағдайға тек байсалдылық танытып, байыппен қабылдай беруге болмайды ғой... Ертеңгі таң атысымен сен ол жерге жалғыз бара аласың. Ешкімсіз... Бір өзің ғана! Демалыс уақытында төрт қабырғаға қамалғысы келмейтін басқа адамдар да жетерлік. Бір өзі баруға батылы жетпейтіндер де бар, өйткені олардың аяқтары фабрика мен үй аралық кеңістікті бұза алмайды. Олардың өмірі өте ауыр, өйткені әрбір жарым көңіл адам үшін олардың жаны соншалық іш пыстырарлық-ты. Сондықтан да олар әрдайым жалғыз. Бұл сен үшін қайғыруға тұрарлық дүние емес.»

       Қыз тағы да екпіндей сөйледі. Қасіретін жеңілдетудің орнына, еселей түсті... Иә, өзінің ішкі азабын осылай арттырғанды сүйетін де еді.

       «Мені түңілтетін тек бұл жағдай ғана ма еді... Қазіргі күйіме олардың тіпті де қатысы шамалы. Олардың әрекеті әуелден бергі заңдылық та шығар. Басқаларды былай қойғанда, мен кейде өзімнен өзім шошынамын. Менің түйсігім түсіндіріп бере алмайтын бір ғана мәселе бар. Неліктен мұншалық кеспірсізбін? Менің құзырымда емес. Бірақ жазмышымның бұйрығына сәйкес мен бұл ауыртпалыққа төзуге тиіс екенмін. Көптеген құрдастарымның күлкісі мен мазағына көнуден қашып, ешбір баламен ойыным да жараспапты... Мен олардан қатты қорықтым, және қатты қызғандым олардың артықшылықтарын... »

        Бұл сәтте жанындағы жігіт ағасының жай-күйі мүлде басқаша-тын. Айтылған жағдаяттарға ол онсыз да қанық еді. Қыздың не сезінгенін, не кешкенін естудің қажеті шамалы сияқты. Өз ішіндегі жасырынған қорқынышты құпияларының қатпарлы қойнауына сүңігіп кеткен. Барлық құбылыстан бейтарап, беймағұлым хәлін санадан тыс өлімге жорып еді. Ту басында бұл жерге не үшін келгендігін де ұмытқандай... Болымсыз бір дүниеге бола боздап отырған қызды жұбату үшін бұрылған.  Бақса, жұбатушы мұның өзіне  керек сияқты.

       «Бір кездері тек өз қатарластарына қосылып ойнауды ғана тілек тұтқан, бірақ сол күйінше ойнай алмай кеткен бір бала болды. Өзге балалар құсап қара терге түсіп жүгіріп, секіріп, жарысып ойнауға тырысатын, алайда әрдайым соңында қала беретін. Оның зор қиналысқа толы қадамына басқалары күлетін. Дәрменсіздігіне қарап мазақтайтын. Сол баланың басынан өткерген тағдыр мехнаты мың есе ауыр... Ең құрығанда сенің сап-сау аяқтарың бар, жер жүзінде еркін кезесің...»

       Қыздың жан әлеміндегі наразылық шеруіодан сайын күшейе түскендей. Әдеттегідей, өміріндегі барлық ауыртпалықтың салмағын, денесінің әрбір жасушасымен сезінді.

      «Ел-жұрттың назарынан ескерусіз, осындай енжар да елеусіз ғұмыр кешкен екі аяқтылардың ішінде бір мен шығармын...  Ана мейірімін айтпай-ақ қойдым, айналамдағы тірі пенде атаулының ауызынанжүрек жылытар бірде-бір сөз естімегенмін. Басқа қыздардай сүйіктіммен уақыт өткізіп, тән рахатын сезінбеген осы бір бітіп бермес өмірдің еш өзгеріссіз жалғаса беретінін білемін. Ең қинайтыны да осы...»

       Қазіргі сәтке дейін өзге түгіл өздеріне мойындамаған шындықтарын таныған едібұл екеуі... Бұрын соңды сыз бермей, болмыстарында бұғып жатқан әлдебір батыл қасиеттері бейуақта бас көтерді. Бүкпесіз ақтарылды. Бірін-бірі мүлде білмегендей де, танымағандай... Бірінің көкірегіжаңғырыққан ащы айқай болса, екіншісі – қар басқан қиырсыз кеңістік... Жігіт ағасы бүгінге дейін ешкіммен көңіл жарастырып, көрпе астында бірге түнемегенін, сылтыма аяғынан ыңғайсызданып еш қызға жақындай алмағынын, тиісінше қыздардың да бұдан аулақ жүруге тырысқандығын жайып салды. Тән саудасы қызып тұрған аудандарды жағалағанын да, тапқан таянғанын жезөкшелерге таратқанын, әрі осылай өткерген әрбір күні оны қарапайым тіршіліктен алыстатқандығын да айтты. Бұл екеуі шынымен де қасіреттес еді.

       Әлдебіреулердің келе жатқанын естіп, бұлар да тынышталып қалған. Бір топ адам жақындап келеді, нобайы нақтыланбайды. Жандарынан өте бере жігіт ағасы қызға иіліңкереп, аса бір сыпайы үнмен:

      «Кел!» деді.

      Қыз еш қымсынбады. Қараңғылық тау қойнауларын түгел қымтап, түннің билігі толықтай орнаған уақ еді. Қарауытқан шақта қыздың бейнесі де анық көрінбейді жігітке, қыз болса өзінің барлық азап-мұңын жеңілдеткен, өз ішіндегі жоғалған жасырын сезімнің жетегінде келеді. Және жігітпен қосылып баяу, бірдей адымдап жүріп келеді... Бой-бітімдеріндегі кемшілікке көз жұмдырған іштей ұғысымның көрсоқыр сезімі, екеуін де шексіз бақытқа бөледі.

     Осы бір рухани ұғысымның мәні жүрген  сайын иірімденіп, тұңғиығына тартып барады екеуін де... Бойларын билеген желікті сезімнің ұсынған жолын әрі ұзартып, әрі қисынсыз күрделендіріп бара жатқандай-ақсезінді іштей...

      Кенет қыз жігіт қолдарының жап-жас, нәзік бөксесіне қарай бойлап бара жатқанын сезді...

     

Аударған: Дәулет ТЕЛМАН