Агнодика (б.з.д. IV ғасыр) – Афинада қызмет еткен дәрігер әрі гинеколог. Аңыз бойынша, әйелдерге медицинамен айналысуға тыйым салынғандықтан, ол ер адамша киініп жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Емили дю Шатле (Émilie du Châtelet, 1706–1749)
Дю Шатленің ғылымға қосқан ең ірі үлесі – Isaac Newton еңбегі «Philosophiæ Naturalis Principia Mathematica» шығармасының француз тіліндегі аудармасы. Бұл еңбек бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Қырық үш жасында жас офицерге ғашық болып, жүкті болған Шатле босану кезіндегі асқынулар салдарынан қайтыс болды.
Мария Гаэтана Аньези (1718–1799)
Мария Аньези әйел автор жазған алғашқы математика оқулығын жарыққа шығарды. Қазіргі күнге дейін сақталған бұл еңбек математикалық талдау (калькулюс) саласындағы тұңғыш іргелі жұмыстардың бірі саналады. Профессор атағына ие болғанымен, ресми түрде қызмет атқаруға мүмкіндік берілмеген.
Каролина Гершель (1750–1848)
Неміс астрономы. Аспан денелерін жіктеу мен есептеу саласында еңбек етті, жаңа кометалар ашты, жұлдыздарды жүйелеумен айналысты. Ағасымен бірге Англияға қоныс аударған соң, ғылыми еңбектері үшін жалақы алған алғашқы әйел атанды. 1828 жылы Royal Astronomical Society тарапынан марапатталған алғашқы әйел болды.
Мэри Сомервилл (1780–1872)
Ағылшын ғалымы. Магнетизмнің әсері туралы зерттеу жариялап, ғылыми-көпшілік кітаптарымен танылды. Алғашқы еңбегі «Аспан механизмі» Ньютон ілімін түсіндіруге арналды. География, физика және молекула ғылымы жөнінде де еңбектер жазды. 1835 жылы Каролина Гершельмен бірге Корольдік астрономиялық қоғамға сайланған алғашқы әйелдердің бірі болды.
Мэри Эннинг (1799–1847)
Ағылшын палеонтологы. Англияның оңтүстік-батыс жағалауында (Лайм-Реджис маңында) қазба қалдықтарын жинап, көптеген маңызды олжаны ғылымның қазынасына қосты. Оның еңбектері геологтар тарапынан кеңінен пайдаланылғанымен, әйел болғандықтан XIX ғасырдың ғылыми қауымдастығында толық мойындалмады.
Ада Лавлейс (1815–1852)
Лавлейс – ағылшын математигі, лорд Байронның қызы. Алғашқы компьютерлік алгоритмдердің бірін жасап, Charles Babbage жобалаған аналитикалық машинаға қатысты зерттеулер жүргізді. Лавлейс компьютерлердің тек есептеу құралы ғана емес, кең ауқымды мүмкіндіктерге ие болатынын болжады.
Мария Митчелл (1818–1889)
1847 жылы телескоп арқылы комета ашты. Америка астрономиясының алдыңғы қатарында болды. Дания королінен медаль алып, American Academy of Arts and Sciences мүшелігіне қабылданған алғашқы әйел атанды. АҚШ-тағы алғашқы астрономия профессоры атанған әйел.
Элизабет Блэквелл (1821–1910)
Англияда туған. Америкада медицина дипломын алған алғашқы әйел әрі Ұлыбритания медициналық тіркеліміне енген тұңғыш әйел дәрігер. Әйелдердің дәрігер ретінде мойындалуына жол ашты.
Элизабет Гарретт Андерсон (1836–1917)
Әйел дәрігерлер қозғалысының көшбасшысы. Англияда тіркелген алғашқы әйел дәрігер атанды және әйелдерге арналған медициналық оқу орнының ашылуына ықпал етті.
Мария Склодовская-Кюри (1867–1934)
Поляк физигі әрі химигі. Радиоактивтілікті зерттеп, оның медицинада қолданылуына жол ашты. Физика мен химия салаларында Нобель сыйлығын алған алғашқы әрі бірегей әйел.
Лизе Мейтнер (1878–1968)
Радиоактивтілік пен ядролық физика саласында еңбек етті. 1939 жылы Otto Hahn екеуі уранның ядролық бөлінуін дәлелдеп, бұл құбылыстың орасан зор энергия бөлуге қабілетті екенін болжады. Бұл жаңалық атом электр станциялары мен ядролық қарудың негізіне айналды. Нацистік қуғын-сүргін салдарынан Швецияға қоныс аударды.
Ирен Жолио-Кюри (1897–1956)
Пьер Кюри мен Мария Кюридің қызы. Жасанды радиоактивтілікті ашып, 1935 жылы химия саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленді. 1956 жылы лейкемиядан қайтыс болды.
Барбара Мак-Клинток (1902–1992)
Америкалық ботаник. Жүгері хромосомаларының генетикалық құрылымын зерттеп, «секірмелі гендерді» (транспозондарды) ашты. 1983 жылы медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алды.
Грейс Хоппер (1906–1992)
Америкалық компьютер ғалымы. Алғашқы компиляторды жасап, бағдарламалау тілдерінің дамуына ықпал етті. Оның еңбегі COBOL тілінің жасалуына негіз болды. АҚШ Әскери-теңіз күштерінде адмирал шеніне дейін көтерілді.
Рэйчел Карсон (1907–1964)
Теңіз биологы әрі жазушы. Silent Spring атты еңбегінде реттелмеген пестицид қолданудың зиянын көрсетіп, заманауи экологиялық қозғалыстың қалыптасуына ықпал етті.
Вирджиния Апгар (1909–1974)
Акушерия және анестезиология саласындағы дәрігер. Жаңа туған сәбилердің жағдайын бағалауға арналған Апгар шкаласын енгізді.
Дороти Ходжкин (1910–1994)
Пенициллин мен инсулиннің құрылымын анықтағаны үшін Нобель сыйлығын алды. Сонымен қатар бейбітшілік пен ядролық қарусыздану қозғалысына белсенді қатысты.
Чжэнь-Сюн У (1912–1997)
Қытай текті америкалық физик. Манхэттен жобасына қатысып, ядролық физика саласына елеулі үлес қосты. 1978 жылы Физика саласындағы Вольф сыйлығын алды
Гертруда Белл Элайон (1918–1999)
Америкалық биохимик әрі фармаколог. СПИД-ке қарсы AZT препараты секілді маңызды дәрілердің жасалуына үлес қосты. 1988 жылы медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленді.
Розалинд Франклин (1920–1958)
ДНҚ мен РНҚ құрылымын анықтауда шешуші рөл атқарды. Оның зерттеулері ДНҚ-ның қос шиыршықты құрылымының ашылуына негіз болды.
Джоселин Белл Бернелл (1943– )
Солтүстік ирландиялық астрофизик. 1967 жылы алғашқы радиопульсарларды ашты. 1974 жылғы Нобель сыйлығы ғылыми жетекшілеріне берілгенімен, көпшілік оның еңбегі лайықты бағаланбады деп есептейді; алайда ол Нобель комитетінің шешімін құрметтейтінін мәлімдеген.
«Жерасты әдебиеті» редакциясы




