Баршаға сурет салудың қуанышын сыйлаған дәуір аңызы – Боб Росстың есімін білмейтін жан жоқ шығар. Көпшілік оны бір ғана суретті қайта-қайта салып отыратын суретші ретінде елестетеді. Алайда бұл – жаңсақ пікір.
Мыңдаған адамға шабыт берген Боб Росс талай жанның тағдырын өнер арқылы өзгеше арнаға бұруға ықпал етті десек, артық емес. Көпшілік оны бір сюжетті мың мәрте қайталаған деп ойлағанымен, шын мәнінде ол ешқашан дәлме дәл бірдей туынды салған емес. Әр картина – бөлек көңіл күйдің, бөлек сәттің, бөлек шабыттың жемісі.
Боб Росс өзі салған суреттер арқылы адамдарды қиял мен бояу әлеміне жетелеген ғажайып сәттер төмендегі видеода бейнеленген.
Боб Росс 1942 жылғы 29 қазанда АҚШ-тың Дайтона Бич қаласында дүниеге келген. Әкесі Джек Росс – ағаш ұстасы, анасы Олли Росс – даяшы болып жұмыс істеген. Балалық шағын Орландо қаласында өткізді.
Жасөспірім кезінде ол жараланған жануарларға қамқорлық жасап, жылан, аллигатор, тиін секілді түрлі аң-құстарды асыраған. Сол тиіндердің бірі кейін оның телебағдарламасының бірнеше бөлімінде көрсетілді. Оның Джим есімді өгей ағасы болған, ол туралы суретші хабарларында қысқаша ғана атап өтетін. Росс мектептің 9-сыныбынан кейін оқуын тастайды. Әкесімен бірге ағаш ұстасы болып жүргенде сол қолының сұқ саусағының бір бөлігінен айырылған. Алайда бұл жағдай оның кейін сурет салғанда палитра ұстауына кедергі болмады.
Боб сурет өнеріне 18 жасында, АҚШ Әуе күштерінде қызмет етіп жүрген кезінде қызыға бастайды. Америка университеттерінде түрлі курстарға қатысып, кейін өзінің бірегей «дымқылдың үстіндегі дымқыл» әдісін қалыптастырды (ағылш. wet-on-wet).
1981 жылдан бастап ол АҚШ-тың көптеген қалаларын аралап, өз техникасын насихаттап, үйретті. 1982 жылы оның алғашқы телебағдарламасы жарық көрді. Жалпы саны 450-ден астам бағдарлама түсіріліп, олардың таралымы 93,5 миллион данаға жетті. Ол теледидарда 403 рет эфирге шыққан. Бағдарламалары Жапония, Мексика, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Австрия, Ресей, Канада және өзге де елдерде танымал болды. Оның ең белгілі жобасы – The Joy of Painting («Сурет салу қуанышы») атты бағдарлама.
Өмірінің көп бөлігінде темекі шеккен Росс денсаулығына байланысты бірнеше қиындықты бастан өткеріп, ерте өлетінін сезген. Ол 1995 жылғы 4 шілдеде 52 жасында Флорида штатының Орландо қаласында лимфома асқынуынан қайтыс болды. Ұлттық сенімі бойынша денесі өртеліп, күл-қалдықтары Флоридадағы Woodlawn Memorial Park зиратында жерленген. Құлпытасында «Боб Росс – теледидар суретшісі» деген жазу бар.
Росс өз диагнозын көпшілікке жария етпей, тек отбасы мен жақын достарына ғана мәлімдеген. Қайтыс болар алдында ол «Сурет салу қуанышы» бағдарламасының ықтимал 32-маусымына арнап жеті картина дайындап үлгерген.
Қарлығаш Қабай





