Сәрсенбі, 25 Ақпан , 2026
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс
  • Кіру
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Бастапқы Проза

Генрих Теодор Бёлль: «Мұңды жүз»

(Әңгіме)

«Жерасты әдебиеті» редакциясы жазған «Жерасты әдебиеті» редакциясы
21.02.2026
- Кітаптар, Проза
0
Генрих Бёлль: «Мұңды жүз»
54
БӨЛІСТІ
107
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-ге бөлісу

Теңіз шағалаларын тамашалау үшін айлақта үнсіз ғана тұрған едім, мұңданған жүзім осы маңды кезіп жүрген бір полиция қызметкерінің көзіне шалынып қалыпты. Қалықтаған құстарға қатты беріліп кеткен екенмін. Олар қанатын сермеп барып көкке көтеріліп, содан соң қайта сүңгіп, судан жем іздейді. Бірақ бұл әрекеттері әзірге өз жемісін берген емес. Меңіреу айлақтың суы жасыл тартқан, бетіне қалың әрі лас майлы қабық тұнып қалыпты. Қата бастаған судың бетінде түрлі қоқыс қалқып жүр. Көзге түсер кеме жоқ. Крандар тот басқан, қоймалар қираған. Тіпті егеуқұйрықтар да бұл қара қаңқаларға жоламайтын секілді. Айналам тым-тырыс. Бұл аймақтың сыртқы әлеммен байланысы үзіліп қалғанына да талай жыл болған.

Мен шағалалардың біреуіне ерекше назар аударып, оның ұшуын бақылап тұрдым. Ауа райы бұзыларын сезген қарлығаштай үркек күйде ол көбіне судың бетіне жақын қалықтап, тек анда-санда ғана жолын өзгелердің жолымен қиыстыру үшін тәуекелге бел буып, шаңқылдап барып жоғарыға атқақтап көтеріліп жүр. Егер осы сәтте бір тілегім қабыл болатын болса, ең алдымен шағалаларға беретін нан сұрар едім. Нанды үзіп-үзіп лақтырып, бейберекет ұшып жүрген құстарға әр үзігімен жіптен өргендей қылып жол сызып беріп, ұшып барып қайта оралатын нысаналар жасап қояр едім. Жіпке тізілгендей болып нанға кеп қонған құстарды су бетіне тағы бір үзім нан лақтыру арқылы у-шу қылып, сонсоң құдды бір шүйке жіп құсатып қолымды созып, өзіме қарай тартып алғым келер еді. Бірақ мен де дәл осы құстар секілді ашпын. Дәл осы құстар секілді әбден қажығанмын… Соған қарамастан өзімді бақытты сезіндім, өйткені қолымды қалтама салған күйі бір орында тұрып шағалаларды тамашалап, бір жұтым мұңмен қоректеніп өмір сүру – көңілге жағымды үрдіс тұғын.

Бірақ кенет бір ресми киім киген адамның қолы иығыма тигенін сездім. – Менімен жүріңіз! – деді бір дауыс. Әлгі қол иығымнан тартып, мені өзіне қаратпақ болды, бірақ орнымнан қозғалған жоқпын, керісінше қолын қағып жібердім.

– Сіз жындысыз ба? – дедім салқынқандылықпен.

Маған түрін әлі көрсетпеген әлгі адам:

– Жолдас! – деп тіл қатты. – Сөзіңе абай бол!

– Түсінбедім, мырза! – деп жауап бердім мен.

Ол ашуланып:

– Мұнда «мырза» деген жоқ! – деді. – Бәріміз жолдаспыз.

Содан кейін алдымнан көлденеңдеп келіп, мені шолып қарай бастады. Әуеде қалықтап жүрген бақытты көзқарасымды бос кеңістіктен жұлып алып, еріксіз оның байсалды көздеріне қададым. Ол жылдар бойы жұмысқа жегілген өгіздей тым салмақты еді.

– Себебі… – деп бастай беріп едім, – Себеп жеткілікті, – деп жауап берді ол. – Ең үлкен себеп – мұңды жүзіңіз! – деп қосты тағы. Мен күлдім.

– Күлмеңіз! – деді ол. Түрі тым салмақты көрінгендіктен қалжыңдап тұрмағанын түсіне қойдым. Әуелі құжаты жоқ бір жезөкшені, теңселіп келе жатқан бір матросты, бір ұрыны не бір қашқынды ұстай алмағандықтан көңілі түсіп жүрген шығар деп ойлағанмын. Бірақ енді оның шынымен де мені тұтқындау үшін келгенін түсіндім.

– Менімен бірге жүріңіз! – деді тағы.

– Ал не үшін сонда? – деп сабырлы үнмен тіл қаттым.

Көзді ашып-жұмғанша сол білегіме жұп-жұқа кісенді кигізе қойғанын көрдім. Сол сәтте-ақ жағдайымның тағы да мүшкіл болып бара жатқанын аңғардым. Соңғы рет аспанда қалықтаған шағалаларға көз тастап, сұлу сұрғылт аспанға қарадым да, кенеттен артқа бұрылып, суға секірмек болдым. Бір жертөледе полицейлердің қолынан тұншығып өлгеннен немесе тар қапасқа қамалғаннан гөрі, маған мына лас судың ішінде о дүниеге аттану әлдеқайда жөн көрінді. Бірақ әлгі полиция сақшысы  ойымды түсініп қойғандай болып, кенет мені дүлей күшпен өзіне қарай тартып алды да, ойым іске аспай қалды.

– Ал сонда не үшін? – деп тағы сұрадым.

– Жаңа заң шықты, сіз бақытты болуыңыз керек, – деді ол.

– Мен бақыттымын! – деп айқайлап жібердім.

– Жүзіңіз мұңды ғой… – деді де, басын шайқады.

– Бірақ бұл заң жақында ғана шыққан жоқ па? – деп жауап бердім.

– Шыққанына отыз алты сағат болды, – деді ол. – Білесіз ғой, заңдар жарияланғаннан кейін жиырма төрт сағат өткен соң өз күшіне енеді.

– Бірақ мен мұндай заңнан бейхабармын әлі.

– Бейхабар болуыңыз сізді жазадан құтқармайды. Заң алдыңғы күні барлық дауысзорайтқыштармен бүкіл қалаға айтылды, барлық газеттер арқылы жарияланды да…–

Осы тұста ол мені менсінбегендей болып бір қарап алды да:

– Баспа мен радионың «игілігін» пайдалана алмайтындар үшін арнайы ұшақтар арқылы көктен жауған парақтардың көмегімен де хабарланды. Елде ол парақ түспеген бір де бір жол қалмады. Соңғы отыз алты сағатты қай жерде өткізгеніңізді көре жатармыз енді, жолдас! – деді де, мені сүйрей жөнелді.

Сол сәтте кенет ауаның салқындығын, үстімде пальтоның жоқтығын сезіндім. Одан кейін аштығым шегіне жетіп, қарным шұрылдай бастады. Сонда ғана өзімнің кір-қожалақ, қырынбаған күйі жыртық-жамау киіммен жүргенімді аңғардым. Ал заң бойынша әрбір «жолдас» азамат тап-таза, қырынған, бақытты және тоқ болып өмір сүруі керек еді. Ал қазір ұры екені дәлелденіп, армандаған бақшасымен қоштасуға мәжбүр болған бір қарақшы құсатып, полиция қызметкері мені алдына салып, айдап алып бара жатты.

Көшелер қаңырап бос жатыр, полиция бөлімшесі жақын болуы тиіс. Қазір құтылатын болсам да, көп ұзамай тағы бір сылтау тауып, мені қайтадан қамауға алатынын білсем де, жүрегім әлдебір шешімге келді. Мана айлақты көрген соң, балалық шағым өткен жерлерді араламақ болып тұрғанмын. Полиция қызметкері мені сол жерлерді басып өтетін жолдың үстімен алып бара жатты. Бұрын бей-берекет көрінісінің арқасында сұлу көрінетін бұтақ толы бақтар мен қалың ағаштың ортасында орналасқан жолдар қазір ретке келтіріліп, тәртіпке бағындырылған тап-таза төртбұрыш алаңқайларға айналып, ұлттық бөлімшелердің дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күнгі саптық жүрістеріне орайластырылып әзірленген екен. Бәрі өзгерген. Тек аспан ғана баяғыша, жүрегім арманға толып тасқан сол ескі күндердегі күйінде сақталған еді.

Кейбір «махаббат казармаларының» алдарынан өте бергенде осы сәрсенбі кезегі келіп, «денсаулық сақтау» ұранымен тән «ләззаттарын» өтейтіндер үшін ресми «рұқсат» белгісі бар тақтайшалардың ілініп жатқанын көзім шалды. Ал кейбір сыраханаларда ашық қоңыр, қою қоңыр, сонсоң тағы да ашық қоңыр болып елдің ресми түстерімен айқастыра боялған қаңылтыр сыра күрішкелерін «ішімдікке рұқсат!» белгісі ретінде мекеменің есігінің алдына іліп қоюға уәкілет берілгендей көрінді. Ресми тізім бойынша бүгін ішімдік кезегі келіп, сәрсенбілік сырадан қанжығасы майланатындардың жүрегін, сөз жоқ, қуаныш кернеген болар.

Келе жатып, жолай ұшырасқан адамдардың бәрінің жүріс-тұрысынан бір пысықтық анық сезіліп тұр. Бәрі де өздерін жұқалтаң түрде іскерлік реңкке бояп алғандай. Полиция қызметкерін көрген бетте әлгі пысықтықтары тіпті күшейе түсетін. Барлығы асығыс қимылдап, жұмысы мен қызметінен өзге ештеңе ойламайтын адамға тән кейіп танытады.

Дүкеннен шыққан әйелдердің де жүздерінен мемлекет талап ететін сол қуанышты кейіпті көрсетуге тырысып баққандары көрініп тұрды, өйткені «кешкісін дастарқанға дәмді ас қойып, мемлекеттегі жұмысшы табына сергектік сыйлау міндеті жүктелген үй шаруасындағы әйелдер өз борышына разы болып, жүздері жайнап жүруі керек» деген заң бар еді.

Бірақ осы адамдардың бәрі бізден қашқақтап, мүмкіндік болса, маңымызға жоламауға тырысатын. Жолда көрген тірі жан атаулының бәрі бізге жетуге жиырма қадамдай қалғанда-ақ көзден ғайып болатын. Әркім асығыс түрде алдынан шыққан алғашқы дүкенге кіріп кетуге не бұрыштан бұрыла салуға тырысатын. Тіпті кейбір адамдар бөтен үйге кіріп кетіп, аяғымыздың дыбысы естілмей қалғанша қорыққанынан есіктің артында тығылып тұратын секілді еді.

Бірақ қиылыстардың бірінен өтіп бара жатып, егде тартқан бір кісіге жолықтық. Көзімнің қырымен қарап едім, үстіндегі киімінен мұғалім екенін аңғардым.

Енді оның бізден қашып құтылуы мүмкін емес еді. Сондықтан әуелі тәртіп бойынша полиция қызметкерімен сәлемдесті (мұны ол шексіз мойынсұнудың белгісі ретінде маңдайын алақанымен үш рет ұру арқылы жасады), сосын менің алдымдағы міндетін атқарып, бетіме үш рет түкірді де, үш мәрте:

– Сатқын доңыз! – деп айқай салды.

Түкірігін дәлдеп тигізді, бірақ сол күні аптап ыстықтан тамағы құрғап қалған болса керек, бетіме бар-жоғы бір-екі тамшы ғана ілінді. Мен де ережеге қарсы болса да, еріксіз мінез танытып, түкірікті жеңімнің ұшымен сүрте салмақ болдым. Сол сәтте полиция қызметкері құйрығымнан бір теуіп, белімнің дәл ортасынан жұдырығымен салып қалды да, сабырлы үнмен:

– Бірінші деңгей, – деп тіл қатты. Бұл – полиция қызметкері қолдана алатын жазалардың ең жұмсағы әрі ең алғашқысы еді.

Мұғалім асығыс жүріп кетті. Қалған жұрт та өз айласын тауып, бізден қашқақтай берді. Содан соң тағы бір әйелге жолықтық. Өңі солғын, дене бітім толықша келген әйел түнгі ләззаттың табалдырығында тұрған «махаббат казармасының» алдында, заңда көрсетілген «ауа жұту» міндетін орындап тұр екен. Өтіп бара жатқан маған алақанын сүйіп, сәлемін жолдады, мен де алғыс ретінде жымиып қойдым, полиция қызметкері ештеңе байқамағандай кейіп танытты. Өйткені алған бұйрықтарына сәйкес мұндай әйелдердің қылықтарына көз жұма қарауы тиіс, ал сол әрекетті басқа бір қарапайым жолдастардың бірі жасаса, ауыр жазадан құтылар жолы жоқ еді. Себебі бұл әйелдер жалпыхалықтық еңбек құлшынысының артуына едәуір үлес қосатындықтан, заңнан тыс жандар ретінде қарастырылатын. Мұндай төзімділіктің ақыры қайда апаратынын мемлекет идеологиясы мен философиясы бойынша докторлық атағы бар, философ Блейгэт «Мемлекет философиясы» журналында жарық көрген, барлық адамның оқуы міндеттелген мақалада талдап, либерализмнің бастамасы ретінде көрсеткен екен. Мұны кеше ел астанасына келе жатып жолай соққан қожалықтың дәретханасында қолыма түскен бір оқушының өткір ойларға толы дәптерінің парақтарынан оқып білдім. Ол сол шаруа қожалығының иесінің ұлы болса керек.

Абырой болғанда, сирена үні естілгенде біз бөлімшеге жетіп қалған едік. Бұл жақсы  болды.  Өйткені сирена үні естілген бетте жұмыс күні аяқталып,  жүздерінен болар-болмас қуаныштың табы байқалатын адамдардың бәрі көшеге шыға бастайтын. Жүздерінен азғантай ғана қуаныштың табы байқалуы тиіс. Жұмыс күні аяқталған кезде қатты шаттануға тыйым салынған, өйткені ол еңбектің ауыртпалық екенін аңғартуы мүмкін. Ал таңертең жұмысқа кіріскен сәтте, керісінше, шаттықтан мәз болып, той-тойлап, ән айту керек болатын. Демек сәл кешіккенімізде, ереже бойынша менің бетіме түкіруі тиіс мыңдаған адамның нысанасына ілінер едім. Бірақ жұмыстың аяқталуына әлі он минут бар еді, сирена да дәл сол он минут қалғанда соғылатын, өйткені қазіргі мемлекет басшысының «Бақыт пен сабын» деп аталатын ұранына сай, адамдардың бәрі жұмысты аяқтар алдында он минут бойы мұқият жуынып-тазаланып алуға міндетті болатын.

Қарапайым бетон үйіндісінен өзге ештеңесі жоқ аудандық полиция бөлімшесінің алдында екі қарауыл тұр екен. Мен олардың жанынан өте бергенде, үйреншікті «алдын алу» шарасына сәйкес, қанжарларымен құлақ-шекемнен салып қалып, тапаншаларының ұңғысымен бұғанамнан тарс еткізіп ұрып жіберді. Осылайша олар №1 мемлекеттік заңның кіріспесінде айтылған талапты орындаған болды.

Ол талапқа сәйкес, «Әрбір полиция қызметкері ұсталған адамға (яғни тұтқынға) мемлекет атынан күш көрсету арқылы құдыреттің кімде екенін көрсетуі тиіс. Алайда ұсталған адамды қолға түсірген полиция қызметкері қажетті жазалау іс-қимылдарын тергеу кезінде қолдану мәртебесіне ие болатындықтан, бұл бұйрықтан босатылады».

Ал №1 мемлекеттік заңның өзі былай дейді:

«Әрбір полиция қызметкері әр адамды жазалауға ҚҰҚЫЛЫ, қылмыс жасаған әрбір адамды жазалауға МІНДЕТТІ. Ешбір АЗАМАТТЫҢ жазадан толық босатылуға құқығы жоқ, тек уақытша жазаға тартылмау мүмкіндігі ғана бар».

Бөлімшеге кірген соң, көп терезелі, ұзын әрі бос дәлізбен алға қарай жылжи бастадық. Дәліздің түбінде орналасқан есік өздігінен ашыла кеткенін көрдік, өйткені қарауылдар біздің келгенімізді ішке хабарлаған екен. Барлығы бақытты, ешкім теріс, оғаш қылыққа бармайтын, әркім тұтынуға міндеттелген жарты келі сабынды толығымен жұмсауға тырысатын сол замандарда ұсталған адамның (тұтқынның) бөлімшеге келуі – үлкен оқиға саналатын.

Үстінде телефон орналасқан жазу үстелі мен екі креслодан басқа ештеңе жоқ бос залға кірдік. Мен залдың ортасына барып тұруым керек болатын заң бойынша. Ал полиция қызметкері бас киімін шешіп, орнына жайғасты. Әуелде айнала тым-тырыс болатын, құдды бұл жерде ешкім жоқ, ештеңе болып жатпаған секілді көрінетін. Олар тергеу алдында әрдайым осылай істейді, ең жаманы да осы… Өз жүзімнің барған сайын солғын тартып бара жатқанын сезгендей болдым. Әрі қажыдым, әрі қарным аш. Әлгі «мұңды бақыттың» соңғы жұрнағы да бойымнан сыпырылып кеткендей болды. Өйткені ендігі істің біткенін, торға түскенімді сезіп тұрдым.

Арадан бірнеше секунд өткен кезде үстіне алдын ала тергеу прокурорының қоңыр формасын киген, сарышын, ұзын бойлы бір адам ақырын аяңдап кіріп келді. Үндемей ғана орнына жайғасып, маған тесіле қарап отыр.

– Мамандығыңыз? – деп сұрады арт жақтан.

– Жай ғана қарапайым бір «жолдаспын».

– Туған күніңіз?

– Бір. Бір. Бір, – деп жауап бердім.

– Соңғы кәсібіңіз?

– Тұтқындық.

Екі қызметкер бір-біріне аңтарыла қарап қалыпты.

– Тұтқында болған жеріңіз бен босатылған күніңіз?

– Он екінші ғимарат, он үшінші камера, кеше.

– Қай жерден босатылдыңыз?

– Астанада.

– Құжатыңыз?

Қалтама қол салып, түрмеден босатылғаным туралы анықтаманы алып бердім.

Тергеуші жауаптарым жазылған жасыл картаға құжатты түйреп қойды.

– Ол кездегі қылмысыңыз?

– «Бақытты жүз».

Екі қызметкер тағы да бір-біріне қарады.

– Қалайша? – деді алдын ала тергеу прокуроры.

– Ол кезде, – дедім, – ескі президенттің қайтыс болған күні еді, билік барлық халық аза тұтуы керек деп бұйрық берген, ал менің жүзімдегі қуаныш бір полиция қызметкерінің көзіне шалынып қалыпты.

– Жаза мерзімі?

– Бес жыл.

– Мінез-құлқыңыз?

– Нашар.

– Неге?

– Жұмысымның жеткіліксіздігі.

– Сұрақ-жауап аяқталды.

Сол сәтте алдын ала тергеу прокуроры орнынан тұрып, маған қарай жақындады да, жалғыз соққымен алдыңғы үш тісімді қақ ортасынан сындырды. Осылайша менің маңдайыма «бұрын сотталған» деген таңба басылған болатын. Бұл – мен мүлдем күтпеген қатал жаза еді. Артынша алдын ала тергеу прокуроры бөлмеден шығып кетіп, орнына жасыл түсті форма киген, толықша келген жас жігіт кіріп келді. Ол да бір тергеу прокуроры екен.

Тергеу прокуроры, жоғарғы тергеу прокуроры, бас тергеу прокуроры, дайындық прокуроры мен соңғы прокурор бәрі бірге тарс-тұрс еткізіп мені жан-жақтан соққыға жықты. Полиция қызметкері де заңда жазылған «дене жарақатын беру» шараларын орындауды кешіктірмеді. Бес жыл бұрын «жүзімдегі қуаныш» үшін қалай бес жылға сотталсам, енді «жүзімдегі мұң» үшін де дәл солай он жылға үкімге тоғытылып отырмын. Алдымда тұрған «бақыт пен сабынға» толы осы он жылды аман-есен өткеріп алсам, енді «жүз» дегеннің өзінен мүлдемге құтылудың жолын іздейтін шығармын…

Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ

Генрих Теодор Бёлль (21 желтоқсан 1917 – 16 шілде 1985) – 1972 жылғы Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, неміс жазушысы.

Сөзбелгілер: әдебиетзаңқоғампрозатаным
Алдыңғы жазба

«Жазуды кім және қашан ойлап тапты?»

Келесі жазба

Еділбек ДҮЙСЕН өлеңдері яки «түйсіктің жаңа ракурсы»

Ұқсас мақалалар

Амброз БИРС: «Үкісай көпіріндегі оқиға»
Проза

Амброз БИРС: «Үкісай көпіріндегі оқиға»

05.02.2026
88
Бертольт Брехт: «Зұлымдық пен Ізгіліктің үндеуі…»
Проза

Бертольт Брехт: «Зұлымдық пен Ізгіліктің үндеуі…»

03.02.2026
78
Джек Лондон: «Құдай Күлгенде…»
Проза

Джек Лондон: «Құдай Күлгенде…»

12.01.2026
98
Қарлығаш Қабай: «Көлеңкесіне кез болған кесіртке» кітабының қолжазбасы жайлы
Кітаптар

Қарлығаш Қабай: «Көлеңкесіне кез болған кесіртке» кітабының қолжазбасы жайлы

15.12.2025
80
Келесі жазба
Еділбек ДҮЙСЕН өлеңдері яки «түйсіктің жаңа ракурсы»

Еділбек ДҮЙСЕН өлеңдері яки «түйсіктің жаңа ракурсы»

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын

Сөзбелгі

Your browser doesn't support the HTML5 CANVAS tag.

  • жаңалықтар
  • абсурд
  • еркіндік
  • жазу
  • қоғам
  • поэзия
  • жаңашылдық
  • ғалам
  • ӨНЕР
  • аударма
  • таным
  • стиль
  • Боб РОСС
  • өнертабыс
  • түйсік
  • кітаптар
  • философия
  • сен және ол жайлы
  • әдебиет
  • үрей
  • проза
  • көркемөнер
  • өнертапқыш
  • әуендер мен естеліктер
  • ойлар
  • сын
  • түрік поэзиясы
  • сағыныш
  • сурет салу
  • өлең
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ

«ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ» порталы – Қазақстандағы тәуелсіз әдеби кеңістікте қалыптасқан әдебиет пен өнердің онлайн-платформасы.

Байланыс

  • Бас редактор: Қарлығаш ҚАБАЙ
  • Email: karlygaaaa.sh@gmail.com
  • Мекенжайы: Астана / Қазақстан
  • Телефон: +7 747 702 9797

Соңғы жазбалар

  • Асқар Сүлейменов “Бесатар” (Beşli Tüfek)
  • Боб РОСС: «The Joy of Painting» немесе «Сурет салу қуанышы»
  • «Телефон арқылы алғаш айтылған сөз немесе «Сен маған керексің…»

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Поэзия
  • Проза
  • Сын
  • Кітаптар
  • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Көркемөнер

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру