Үш алма

 

 

  Әзербайжан ертегілерінің соңы: «...көктен үш алма түсті.

Бірі шешесіне, бірі әкесіне, бірі баласына берілді»

 

Аяғымыз үлкейе бастаса,

Аяқкиіміміз жыртылатын..

Аяғыңыздың үлкеймеуін тілеген кезіңіз болмады ма мүлдем?..

шекаралардың сызығы сынды көрінетін - мектеп асханасының есігі,

кедей балалардың көздеріне..

ол сызықты кесіп өту - жазмышымызға жасалған ең үлкен қастандық.

Бәлкім, өміріміздің ең үлкен көтерілісі еді..

 

Анамның ерте ағарған шаштарынан көрінетін,

Қолы жетпеген ойыншықтары.

Тағдырдың ойыншығына айналдық сонсоң...

Сәбилерді сүйетін құдайымыз қайда жүр екен..

 

Үндістандық болмасақ та,

Әкеміздің қалтасына қарай топтастыратын бізді

Мектеп бөлмелерінің парталары.

Теңіз сулары мұхит суларымен қосылмағаны сынды,

бізді де ешбір күш қоса алмайтын сол шақ..

мұхит балықтары  теңіз балықтарын сүйгендігінен жұтпағанын білетінбіз біз де...

кедей балалардың ойындары

киімдерінің жамауын жасыруға көмектесетін,

 байлардың көзінен...

 

еркектер жыламайды деген анам

орныма өзі жылайтын ылғи..

ертегі айтатын ұйықтар алдында ..

бірақ хикаяларының соңында көктен үш алма түсірмейтін ешқашан,

жанымыз алманы аңсамасын деп...

 

 

SensİZİM*

 

Сені сүю -

Зұлым бір іс.

Бұл әлемде дүниеге келу cекілді...

Маңдайдағы жазуымызды соңынан басына қарай қайталап оқу секілді -...

сені сүю...

және мұсылман ауызашарында дастарханға келген жүзжылдық шарап секілді

Соншалық базкешілмес, соншалық күнә...

 

кейде

Қабырғасын шұқылап ойнаған әзірейілімнің

Көлеңкесіне сүрініп қалғандығыма да ұқсайтын...

Шаштарыңның арасы бармақтарымның бақшасына айналып,

Саусақтарым мен бұрымыңның қол ұстасып кетіп қалғаны секілді

  • сені сүю..

 

Басымды  ұқалап отырған сәтімде шатасып,

Хикаялардағы бақытсыз кейіпкерлердің ернінен сүйсем

Саған айналып шыға келер еді әп сәтте олар..

 

Ал қазір..

Бір күні қағарсың деп, бәлкім,

Есігімнің тұтқасына айналған қолдарым..

 

Ештеңе қалаған емеспін

Тек қана

Әр таң сайын шырылдаған сағатыма айналсын

«оян» деген ерніңнің дәмі..

Әр өпкен сәтің үшін сыйлыққа

Піспеген өріктерден моншақ тағамын мойныңа тағы..

 

Сол сәттен бастап Хауа емес, Адам күнәсін бастайды,

Бір емес, «қос алмаға» қолдарын жүгіртіп..

Дәл қазір өз еркіңмен келмейтін болсаң,

«Қабырғамды» қайтаруыңды талап етуім де мүмкін менің..

 

Әу жақта түрменің қабырғалары ұзанып келеді,

Бір ағаш бой түзеді бақшасында бірге.

Әр маусым теміртор қабырғаларынан ұзап еркіндікке шыға бастаған ағаштың бұтақтарын кеседі бағбан.

Еркіндікті тек қана шарбақтың жақтауына түскен көлеңкесі көре алады бұл ағаштың..

Саған созған қолдарыма ұқсайтын сол ағаштың бұтақтары..

Адым атқан жолдарыңның бәрі көлеңкелерім менің..

 

Ешқандай жаңалық көңіліме жұбаныш әкелмейді қазір...

КапиталИЗІМ де, коммунИЗІМ де ...

Өйткені бұл күні бар әлемде SensİZİM орнаған...

 

*SensİZİM - (Әзерб. Сенсіз+бін)  Сенсіздік мағынасында.

 

 

Құдайлар мінәжатханасы – әйел

 

Саусақтарыңды бір бірден сүйіп

Түймедақ күлтелері құсатып санай бастаймын..

Сүйеді, сүйеді..

Және...

Шынымен де сүйетін..

 

Ұмыту -

Қай жерге орналастырғаның есіңде қалмаған жарылғыш секілді

Бір күні аяқтарыңды  үзеді өмірден.

Күтпеген кезіңде..

 

Өкпелеу -

Көздердің , -

Солтүстік мұзды мұхитының жағалауға соққан

Салқын, тастай толқындарына айналуына ұқсайды..

 

Барлық ноталардың саны жетеу емес,

Анығы жалғыз ғана нота бар әлемде..

Әр композицияның жымия бастағандықтан үзіліп қалған болуы мүмкін емес және..

Сенің көздерің  -

Теңіздердің билеушісі.

Пасейдон* көрген болса, өз атағынан ұялар еді сөзсіз..

Ал менің жүрегім мекенін тәрк етіп,

Сенің алақаныңа түседі ылғи..

 

Сен –

құдайлардың ішінен Кукулкансың*.

Мен болсам -  жаңбыр дұғасы..

Пірәдар тағында соғып тұрғандай

Алақаныңда соғатын  жүрегім..

 

Ал қазір

Жолдар қауышу үшін емес, айрылу үшін жаралғанын ұғындық..

Сол үшін барлық жолдарды тарқатып,

Көпірлерді үзуіміз керек..

 

Есіңе түсті ме..

Бөлме ішінде ата - анасы соғысса,

Қуыршағының көздерін бүркемелеген кішкентай қыз,

Бұл күні құдды бір «құтқарушы» секілді

«жан құтқаратын» аборт үстелінде..

Демек,

Сүю - сол жағыңдағы жүректің дүрсілі емес,

Таңдарда оянып оң жағыңда бір жүректің соғып жатқанын көру..

Ал егер тозығы жеткен сол бір сәбилік әлемді қайтадын құрғымыз келсе,

Қабырғадағы әкеміздің асылған суретін алып

Ұзақ жылдар бойы қамалған жақтауларынан құтқаруымыз керек..

Ұзақ жылдар бойы аяқ ұзатып келдік

Атылған оқтардың қасіретінің көрінісіне айналған сол суретке...

 

Алғашқы адымыңнан- ақ қасіретке тап болудың

Қандай қорқынышты екенін сен де білесің..

Басының бір мүшесіне айналған шаштарын қиып тастаған қыздың,

«неге орнынан тұрмайды бұл мәдениетсіз» деп үңілген көздері,

Аяқтарыңның екі жыл бұрын мина үстінде джентельмендік жасағанын білмейтін..

«әрі қарай жалғыз кетесің, менсіз кетесің» деуі де мүмкін ол көздер саған..

Мектепте тоқаш бөлістіретін балаларды

Бір кездері бұл жақта аспаннан жауған оқтар бөлістіргенін айтқайсың оған..

өз араларында бір бірін сүйетін оқтар..

 

бәлкім бір күні тәрк етіп бұл мекенді

оралармын жаныңа,сүйіктім..

шаштарың үшін қылармын әр дұғамды..

алақаныңа айтатын болам тілектерімді де,

ерніңнен сүйіп - тазартамын бойымды...

құдайлар мінәжатханасы – әйел деп...

 

Пасейдон* - ескі Грек мифологиясындағы теңіз билеушісі, теңіз құдайы.

Кукулкан* - Майя тайпасының Құдайы.

 

 

Құрдастарым ұялтады мені..

 

Шейіт болғандардың қабірлерін

Мәрмәрмен қаптап,

Алып бір тас қойдық төбелеріне.

Бір күні қабірінен тұрып, жүзімізге түкірмесін деп..

 

Бұл жасымды ойлаған сайын,

Шейіттер Хиябанындағы*

Әлі күнге он сегізінен арылмаған құрдастарым

Ұялтады мені..

Ол жақта,

 менен бұрын туғандар да, менен әлдеқайда жап -жас болатын..

Ағай деп қарайтын тіпті күлімсіреген қабір суреттері ылғи..

 

Бір әскердің өлімі -

құрдасының дүниеге келген күнімен сәйкес келуінен асқан қасірет болмаған өмірде..

Сау қалғандардың нәсібіне түседі тағы  

-басына тас орнату оның..

 

Шейіт болғандардың қабірлерін

Мәрмәрмен қаптап,

Алып бір тас қоятынбыз төбелеріне.

Бір күні қабірінен тұрып жүзімізге түкірмеуі үшін..

 

Аударма: Қарлығаш Қабай

 

 

Хиябан* - 1918 жылғы Британдық офицерлердің Орталық Каспий аймағында диктатуралық режим орнату мақсатына қарсы Баку қаласындағы шайқаста қаза тапқан Түркия және Әзербайжан әскерлерінің жерленген қабірлерінің арасындағы жолдар..