айырылу да махаббатқа жатады

 

шырмауық раушандар бүр жарды

естен тандырар иісімен

ымырт жұлдыздарының ең әсем сағаты

жылан құсап жасырын келіп үй тігеді

ішімде бір мұң

алыстағы тұтқада жылайды

жаңбырлы жас әйел

 

жел

жұлдыздарды жырақтағы қараңғылыққа айдады

қою күлгін ұшқындар шашырайды

менің беймаза жалғыздығымнан

Мен оны әлі іздеп жүрмін

денемнің әр бөлігінде

ауыр күйіктің сызы

бір жерде гүрс етеді найзағай

айрылғанымыз еске түскен сәт

ызамнан темірлер еріп барады

 

ай сәулесіне батып кетті

қарабұрыш ағаштары

күмістенген ұнтағы

түнгі өзенде жүзетін лалагүлдер

ұмытылып қалған жасминдер

мазасыз жымияды

өйткені айырылудың да жабайы бір дәмі бар

өйткені айырылу да махаббатқа жатады

өйткені айырылғандар әлі де ғашықтар

олар естеліктерін жалғыз елестете алмайды

естеліктерде үнемі бірі екіншісінің жанында

барлық сәттердің оған қатысы бар

 

мазасыз қараңғылықта жарғанаттар

сәт сайын көбейеді

өртенген шөптің иісі

жұлдыздар адам сенгісіз алып

шағылыстар бүкіл жағажайды қапсырды

өйткені айырылудың да жабайы бір дәмі бар

жабайылығы сонша, төзу тіптен қиын

өйткені айырылу да махаббатқа жатады

өйткені айырылғандар әлі де ғашық

 

жалғыздық

жылдам аласарған бұлттар

қараңғылықтай ауыр

ауа да, жер де, жапырақтар да

үстімізге судың шаңы жауып жатыр

бұл біздің еркіндігіміз бе, әлде жалғыздығымыз ба?

күлгін түстерді ұрлайды тұман басқан сия көк түстер

тұман қоршады орманды

теңізге қараңғылық жайғасты

жалғыздық

шақпақ тастай қатты

алмас секілді өткір

Қай жаққа бұрылсаң да, кесіп тынады сені

көп қан жоғалтасың

ешкім есігіңді қаққан жоқ па әлі?

қолыңнан ұстамады ма?

білектері аппақ, аққу мойын

саусақтары сүйріктей

жып-жылы үңілген көзі сенімен сыбайлас

жасырынған жымиысы құпия

жалғыздардың ең үлкен мәселесі де осы

жалғыздықта «еркіндік» неге жарайды?

бір түрлі мәні анықталмаған

өлі планетаның

сұп-суық жалғыздығына

ұқсамау үшін

еркіндікті міндетті түрде бөлісуің керек

сыбайлас ғашығыңмен

 

екеуміз де ойлағанбыз

мынау жер бетінде

біз бір-біріміз үшін жаралдық деп

екеуміз де ойлағанбыз

бір адамдық жалғыздықтың ішіне де

оп-оңай сыйып кетеміз деп

мүлдем жаңылмаған екенбіз

үнемі сүрініп құлап

кристалды шыны сияқты

шытынап сынсақ та

әлі күнге ішіміз жанартау қақпасы

қызара күлімсірейді

жалыннан жаратылғандай жымиысымыз

удай ащы махаббатымыз

өйткені айырылу да махаббатқа жатады

өйткені айырылғандар әлі де ғашық

 

                                                           Аттила ИЛЬХАН

 

                                                          Аударған: Қарлығаш Қабай