Ричард БРОТИГАН (1935-1984)

 

Қазақ тілді аудиторияның назарына Ричард Бротиган есімді ақынды ұсынғым келеді.

Аудармашыдан

 

    Ричард Бротиган (1933-1984 ж.ө.с) - америкалық жазушы әрі ақын, 60-70-ші жылдардағы контрмәдениет ағымының жарқын өкілі. Оның шығармашылығы жеңіл әзіл, өзіндік ойлау жүйесі, жосығы бөлек поэтикалық сөз ойнатумен ерекшеленеді. Ол Марк Твен мен Хеменгуэйдің ізбасары, 60-шы жылдары өмір сүрген битниктердің соңғы толқыны, көрнекті ақын. Оның жәйдан-жай сүйікті ақын атанбағанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Енді Ричардқа қазақ тілді аудитория да өз бағасын бере алады.

 

◇ алғашқы жұлдыз

ымырт.
өзен суы биіктен құлап ағып жатты
маңайды қоңыр салқын лебімен
аймалап.

інім екеуміз
өзен жағасында отырдық сонда.
оған гүлдің жұлдызға
ғашық болғаны
жайындағы
ертегі айтып бергем.

мен ертегімді айтып болған сəтте
інім аспаннан
алғаш боп жылт еткен
жұлдызды байқап қалды дағы:
мына жұлдызға ғашық болған ба?
- деп сұрады.

 

◇ махаббат жайлы

таңертең жалғыз ояну
қандай
ғажап:
əлдекімге
сүйетініңді дəлелдеп, 

әуре болмайсың...

 

◇ махаббат деген

махаббат деген -
бұғыны
құшырлана
жеп жатқан арыстан.

махаббат деген -
көктемгі жаңбыр астында
жаңа шыққан шөпті
ақырын ғана
кеміріп жатқан қозы.

махаббат деген -
махаббат барын біле тұра
оған дейінгілер не десе де,
махаббат жайлы айтары жоқ,

әйтсе де
"Махаббат деген..." - деп
жазып жатқан
сайтан алғыр
ақын.

 

◇ егер жәй ғана...

егер әлдекім
сені жәй ғана
санаң үшін құрсеттесе,

онда оның
тәніңе де құмартуы
шарт емес.

əуре болмайсың
(сезім сөніп үлгерсе де).

 

◇ екі билет. махаббат. отыз цент

өзің жайлы ойдың тереңіне
батып кеттім білем –
автобусқа отырғасын
жолақыға 30 цент төлеп,
екі билет сұраппын.
кейінірек ұғындым
екінші билеттің
артық екенін…

 

◇ күндер

мен жолбарыстар күнінде өмір сүрдім,
сол күні олардың азу тісіннен
ағып тұрған қан көрдім.

мен гүлдер күнінде ғұмыр кештім,
сол күні олардың нәзіктігінен
күлкінің тамшылап тұрғанын көрдім.

 

◇ мәңгілік ойын

өмірдің
оңайлығы мен
өлімнің қиындығы
мәңгілік деп аталатын
ойын ойнауда
өмірдің
қиындығы мен
өлімнің оңайлығына қарсы.

 

◇ кідіріс

біз қайбір күні
кідіріс жасап,
көліктен түсіп қалдық.
сенің шашыңды жел тарап тұрды сонда.
бұлай кідіріс жасау ойда да болмаған.
мен бәрін айтуға оқталып,
саған бұрылдым бейуақ...

 

◇арманшыл

біз ешкімге белгісіз арманшыл жанға
солдаттан маңыздырақ болғаны үшін
ескерткіш қоямыз әлі,
және ол күн алыс емес.

 

◇ күту

оның
ернінен
сүйіскен сәттерімізден қалған
бір құшақ гүлдей
сәттерді жиып,
өз жүрегімдегі
құмыраға
салмағаныма
көп жыл өтті.

мен сол сәттерді
зарыға күтудемін

ғашықтықтан.

 

               Аударған: Нұркен НҰРҒАЗЫ