Рүшті ОНУР (1920-1942)
Ал мен әлі доп ойнап жүрмін…
(«Хаттарың алақанымда» өлең жинағынан)
ОНЫҢ ХИКАЯСЫ
Білемін, ол секілді
Жаңбырлы түндерді танитын ешкім жоқ.
Көшеде одан басқа кім ән айтатын еді
Жаңбырлы түндер…
Кейде ойлайтынмын
Күртешесі шылқымай ма деп..
Оның кішкентай өмірін сүрген түндері
Бөлмемде су-су болып отыратынмын мен.
Бәлкім біздікіне келер деп кейде,
Терезе алдында күтемін оны.
Ал егер алда-жалда келе қалса,
Жаңбыр жайлы, бұлт жайлы, түндер жайлы
әңгіме айтатынбыз..
ХАТ
Бас киімім мен аяқ киімімді емес,
Өзімді ғана еске алыңыздар.
Менің де сүйгенім бар болатын бір кездері
және барлығы секілді хаттарым да.
Түндерде ұйықтасам,
Төсегім мен әйелім де болатын еді.
қылмыс та жасамадым,
теміртор қабырғаларына
есімімді жазып қалдыратындай.
Хаттарымды сөреге қоярсың,
және есіңде сақта:
Әндерін білмеген адамдардың,
Обалы бізге қалды..
МОЙЫНДАУ
Сендерге ішімдегіні ақтаруым керек еді…
Түндер, тек қана сендерге.
Және жүзім қызармастан балалығымның кішкентай махаббаттарын
баяндағанымда ғой
тек қана сендерге, Түндер!
Менің де махаббатым болды
және мүмкіндігінше күнәларым.
Тіпті бейкүнә болуды армандап өттім
Өмір бойы…
Анам
Доп ойнап жүргенімде
Менің келбетті ұлым патша болады дейтін.
Ал мен әлі доп ойнап жүрмін
Көше бойында…
ДҰҒА
Адал сүт емдім ғой анамнан,
Алла кешірер қателігімді.
Өмір сүру мен өлең жазудан басқа
күнәм болмағанын
Құдай да, құлдар да біледі…
Төсегім саған қалсын, Тәңірім.
Сенікі болсын шаттықтарым да.
Ал мен жападан жалғыз
Бір ішкіш іздеуге кеттім
Жалаңаяқ көшелерден…
РАЗЫЛЫҚ
Менен зарар келмес
Ұясындағы ара мен мекеніндегі құсқа.
Мен өзіммен өзім өмір сүрермін
Тымағымның астында…
Себепсіз күлгенім көшелерде —
Разылығымнан ғой
және бұл ессіздік те ішімнен келеді.
Тілсіз емеспін
сұлу әлемнің ортасында
үнсіз қаларлық
өлілер құсап…
***
Киімдерімізді кім киеді енді?
Айтуға оғаш…
Алладан
барлық бұлттардың не іске жарайтынын да
кім сұрар екен
бұл қаладағы әніміз біткен соң…
САПАР
Үйім де, сәнді бақшам да жоқ, Құдайым.
Мұхитта қайығым да қалмады.
Басым анар аңқыған бұлттарда,
Анар аңқыған суларда қалды аяғым..
Білемін, бұлттар сұрағанымды бермейді.
менімен келген кеме де,
Менімен кетпек емес.
Не болса да
ол жақта,
Әлі өмірге келмеген жұлдыздардың әндерін тыңдағым келеді…
Аударған Қарлығаш ҚАБАЙ