2025 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған қаламгер Ласло Краснахоркаи Нобель мінберінде тұрып сөйлеген сөзінде адамзаттың қаншама даму үдерісін басынан өткеріп, ғасырлар бойы түрлі ғажайыпты өз қолымен жасағанын алға тарта келе тұжырымын: «…Бірақ осының бәрі әдемі еді: сенің эволюция жолындағы саяхатың – көз тоймастай ғажап үдеріс болатын. Тек, өкінішке орай, енді ол қайталанбайды…» – деген бір әттеңмен аяқтайтыны бар… Шынымен де адам санасының осы күнге дейін ашқан өнері мен игерген дүниелерінің қуаттылығын толыққанды көру үшін «алғашқы адам» кезеңіне қайтадан топ ете түсіп, сол бір ештеңесі жоқ «жалаңаш» қалпымызды бүтіндей қайта сезінуіміз шарт секілді. Хош… бәлкім, «өлім» мен «жоғалту» да дәл осы үшін жаратылған болар… Ештеңесі жоқ «жалаңаш» қалпымызды қайтадан бастан өткеруіміз үшін…
Адамзат эволюциясын естеріңізге қайта түсіру мақсатында «Жерасты әдебиеті» порталында «Өнертапқыш» айдары ұсынылып отыр. Шүбәсіз, адамзат ойлап тапқан ең ғажап өнердің бірі – жазу өнері… Олай болса, «Жазуды кім және қашан ойлап тапты?» тақырыбындағы шағын мақаламызбен танысыңыздар. Бұл «Өнертапқыш» циклі әрі қарай жалғасын тауып отырады.
Жалпы алғанда, жазу жүйесінің қалыптасуы мен тілдің дұрыс жазылу қағидалары ертеде кемінде екі, тіпті одан да көп өркениетте бір-бірінен тәуелсіз түрде жобаланып, дамығаны ғылыми ортада мойындалады. Біздің дәуірімізге дейінгі шамамен 30–45 мың жылдар аралығында өмір сүрген адамдар (Cro-Magnon/кроманьон) өз ойларын, сондай-ақ күнделікті өмірге қатысты ұғымдарды жеткізу мақсатында жартас пен үңгір қабырғаларына сурет салуды меңгерген. Бұл бейнелер белгілі бір мағына беретін тілдік қатынас құралына айналып, алғашқы жазу түрлерінің бастауы ретінде қарастырылады. Өйткені кейбір суреттер тек жануарлар мен адамдар бейнесін ғана емес, белгілі бір оқиғалардың дамуын көрсететін сюжетті аңшылық көріністерін бейнелейді. Соңғы мұз дәуіріне жататын жылқы, бизон және бұқа бейнелері салынған үңгірлер Испаниядағы Альтамира және Франциядағы Ласко аймақтарынан табылған. Бұлар үңгір жазуларының алғашқы үлгілері ретінде аталады.
Алайда мұндай бейнелердің толыққанды жазуға айналуы үшін көптеген ғасырлар қажет болды. Б.з.д. 20 000 – 6500 жылдар аралығында адамдар жұмсақ тас пен сүйек материалдарын пайдалануға көшті. Франция мен Испания шекарасына жақын Арьеж өңіріндегі бір үңгірден қашалған, сонсоң қызыл және қара түске боялған геометриялық пішіндер табылған. Африканың әртүрлі аймақтарынан табылған сызықтар салынған сүйектер де белгілі бір тарихи кезеңнің таңбалық құжаттары болғаны сөзсіз.
Сына жазуы
Месопотамиядағы қалалардың өркендеуі және өңірдегі табиғи ресурстардың тапшылығы алыс қашықтықтағы сауданың дамуына ықпал етті. Соның нәтижесінде қалалар мен аймақтар арасындағы ақпарат алмасу қажеттілігі туындап, шумерлер ұзақ қашықтықтағы адамдермен байланыс құралы ретінде жазуды ойлап тапты.
Алғашқы жазу түрі болып саналатын сына жазуы арнайы техника арқылы тас бетіне таңбалар мен бейнелер түсіру жолымен жазылған. Сына жазуын алғаш жасаған шумерлер болғанымен, кейін Месопотамияға қоныстанған халықтар да оны кеңінен қолданды. Сонымен қатар бұл жазу жүйесі Месопотамиядан тыс өңірлерде де, ассириялықтар, хеттер және ирандықтар арасында таралғаны белгілі. Бұдан шамамен бес мың жыл бұрын сына жазуымен тасқа қашалып жазылған Хаммурапи заңдары бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен.
Жазуға түскен алғашқы тіл
Жазудың ең көне түрі – заттар мен ұғымдарды бейнелейтін таңбалар жүйесі болды. Алғашқы жазбалар ғибадатханаларда құрбандыққа қанша қой қажет екендігін, қандай астық түрлерінің қай жерге жөнелтілетінін белгілеу сияқты ақпараттарды есте сақтауға қызмет етті. Мұндай пиктографиялық белгілер дымқыл саз балшықты кептіру арқылы жасалған тақташаларға түсірілген. Уақыт өте келе бұл тақташалар сауда-саттықтың ресми есеп-қисап құжаттарына айналды.
Жазбаға түскен алғашқы тіл – шумер тілі болып саналады, алайда оның нақты қалыптасқан әліпбиі болған жоқ. Қарапайым суреттік бейнелер арқылы жазылған шумер мәтіндері Ирак аумағында, Парсы шығанағына жақын өңірлерден табылған. Бұл жазбалар б.з.д. шамамен 3500 жылдарға жатады. Шумерлер үшкір, сына тәрізді із қалдыратын арнайы құралдың көмегімен балшықтан жасалған тақташаларға жазу түсірген. Кейін бұл шағын тақталар күннің астында кептіріліп, берік күйге келтірілген. Осындай мыңдаған тақталар бүгінгі күнге дейін ешбір зақымсыз сақталып жетті. Олардың кейбірінде шумер абыздарының экономикалық қызметін көрсететін алтын, мата және мал тізімдері берілген. Шумерлердің экономикалық белсенділігі көршілес парсыларды, вавилондықтарды және ассириялықтарды да сына жазуын меңгеруге итермеледі.
Қаржылық есептер мен заттар тізімінен де күрделі ұғымдарды жеткізу үшін неғұрлым дамыған жазу жүйесіне қажеттілік туды. Осындай жаңа жазу түрі б.з.д. 3200 жылы шумерлердің Урук қаласында қалыптасты. Сол кезеңде дыбыстарды білдіретін фонограмдар пайда болып, олар шумер халқының сөйлеу тілімен тікелей байланысты болды.
Иероглифтік жазу
Ежелгі Мысырда белгілі бір таңбалардың нақты сөздер мен дыбыстарды білдіруіне негізделген иероглифтік жазу б.з.д. 3000 жылдардан бастап қолданыла бастады. Мұндай жазу түрінде ойлар мен оқиғалар суреттер арқылы жеткізілетін қысқартылған жазу тәсіліне ұқсас жүйе арқылы жазылған. Мәселен, денесіз салынған екі аяқ «бару» ұғымын білдірсе, бассыз екі көз «көру», ал жабық көздер «жылау» мағынасын берген. Мысырлықтар папирусты ойлап тапқаннан кейін, иероглиф әліпбиіндегі белгілерді қаламмен немесе қылқаламмен жазуға ыңғайлы етіп өзгерткен. Б.з.д. шамамен 700 жылдары иероглифтік жазу өз эволюциясының үшінші кезеңінен өтіп, кейінгі қалыптасқан нұсқасы қазіргі араб әліпбиінің дамуына да негіз болған.
Қарлығаш Қабай




