Эмиль Мишель ЧОРАН
«Құрмет һәм қарғыс» кітабынан
* * *
Күншілдерді тұйыққа тіреу үшін көшеге балдақпен шығуымыз қажет секілді. Достарымыз бен қастарымыздың адамгершілігін тек біздің дәрменсіз күйіміз ғана оята алады.
* * *
Жазу керек. Өткен туралы да, келер туралы да, бүгін туралы да ойланбастан жазу керек. Ақыр түбі өлім құшатынын білетіндер мен өлімнің алдында уақыттан басқаның бейшара хәлде екендігін сезінетіндер үшін жазу керек. Гладитаторлар үшін жазу…
* * *
Ешқашан тобырдың айтқанымен келіспе. Тіпті олардыкі дұрыс болса да.
* * *
Сәтсіздіктеріме мадақ! Бар білетінім үшін соларға қарыздармын.
* * *
Моцарт пен Жапония. Жаратқанның ең таңдамалы табысы.
* * *
Кофенің жұтымы мен темекінің түтіні – міне, менің нағыз ата-анам. Қазір кофе де ішпеймін, темекі де тартпаймын – өзімді жетім сезінемін. Мен өзімде бардың бәрінен бас тарттым: удан, маған жұмыс істеуге қуат беретін удан.
* * *
Менің өмірім мен менің қарама-қайшылықтарымның формуласы қандай дейсіз бе? Дінсіздің дұғасын көз алдыңызға елестетіп көріңізші.
* * *
Торығудың ең ақырғы деңгейі – өзіңнің бар екендігіңе күмәндану.
* * *
Мен «Құдай» сөзін өте жиі айтамын, тіпті шектен тыс қолданамын десем де болады. Әлдебір дүниенің шет-шекарасына келіп тірелгенде және ол шекараның арғы бетіндегіні анықтайтын сөзді іздегенде «Құдай» сөзі ойға оралады. Өзіме әйтеуір, «Ақылға сыйымсыздық» дегеннен гөрі «Құдай» деген көбірек ұнайды.
* * *
Ауру атаулыға тән нәрсе – өзін-өзі қайталаудан ұялмау.
* * *
Әлдебіреулермен кездесуге белгіленген уақыт таяғанда ғана менің жұмыс істеуге деген ниетім бас көтереді. Сосын кездесуге ылғи да өз-өзімнен асып түсетін соңғы мүмкіндікті жіберіп алғандай сезіммен бара жатамын.
* * *
Тек өз-өзіңе ғана еліктейтін уақыт келеді.
* * *
Маған әйтеуір бір күні өлуге мүмкіндік туса ғой.
* * *
«Саған өз өміріңді айшықта аяқтаудың қажеті жоқ, өйткені сен шегеленген күйі туғансың» (11 желтоқсан, 1963 жыл).
Менің бойымда осыншалық батыл үмітсіздікті туғызған нәрсені еске түсіру үшін бәрін де берер едім!
* * *
Құдаймен ымыраға келетін қаншама мүмкіндікті жіберіп алдық!
* * *
Болу ма, бордай тозу ма?
…Екеуі де емес.
* * *
«Адамзат жуық арада жоғалады». Мен аз уақыт бұрын осындай пікірде болған едім. Қазір өз ойымды өзгерттім: Адамзат жоғалуы тиіс!
* * *
Сөз – дәрінің кемдігін түгендеп, орнын толтырады әрі бізді біршама сырқатымыздан айықтырады. Мылжың адам ешқашан дәріханаға зыр жүгіре жөнелген емес.
* * *
Өлу дегенің – жанр ауыстыру, жаңғыру.
* * *
Кант бойын әбден кәрілік жеңгенде ғана тұрмыстың көлеңкелі тұстарын байқап, кез келген «рационалдық теодицеяның дәрменсіздігін» жариялады.
…Басқалар, жолы болғанда, мұны өзгелерге пәлсапа соқпастан бұрын-ақ түсініп үлгерді.
* * *
Әр таңның бізге өлудің жаңа себептерін әкелетіні қандай жақсы!
* * *
Қазір ғана әлдебір өмірбаянды парақтап шықтым. Бір ескерерлігі, ондағы аты аталған кейіпкерлердің бәрі бүгінде тек осы кітаптың беттерінде ғана өмір сүреді. Талып түспес үшін жата қалғаным маған адам төзгісіз азаптай көрінді.
* * *
Адам қаншалықты өмір сүрсе, оның сенімін өзгерту мүмкіндігі соншалықты аз.
* * *
Кандинский «Сары түс – өмірдің түсі» дейді.
Неге бұл түстің көзге жағымсыз екені енді түсінікті болды.
* * *
Ежелгі адамдар жетістік атаулыға сенімсіздікпен қарады. Мұнысы құдайлардың іштарлығынан үрейленгендіктен ғана емес, кез келген жетістікті өзімен бірге жетелей жүретін ішкі теңгерімсіздіктен де қорыққандықтан. Осы қатерді түсіне тұра олар қалайша құдайлардан да биіктей түскеніне таңмын!
* * *
Менің дүниеге келуін қаламаған балаларым маған қаншалықты қарыздар екенін білсе ғой!
* * *
Шамасы, идеал дегенің Бах секілді қайталану мүмкіндігінен тұратын шығар.
* * *
Адам елде емес, тілде өмір сүреді. Ел – бұл бар-жоғы тіл, басқа ештеңе де емес.
* * *
Қызығушылықтары менің қызығушылықтарыма ұқсайтындардың бәрінен ылғи да кемшіліктер көремін.
* * *
Әдеби сын – сау ақылға қарама-қайшы: Кітапты өзгені емес, өзіңді түсіну үшін оқуың керек.
* * *
Стильдің үлгілері: боқтық, телеграмма, эпитафия.
* * *
Адамнан әлдебір иіс шығады. Хайуан атаулының ішінде үстінен мәйіттің иісі мүңкіп тұратын тек адам ғана сияқты.
* * *
– Құдай-ау, мұныңыз не? Сізге не болған өзі?
– Ештеңе. Маған ештеңе де болған жоқ. Мен тек зулап бара жатқан тағдырымнан секіріп түсіп қалдым. Енді не істеп – не қоярымды білмей тұрмын.
* * *
Кітап – кейінге шегерілген өзін-өзі өлтіруге деген әрекет.
* * *
Құдайға жетер жолда дінді басып өту керегі қандай өкінішті!
* * *
Ұйқыдан тұрып, жуынып-шайынып, қайғы-мұң мен қорқыныштың енді қандай кейіпте келетінін күту.
Уайым-қайғысыз тыныштық бір ғана сәтіне бүкіл Ғалам мен Шекспирді айырбастауға бармын.
* * *
Физиологияны Бодлер поэзияға, Ницше философияға енгізді. Солардың арқасында адамның мүшелерін зақымдаушы кеселдердің аттары әуен болып дыбысталып, ойшылдық категориялар мәртебесіне ие болды. Ауру атаулыдан құтыла алмай кеткен бұлардың маңдайына кесел, дерт атаулыны ұлықтау жазылған.
* * *
Өз-өзіне қол жұмсайтындар – оптимистер ғана. Олар алдағы уақытта да осы қалыптарында қалу мүмкіндігінен айырылып қалғандықтан солай етеді. Ал өмірден онсызда мағына көрмейтін пессимистерге өзін-өзі өлтірудің керегі не?
* * *
Атом бомбасы. Бұл – біздің ғасырдың бейсанасындағы үміт.
Орыс тілінен аударған: Еділбек ДҮЙСЕН






