Винсент ван Гог 1853 жылғы 30 наурызда Нидерландиядағы Зюндерт қаласында дүниеге келген. Оның сурет өнерімен түбегейлі айналысып, бар ғұмырын шығармашылыққа арнауына жиырма жеті жыл уақыт қажет болды. Кеш қабылданғанымен, бұл шешім нәтижесіз болмады және ол әлемдік кескіндеме тарихындағы ең ықпалды тұлғалардың біріне айналды.
Бүгінде Винсент күнбағыстардың, жұлдызды түндердің және Францияның оңтүстігіндегі Провинция өңірі тұрғындарының өмірін бейнелеген әсерлі көріністердің иесі ретінде танылады. Ол постимпрессионизмнің ең әйгілі өкілдерінің қатарында. Алайда психикалық күйзелістері, көзі тірісінде толық мойындалмауы және құлағын ұстарамен кесуі секілді даулы жайттар оның өмір жолын трагедиялық сипатқа бөлеп жіберді. Винсент ван Гог туралы қызықты деректерді алдарыңызға ұсынамыз.
- Суретші болмас бұрын өнер алыпсатары болған
Ван Гог жас кезінде Гаагадағы Goupil&Cie атты өнер компаниясында қызмет атқарды. Кейін Лондонға жіберіліп, осы фирмада жұмысын жалғастырды. Оның інісі Тео ван Гог та осы салада еңбек етті. Бірақ Винсент өнер туындыларының коммерциялық құнынан гөрі олардың рухани мәніне көбірек ден қойды. 1876 жылы жұмыстан босатылған соң, біраз уақыт мұғалім болды, тіпті әкесі сияқты дін қызметкері болуға талпынды. Бельгиядағы кеншілер ауылындағы миссионерлік қызметі сәтсіз аяқталғаннан кейін ғана ол өнер жолын түбегейлі таңдады.
- Негізінен өзін-өзі тәрбиелеген
Брюссель мен Антверпендегі көркемсурет академияларында қысқа мерзім білім алғанымен, дәстүрлі оқыту тәсілдері оған сәйкес келмеді. Парижде болған кезінде Фернант Кормон оның нобайлық жұмыстарын бағыттаған. Дегенмен Винсенттің негізгі мектебі – өз бетімен іздену болды. Ол жүздеген сурет салып, түрлі шеберлердің еңбектерін көшіріп, техникасын шыңдады.
- Шығармаларының басым бөлігі он жыл ішінде жазылды
Ван Гогтың белсенді шығармашылық кезеңі 1880–1890 жылдар аралығын қамтиды. Осы он жыл ішінде ол екі мыңнан астам сурет, кескіндеме және акварель туындысын дүниеге әкелді. Өмірінің соңғы айларын Auvers-sur-Oise елді мекенінде өткізіп, күніне бір картина салған кездері болған.
- Қолтаңбасына тек «Винсент» деп жазды
Өнер әлеміне кеш келсе де, ол өз атын бренд деңгейіне көтерді. Туындыларына тек «Vincent» деп қол қойған. Мұның себебі – тегінің айтуға қиындығы немесе тек атымен қол қоятын атақты суретші Рембранд ван Рейнге еліктегендігі болуы мүмкін.
- Жапон өнерінің ықпалы
1886–1888 жылдары Парижде жүргенде Винсент ван Гог жапондық укиё-э баспаларын жинаған. Бұл туындылар оның бояу таңдауы мен композициялық шешімдеріне әсер етті. 1889 жылғы «Self-Portrait with Bandaged Ear» картинасында жапон ағаш баспасының элементтері айқын байқалады. Сондай-ақ «The Bedroom» шығармасында асимметриялық перспектива қолданылған.
Ван Гог Жапонияға ешқашан бармағанымен, оңтүстік Франция табиғатын бейнелегенде өзін жапон кеңістігінде жүргендей сезінетінін бауыры Теоға жазған хаттарында атап өтеді.
Оның қысқа ғұмыры мен қарқынды шығармашылығы адамзат мәдениетінде өшпес із қалдырды.
- Ван Гогтың кейбір туындылары бүгінгі таңда өзі ойлағандай тұрған жоқ
Синтетикалық бояу түтікшелері (1841 жылдан бері қолданыста) – XIX ғасыр суретшілері үшін жаңа құрал болды. Ван Гог табиғи пигменттерді қолдана отырып жасаған жарқын реңктерін осы түтіктегі бояулармен араластырып қолданды. Ол күнбағыс гүлдерін бояғанда үстемдік беретін хром сарысы гүлдердің жарықтығын арттырса, қышқылдан алынған қызыл түстер картиналарына жылылық сыйлады. Алайда кейде жаңа түстерді қолдану арқылы сынақ жасау оған өзі күткендей нәтиже бермеді. Мысалы, жарқын қызыл герань көлінің түсі, бидай алқаптары арасында сәл солып кеткен. 1888 жылы салған The Bedroom картинасындағы қызыл қабырғалар бояудағы қызыл пигменттің жайылуынан көк болып қалған.
- Ван Гогтың құлағын кесуі туралы түрлі пікір бар
Ван Гогтың өміріндегі ең белгілі оқиғалардың бірі – 1888 жылғы 23 желтоқсанда, Арль қаласында өз құлағын кесуі. Бірақ оның қанша бөлігін кескені және сол сәтте не болғаны әлі күнге дейін даулы тақырып.
Кейбір тарихшылар бұл әрекетті ол суретші досы Поль Гогенмен жанжалдасқаннан кейін жасаған деп есептейді. Сол уақытта олар Арльде өнер қауымдастығын бірге құруды ойласа да, қарым-қатынастары нашарлаған. Басқа тарихшылар Ван Гог өзінің қатты жақсы көрген інісі Теоның үйленетінін білгеннен кейін эмоциялық реакция ретінде мұны жасаған деп болжайды. Кей деректерде кесілген бөлік тек құлақ қалқаны ғана делінеді, бірақ дәрігер Феликс Рэй сызған суретке сәйкес, құлақ толығымен кесілген. Кең тараған пікір бойынша, Ван Гог кесілген бөлікті бір жеңіл жүрісті әйелге көрсеткен. Алайда жаңа зерттеулер бұл әйелдің гейшалар үйінде тазалықшы болып қызмет атқарған қыз екенін көрсетеді.
- Ван Гогтың ең танымал туындысы жындыханада салынды
«Бүгін таңертең күн шықпай тұрып тереземнен аспанға қарадым. Үлкен, өте үлкен таң жұлдызынан басқа ештеңесі жоқ аспанға…»
Винсент бұл сөзді 1889 жылғы маусымда бауыры Теоға жазған. Ол сол жылы Starry Night (Жұлдызды түн) картинасын салғанда, көріністегі терезе Францияның оңтүстігіндегі Saint-Paul-de-Mausole психиатриялық ауруханасының темір торлы терезесі болатын. Ван Гог 1889 жылғы 8 мамырда өз еркімен осы ауруханаға орналасты. Сол кезеңде салынған, ауыл үстіндегі иірілген пигменттермен боялған түнгі көрініс оның ең әйгілі шығармасына айналды. (Ван Гог бұл туындысында туған жеріндегі шіркеу шатырын елестеткен.) Көркем туынды бүгінде Нью-Йорктағы «Museum of Modern Art» музейінде сақталып, күн сайын көпшіліктің назарын аударады.
- Ван Гогтың шығармалары тек өзі өлгеннен кейін бағаланды
Өзін мылтықпен атқан Ван Гог екі күн өткен соң, 1890 жылғы 29 шілдеде өмірден өтті. Ол жиі хат жазып тұрған бауыры Теоның арқасында тарихшылар оның өмірбаянын құрастыра алды. Осылайша інісінің қолдауы оның өмірінің мәнін ашуға көмектесті.
Винсент өмір бойы толық табыс таба алмады және бағаланбады. Оның көзі тірісінде бір немесе екі туындысын ғана сатқандығы жайлы деректер шындыққа жақын.
Алайда ол өлгеннен кейін інісінің әйелі Jo van Gogh-Bonger арқылы шығармалары жарыққа шықты. 1891 жылы Тео қайтыс болған соң, Йоханна Гезина ван Гог-Бонгер оның туындыларын мұра ретінде алып, жылдар бойы көрмелер ұйымдастырды. Батыс Еуропада шығармаларын танытты және ашық көркемсурет коллекцияларына енгізді. 1905 жылы Амстердамдағы Stedelijk Museum Amsterdam-да ван Гогқа арналған жеке көрме ашылды.
Бүгін Ван Гог көрмелері бүкіл әлемде танымал. 1990 жылы Portrait of Dr. Gachet туындысы Christie’s аукционында 82,5 миллион долларға сатылып, бір картина үшін төленген ең қымбат бағаның жаңа рекордын орнатты.
«Жерасты әдебиеті» редакциясы




