Сәрсенбі, 25 Ақпан , 2026
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс
  • Кіру
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Бастапқы Жаңалықтар

Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» түрік тілінде жарық көрді

«Жерасты әдебиеті» редакциясы жазған «Жерасты әдебиеті» редакциясы
10.11.2025
- Жаңалықтар
0
Асқар Сүлейменовтің «Бесатары» түрік тілінде жарық көрді
38
БӨЛІСТІ
76
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-ге бөлісу

Қараша айында ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» шығармасының түрік тіліне аударылған нұсқасы және Әлия Бөпежанованың құрастыруымен «Атамұра» баспасынан жарыққа шыққан екі томдық «Парасат падишасы» естеліктер жинағының  таныстырылымы өтті. Басқосуға Асқар Сүлейменовтің көзін көрген әріптестері, қаламдас іні-қарындастары, жазушының шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар мен оқырмандар қатысты. Жиынды сыншы, мәдени сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова жүргізді. 

Әдебиетке 1960 жылдары жаңа бағыт, жаңа леп әкелген жазушының шоқтығы биік «Бесатар» шығармасы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбын қозғап, көтеріліс ықпал еткен талайлы тағдырларды сөз етеді.
Шығарманың түрік тіліне аударылуына ақын, аудармашы, Орду университетінің PhD докторанты Қарлығаш Қабай бастамашы болған. Асқар Сүлейменовтің тіліндегі ерекшелік, сөздің қорының молдығы аударма барысында оның жеке сөздігін жасауға негіз болған. Жиынға жиналған қауым, көрнекті жазушы, шебер аудармашы, дарынды драматургтің өмірі мен шығармашылығы жайлы толымды пікірлер айтты.
«Ақиқат» журналының тілшісі қазақ әдебиетін шетелде насихаттау жолында атқарылған ауқымды шараға барып, жиынға қатысушылардың пікірін жазып алып, оқырманға ұсынады.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Қазақ көркем ойының генераторы

Асқар ағамыздың әдебиетке, қазақтың рухани кеңістігіне, жалпы өнері мен мәдениетіне сіңірген еңбегі ерен. Ол ұлттың маңдайына біткен сирек тұлғалардың бірі. Біз Асекеңді ең алғаш мектепте оқып жүргенде оқыдық. Ол кезде қамшысы қолынан түспей әдеби шығармаларды сынап жүретін. Бірақ соның бәрі – көркем әдебиет дейтін, көркем ой дейтін дүниеге ессіз берілген адамның өз міндетін адал, әділ және өз ұстанымынан айнымай атқарған кезеңі болатын.
9-10 сыныпта оқып жүріп «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» (ол кезде «Лениншіл жас») газеттері мен «Жұлдыз» сияқты басылымдарға жарияланған Асқар Сүлейменовтің сын мақалаларын түгін қалдырмай оқитын едік. Кейін осында отырған Әшірбек Көпішев барлығымыз Қазақ ұлттық университетінің (ол кезде Мемлекеттік университет) журналистика факультетіне келіп түстік. Сол кезде де «Асқар Сүлейменов деген кісі қандай кісі екен?» деген оймен Асекеңді іздеп жүретінбіз. Ол кісінің сөз саптауы, жазу үлгісі байыппен қарап отырсақ, жалпы әдебиеттегі, ұлттық әдебиетіміздегі жаңа дәуірдің белгісі еді. Екі тілде бірдей сөйлейтін шешендігіне, эрудициясына, интеллектісіне сүйсініп, еліктейтінбіз. Соғыстан соң туған ұрпақ Сағат Әшімбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдіраш, менің екі жағымда отырған Смағұл Елубай мен Әшірбек Көпішевтер үлгі тұтатын, қалт жібермей оқитын авторлар «Жұлдыз» журналының бетіне шығатын. Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев. Кейін «Қазақ әдебиетіне» шыға бастаған – Рымғали Нұрғалиев, кейінірек танылған, бірақ бәрінен озыңқырап кеткен Мұхтар Мағауинді күтіп жүріп оқитын едік. Осы жігіттердің бәрі ерекше білімді болды және әдебиетке жаңалық әкелгені тайға таңба басқандай анық көрінді. Олар Батыстағы интеллектуал әдебиетті, Оңтүстік Америкада басталған ерекшелікті, сондай-ақ Жапон әдебиетінде байқалған жаңа бағыттарды біздің әдебиетке алып келді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз сол буынның ішіндегі орны да, жөні де бөлек, жүріс-тұрысы да бөлек қайталанбайтын тұлғаларымыздың бірі болды.
Осындай тұлғамен Алла тағала бізді ағалы-інілі болып, әдебиетте де, өнерде де, әсіресе театр мен ұлттық рухани кеңістікте қатар жүруге жазғанына шүкір дейміз. Асекеңнің жанында жүргенде, аяғымызды тартыңқырап жүретін едік, тілімізге ие болуға тырысатынбыз, бір-екі сөз айтардың алдында «қателесіп кетпейін, мына кісінің нысанасына түсіп қалмайын» дейтінбіз.
Өкшесін басқан інілері ғана емес, қатарластары да аяқ тартыңқырап жүретін. Иықтастарының, өзімен таланты қарайлас әдебиет дейтін әлемде үлкен-үлкен іс тындырған 60 жылдардағы жылымықтың арқасында келген ерекше буынның арасында «Асқар Сүлейменов бұл шығарма туралы не деді?» деген сөз кәдімгі шын ақиқат еді. Қарап отырсақ, сол кезде Асекеңнің өзі де жап-жас жігіт екен, бірақ бізге үлкен болып көрінетін. Міне, осындай интеллектуал адам айтқан шындықтың алдында біздің буын, бізден кейінгі буын да қарыздар деп есептеймін.
Бұл тұрғыда шындық айтатын адамға керек екі-үш қасиетті баса айтқым келеді. Біріншіден – мінез. Мінез болмаған жерде өнер өнер болмайды. Алпысыншы жылдары осы бір буын әдебиетке мінезді алып келді. Оның ішінде шығармасымен де, жүрісімен де, тұрысымен де, эрудициясымен де, интеллектісімен де ерекше көзге түскен, бағаланған ерекше мінезді адам осы – Асекең. Жақсы көрген адамына құлайтын, жек көрген адамын жер-жебіріне жетіп, қандай жиын, қандай мінбеде болса да кәдімгі «жеп» қоятын.
Екінші – терең білім. Білімін өзінің қоржынына ғана салып қоймай, жазған шығармалары арқылы көрсететін. Қызмет деген өз алдына, ал білім қорын жинау асқан табандылықты қажет етеді. Ол – әдебиетшінің міндеті. Сол міндетті атқару мен соған деген адалдық – оның басты ерекшелігі.
Үшінші қасиеті — қазақты, қазақтың болмысын, жаратылысын ерекше көре білген, сүйіп, ғашық болған адам. Осы үш қасиеті Асқар Сүлейменовті кез келген ортада, кез келген аудиторияда әрі сүйкімді, әрі қасында отырған кісілер оның мінезіне сақ қарайтын тұлғаға айналдырды.
Ол кісінің пьесаларының әрқайсысы өз алдына бөлек дүние. Біреуге түсінікті, біреуге түсініксіз. Мен ол кісінің пьесаларының бәрін оқып, бойыма сіңіріп алған адаммын.

Драматургияға алғаш келген кезде қасына ертіп, жетектеп жүріп, «мынау қате, мынау дұрыс» деп айтып, сәт-сапар тілеген осы кісі болатын. Асекең туралы күнделіктерімде де, мақалаларымда да көп айтқан екенмін. Соңғы екі-үш күнде қайта парақтап отырсам, кейінгі жазбаларымның өзі бір-екі мақалаға тұратындай дүние болыпты. Бірақ мен Асекең туралы көлемді мақала жаза алмай жүргендіктен де әруағының алдында бір қарыз адам секілді болып отырмын, шынымды айтайын.
Асқар Сүлейменов өзіне дейінгі ағаларына, қатарластарына қатты айтқанымен кейінгі іні-қарындастарының жалынан сипап жүріп жеткізді. Ешқайсымызға артық сөз айтқан емес. Жақсы дүние көрсе баладай қуанатын. Жақсы дүние оқыса, сол түні ұйықтамай, жарты Қазақстанды болмаса да жазушылардың біразын телефонмен оятып:
– Әй, сендер де қалып қойыпсыңдар ғой! Кеш қалыпсыңдар! Әдебиетке мынадай дүние келіп жатыр деп, қуанып, сүйінші сұрайтын.
Міне, осы қасиетімен де ерекше еді. Асқар Сүлейменов – қазақ көркем ойының, қазақ әдебиетінің қозғаушы күші, генераторы болған адам. Қамшыгері болды, қамшысы әрі дырау қамшы болатын.
Сондықтан бүгін мен мына жерде отырған ағайынға, аудармашы Әбдулқадыр бауырыма, Әлия өзіңе, айналайын, Қарлығаш қызыма, Ұлттық кітапханадағы қыз-жігіттерге көп рақмет айтамын. «Әруақты жерден ат үркеді» дейді. Міне бүгінгі жиынға Асекеңді сағынған, Асекеңді іздеген, нағыз жақсы көретін адамдар ғана жиналған секілді. Өткен күнге көз жүгіртіп қарасақ, бір дәуірдің бір шоғыр тұлғалары кетіп қалды. Осы жиында бүгін біз жалғыз Асқар Сүлейменовке ғана емес, тұтас бір дәуірге, әдебиеттің бетін жаңа арнаға бұрған марқасқаларға құрмет көрсетіп отырмыз!

Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы, киносценарист, Қазақстанның халық жазушысы

Асекеңнің бойында әулиелік бар еді

– 1960 жылдары Асекең жайлы менің құлағыма жеткен аңыз есімде жақсы сақталған еді. Оны маған Әбекең (Әбдіжәміл Нұрпейісов) айтқан сияқты. Ташкентте жазушылардың Бүкілодақтық съезі болып, жап-жас Асқар Сүлейменов сөз сөйледі. Ол кісі трибунадан түскенде жиынға қатысушылардың барлығы бір-біріне қарап, «бұл кім?» деген сұрақ қойып, күбірлесіп кеткен екен. Яғни, Ташкенттегі жазушылар басқосуының қаһарманы, ерекше құбылысы Асқар Сүлейменов болыпты. Өйткені бұрын-соңды ондай сөздерді ешкім айтпаған.
Өзімен таныспай тұрғанда біздің құлағымызға Асекең туралы осы аңыз жеткен еді. Асекеңді сырттай білу аздық етеді, ол кісіге таңғалу үшін жеке дидарласу керек. Сондай тұлға еді. Ол әлемдік әдебиет туралы жан-жақты білімімен жұртты таңғалдыратын. Ол лекция оқымайтын, бірақ бір-екі ауыз сөзінен терең білім иесі екені сезілетін. Қазақ әдебиетінің кеңістігіндегі сол буын өкілдерінің ішінде Асекеңнен кейінгі білімдар адам Әбекең – Әбіш Кекілбаев. Осы екеуінің білімдарлығына біз ерекше қызығатынбыз. Әрине, Мұхтар Мағауин ағаның еңбегі – қазақ тарихында қазақ үшін ешқашан жасалмаған үлкен еңбек. Біз енді ғана әдебиеттің табалдырығын аттаған уақытта біздің алдымызда осындай таңдай қақтырар ағалар болды. Оның ішінде Дүкенбай Досжанов та бар.
Әлем әдебиеті өз алдына, біз өзіміздің алдыңғы буын ағаларды түгін қалдырмай оқитынбыз. Осы кісілерді оқып, тыңдап, қолымызға қалам алуға бел будық.
Жалпы әдебиетке келу, қолға қалам алу оңай шаруа емес. Бұл естілік пен есуастықтың арасындағы шаруа дегім келеді. Бұған дейін көп дүние айтылып кеткен әдебиет әлеміне өз сөзімді қосамын деп келу желөкпеліктің, өжеттіктің бір түрі деп айтамын. Біз сондай жағдайды басымыздан кештік.
Асекеңнің үлкен шығармасы «Бесін» ғой. Қазақтың тарихында ерекше бір 40 жыл бар. Ол – 1916 жыл мен 1956 жылдың арасындағы 40 жыл. Осы 40 жылдың ішінде қазақ не көрмеді, не көрді? Бәрі бар! Ол жылдардағы қазақтың трагедиясын жазу үшін Шекспир жетпейді! Ал халық осы жылдар ішінде Шекспир жаза алатын, біз жаза алмай кеткен трагедияны бастан кешті. Қазақ деген халық осы қырық жылда азаматтық соғысты көрді, аштықты көрді, 37 жылғы ойранды көрді. Сол трагедияны адекватты түрде, лайықты тереңдікпенен Шекспирлік деңгейде жаза алмадық-ау деп, арман етеміз. Сол трагедияға Асекең «Бесін» шығармасымен қалам тартты.
Бір күні бір жиында Асекеңнің қасында отыр едім, ол кісі «биыл мені жөнелтесіңдер» деді құлағыма сыбырлап. Мен оған мән берген жоқпын, бірақ құлағымда қалды. Сол жылы Асекең о дүниеге кетті. Осыған қарап Асекеңнің бойында әулиелік болды деп ойлаймын.
Менің бір таңғалатыным, ол қазақ тарихында өзіне дейін де болмаған, өзінен кейін де болмайтын тұлға болды.
Біздің бағымыз осындай адамдарға іні болып, сөзін тыңдап, қасында жүргеніміз. Осындай тұлғаны еске алу жиынына уақыт бөліп қатысып отырған жандарға алғысымыз алабөтен. 1960 жылдардағы ағаларды қазіргі жастар білсе екен, оқыса екен дейміз. Өйткені олар тегін адамдар емес еді, әрине олар Абай я Әуезов емес, бірақ олар бұл екеуіне ұқсамайтын әдебиетті өмірге әкелген тұлғалар. Сондықтан осындай жиындардың өткені кейінгі ұрпаққа өнеге.

Абдулкадир ӨЗТҮРК, 
түркітанушы, Орду университетінің профессоры, Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті Филология факультетінің деканы, Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» шығармасын түрік тіліне аударған аудармашы Қарлығаш Қабайдың жетекшісі

Ерекше жазушымен таныстық

– Қазақ әдебиеті Түркиядағы түркі жұртына түркі жұртын шексіз сүйген Мағжан Жұмабаев сынды тұлғамен, ұлттың оянуын армандаған, ұлт үшін қалам тербеген Міржақып Дулатов сынды ақындарымен, теориялық әдебиеттің ғана емес, практикалық әдебиеттің де дамуына үлкен үлес қосқан Ахмет Байтұрсынов сынды ғалымдармен, биыл мерейтойы өтіп жатқан ғұлама ойшыл Абай Құнанбаевтың шығармаларымен кең танымал. Бірақ  Асқар Сүлейменовтің шығармаларын оқыған кезде біз мүлде басқаша әсерге бөлендік. «Бесатар» шығармасы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, тарихы тұрғысынан аса маңызды шығармалардың бірі. Бұл кітаптағы символикалық мәнге ие дүниелердің көптігі біріншіден, жазушының қиялының ұшқырлығын аңғартса, екіншіден, шығарма жазылған дәуірдегі қазақ халқының өмір-салтынан біршама ақпарат береді. Өйткені кеңестік кезеңде жазылғаны үшін дәл сол кездегі символдар арқылы астарлап, ең маңызды тетіктерін жеткізеді. Үшіншіден, автордың дүниетанымының, білімінің тереңдігін көрсетеді. Себебі шығармашылық 1 пайыз таланттан, 99 пайыз еңбектен туатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Асқар Сүлейменов тек қана қазақ қоғамының емес, әлемдік деңгейде жазатын тұтас әдебиеттің белгілі өкілі екеніне шығарманы аудару барысында көз жеткіздік. Шығарманы аудару барысында қазақ тілінің тілдік ерекшелігіне, тілдік байлығына да таңғалдық. Синонимдердің бірдей мағынада секілді көрінгенімен, әрқайсысының бір-бірінен көзге көрінбейтін нәзік айырмашылығы барына куә болдық. Әр сөзді аудару барысында көптеген сөздікке жүгініп, олардың мағынасын толық қамтитындай етіп беруге тырыстық. Яғни, автордың шығармадағы өз тілін, ішкі үнін барынша сақтауға тырыстық. Бұл шығарма ең алғаш 2021 жылы шәкіртім Қарлығаш Қабайдың магистрлік жұмысы ретінде таңдап алынды. Жұмыс барысында оның транскрипциясын, аудармасын, тілдік грамматикалық талдауын және өзіне ғана тән сөздігін әзірледік. Нәтижесінде ол ғылыми жұмыс 552 бетті құрады. Сөздікте қазақ тіліндегі әр сөздің қазіргі қазақ тілінде қолданылуын ғана емес, көбіне шығармада автор мақсатты түрде қолданған, автор сөзге жүктеген мағыналарын беруге тырыстық. Сөздік – Асқар Сүлейменов тілінің сөздігі ретінде болашақта кеңейтіліп, қайта басып шығаруға болатын еңбек. Тек қана «Бесатар» емес, алдағы уақытта « Адасқақ» секілді өзге де шығармаларын аударып жариялау ойымызда бар. Бізді ең бірінші автордың ойлы сөзге шеберлігі таңғалдырды, өзіне ғана тиесілі стилі бар екені осы тұста аңғарылды.
Біріншіден, Әлия апайымызға, Асқар ағаның балаларына рақмет айтқымыз келеді. Ол кісілердің рұқсатымен «Бесатар» атты шығарманы түрікшеге аудардық. Ондағы мақсатымыз, Түркиядағы оқырман Абай, Мағжан сияқты қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерімен қатар Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» шығармасында сөз болған 1916 жылғы Түркістандағы Созақ көтерілісі туралы мәліметтерді білсе деген ой. Кітап 1000 данамен басылып шықты.

Әшірбек КӨПІШЕВ, жазушы-публицист, ҚР Баспа және полиграфия ісінің қайраткері

Бүгінгі жиын тұлғаларды таныту міндетін атқарды

– Мен Асекеңді мынандай екпінмен еске аламын.
Адамзат көктеп өсер ізгі арманнан,
Болмаса не іздейді бұл жалғаннан?
Ғасыр да, бұл өмір де өтер бәрі
айырылма бір Алладан, жалғыз Хақтан!
Ол кісі анасының атын атап, оған қарата «Ей, Сүлейменнің жесірі» дейтін. Мен алғаш естігенде шошып кеткем. Сөйтсем әкесі екінші дүниежүзілік соғыста опат болған Асекең анасына солай еркелеген екен. Жалпы қазақ тағдырында тұлғаларды Алла жаратады. Бағана үйден шығарда мен бұл кісіге арнап дұға оқып шықтым. Бұрынғы замандағы бабалардың барлығы иманмен өткен, олардан тарайтын ықпалды күш пен мінездің қуаты Асекеңнің бойында бар. Сол қуаттан шығарма туады. Асекеңнің бойындағы сол бір мінезге біз куә болдық.
Тарихтан Сталин кеткен 1960 жылдары қазақ әдебиетінде үркердей жарқыраған бір шоғыр буын пайда болды. Әбдіжәміл Нұрпейісов редактор болған кезде таланттардың көзі жарқырап ашылды. Бұл да бір уақиға! Кейін ондай рух Шерхан Мұртаза ағамыз редактор болғанда да әдебиетке серпіліс берді.
Ең алғаш ол кісіні Сайлаубек Жұмабеков үйленгенде көрдім. Сайлаубектің тойына Асекең бастаған жүзін көрсең де жақындай алмайтын әйгілі тұлғалар кіргенде сасып қалдық. Асекең Сайлаубек Жұмабековтың нағашысы екен.
Бұл кісі Мұқағалимен бірге жүрді. Бір күні Олжас Сүлейменов үшеуі Жазушылар одағының алдында сөйлесіп тұр екен. Біз өтіп бара жатырмыз, Асекең екеуіне қарап: «ну ладно, нас ждут» деді. Біз сырттарынан қызыға-қызыға өтіп кеттік. Мұндай тұлғаларды кейінгі ұрпаққа танытып, құрметін арттыру бүгінгі буынның парызы. Бүгінгі жиын сол міндеттің жүгін көтеріп отыр.

Қарлығаш ҚАБАЙ, ақын, аудармашы, Орду университетінің PhD докторанты:

Мақсатым – жазушыны түрік ағайындарға таныстыру

– Дулат Исабековтың «Қарғын» романының қолжазбасын Асқар Сүлейменовке ұсынып, бөлме ішінде тыпырлап, әрлі-берлі жүрдім, деген естелігі бар ғой. Сіздердің алдарыңызда тура сол секілді толқып отырмын.
Ең алғаш Түркияға 2019 жылы жолға шығып, сол жақта біраз жыл тұратын болғандықтан барынша минимал өмір сүру үрдісін ұстана бастадым. «Бір адамға өмір сүоу үшін көп нәрсе қажет емес қой» деген ұстаныммен, сапарға шығарда әр заттан бір дана аламын деп шештім. Ең қиыны кітап таңдау болды. Сол кезде Асқар Сүлейменовтің «Бесатар» шығармасын алып кетейін деп шештім. Елге қайтқанша кітапты түрік тіліне аударып, сондағы ағайынға аманаттап тастап кетейін деген мақсатым болды. Студент кезде авторды жата-жастана оқыдық. Ол кісінің тереңдігі, өзіне ғана тән талғамы, ойды астарлы сөзбен беру стилі бізге қатты әсер етті.
Аударма барысында ол кісінің өзі жасаған бейнелеуіш сөздер мен еліктеуіш сөздердің көптігі, белгілі бір жұрнақтар арқылы дәл сол нәрсеге өзі характеристикалық ұғым, мән-мағына, көңіл-күй дарытуы, әсіресе, шығарма аудару барысында қиындық та тудырды, бір жағынан қызық та болды. Сол үшін ол кісінің жеке сөздігін дайындадық. Тілінің көркемдігіне нұқсан келтірмеуге тырыстық. Автордың рухы шат болсын! Осы шығып жатқан кітапты Түркияда студенттер мен докторанттар оқып жатыр. Алдағы уақытта да көп оқылып, бұдан өзге де шығармаларын аударуға ықпал етсе деген ниетіміз бар. Түркі халықтарының ішінде Түркияда ең көп оқылатын Шыңғыс Айтматов. Асқар Сүлейменовтің де сол деңгейде оқылуын қалар едім.
Осы орайда өзімнің ұстазыма үнемі қолдау білдіріп, көтерген бастамаларымды қолдап, уақыт бөліп, бағыт-бағдар бергеніне алғыс айтамын.

Күміс МОЛТАБАРОВА, философия ғылымдарының докторы, профессор

Абсолюттік идеал тұлға

– Асқар Сүлейменовтің әрбір сөзі афоризмге айналып кетті десек қателеспейміз. Аристотель өзінің «Поэзия» деген шығармасында қуаныш пен қайғыдан өнер туады, содан адам жаны тазарады, дейді. Ал біздің Асқар ағамыздың өнерге берген анықтамасы Аристотельден кем емес. Ол кісі өмір – тән, өнер – жан; тән тұншыққанда – жан шыңғырады, дейді. Қандай ұлы анықтама десеңізші.
Ол кісі дәстүрлі емес діндердің өршитінін де бұрын сезген сезгендей. «Ас – рәсім, рәсім – этнография, этнография – мәдениет» дейді. Мәдениетке 146-ға жуық анықтама берілген екен. Осынша анықтаманың ішінде менің жаныма жақыны осы Асқар ағаның анықтамасы. Ол қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жан тәнімен сүйген адам. Ол кісіні мен кемел адам деп есептеймін. Оның шығармашылығын әлі де зерттеу керек, тереңдігіне бойлау керек. Біз мұндай тұлғаларды абсолюттік идеал адамның бейнесі ретінде мәңгі есте сақтауымыз керек.

Дидар АМАНТАЙ, жазушы, киносценарист

Рухани мұрасының тереңіне бойладық

– Біз Асқар Сүлейменовтің көзін көрмедік, бірақ артында қалған рухани мұрасы бізге қатты әсер етті. Әлі есімде 1988 жылы шыққан «Адасқақ» кітабын Әмірхан Балқыбек, Қазыбек Құттымұратұлы үшеуміз кезек-кезек, бірімізден біріміз алып оқыған едік. Осы жиында Асекеңнің жазу мәнерін постмодернизмге жатқызуға болады деген пікірлер айтылып жатыр ғой, меніңше ол кісінің модернизмге де толық қатысы бар. 1960 жылдары әдебиетке Асқар Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Қабдеш Жұмәділов сынды ағаларымыз тасқын күш болып келіп, әдебиеттің бір дәуірін жасады.

Шәмшәгүл МЕҢДИЯРОВА, актриса, ҚР Еңбек сіңірген артисі

Білімінің тереңдігінен көп адам қаймығатын

– Асқар ағамен көрші тұрдық, осындай ұлы адаммен араласып-құраластық. Ол кісі кез келген уақытта үйге келетін, кез келген уақытта жолдасымның шеберханасына баратын. Бақытжан (Бақытжан Әбішев – суретші-мүсінші) қалада өскен жігіт болғасын кейбір қазақы ұғымдарға бойлай алмайтын. Асқар ағамен көп әңгімелесіп, жиі жолығып тұрғандықтан Асқар аға оның бойына қазақы ұғымдарды дарытты деп ойлаймын.
Ол кезде біздің үйге ақын-жазушылар, суретшілер жиі келетін. Ондайда ағаны міндетті түрде үйге шақыратынбыз. Дастарқан басындағы әңгімеде ағаның терең білімі, бейнелеу өнерінің сол тұстағы тарам-тарам ағымдарынан, шетелде болып жатқан дүниелердің бәрінен хабардар екені отырғандардың барлығын қаймықтыратын.
Айтоты апамызбен де жақсы араластық. Айтоты апаның өзі де  ғұлама адам болды. Ең алғаш Наурыз мерекесі қайта атала бастаған кезде  ауладағы үй-үйдің әйелдері жиналып, өзеннің бойына үлкен тайқазан қойып, көже жасадық. Сонда Айтоты апа не қосу керек, неден кейін не салу керек екенін үйретті. Көже дайын болғанда көшеде келе жатқан адамның барлығына: «Наурыз көжеден ауыз тиіңіздер!» – деп тараттық. Айтоты апа өзінің болмысыменен, адамдармен қарым-қатынасымен бізге көп үлгі көрсетті.
Сондай кісілермен көрші тұрып, жиі басқосып жүрсек те білмегенімізді сұрап алмағанымызға осы күні өкініп қалдық. Бір медет тұтатынымыз: ағаның шығармаларын оқыған оқырман көп мәлімет алатыны.

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы

Рухты адамның ілтипатына бөленгеніме ризамын

– Қазір ойлап отырсам, өмірде ең көп сөйлескен адамым Асқар Сүлейменов екен, телефонмен де ең көп сөйлескенім – Асекең.
Ол кісінің әрбір сөзі қызық. Сөздері күнделіктерімде де бар. Ондағы кейбір жазбаларды мүмкін, шығарармын, мүмкін, шығарма­спын.
Ол кісі маған үнемі «Балақайға ағатайдан» деп жазып пластинка сыйлайтын. Сондай рухты адамдардың қасында жүргеніме, ілтипатына бөленгеніме, керемет сөздер естігеніме қазір шүкір айтамын. Ағаның рухы шат болсын!

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ, ақын

Ұлы жазушыда ұсақ-түйек болмайды

Біздің арамызда Асекең аңыз болып жүретін. Бір күні мені Аманхан Әлім Асекеңмен таныстырайын деп «Қаламгерге» ертіп барды.
«Қаламгерге» келіп:
– Асеке, мынау Байбота деген ініңіз, ақын, – деп айта бастаған еді.
Ол түріме қарап:
– Біздің баласың ғой, – деді. Онша түсінбей қалдым, түсінбегенімді сезді ме:
– Қай ауылда туған едің? – деді.
Туған ауылым ол кезде Талап деп аталатын, Талап деген ауыл әр жерде бар, шатас­тырмасын деп:

 – Сауранда туғанмын, – дедім. Сауран – біздің совхоздың территориясын­дағы көне қала.
– Айттым ғой, біздің баласың, – деді.
Қолымда кішкентай ғана тұңғыш кітабым болатын. Кітабымды сол жерде Асекеңе бір ауыз тілек жазып ұсындым. Бетін ашқан жоқ, жан қалтасына салып,
– Оқимын, – деді. Сол кітап қалтасында бір ай жүрді. Кездескен сайын: «Оқып жатырмын», – деп алып көрсетеді де, қайтадан салады.
Өзі бір баспа табақ кітап, оқыса жарты сағаттың ішінде оқып тастауға болады ғой. Бірақ бір ай қалтасында жүрді. Асекеңмен содан кейін Аманхан арқылы сирек болса да хабарласып, араластық. Содан кейін Жұматай – Жұматай Жақыпбаевпен жақсы достығы бар еді, сол Жұматай арқылы араласып, біраз әңгімелерін тыңдадық. Шын мәнінде, Асекеңнің әңгімелері қайталанбайды. Жазу стилі қандай күрделі болса, сөйлеу мәнері де сондай күрделі, астарлы болып келетін.
Асекеңмен танысқаннан кейін, арада шамалы уақыт өткенде «Сауран» деген өлең жаздым. Сөйтіп, Асекеңе арнап, «Жұлдызы жоғары» деген кітабыма енгіздім. Асекең қайтыс болған кезде «Ұлы жазушыда ұсақ-түйек болмайды» деген мақала жаздым. Шын мәнінде, ол кісіде ешқандай да ұсақ-түйек жоқ еді. Әруағы риза болсын!

Анар ЕРКЕБАЙ, театр сыншысы, өнертану кандидаты

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ ПЬЕСАЛАРДЫ АУДАРДЫ

–  «Бесатар» кітабының түрік тілінде шығып жатқан таныстырылымы құтты болсын! Басқосу өте мазмұнды өтіп жатыр. Осы күнге дейін Асқар Сүлейменов ағамызды бір қырынан білсем, сіздердің естеліктеріңіздің арқасында басқа қырынан танып жатырмын.
Асқар Сүлейменов қалам тартқан әдебиеттің үлкен бір бағыты – драматургия еді. «Кек» және «Ситуациялар» триптихі кезінде М. Әуезов театрының сахнасында қойылып, өте танымал болды. Бұл жерде ол кісінің Әубәкір Рахимовпен шығармашылық тандемде болғанын баса айту керек. Тәуелсіздік жылдарындағы пьесалар туралы айтқанда Әшірбек Сығай, Бағыбек Құндақбаев, Ахметжан Қадыров, Бақыт Нұрпейіс, Амангелді Мұқан сынды танымал театртанушыларымыз осы қойылымдарды ерекше атап өткен.
Әсіресе, «Ситуациялар» триптихі, менің ойымша, әлі күнге дейін өзекті шығармалардың бірі. Өйткені бұл жерде Асқар Сүлейменовтің өзіне ғана тән тілдік, стилдік ерекшеліктер айқын көрініп, адам өмірінің уақытпен, қоғаммен байланысы сөз болады.
Өкінішіке қарай, Әубәкір Рахимовтан кейін бұл шығармаларды сахналайтын режиссерлер азайды. Өйткені заман, заманға икемделіп театрдың бағыты өзгерді.
Кейінгі жылдары қазақ театр өнері постдрамалық бағытқа бет бұрды деген ғылыми тұжырымдар жасалып жатыр. Сол себепті қазіргі жас режиссерлер қолға алса, Асқар Сүлейменов шығармаларындағы философиялық ой-толғамдар, адам мен қоғам арасындағы нәзік байланыс, сондай-ақ шығармаларда көтерілген интеллигенция мен қоғам арасындағы өзекті мәселелер бүгінгі жастарды қызықтырады деп ойлаймын. Сондықтан да бұл шығармалардың сахнадағы болашағы әлі алда деп есептеймін.
Сонымен қатар, Асқар Сүлейменов – аудармаға да өте көп мән берген жазушыларымыздың бірі. Әлемге әйгілі атақты драматургтердің шығармаларын біз сол кісінің аудармалары арқылы оқыдық. Бертольд Брехттің эпикалық театрымен де, Теннесси Уильямстың «Шыны хайуанаттар» сынды терең психологиялық драмасымен де таныса алдық. Михаил Булгаковтың «Жендеттер» пьесаларымен, Малердің комедияларымен де таныстық. Бұлардың барлығы Қазақстан театрларының сахнасында қойылып жүр. Сондай-ақ Әуезов театрында Алёна Қабдешованың режиссерлігімен «Шыны хайуанаттар» спектаклі камералық сахнада қойылды. Соңғы кезде сахналанған спектакльдердің бірі – «Адасқақ». Режиссерлеріміз мұнымен кідіріп қалмай, әлі де Асқар ағаның шығармаларын сахналайды деген сенімдемін.
Жиын барысында күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Респуб­лика Жастар одағы сыйлығының лауреаты. «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Секен Тұрысбек жылы естелік айтып, күй шертті. Сонымен қатар, белгілі кинорежиссер Кенжебай Дүйсенбаев, жазушы, сыншы, аудармашы Абай Мауқараұлы сөз сөйлеп қаламгердің шығармашылығына тоқталды.

 Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА

https://aqiqat.kazgazeta.kz/news/12849

Сөзбелгілер: Beşli TüfekАсқар СүлейменоваудармаБЕСАТАРжаңа кітап
Алдыңғы жазба

Джетон Келменді: «…сіз миссиялық өмір сияқты мағынаға толы сөздерді жақсы көретінсіз»

Келесі жазба

«…Қазақ поэзиясы ойға келіп арқа сүйеді»

Ұқсас мақалалар

«Солақайлар» һәм «жаңа қазақ поэзиясы»
Жаңалықтар

«Солақайлар» һәм «жаңа қазақ поэзиясы»

21.02.2026
154
Келесі жазба

«...Қазақ поэзиясы ойға келіп арқа сүйеді»

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын

Сөзбелгі

Your browser doesn't support the HTML5 CANVAS tag.

  • әуендер мен естеліктер
  • сын
  • аударма
  • жаңашылдық
  • түрік поэзиясы
  • философия
  • поэзия
  • жазу
  • өнертапқыш
  • абсурд
  • жаңалықтар
  • проза
  • ғалам
  • таным
  • түйсік
  • сен және ол жайлы
  • сурет салу
  • өлең
  • қоғам
  • ойлар
  • үрей
  • өнертабыс
  • сағыныш
  • ӨНЕР
  • кітаптар
  • көркемөнер
  • стиль
  • Боб РОСС
  • әдебиет
  • еркіндік
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ

«ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ» порталы – Қазақстандағы тәуелсіз әдеби кеңістікте қалыптасқан әдебиет пен өнердің онлайн-платформасы.

Байланыс

  • Бас редактор: Қарлығаш ҚАБАЙ
  • Email: karlygaaaa.sh@gmail.com
  • Мекенжайы: Астана / Қазақстан
  • Телефон: +7 747 702 9797

Соңғы жазбалар

  • Асқар Сүлейменов “Бесатар” (Beşli Tüfek)
  • Боб РОСС: «The Joy of Painting» немесе «Сурет салу қуанышы»
  • «Телефон арқылы алғаш айтылған сөз немесе «Сен маған керексің…»

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Поэзия
  • Проза
  • Сын
  • Кітаптар
  • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Көркемөнер

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру