(Поэма)
«Заһид – еш нәрсеге иелік етпеген
жан ғана емес, ештеңенің өзіне
иелік етуіне жол бермеген жан…»
Әбу Тәліб әл-Мекки
“Кутү’л-Кулуб»
(Жүректердің азығы)
“…Тәрк ету ғана емес, тәрк етілу де – ЗУҺД”
(авт.)
I
Жол
Жол –
Шексіз құмның ортасынан басталған,
Көлеңкесін іздеген Софи
Ой ішін кезіп,
Ұзақ сапарға аттанған…
Таңғы тыныштықтағы
құстардың қанаты
түнді жарып шыққандай азалы.
Ал күн –
Көктен төгілген уағыз сынды,
Жерге жайылып барады
Тағы…
Үнемі
жарым-жартылай қалатын өмірін
кішкентай жолсөмкеге сыйғызуға
тырысудың не екенін
Жақсы білетін ол…
Үнемі
Аспанға аяғынан асылып өмір сүргендей
сезінбеу үшін
Жолға шығатын тағы…
Жолға шыққан әр сәтінде,
Өмірді де жол сынды
Тезірек жүріп өткісі келгендей,
Тезірек біліп өткісі келгендей
асыққан…
Жолға шыққан әр сәтінде
Жолдың аяқталатынын білетін.
Жолдың мәңгілік емесін
Сүйегіне жеткенше
Сезініп жүретін…
«Мәңгіге Жолда қалатын –
жолдың өзі ғана» – дейтін
сонсоң…
Осы ойды медет қылғандай,
Осы ойы өжет қылғандай
Жолға шығатын
тағы…
II
Аңызкөшкен
Бұл жер –
Он тоғыз теңіздің
Түйіскен нүктесінде
Тақ құрған
Талуй ханның ғазабын құшып,
Артында тек қана аңыз қалған
Алып мұхиттың
Өз-өзін өртеген тұсы…
Артынан аңыз ғана көшкен,
Алып мұхиттың
Орнында қазір
Алып бір теңіз бен
Алып бір шөл қалған.
Құдды шексіз үнсіздік пен
Бітпейтін шу сынды,
Шексіз тыныштық пен
Шексіз толқындай қозғалған…
Немесе
Өмір мен өлімдей
Аңдаусыз кез болған…
Алып теңіз бен алып шөл
Бір-бірін үзіп,
Бір-бірін жалғап,
Бір-бірін жеңіп,
Бір-бірін жеңе алмай келіп.
Ғасырлық арпалыстың ішінен
Аман қалғандай…
Үнсіз жар құшып
Жатады қазір.
алып теңіз бен
алып шөл-жазық.
Алып мұхиттың аманатындай
Алып Каспий мен
Алып даланы
Алақанына толтырып,
Апарғысы келеді
Ертеңге…
Алақанына жазылған
Құдай өлеңін көріп
Кетер ме дейді
Кемсеңдеп…
III
Күту
Бүгін де
Ештеңе таппады,
Ешкімді таппады,
«Түкке тұрғысыздығымыздың»
Түкке тұрғысыз
тағы бір таңын
аяққа таптады…
Сол сәтте жел ғана әуелеп бір әуен,
Сыр төкті.
Теңіз бетіне көтерілген күн,
Құмға төгіліп,
жылт етті…
Жартасты,
Құмдарды,
Жолдарды
Қалдырып жырақта,
Боздаған боз таңда
Бозарған далаға беттеді
Беймәлім сұрақтар…
Әу маңда кезіккен кесіртке
Тағы да тәрк етіп құйрығын,
Жаңа бір өмірге сырғыған…
Бүгіннің салмағын көтермей еңсесі,
О, бәлкім,
Тағы да ертеңге асықты
адами тұрғыдан…
Өткеннің өрнегі,
бүгіннің салмағы,
Не көрді,
не күтті?
Қай әуен салғаны?
Бір жерден қайтқаны,
Бір жерге барғаны
есінде…
Қолында жалғыз-ақ естелік –
қалғаны.
Терезе алдына
Құстардың келуін көп күткен,
Теңіздің келуін көп күткен көңілі,
Барлығы тәрк етіп,
Барлығын тәрк етіп,
Аңсайтын болыпты заһидтің өмірін…
IV
Сынған құмыраны іздеу
«Жол бойы кезіккен құмыра сынығы,
Жаралы жанды емес,
Құштарлықтың күл талқан кезін
Есіңе түсірер болса,
Заһидке айналып шығасың сол сәт…» –
деп Софи тіл қатты.
Жүрегін
жұбаныш желпіп,
жазғыздық қоршап.
Сөйтті де,
Сынған құмыраны
Іздеуге аттанды,
Қай жерден табады?
Қай жақта сақтаулы?
Жол бойы кезіккен желден де,
төбеден,
құстардан,
Сұрады бәрінен,
Сұрады бұлттардан…
Жартастың қойнауы –
Құмыра сынығы,
Жол сілтеп осылай,
Шағала шұбырып.
Сол жаққа бар деді,
Бар деді жартасқа,
Уақытты сарп етпе,
Құр босқа кідіріп…
Шөлде бір керуенжол
Соқпағы бар деді,
Сол жақтан құмыра
Көріпті әлдекім.
Керуендер көшкенмен,
Керуенжол кеткенмен,
Құмыра еске сап жатады әрнені…
Сол жаққа,
сол жаққа,
бар, – деді әлдекім…
Әулие үңгірдің қуысы –
Киелі,
Құламай тұрғандай,
Құмыраға сүйеніп.
Бар деді Бекет пен
Шопанның басына,
Құмырадан су ішкен
Шөлдеген жиі еніп…
Торғайлар ұясы түбінде –
құмыра,
Қалғандай көз жазып,
кеткендей ыдырап.
Тіршілік атаулы ұясын іздеумен,
Өмір де өтеді дейді екен зымырап…
Бір жұлдыз түбіне жасырын жылыстап,
Жердегі бақытты әкеткен уыстап.
Дәл қазір құмыра дейді екен аспанда,
Жұлдыздың жарығы жалт еткен қуыста…
Қайда еді құмыра?
Қай жақта дәл бүгін?
Бақылап жүр ме екен бір жерде әр күнін…
О, мүмкін,
Отырған шығар-ау ойланып,
Еңседе… –
өмірдің көтерген бар жүгін…
Осылай ойлана бергенде үмітсіз,
Бір тылсым көріпті күтпеген құм үсті.
Құмыра-көңілі шытынай бергенде
Шопанның дәл өзі алдынан шығыпты…
V
Софи мен Шопанның әңгімесі
Софи:
Күндердің бір күні
Өліммен де жүздесерімді білгенмін,
Сөзсіз…
Ал сені көруім –
Тым тосын жайыттай,
Көңілім –
Мінгендей ескексіз қайыққа…
Санам да –
Бұлыңғыр бір түстен
Жатқандай айықпай…
Шопан:
Маңғаз тау, бозарған паң дала –
Бір тылсым түс сынды әсерге бөлемек.
Үнсіздік ішінде сөз жатыр бұл маңда,
Жарықтың мекені –
қою түн,
Жаңаның барлығы –
көнеде….
Түйсіктің тамырын дәл басқан танымақ
Шарқ ұрып іздеген өмірің,
негізі –
өлімде…
ізгілік қағбасы –
шаң басқан көңілде…
Шаң басқан қобызың –
Сарнайды ескі әнді.
Ескі әннің иесі, –
Өлуге тым ерте,
Сүюге кеш қалдың,
О, бәлкім…
Қираған құмыра іздеп жүр екенсің,
Жүрегің –
жаралы,
Көңілің –
секемшіл,
Жып-жылы сәулесін
Ақ таңның
Жатырқап,
Бозторғай үнін де
бөтенсіп..,
Келесің…
Мінекей,
кетілген құмыраң
Көп іздеп,
көп аңсап түңілген…
Бәзбіреу байқамай ұмыт қалдырған,
Бір жұтым шарап бар түбінде.
Кетік құмыра –
Өзіңнің көнерген жан-дүниең,
Сынығы – өткенің
Сәт сайын мұңыңды
жүретін әлдилеп…
Бір жұтым шарабы –
Бір жұтым шындығың,
Босаған бүйірі –
үміттің кіндігі…
Софи:
Маған
Бақытсыздықтың суретін сал, ата,
Бақыттың да…
Қираған құмыраға қарап,
Қираған құмарлығымды емес,
Қимас сәттерімді санап,
Жазғы бұйырғынға аузы тиген
Қой құсап
Отырмын тағы,
Өткенім –
мың жылдық шарап…
Құдды
Рухым махаббат дертіне
шалдыққандай
шыңғырып келіп…,
Сансыз сұрақтардың үйіндісіне
жерленгендей
жүрегім менің…
Жолға шыққан әр сәтімде
Жолдың соңын табардай
Үмітке еріп,
Құр алақан,
Құр сүлдерім қайтып бара жатады кері…
Жүріп өткен сайын ұлғая беретін
Бұл қандай сапар?
Дауасын жанымның шарқ ұрып
Іздеген сайын,
Ұлғая беретін
Бұл қандай уайым?
Жолда мәңгі қалатын –
Жолдың өзі ғана…
дегенмен
артта қалдырған соң аңсарлы теңізді,
шақырымдардың соңында
күтетін не бізді?
Ішімдегінің бәрін
Қоқысқа лақтырып,
Қоқысты арқалап жүргендей сенделе,
Қоқысқа айналған күйдемін
Мен неге?
Шопан:
Сортаңның бар сөлін
Асықпай сораптап,
Шөл жайлап жататын бұйырғын –
Сабыр мен төзімнің үлгісі,
Өсімдіктердің биігі…
Сабыр мен сенім ғой
Сенің де –
Жаныңның емдейтін
Күйігін…
Қой бағып отырып,
Ой бақтым бұл маңда,
Сол үшін
Шопан деп атайды ел мені,
Ғұмырды ұстаздың асасын
іздеумен
өткіздім –
Қолымнан келгені…
Қысқа бір саяхат,
Ұзын бір ізденіс –
Өмірдің бар мәні.
Ғашыққа қауышар сәтті күтеміз,
Мәнсіздік… – қалғаны…
Ғашықтың жолында адасып,
Адамзат
Сан қилы күйге енбек.
Шындығы –
Қой қайыруды білгендер
Нәпсі тиюды да үйренген…
Осылай тілдесіп,
Мұң кешіп,
Артта қалдырып
уақыт пен
Жолдарды екеуі.
Аяңдап боз дала,
Боз аспан шетінде,
Бозжыра маңына
келіп те жетеді…
Софи:
Жалаңаш жартасқа табан тіредім,
Жалаңаш жүректі
Асқақтық билеген сәттерде.
Қай бекет бізді апарар екен
Сағынған,
Аңсаған,
Көктемге..?
Құз жартас мынау –
Армандай асқақ,
Армандай үрейлі тағы.
Шындығы –
Үркіткен бізді биіктік пе,
Әлде
Құлаудан қорқа ма адамның жаны?
Жарыққа ғашық көбелек сынды,
Өртеніп тыну –
Бұл күнде арман.
Сенімге селкеу –
Жалғыздық кейде,
Сезімді алдап бір күндік жалған…
Дедалдың ұлы Икардай болып,
Балауыз қанат,
Бел байлап күнге…
Жеткенде Ғашық диярына алыс,
Қарсы алар ма екен күлімдеп,
Кір деп?
Ғашық жолында өртену –
Мақсұт,
Неге онда қанат қақпаймыз көкке?
Үркіткен бізді биіктік пе,
Әлде
Үрейіміз бе секемнен жеткен…
Шопан:
Ғашықтың әуенін ұғынған,
Ғашыққа жетуді
Көксеген жан бар ма тағатсыз?
Жалғанның желігін жамылған адамдар –
Сезімсіз,
Қиялсыз,
Қанатсыз…
Бұл жолда
Өмір – бір теңіздей,
Ал теңіз –
Тамшыға тең келмек,
Тамшы да –
Теңізге…
Алдымен өз жанын тәрк етіп үйренсін,
Нәпсісін емізген…
Ғашықтың жолында,
Өз-өзін тәрк ете алғандар,
Ие боп қалады қанатқа…
Дүниенің қызығы –
Байлық пен билікте дейтіндер,
Ғашыққа жете алмас ешқашан
Ұшса да сағаттап…
Топырақтан келгенбіз
дегеннің мәнісі –
топырақтай кең болу…-
барлығын бергенмен,
барлығын кері алу…
тәкаппарлығыңнан емделу…
Бар әуен,
Бар әлем,
Барлық жол –
Бізді тек Ғашыққа бастаған…
Бүкпесіз әңгіме айталық екеуіміз,
Ғашықты іздеген жас-ғалам…
Ғашықтың жолында
Қажет деп тапсаңыз,
Қанатты өртеңіз…
Бәрінен баз кешкен қалыпта,
Өртенген қанаттар жайында
Ғажап сыр шертеміз…
Өзінен баз кешкен жандардың
Ғашыққа жетуі секілді.
Қанатын өртегендердің ғана
Қанатқа айналып кетуі… –
Өмірдің шын заңы…
Өмірдің ілімін
Бойына сіңіріп үлгермей,
Көксемей Ғашыққа жетуді,
Қанатты аңсаумен жүргендей
Көп адам…
Софи:
Ғашықты іздеген сайын,
Жалғыздықтан да жалғызбын дедім мен,
Жалғыздықтан да жалғызсың деді жұрт.
Рухани үндестік тапқандай күйдемін,
Өзіңе кезігіп…
Айтшы, ата
Бірге ұйықтағандар
Бірдей түс көрмей ме?
Жалғыздық –
Еркіндік,
Дегенмен
Неліктен кемшілік секілді көрінді
ол кейде?..
Шопан:
Қарқылдап құзғындар жатады
Айқайлап жар-құзда.
Хақты аңсап ән салған
Тотықұс
Ал сонда жалғыз ба?
Жанында әні бар,
Аңсары бар сосын…
Жүретін жолы бар,
Мұңы бар –
….сәл тосын.
Данышпан патшалар –
Хақ жолын кешеді.
Ақымақ билеуші бар кезде,
Халықтың жанына
Жалғыздық көшеді.
Хақ жолы –
Шындықтан басталған,
Ақиқат –
Көз жасың…
Бір тамшы сөзіміз –
Бір тамшы жас сынды
Теңізді қозғасын…
Ақиқат –
Құлпытас секілді,
Жалғыздық –
Ақыры…,
Хақ жолын іздеген жан сынды
Сәждеге бас ұрып.
Ғашыққа жеткендер ешқашан
Жалғыздық шекпеген…
Уайымым,
Сезігім,
Секемім, –
Барлығы текке деп…
Ғашықты шарқ ұрып іздеуің –
Тәтті бір түс көріп,
Оянып кетудей…
Күн сайын көз ілу секілді
тырысып –
Сол түске жетуге…
Софи:
Ақиқат, шынымен, –
Сый болып келген жоқ ешкімге…
«ауадай немесе қажетің
Нан менен су сынды» дестім мен…
Ал бірақ
Қара нан,
қара су секілді
Мейірімді,
Жомарт,
Кеңпейіл көшелер –
Бұл күнде
Тек қана
Мүсінге айналып,
Музейге төселер…
Сондықтан
Біз бүгін
Қай жерде жалғыздық бар болса,
Сол жерге қонуға бекіндік…
Жұртына өгейлік,
…жайлады
жүректі – жетімдік…
Жібек жол елесін еске алып,
Жолсызда күн кешкен,
Керуені тәрк етіп,
Ескі күндердің елесімен
тілдескен
құмыра секілді –
ескі жұрт…
есіме түседі кешқұрым.
Сусызда тым ұзақ,
Судың үмітімен,
Судың қиялымен
Өз-өзін ертеңге жеткізген,
Сапарын сеніммен өткізген,
Түйедей…
Сәл діншіл…
Сәл қатты,
Тарих пен өткенге ауқатты,
Біздің ел…
Шопан:
Түйе –
Сенімін арқалаған күйі,
Алыс шөлді артта қалдырып,
Ғашыққа жетуді күткен жан құсап,
Сезімнен өңгеге қанат талдырып,
Қиялындағы бұлаққа келіп жетеді…
Сен айтып отырған отан да,
Тағдырдың шағылын кешіп,
Судың елесін жүрегінде сақтаған…
Ғасырлардың табалдырығын
Елес кезіп жүріп,
Ессіз күйде аттаған…
Сол үшін кейде
Құмды дауылға қарсы ұшқан
Құс қанатындай қатты,
Ал кейде
Жаңбырды күтетін көк өскіндей
жапырағын аспанға төсеп те жатты…
Сортаң жер ортасы секілді,
Сортаңдау мезгілде
Шыңырау қазам деп
Аңдаусыз көр қазып,
Мұхитқа сүңгіген кемедей,
Толқыннан көз жазып,
Қалғандай…
Алғашқы әуенін,
Есті үнін,
Желдің өтінде қалдырып,
Қармағына шер дала,
Шер көмген тауды іліп,
Алғандай аңдаусыз…
Бір аңыз баяндап берейін ал онда,
Есті елден көшкен-ді.
Көңіліңді ерітсін,
Жаңбырдай көктемгі…
VI
Құстардың мәжілісі жайлы аңыз
Бағзы заманда,
Бағзы заманның
Баяу бір түнінде,
Көктемнің шуағы кешігіп үлгерген,
Көктемсіз-ақ көкжүзі
Жазға айналып бара жатқан мезгілде,
Аспандағы ай менен күн де,
Жұлдыздар да
Жарығын үнемдегендей
Жер жүзін
Күңгірт түс жайлапты…
Ол шақ –
Шексіз теңіздің ортасында
Өзіне мазар іздеген
Толқындай болып,
қара өлеңнің де
ұйқасынан баз кешкен
кезі екен…
Жел қаққан құмдардың
үнсіз сырғығаны болмаса,
тіршілік атаулының
бар екені де білінбейтін секілді…
жусанның жұпар иісі жоғалып,
өзендердің күлкісі де тыйылған шақта,
құдықтың суы жер астына сіңіп,
орнында қара құрдым ғана қалыпты…
бұрынғыдай аңқымайтын болыпты
гүл-раушан,
бұлбұл да оған құмартуды қойған…
себебі
Ән салу да бұрынғыдай
Жанын нұрға бөлемейді қазір…
Ән шырқауды да ұмытқан бұлбұл…
Ән шырқай алу үшін
Гүл-раушанды сүйді ме екен?
Гүл-раушанды сүю үшін
Ән шырқай алушы ма еді әлде…
Білмейді…
Өлексенің барлығын жиып,
Әлемнің ең атақты,
бай құсы атанған –
Саудагер қарғаның
Сол байлығы
Күн өткен сайын
Шаттық емес,
Мұңға бөлейтін болыпты
жанын…
Күн өткен сайын
Байлықтан да жалыққан қарға,
Аспаннан жүз метр жердегі
Қашықтыққа барып,
Қолын көкке ұзатуды
Армандайтын болған…
Осылай
Күн өткен сайын
Ішінде бір қайғы
Ұлғая бергенге ұқсайды…
Шексіз биліктің иесі қыран да,
Айбатын шегіп,
Арқырамайтын болған ешкімге…
Шексіз билікке ие екенін айтып,
Қанатымен кеудесін сабалаудың өзі
Күн өткен сайын
Күлкілі көрінетін болған…
Күн өткен сайын
Бәрінен жалыққан,
Бәрінен баз кешкен қалыпта,
Құзар шыңның етегінде жатқан
Мынау тасты
Асқар биігіне дейін
Шығара алар ма екенмін?
Жоқ, әлде
Сизифтің күйін кешіп кетем бе?…
Ешқашан қолымнан келмесін білсем де,
Бәрінің бекер екенін біліп жүрсем де,
Кенеттен
Шексіз биліктен
Баз кешпеймін мен осы
Неге, әттең?.. –
осындай ойларға беріліп,
өзінен өзі де жеңіліп,
жүретін болыпты қыран құс…
Қаламқас пен
Қаражанбас арасындағы
Айқасқан далада.
Жұлмаланған жолдастарының
Өлексесін көріп,
Түңілген қоқиқаз…
Жұлмаланған жолдастарының
Өлексесі қалған
Бұл маңды тастап,
Жылы жаққа қайтудың
Мәнісін таппаған…
Осылай
Мәнсіздіктің табалдырығын аттаған…
Би билеп,
Көзбояумен айналысқан
Жылқышы құсы
Әртіске айналып үлгерген
Жәндіктерді осылай
Тұзаққа түсіріп жүргенде,
Бір күні жалығып бәрінен,
Бес күндік ас үшін
Айрылғанын ұқты
Бес күндік өмірдің мәнінен…
Адалдық құсы деп
Айтылған қарлығаш,
Ұясын қорғаумен жүр еді,
Бір таңда бәрі де өзгерген.
Ұясын талқандап жыртқыштар,
Жаны да ауырды
көз көрген…
Сол күні серт беріп өзіне
Ендігі ешқашан
Ұя салмауға сөз берген…
Көгершін
Мәжнүннің хаттарын арқалап,
Ләйліге жеткізіп жүретін үнемі.
Өмірін осылай өткізіп жүр еді.
Бір күні
Ең соңғы хатты алып,
Ғашығына опасыздық жасағанын біледі.
Мәңгілік махаббат –
Мәңгілік адалдық деп жүрген нәзік құс
Сол күннен бері
Бақытсыздықтың бояуына сіңіп,
Жалғыз өмір сүреді…
Торғай да
Еске алып балалық бал шағын.
Күн өткен сайын,
Дірдектеп шаршады…
Отсыз һәм жалынсыз
Ең суық мекенде,
ең суық ұяда
Күн кештік сол шақта
Жасымыз, кәріміз.
Тоңбау үшін өтпек жел өтінде
Бір-бірімізді құшақтадық бәріміз…
Сол шақта
Дейді де
Көзге жас алады,
Дауылда,
Жоқтықта,
Жауында
Торғайдың
Мейірім – қалауы…
Осылай құстардың бәрі
Өмірдің жолында
Мезгілсіз кезең мен
Мезгілсіз қайғыға тап келіп,
Күн өткен сайын,
Шешілмей сұрағы,
Ұлғайып әттеңі,
Ой мен мұң жандарын мүжіген…
Отпантау басында бас қосып,
Тесейдің кемесін еске алып,
Күн ұзақ отырар болыпты.
Сәт сайын бірігіп барлығы
Тораңғы түбінде жолықты…
Өмір жолында
Барлық ағашы ауысқан,
Барлық бөлшегі өзгерген,
Тәрк еткен,
Тесейдің кемесі –
Бастапқы кеме ме әлі де?
Өмірлік жұмбақтың мәні не?
Ал біз ше?
Бастапқы сезімнен,
бастапқы қалыптан
Қаншалық өзгердік?
Тағдыр кешкен сайын
Өз-өзімізді
Тани алмайтын кез келді…
Осылай сыр айтты қарт тырна,
Жапалақ құптады,
Үйректер бас изеп үнсіздеу.
Мәнсіздік жайлаған күйінде,
Бір ауыр күрсінген…
Тесейдің кемесі
Түсімізге жиі енетін болған
сол шақ –
Шексіз теңіздің ортасында
Өзіне мазар іздеген толқындай болып,
қара өлеңнің де
ұйқасынан баз кешкен кезі екен…
VII
Мән іздеу
Шүбәсіз,
Біздің де бір
Падишаһымыз бар,
Ол –
Аноооу,
Қап тауының аржағында…
Маңғаз мекенге
Біз де сол жақтан келгенбіз.
Ғасырлар бұрын,
Төбемізден бұлттардай қалқып,
Дәуірлер
Әлі өтпеген шақта…
Сопының асасын іздеп,
Уақытты да
Артқа тастап,
Маңғаз мекенге
Келгенбіз бәріміз…
Тесейдің кемесінің де
Ағаштары шірімеген
Мезгілде жеткенбіз…
Ал қазір
Падишаһты аңсап,
Сағыныш өзегін күйдірген
Сол кеменің
Сау тамтығы қалмай,
Әбден ескірген соң,
Әр бөлшегін қайтадан тұрғыздық.
Өз қолымызбен
Падишаһымыз ерекше талғаммен
Қабырғасын қалаған
кемені талқандап,
Жаңасын жасадық…
Бірақ сол кеме
Падишаһымыздың кемесі ме әлі?
Жоқ әлде
Бізге тиесілі ме қазір?
Сарғайып,
Жерге құлаған жапырақтар,
Ағашқа тиесілі ме әлі?
Күз келген сайын
Жапырағын сағына ма?
Ағаш та налып…
Тесейдің кемесінің
Қираған ескі қаңқасын жинап,
Жаңадан тұрғызар болсақ,
Падишаһтың кемесіне
Қауыша аламыз ба қайта?..
Шүбәсіз,
Біздің де бір падишаһымыз бар,
Ол –
Аноооу, Қап тауының аржағында қазір.
Есімі –
Самұрық.
Алыс диярлардан
Қауырсынының бір талын тапқандар,
Мәнсіздік дертінен айығып,
Ілім мен білімге,
Даналық пен махаббатқа
Ие болады дейді мәңгілік…
Осылай
Жағдайдың мәнісін баяндап
Қарт қыран,
Аспанға көз тастап,
Үміт пен аңсарға көмілді.
Шүбәсіз,
Таңды да атырып,
Күнді де батырып,
Өзеннің ағысын күзетіп жүретін
Падишаһымыз бар біздің
Барлығын сезетін,
Барлығын білетін…
Ертеде бір ойшыл торғай,
«Самұрық –
Түтіннің иісі секілді», –
Дей тұғын…
Иісін сезсең де,
Көзіңмен көрсең де бітімін,
Алақаныңа алып,
Қанатыңмен құша алмайсың түтінді.
Көзге көрінген көлеңкең секілді ол…
«Түтін –
Оның қалдырған ізі,
Иіс –
хабаршысы…
Біз күнді жақындап көрмесек те,
Жылуын сеземіз….» –
деп әңгімені жалғады торғай.
Осылайша
Мәнсіздіктен жалыққан құстар,
Түтіннің соңына еріп,
Отты іздеуге,
Жылудың соңынан еріп,
Күнді іздеуге,
Бекінді.
Аспаннан түнгі самал жауып,
Отпантаудың басында
Күміс шырақ секілді
Ай қалықтаған сәт,
Құстар да
Самұрықтың –
шын мәнінде,
аңыз ғана емес,
өздерінің ішкі шөлін басатын
жалғыз дерек екенін
түсінді…
VIII
Бірінші ән
Қиял теңізінен өтіп бара жатқанда құстардың көргені
Ғасырлар бұрын…
Ғасырлар…
Ғасырлар бұрын…
Хазардың бойындағы айлақта,
Бір ару өмір сүретін.
Сол ару да
ғашығын сүюден басқа,
Сүйілуден басқа
ештеңені ойламай жүретін…
Сәмбі тал түбінде отырып,
Сүйгенін еске алып,
Сырласатын үнемі.
Арайлап ататын әр таңы,
Қызарып бататын арудың әр кеші.
Ғашығын тағы да
Еске алып жүретін,
Қою түн кигенде сәлдесін…
Кіршіксіз ақ таңдай көңілі,
Қатқыл қысты
Әлі көрмеген еді.
Жамандық атаулы
Ол басқан топыраққа,
Әлі келмеген еді…
Әр басқан адымы –
Ғашығына айналдыратын әлемді…
Махаббатқа айналдыратын ғаламды…
Жүріп өткен жерінде
Із емес,
сезім қалатын…
Құстармен де тілдесіп
жүретін
кезі болатын…
Әңгімесін тыңдаған құстар
Күйсандық үніндей
Жып-жылы мейірімге
бөленетін.
Елжіреп сонсоң,
Сол жігітке өздері де
ғашық адамдай
Бір күйге кенелетін…
Әуелеп ұшқан топ тырнаны көрсе,
Ғашығының диярына
Бара жатыр деп сеніп,
Жылынатын жаны да.
Барлық маусымдар ол үшін –
Ғашық диярынан келген
Мағына…
Болатын.
Шексіз махаббатқа сенетін ол ару
Тәңірлік өлшемнің мәнісі –
Сол дейтін…
Бірақ та күткен ғашығы
Теңізді асып өтіп,
Ешқашан келмейтін…
Бәрібір күтетін,
Үй алдында
Терезеге телмірген
Гүл сынды,
Көшеден көз алмай…
Көп күткен теңізі
Толқын боп
Бір күні
Қол созардай…
Жағалау шетінде
Көз алмай күтетін
Айлақты бақылап таңсәрі,
Әр келген кемені
Ғашығым ба екен деп,
Үмітпен қарсы алды…
Осылай жүргенде,
Бір күні
Сұлудың шашына ақ түсіп,
Күз келді…
Ақ шашты сұлудың
Сезімін,
Аңсарын,
Сол ғана
Баяндап береді бізге енді…
Ал сұлу
Есінен адасқан кейіпте,
Хазардың бойында әлі отыр,
Күткені не нәрсе –
белгісіз…
Ескірген ескі әнді
ыңылдап айтады,
Дауысын жел құшып…
Теңізден өтуге бет алған құстарға,
Самұрыққа жетуге
Бет алған құстарға,
Естілген бұл әні,
Көгершіннің қанатын талдырды,
Жаны да құлазып…
Сұлудың қасіретін
Көрген соң,
Сенімі мұқалып,
Самұрық
Бар болса
Әлемде енді кеп,
Неге оның сүйгенін
Теңіздің түбіне көмді деп,
Тосын бір сауалды тастапты…
Сөйтті де көгершін
Жауапсыз сауалын құшақтап,
Бет алды жағаға…
Ақ шашты сұлудың қасіреті –
Жүректе,
Секемшіл ойлары –
Санада…
Ендігі өмірде
Айлақ пен
Сұлуды жұбатып күн кешпек…
Қиял теңізіне сүңгіп,
Махаббаттың өзі жайлы ғана
Тілдеспек…
IX
Екінші ән
Үміт шөлінен өтіп бара жатқанда құстардың көргені
«Qui nil potest sperare, desperet nihil»
(Мүлдем үміттенбейтін жан,
ештеңеден үміт те үзбейді)
Луций Анней Сенека
(Медея, 163)
Қызыл шапақ пен
Қою көк аспан арасындағы
айқасты
ұзақ тамашалады құстар…
Болмашы қызғылт шапақтың
алып қою көк аспанды
жеңгенін көріп,
Таңданған тұста…
Қою көк аспан
Бірте-бірте
Қара жамылды.
Алып аспаннан
Қызғылт сәуленің
Мықтылығы да
Сол тұста танылды…
Содан соң олар
Қызғылт сәуленің
Асылы көгілдір аспанды
тәрк еткенін
түсінді…
тәрк етілген аспанның
дәл қазір
қара жамылған
жесір әйелдей –
пішіні…
Ал кейін
Бірте-бірте
Аспанның төрінде
Жұлдыздар бой көрсете бастады,
Шырақтардай…
Құдды
Қызыл шапақты қимаған көкжүзі
Сансыз қызыл шапақтардың
Елесін жасап,
Өз-өзін
Жұбатқандай…
Жұлдызды аспанның құшағында
Қанат қаққан құстар
Ертеңге жетуге асығып,
Дамылсыз самғады
түнімен…
Таң ата,
Сенімдері түгесіле бере
Үміт шөліне де келіпті,
шынымен…
Шөлді аймақта
Тұратын халықтың,
Ең үлкен үміті –
Ертеңге сену…
Бір жұтым су сынды
Өмірді
Көркемдеп өру…
Ұясынан шыққан күнмен
Қатарласа көз ашқан
Ел іші,
Қыбырлап тірлігін бастайтын,
Табиғатпен
Келісіп.
Шөлде туған баланың
Ең биік аңсары –
Шыңырауға кенелту халықты.
Ең алып үміті –
Тас қараңғы түнектің
Терең тұңғиығына
Түсіп алыпты…
Шөлде өскен баланың
Ең үлкен тілегі –
Тақыр жердің құрсағына
Гүл егу.
Тақыр жерден
Гүл шығарған дегеннің
Ең үлкен атақ екенін де
Біледі…
Тақыр жердің құшағында
Ештеңе өспейді
Дейтін жел…
Сол бала бірақ
Бұрын бұл маңда
Бау-бақша болғанын
Қиялдайтын
Кей түнде…
Әлгі бақшадан қопарған
Бір сабақ гүлін,
Құрбысына
Сыйлап жатқан сәтін де,
Армандайтын сол бала,
Үмітіне жетектеген
Әзірге –
Қиял мен сөз ғана…
Тақыр жер де,
Құрсағына бау-бақша біткенін
Шексіз армандайтын шығар деп,
Ойлады,
Өзіне тілектес
Тағы бір
Тірі жан тапқандай
Көңілі жайланып…
Содан соң
Көрші қыздың шашбауын
Алып қашатын,
Жүрегін де алғандай
Мәз болып..
Артынан жүгіретін құрбысы,
Өкпелеп,
Еркелеп,
Назданып…
Бір күні
Тақыр жерде
Түк өспейді деген
Желдің етегіне жармасып,
Кішкентай гүлдің тұқымы
Еріп келгенін байқады…
Қуанышы қойнына сыймай,
Көргенін
Ел-жұртқа түгел айтады…
Аспан да
Бүгінгідей
Шуағын төкпеген секілді
Бұл маңға.
Бұлттар да дәл бұлай
Жүзбеген секілді,
Тыныштық тұнғанда…
Ойнақтап жүгірген
Жас бала,
Жұдырығын
Жартылай қысады,
Қолында бір шоқ гүл тұрғандай.
Жер бетін
Үміт пен мейірім көмкеріп,
Салқынның сызы да сынғандай…
Ыдырап…
Содан соң
Жаз да өтті
Ғашықтық дастандай,
Сәл мұңды…
Өз-өзін бақытты санаған
Тақыр жердің тұқымын
Жел әкетті алдыңғы…
Арманын
Желге алдырған сол бала,
Тақыр жердің жанында,
Әлі күнге күтіп жүр
Бақшаны…
Көктем келген сайын,
Көшет отырғызып,
Өткізеді екен
Жас шағын…
Жер бетінде
Бау-бақша барына сенеді,
Әлі де
Әділет барына сенгендей…
Құстар да бұл маңға
Соның дәлелі боп
келгендей…
сезілген…
Мұны білген
Жылқышы құсының
Жүрегі екіге бөлінді.
Аңсаған самұрық көңіліне –
Баланың
Аңсарлы үміті секілді
Көрінді…
Сөйтті де,
Айырылды қосыннан,
Қол бұлғап ұшқанға…
Үнсіз-ақ түсінді барлығын
Тергемей
Құстар да…
X
Үшінші ән
Отты құздан өтіп бара жатқанда құстардың көргені
«Не үшін өмір сүру керек?
Өмір сүру – сабанды сабау сияқты;
өмір сүру – өзіңді өртеп,
соның өзінде де жылына алмау.»
Фридрих Ницше
«Зәрдүшт осылай деген»
«Бір күні қараңғылыққа сүңгіп жоғалсақ,
жолымызды жарықтандыру үшін
өзімізді отқа салудан да
тайынбайтынымызды білетінбіз…»
Құдды
Өткен өмірдей,
Жылқышыны да
Артта қалдырып,
Жолға шыққан құстар.
Шөлден де аман өтіп,
Бет бұрған
Отты кұз тұрған тұсқа.
Таудың етегінен шыңына,
Шыңынан
Жалаңаш жартасына дейінгі
Жалғызаяқ жолда
Өрт өрілген.
Құлама құзда
Өрттің алауы ұшқындап жанады,
Құдды бір ертегідей.
Ал сол алаудың жанында
Өзін-өзі сәт сайын
Шоқ алып күйдірген
Тірі жан тағы жүр.
Жанған сайын
Қайтадан қалпына келетін
өртенген қалыбы…
Күлінен қайта туып,
Амалсыз
қайта өртенген
Адамның бұл күйі,
Сезімге бөледі құстарды
Тосын да тұңғиық…
Жанына жақындап,
Қанаты үрейден қарысып,
Сұрады қарлығаш
Жағдайдың мәнісін…
Ей, адам,
Неліктен өртедің өзіңді?
Өртендің неліктен?
Түңілген бұл жаның,
Өмірден не күткен?
Құдды
Жәннаттан аластап,
Шексіз өмірмен
Жазалағандай бірі.
Тоқтамай
Өзіңді өртейсің,
Қарсылық қылып…
Мұны естіген адам,
Есінен адасқан секілді,
Қарқылдап күлді…
Содан соң жылап,
Делқұлы көңілдің
Күйіне сіңді.
Адамның жауабы:
Мың мәрте өртендім,
Мың мәрте күл болған
жаным да,
Көзімді ашқалы
Қиянат –
Көргенім,
Сорым ба?
Бағым ба?
Әділет жоқ елде,
Адалдық болмайды,
Адамда.
Әділет жоқ жерде,
Адамдық қалмайды,
Ғаламда…
Адамдық жоқ өлке,
Адалдық жоқ өлке,
Қалайша махаббат әндерін сала алмақ?
Сүю де –
жалған,
Достық та –
өтірік,
Жасандылықтан жол алмақ…
Қастандық көріп,
Түңілген жанды,
Қай шетке барып көмермін дедім.
Қиянат көрген
Соңғы жан болып,
Өзімді өртеп өлермін дедім…
Сол сәтте, бәлкім
Жер бетіндегі
Қиянат жоғалар ма екен?
Мен көрген әлем,
Мен көрген елім,
Оңалар ма екен?..
Осыған сеніп,
Отты құз маңына
Жоғалу үшін келдім мен, күнім.
Өртенген сайын
Қайта тірілдім,
Түсінбей өзім мәнісін мұның.
Тағынан түскенше,
Екіжүзді әлем,
Сәт сайын өртеймін тәнімді отқа,
Жанымнан жеңіл,
Күйігі оның,
Өлмей ме рухым әділет жоқта?!
Деді де тағы,
Күл болып кетті.
Қарлығаш құс та жанында қалған.
Күтіп жүр дейді,
Екеуі бірге,
Әділет таңы көріне ме алдан?
XI
Төртінші ән
Жалғыздық аралынан өтіп бара жатқанда құстардың көргені
«Жалғыздық – барлық таңдаулы
зердеге ие адамдардың тағдыры:
кейде олар мұнысына налыса да,
әрдайым жаманның жақсысы
деп соны таңдайды.»
Артур Шопенгауэр
«Тіршілік даналығы жайлы нақылдар»
Ол
Көпірлерді өртеді,
Өткелдерді көмді,
Түнгі бөлмесінің жарығын сөндірмеген.
Ауланы көрмейтін,
Бақшаларды танымайтын әйелді,
Көршілері бөтенсіп,
Теңбіл деген…
Терезенің шетінен
Қылтиған аспан –
Жолдасына айналған оның.
Сырласы болған,
Бір бөлмелі лашығының
Қабырғалары ғана қоңыр.
Ұзақ уақыттан кейін
Үнсіздігін тапқандай,
Тыныштыққа айналған көңілі…
Дәл осы тыныштыққа жеткендей
Өзімен күресіп,
Өзінен жеңіліп…
Ой орманын кезіп,
Тыныштықта түнеп,
Өз ішіне сапарға аттанған
Жаураған көңілді,
Кітаптармен жамап,
Кітаптардан көретін бақтарды…
«Бір кездері
Екі адам болған,
Бірі екіншісіне алапат жамандық
Жасағаны сонша,
Екеуі де
Мәңгілік жалғыз қалыпты,
Мәнсіздікті аңсап…»
Осылай басталатын кітаптары…
Осылай аяқталатын тағы…
Өз ішіндегі
Жақсылық пен жамандық сынды…
Арпалысып,
Алысып,
Жалғыздыққа бояйтын
Бөлмесін түнгі…
Бір кездері жамандық
Жақсылыққа
Алып бір жамандық жасағаны сонша,
Екеуі де жалғыз қалыпты,
Өзінен жалығып,
Өлімді аңсап…
Жандары тыныш таппайды,
Сол күннен бері,
Мазасыздығын сіңіріп мезгілге.
Мазасыз мезгілдердің,
Мазасыз әуені әйелді
Бәрінен бездірген…
Өзінен қашып,
Кітаптарға сыйынған әйел,
Кітаптардың қасіретін сіңіріп сезімге,
Өзін тауып алатын тағы,
Аңдаусыз
Парақтардың арасында
Жақсылық пен жамандыққа кез болған кезінде…
Енді оған көніп,
Еті өліп кеткендей,
Салқынқандылықпен ашылған әр парақ.
Өзгенің қасіретімен
Алдайтын жанын,
Жүрегін қалқалап…
Бір кездері
Бәрінен жалыққан Жамандық,
Бұл әлемнің қызығынан баз кешкен.
Барлығын тастап,
Дәруішке айналып,
Өз рухымен кездескен…
Содан соң
Ел ішін,
Тек қана Жақсылық билепті…
Әлемге,
Адамға,
Құстарға,
Өз құнын үйретті…
Біртекті күй кешіп,
Бар ғалам,
Жақсылық таң қалды.
Әлемнің жалғыз билеушісі –
Менмін деп,
Ғаламды жұтуға қамданды…
Әлемді жаратқан –
Менмін деп
Ойлайды тіпті ол
Кей күні.
Жаратқан менмін деп
мақтанды
Қуанышты,
Шаттықты,
Қайғыны…
Жаратқан тағы да,
Жалғыздық алауын –
Менмін деп,
Масайрап кеткені.
Жақсылық осылай
Кеудесін керсе егер –
Ақырзаманның жеткені, –
десті жұрт.
Адамзат басқанын –
Тақырға,
Тигенін –
Балшыққа
Бүріндірген оп-оңай…
Адамға жуыған жақсылық та,
Бұзылды,
Қирады,
О, тоба-ай.
Осылайша жамандық
Жақсылыққа
Ең алапат жамандығын
Жасаған.
Содан соң мәңгіге
Жалғыз қалды –
…Қос адам…
Қол үзіп бәрінен,
Қол үзіп адамнан,
Әлгі әйел оңаша
өмірді сүреді…
Адамдар емес,
Жалғыздық қана
Жүрегін жаралағаны
жөн деп біледі…
Жақсылық құсап,
Өз-өзін ылғи,
Кірлетуден қорыққан жаны.
Сондықтан әйел,
Жалғыз қалып,
Кітаппен толтырған маңын.
Кітаптар –
Алдамайды деп,
Сыр шертті түндер…
Ақиқат –
Жалғыздығың деп,
Сыр шертті күндер…
Мұны көрген торғай,
Жалғыздықпен достасып,
Әйелдің жанында қалуға бекінді.
Терезесінде
Таңды қарсы алып,
Ән шырқаймын дейді
не түрлі…
XIІ
Бесінші ән
Үнсіздік орманынан өтіп бара жатқанда құстардың көргені
Жалғыздық тартпағандар білмейді,
Үнсіздіктің адамды қалай үрейлендіретінін…
Өз-өзімен қалай тілдесетінін адамның,
Және бір жанға зәру болып,
айнаға қалай жүгіретінін,
Білмейді олар…
(Орхан Вели)
Әрбір үнсіздік – шағын бір төңкеріс.
(Едип Жансевер)
Тіл қату –
Өлі сөздердің
Бәріне
Мән үстеу,
Топыраққа демімен жан берген Тәңірдей.
Үнсіздік –
Өлімге қарсы тұратын
Ең соңғы
Өмірдей.
Ең соңғы
Деміңдей…
Ең соңғы шарадай
Ал кейде,
Ең соңғы қарудай қолдағы.
Әділет аспанын
Көрмеген көзіңді
Ешқашан ашпасаң болғаны…
Үнсіздік орманында
Ертеде
Ағаштар ән шырқайтын
Еркіндік,
Әділет жайында…
Данышпан аңдар да жүретін
Болашақты болжап,
Өткенді пайымдап.
Үнсіздік орманында
Бір кездері
Әлемдегі ең алып сот болған.
Жануарлар,
Ағаштар мен
Жәндіктер,
Әділдікті соттаған…
Сол кезден бері,
Бәрінің
Аузынан тек қана
өлі сөз шығатын болыпты.
Тірі сөздердің бәрі,
Түйсікте
Тұншығып,
Сарсылып,
Өліпті…
Өлі сөзбен
Тілдесетін болған тіршілік орманда,
Сезімсіз,
Сұрықсыз,
Бейіттей.
Бір-бірін түсінбей,
Сырласпай,
Тыңдауға құлықсыз
Кейіпте.
Бәріне көндіккен,
Бәріне бас иген жандарға –
Ағып кеткен өзен сынды өмір де.
Тасқыны тосқауыл көрмеген
Өзендей,
Тосқауыл сезбеген
Секілді
Көңіл де…
Үнсіздік жайғасқан
Көз іліп,
бұтаққа,
талдарға,
терең бір тынысын тартады,
осылай.
Орманда дәл қазір
Әлдекім
Үнсіздік оянып кетер деп қорқады…
Ызыңын тоқтатқан
Маса да,
Жел де енді еспейді…
Жапырақтар жасырып
Сыбдырын,
Құмырсқалар
Дәнегін арқалап көшпейді…
Бірте-бірте
Үнсіздік
Жабырқаған жанды да,
Жылаған жанарды да
толтырды.
Жалғыздықты да,
Ішіміздегі
алып бос кеңістікті де
Жамады сол түнгі…
Сол түні
Әділет тұтқындалып,
Еркіндік тым ерте ер жеткен,
Өлі сөз жайлап әлемді,
Тірі сөз
Көз жасын көлдеткен…
Үнсіздік жайғасқан –
Көлдерге,
Шалшыққа,
Орманға.
Айтылмаған сөздер мен
Жазылмаған ақиқат –
Үнсіздікке жолданған…
Үнсіздіктің құрсағында
Кішкентай төңкерісшіл рухтар
Өсіп келеді ал бүгін…
Сол рухтар
Бір күні
Өлі сөзден құтқарады барлығын…
Орманның маңында
Су ішуге аялдаған қоқиқаз,
Сол күнді күтем деп шешіпті…
Ал құстар әрі қарай сапарлап,
Бұлтпен бірге көшіпті…
XIІІ
Алтыншы ән
Сағыныш түнегінен өтіп бара жатқанда құстардың көргені
«Алыстағы, тау асқан ауылдағы үйіме
оралғанда, әлдебір қапастың иісіне ұқсас
дымның сызын – аңсаймын кейде…
Құдды теңізді сағынғандай,
теңізді еске алғандай аңсаймын…
Адам қол астындағы сол бір
ылғалдың салқындығын да
естен шығармайды екен...»
Оғыз Атай
Жолсөмкеміздің түбіндегі
Нан қоқымымен бірге
Жүріп өткен жолымызда
Ізіміз жатыр қазір.
Ізіміз
Еске түсіреді,
Теңізге ентігіп жеткен
бір өзеннің
шаршаңқы сазын…
Түнектің ең көркемі –
Қорқыныштан,
Үрейден,
Мазасыздықтан арылған түнек.
Сол түнек
Ескі суреттің бұрышындағы
Сарғыш дақ сынды
Көңілге түнеп,
Өмірге түнеп…
Алғандай қазір…
Теңіздің ортасында
Ешбір айлаққа жол алмайтын
Үнсіз бір қайықтай…
Бір жұтым ауаның
Берген серті секілді
Өткінші
Өмірден айықпай…
Келеді ол.
Балалығы түнеген
Көшелер –
Қол жетпеген ойыншықтай,
Аңсарлы…
Өмірді
Сәбидің көзімен
Көрмеді қанша күн?..
Мылтықты –
ойыншық деп білген,
Пышақты –
Нанкеспе.
Жалынды –
Жылу деп үйреніп,
Жоқтауды –
Көркем бір ән дескен…
Ол сүйген ертегілерде де
Ғашықтар қосылып,
Зұлымдар үнемі жазаланатын.
Сонсоң тек
Жасы жеткен адамдар ғана
Қаза болатын…
Ал қазір өзі де
Сол бір
«жасы жеткен» жандардың
жасында…
Таспен бастырылған
Құрғақ жапырақтай өмірі
Қош айтып ғасырға…,
Уақытқа көндігіп,
Жылдарға бас ұрған.
Бала кездегі
Қуыс үйдің ішіндегі
Қуыс бөлмедей –
Жер беті.
Қуыс үйдің ішіндегі
Ащы айқайлар –
Әжім боп жапқандай келбетін…
Мұңлы бір ән кейпі,
Жанын да жүргендей тербетіп…
Десе де,
Естелік көп жиған
Бұл зәулім сарайдан,
Бұл зәулім ғасырдан…
Сондықтан өлім де –
Ең алғаш аспанға үңілген
Сәтіндей,
расында…
Ең алғаш
Жаңбырға малшынып,
Шалшыққа батқандай.
Ең алғаш
Күн көзін жатырқап,
Көз қысып жатқандай.
Ең алғаш
Қос қолын сабалап,
Желменен ұшқаны.
Асығы алшылап,
Мәз болып,
Күлгені
Жеңісті тұстағы…
Терезе шетінде,
Құстардың әндерін
Тамсанып тыңдаған кездері.
Ең алғаш мейірімді
Анасы қымтаған көрпеден
Сезгені…
Ақ көбік бұлттарды
Қиялдап ойында,
Ат қылып мінгені…
Тақымын қысқалы
Қажытқан
Өмірдің
Алғашқы соқпағы,
Сүрлеуі…
Жапалақтап
Қар жауса алғашқы
Алақан тосқаны…
Сенімді үйреткен –
Аязды күні де
Көшеде қыңқ етпей
Күтетін достары…
Әкесі жетектеп
Қолынан,
Отырғызып көшетін
алғашқы,
«Жан» суын бергені.
Қаншалық өсті деп
Күн сайын
Елеңдеп,
жанына келгені…
Ең алғаш
Тесілген шұлығы
Жоқтықпен таныстырғаны…
Шоқ болып,
Жүрекке түскен махаббат
Тағдырмен табыстырғаны…
Содан соң,
Тұңғыш рет
Сүйгенін жоғалтып,
Алғашқы қоштасу
Күні де келгені…
Жүрегі ауырған сәтінде
Барлығын
Жауыннан көргені…
Тәрк ету мен
Тәрк етілуге де еті өліп,
Суытқан кездері күн сынды…
Ең алғаш
Ақиқаттың
Шынжырланғанын көріп,
Тағы да күрсінді…
Ардың да сатылғанын көріп
Базарда
Тым қатты таңданған…
Таң қалған сәттері де болды
Шын ғашығына
Қосылған жандарға…
Ең алғаш
Ұлына
Өмірді қалай таныстырарын білмей,
Сасқаны…
Қателікке ұрынғаны бар
Қия алмай,
Жас шағын…
Қоғамның тоқыған киімін
Киюге
Мәжбүр болған кездері,
Өмір сүруді де үйренген
Көп ойлап,
Өзінен бұрын
Өзгені…
Кішкентай баланы
Кішкентай тапаншамен
Өлтірсінші деген
Баланың қалауы… –
Ең алғаш
Құдай жайлы ұлғайтқан
Жұлым-жұлым жүрегіндегі
Сауалын…
Мінекей,
Естелік көп жиған..
Бұл –
зәулім сарайдан,
Бұл –
зәулім ғасырдан…
Естеліктердің барлығын,
Дәл қазір
Сағыныш түнегінің
Түбіне жасырған…
Естелік көп жиған..
Бұл –
зәулім сарайдан,
Бұл –
зәулім ғасырдан…
Сондықтан өлім де –
Ең алғаш аспанға үңілген
Сәтіндей,
расында…
Дәл бүгін
Ең алғаш
Көз алдынан өткерген
Тұтас өмірін…
Ал қазір үнсіз күтеді
Ең алғашқы емес,
Ең соңғы өлімін…
Жапалақ пен үйректер
Қартты аяп,
Тым қатты
Қынжылған бұл күйге…
Ақтық сапарға
Аттандырамыз деп,
Жанында қалып
Бұл жанның,
Өлімдей үрпиген…
Ал біздің
Жолсөмкеміздің түбіндегі
Нан қоқымымен бірге
Жүріп өткен жолымызда
Ізіміз жатыр қазір…
Ізіміз
Еске түсіреді
Теңізге ентігіп жеткен
бір өзеннің
шаршаңқы сазын…
XIV
Соңғы ән
Шың басына жеткен құстардың
Шырқаған әні
«Vulnerant omnes, ultima necat*…»
(…*Барлығы жаралайды, соңғысы өлтіреді.)
Заңғар шың… –
Жердің соңғы нүктесі секілді қара тас…
Айнала –
Түнге жұтылған құмды теңіз…
Жұлдыздар –
Әлемнің сынған жүзін көрсеткен
Сынық айнадай…
Самұрықты іздеп,
Сапарды соңына дейін
Жүріп өткен,
Киелі төрт кітаптай
төрт құс
Алыс жолдан тозған қанатымен
Шыңға жеткен сәт
Өртене бастады…
Жалын –
Үнсіз уағыздай
Бәрін жалмап барады…
Әр қауырсын жанып,
Күлге айналған сайын
Әуеде ақ түтін болып зікір салады… –
Құстардың соңғы дұғасы…
Жалын біртіндеп басылған шақта,
Ешбір бейне қалмай
Жер бетінде…,
Жолдың соңы да жоғалған.
Тек құм үстінде қалған бір уыс күл –
Желдің қолына көшкен
Данышпан кітапқа айналды
тоналған…
Аспан – үнсіз,
Жер – қаңырауық.
Екеуінің ортасы –
Түпсіз бір «жоқтықтың» мекені…
Бірақ сол жоқтық –
Құпия кеңістік…
Оның тереңінде уақыт тоқтап,
Күлден қалған жылу
Самұрықтың естелігін
Ғасырларға жеткізді…
Сол естелік қазір
Күл түстес кітап болып,
Маңғыстауға оралған…
Тармақтары –
Жер астындағы мешіттің
қабырғалары мен
Тастардың түбінде,
Шөптердің тамырында
Жыр оқып жатқандай әлі…
Осылай
Ақыры
Құстардың барлығы
Самұрыққа жете алмай
Өлген екен…
XV
Ояну
Терезе алдына
Құстардың келуін көп күткен,
Теңіздің келуін көп күткен көңілі.
Санасы –
Бір түстен оянып,
Бір түске жатқандай көміліп…
Терезе алдында
Ой ішіндегі ең ұзақ сапарға,
Ми ішіндегі
Ең үлкен сапарға аттанған…
Ескі кітаптар мен
Ескірмеген кейіпкерлер
Күлімдейді қапталдан…
Бөлмесінде
жасырынбақ ойнайтын
кейде,
жасырынатын да өзі,
іздейтін де…
кейде көктем боп аласұрып
есінен адасып,
кейде данышпан боп отыратын
күз кейпінде…
Ой ішіндегі
Сапардан оралған Софи,
Сот құрып,
Өз-өзін жазалап,
Өз-өзін тергейтін…
Ол күткен теңіз де,
Құстар да
Терезесінің алдына
Ешқашан келмейтін…
…Тәрк ету ғана емес,
тәрк етілу де – ЗУҺД…
Cetera quis nescit*1?
Gutta cavat lapidem non vi, sed saepe cadendo*2.
ad Deum*3…
* «(Оқиғаның) Қалғанын кім білмейді дейсің?..»
* «Тасты тесетін – тамшының күштілігі емес, үздіксіздігі…»
* «Құдайға қарай…»
Қарлығаш ҚАБАЙ






