Жексенбі, 7 Маусым , 2026
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс
  • Кіру
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Бастапқы Проза

Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»

Қарлығаш ҚАБАЙ жазған Қарлығаш ҚАБАЙ
07.06.2026
- Проза
0
Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»
0
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-ге бөлісу

Күйеуге шықпаған Эмили Гриерсон дүние салғанда, жаназасына қала халқы толығымен жиналды. Ер адамдар қирап қалған көне “ескерткішке” құрмет пен ілтипат көрсету үшін , әйелдердің көбі оның үйінің ішін бір көруге қызығушылық танытқандықтан келген еді. Өйткені соңғы он жыл ішінде әрі аспаз, әрі бағбандықпен айналысатын қызметшіден басқа ол үйге ешкім кіріп-шықпаған.

Бір кездері қаламыздың ең сәулетті көшесінде орналасқан әлгі үй өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына тән салтанатты сәулет өнері үлгісімен ерекшеленетін. Күмбез тәрізді безендірілуі, үшкір шатырлары, дөңгеленген балкондары бар, кезінде аппақ түске боялған еңселі ғимарат болатын. Алайда уақыт өте келе төңірегінде мақта тазалайтын зауыттар мен гараждар қаптап кетті. Маңайдағы ең беделді әулеттер тұратын үйлердің де сәнін кетірген солар болатын. Әлгі үйлердің арасында тек Эмили ханымның үйі ғана бұрынғы қалпын сақтап қалған еді. Бірақ ол да айналасын қоршаған жанармай бекеттері мен мақта тиеген жүк көліктерінің ортасында қалып, бір кездегі асқақ тәкаппарлығын сақтаған күйі, қайсарлығын жоймай, баяу ғана қирап бара жатты. Енді міне, Эмили ханым да Джефферсондағы ескі қорымда жатқан өзге де қадірлі адамдардың қатарына қосылғалы кетіп бара жатыр. Азамат соғысында қаза тапқан Конфедерация мен Одақ армиясының белгілі де белгісіз сарбаздары сол жерде мәңгілікке тыныштық тапқан еді.

Эмили ханым көзі тірісінде қала тұрғындары үшін жай ғана бір адам емес, өткеннен қалған мұра, орындалуы тиіс міндет, тіпті үнсіз мойындалған борыштай болатын. Бұл жағдай 1894 жылдан басталған еді. Сол жылы қала әкімі болып сайланып, қара нәсілді әйелдердің көшеге алжапқышсыз шығуына тыйым салған полковник Сарторис Эмилидің әкесі қайтыс болғаннан кейін оны салық төлеуден босатқан болатын. Жағдайы нашар деп жасалған қайырымдылықты Эмили ешқашан қабылдамайтынын жақсы білгендіктен, полковник бұған басқа бір қисын ойлап тапқан. Кезінде  Эмилидің әкесі қалаға қаржылай көмек көрсеткен, ал енді қала сол қарызын осылай өтеуде-мыс. Мұндай сыпайы түрде айтылған өтірікті ойлап табу тек сол дәуірдің Сарторис секілді адамдарының қолынан келетін нәрсе еді. Әрі оған Эмили секілді әйелдер ғана сеніп қалады.

Алайда уақыт өзгерді. Полковник Сартористің буыны ауысып, олардың орнына заманға бейім жаңа басшылар келгенде, бұл тәртіп қиындық туғыза бастады. Жыл басында Эмили ханымға салық төлемі туралы хабарлама жіберілді. Ақпан ай туды. Бірақ ешқандай жауап болмады. Содан кейін оған өзіне қолайлы уақытта басқарма кеңсесіне келуін сұрап, ресми хат та жолданды. Бір аптадан соң қала әкімі өзі хат жазып, келіп кетуін немесе қажет болса, көлік жіберуге дайын екенін білдірді. Ақыры әйелден де жауап келді. Өңі оңып кеткен сиямен жазылған қысқа ғана хатта Эмили ханым енді ешқашан үйінен шықпайтынын жазыпты. Ал салық мәселесі жайлы бір ауыз сөз айтпай, жай ғана әкімнен келген бұрынғы хатты қоса тіркеген екен.

Осыдан кейін ақсақалдар кеңесі арнайы жиналыс өткізді. Ақыры мәселені шешу үшін арнайы өкілдерді үйіне жіберу туралы шешім шықты. Сөйтіп олар бір күні Эмилидің үйінің есігін қағады. Соңғы сегіз-он жыл ішінде, яғни Эмили фарфор бұйымдарды бояудан сабақ беруді тоқтатқаннан бері, бұл үйге тірі жан бас сұқпаған болатын. Қара нәсілді қарт қызметші келгендерді ішке кіргізіп, қараңғылыққа сіңіп бара жатқан баспалдағы бар күңгірт дәлізге қарай ертіп апарды. Үйдің ішінен ұзақ уақыт қаңырап қалған мекенге тән дымқыл ауаның, шаңның және көгерген ағаштың иісі мүңкіп тұр. Қызметші оларды қонақ бөлмеге кіргізді. Бөлме қалың былғарымен қапталған ескі жиһаздарға толы екен. Терезенің пердесі ашылған кезде ғана жиһаздардың терісі әлдеқашан жарылып, тозып кеткені байқалды. Қонақтар орындықтарға отырған сәтте күн сәулесінің астында қалқыған шаң тозаңдары көзге анық көрінді. Ал алауошақтың қарсы алдында тұрған мольберттің үстінде Эмили ханымның әкесінің алтын жалатылған жақтауға салынған қара қарындашпен салынған портреті үнсіз қарап тұр-етін.

Әйел бөлмеге кіргенде, жиналғандардың бәрі орындарынан тұрды. Үстіне қара киім киіп алыпты. Бойы аласа, толықша келген, қолына сабы қара ағаштан жасалып, алтынмен күптелген таяқ ұстаған әйел екен. Көйлектің өңірінен төмен қарай созылған жіңішке алтын шынжыр бел тұсында ғайып болып кетеді. Сүйегі жіңішке болғандықтан, басқа біреуді семіз көрсететін дене бітімі оның бойына тек етжеңділік пен сүйкімді, томпақ қалып беріп тұрғандай еді. Ұзақ уақыт су ішінде жатқан адамдай өңі қуарған, денесі аздап ісініп тұр. Солғын көзі жүзіндегі әжімдердің арасына сіңіп кеткендей. Сол қос көзі қамырдың ішіне қыстырылып қалған екі түйір қара көмірдей жылт-жылт етіп, келген қонақтардың әрқайсына кезек-кезек қадала қарайды.

Қонақтар өздерінің не үшін келгендерін түсіндіре бастады. Эмили ханым оларға отырыңыздар деп те айтпаған. Тек есіктің аузында тұрып үнсіз ғана өкілдердің сөзін аяғына дейін тыңдап шықты. Сол тыныштықтың арасында қонақтар үйдегі алтын шынжырдың ұшындағы сағаттың баяу тықылы естіліп тұрғанын сезді.

Ақыры ол тіл қатты. Даусы әлсіз әрі салқын естілді.

– Мен Джефферсонда ешқандай салық төлеуге міндетті емеспін. Мұны маған полковник Сарторис өзі түсіндірген. Егер күмәндансаңыздар, мұрағаттағы құжаттарды қарап көріңіздер, – деді ол.

– Біз мұны жақсы білеміз, Эмили ханым. Біз қаланың ресми өкілдеріміз. Әкім қол қойған хабарламаны алған жоқсыз ба? – деді қонақтар.

– Иә, бір қағаз келгені рас, – деді Эмили ханым. – Ол өзін әкім деп санайтын болса, өзі біледі. Бірақ мен Джефферсонда салық төлемеймін.

– Бірақ ресми құжаттардың ешқайсысында ондай жеңілдік көрсетілмеген. Біз…

– Полковник Сартористен сұраңыздар. Мен салық төлеуге міндетті емеспін.

– Бірақ, Эмили ханым…

– Полковник Сартористен сұраңыздар, – деп Эмили ханым өз дегенінен қайтпады. Ал полковник Сартористің қайтыс болғанына он жылға жуық уақыт болған еді.

– Мен бұл қалада салық төлемеймін. Болды! – деп айбаттанып, үй қызметшісін шақырды.

– Мырзаларды шығарып салыңыз…

Осылайша Эмили ханым келген кісілерді жаяу ма, атпен бе белгісіз, әйтеуір үйінен құр қол кері жөнелтті. Дәл осыдан отыз жыл бұрын үйдің айналасындағы жағымсыз иіске шағымданып келген адамдарды қалай кері қайтарса, бұл жолы солай шығарып салды.

Бұл оқиға әкесі қайтыс болардан екі жыл бұрын, жұрт Эмилиге үйленеді деп үміттенген жігіттің оны тастап кетуіне аз уақыт қалғанда орын алған еді. Әкесі дүние салғаннан кейін Эмили сыртқа шығуды сиретті. Ал сүйген адамы тастап кеткен соң ол тіпті жұрттан мүлде оқшауланып алды. Қаладағы бірнеше әйел ғана оны қонаққа шақыруға батылдық танытқан. Бірақ олардың ешқайсысы жауап ала алмады. Үйдегі тіршіліктің жалғыз белгісі – сол кездері әлі жас болған қара нәсілді қызметші. Ол қолына сауда-саттыққа арналған дорбасын ұстап, үйге кіріп-шығып жүретін. Басқа ешкім Эмилидің үйінің табалдырығын аттамайтын.

Кенттегі әйелдер өз араларында:

– Ер адамның қолынан ас үйді таза ұстау қаншалықты келеді дейсің? – деп өсектейтін. Сондықтан Эмили ханымның үйінен жағымсыз иіс шыға бастағанда, бұған ешкім таңданған да жоқ. Мұны бір кездегі айбарлы әрі асқақ Гриерсон әулеті мен қарапайым, күйбең тіршілік кешіп жатқан қалың халық арасындағы тағы бір байланыс іспетті қабылдады.

Тек көрші әйелдердің бірі сексенге келген қала әкімі Стивенс мырзаға барып шағымданған болатын.

– Жақсы, бірақ мен не істей аламын бұған, ханым? – деді әкім.

– Неге үйді тазартуды талап етпейсіздер? Осыған қатысты заң жоқ па?

– Әрине, бұлай етуге қажеттілік туындамас деп ойлаймын. Сірә, әлгі қара қызметшісі аулада бір жылан не егеуқұйрық өлтірген болса керек. Мен сонымен сөйлесіп көремін.

Бірақ келесі күні әкім тағы екі шағым алды. Соның бірі бір ер адам еді. Ол да сәл именіңкіреп:

– Шынын айтқанда, бір шара қолдану керек сияқты. Бәрінен бұрын Эмили ханымның көңіліне тиюді қаламайтын жанның бірі өзіммін. Бірақ бұлай жалғаса берсе, болмайды, – деді.

Сол күні кешке ақсақалдар кеңесі жиналды. Үш ақсақал мен жаңа буынның бір жас өкілі бас қосты.

– Мұның еш қиындығы жоқ, – деді әлгі жас жігіт. – Үйін тазалап ретке келтіруді талап етіп, ресми хат жіберейік. Белгілі бір мерзім береміз. Егер орындамаса…

Сонда қариялардың бірі сөзін бөліп:

– Құдай сақтасын! Қалай ғана бір ханымның бетіне қарап тұрып: «Үйіңізден қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығып тұр» дей аламыз? – деді.

Сөйтіп, келесі күні түн ортасы ауа бере төрт адам ұры құсап жасырынып, Эмили ханымның ауласына кірді. Олар үйдің кірпіштен қаланған іргетасын айнала иіскелеп шықты, жертөленің есіктерін тексерді. Біреуі иығына асқан қаптан дән сепкендей уыстап әлденені шашып келеді. Ақыры жертөленің қақпағын ашып, ішіне де, қора-қопсы мен қосалқы ғимараттардың айналасына да әк сеуіп шықты. Бақ ішінен қайта өтіп бара жатқанда, қараңғы терезелердің бірінен кенет жарық жана қалды. Эмили ханым үн-түнсіз сол жарықтың ар жағында отыр екен. Қимылсыз отырған қалпында түрі мүсінге ұқсайды екен. Әлгі адамдар ақырын ғана еңбектей қозғалып, бақтан шығып кетті де, көшені бойлай өскен қарағандардың көлеңкесіне сіңіп жоғалды. Бір-екі аптадан кейін әлгі жағымсыз иіс те ғайып болған.

Дәл сол кезден бастап жұрт Эмилиді аяй бастады. Қала тұрғындары оның үлкен тәтесі Уайатт ханымның қартайған шағында ақылынан айырылғанын есіне алатын.

Бір кездері Гриерсондар өздерін жұрттан жоғары қоятын әулет деп есептелетін. Ешбір жігіт Эмилиге лайық емес сияқты көрінетін. Біз оларды көз алдымызға бір картинадай елестететінбіз. Артқы жақта аппақ көйлек киген, сұңғақ бойлы Эмили, ал алдыңғы қатарда арқасын беріп тұрған, аяғын нық басқан, қолына қамшысын қыса ұстаған әкесі. Екеуін үйдің айқара ашылған есігі бір жақтауға сыйдырып тұрғандай көрінетін. Сондықтан Эмилидің жасы отызға келсе де, тұрмыс құрмағаны бізге бір жағынан өкінішті көрінсе, екінші жағынан өзіміздің бұрынғы ойымызды дұрысқа шығарғандай әсер қалдыратын. Әулетінде, қанында қанша жындылық болса да, өзіне сөз салған жігіттердің бәрінен теріс айналмауы керек еді деп ойлайтынбыз.

Әкесі қайтыс болғанда  Эмилиге мұра болып қалған жалғыз дүние – әлгі ескі үй ғана еді. Қалай болғанда да, жұрттың көңілі біршама жайланғандай болды. Енді олар Эмилиге шын көңілден жанашырлық таныта алатын еді. Өйткені ол енді жалғыздық тартқан, дәулетінен айырылған әйел болатын. Сол арқылы Эмили де біз сияқты пенделік тіршіліктің заңына бағынғандай көрінді. Енді ол да күнкөрістің қамын ойлап, әр тиынын есептеуге мәжбүр болады деп сендік.

Әкесі қайтыс болғанда, ел ішінде қалыптасқан салт бойынша, қала әйелдері Эмили ханымның үйіне көңіл айтып, қол ұшын созуға келді. Эмили оларды есік алдында әдеттегідей киініп, жүзінен ешқандай қайғының нышаны білінбеген күйде қарсы алды.

Ол келгендердің бәріне:

– Әкем өлген жоқ, – деп қайталай берді.

Үш күн бойы осы сөзінен танбады. Дәрігерлер де, дін қызметкерлері де марқұмның денесін жерлеуге рұқсат беруін өтініп, қанша көндірмек болса да, еш нәтиже шықпады. Ақыры заңның күшіне жүгінуге шақ қалған кезде ғана Эмили райынан қайтты. Сөйтіп, жұрт асығыс түрде әкесін жер қойнына тапсырды.

Сол кезде біз оның есінен адасқанын білген жоқпыз. «Басқаша қылық танытуы мүмкін емес қой енді. Ауыр қайғы», – деумен болдық. Өйткені оның әкесі кезінде сөз салған талай жігітті маңына жолатпай кері қайтарғанын бәріміз білетінбіз. Енді Эмили өмір бойы жанында қалған жалғыз жанға, яғни әкесіне жармасып қалуға тырысқан шығар деп ойладық.

Сол оқиғадан кейін ол ұзақ уақыт сырқаттанып жатты. Біз оны қайта көргенімізде, шашын қыз баланікіндей қысқа етіп қиып тастаған екен. Түр-тұлғасы шіркеулердің түрлі-түсті әйнектерінде бейнеленетін періштелерді еске түсіретін… мұңлы, бірақ сабырлы.

Дәл сол жылдары қала көшелерінің тас жолдарын жаңарту жұмыстары басталды. Эмилидің әкесі қайтыс болғаннан кейінгі жазда қалаға құрылысшылар ағылды. Олармен бірге техникалар, қашырлар және құрылыс бригадасын басқаратын Гомер Бэррон деген солтүстіктің азаматы келді.

Гомер – тік денелі, қараторы, дауысы қалың, жанары өткір адам еді.

Жол төсеп жатқанда оның жұмысшыларға айқайлап, дөрекі әзіл айтып жүргенін көру үшін балалар соңынан қалмайтын. Ол қала тұрғындарымен көп ұзамай-ақ тіл табысып кетті.

Қаладағы алаңқайдан шат күлкі естілсе болды жұрт:

– Сол жерде Гомер Бэррон жүрген шығар, – деп топшылайтын.

Уақыт өте келе біз Гомер мен Эмилидің жексенбі күндері, түстен кейін жалдап мінген сары доңғалақты күймемен қала аралап жүргендерін көре бастадық.

Бастапқыда бәріміз Эмили ханымның біреуге көңіл бөлгеніне іштей қуанған едік. Бірақ қала әйелдерінің бәрі:

– Гриерсон әулетінің қызы солтүстіктен келген қарапайым жалдамалы жұмысшыға шындап көңіл бере қоймас, – дейтін.

Ал үлкендер жағы болса, қанша жерден қайғы тартса да, нағыз әйел өз тегінің абыройын ұмытпауы керек деп ойлайтын.

Сондықтан олар тек:

– Байқұс Эмили… – деп күрсінетін. – Туыстары келіп, қасында болып, қолдау көрсетуі керек, – дейтін тағы.

Эмилидің Алабамада тұратын туыстары бар тұғын. Бірақ кезінде есінен айырылған тәтесі Уайатт ханымның мирасына байланысты әкесі олармен араздасып қалған. Содан бері екі әулет бір-бірімен араласпайтын. Олар тіпті әкесінің жаназасына да келмеген еді.

Қала қариялары:

– Байғұс Эмили… – дей бастаған сайын, ел ішінде сыбыр сөз де көбейді.

– Рас па сонда?

– Әрине. Болмаса, мұның басқа қандай себебі болуы мүмкін?..

Жексенбі күндері түстен кейін Эмили мен Гомер Бэрронның күймесі көшеден өткен сайын, терезесінің перделері жабық тұрған үйлердің ішінде жібек пен сәтен киім киген әйелдер күбірлесіп:

– Байғұс Эмили… — деп отыратын.

Эмили болса, өзін бұрынғыдан да тік ұстайтын. Гриерсон әулетінің соңғы тұяғы ретінде өз қадір-қасиетін жоғалтпағанын дәлелдегісі келетіндей көрінетін. Тіпті жұрттың айтқан сөзі мен болған оқиғалардың бәрі оның қол жетпес асқақтығын бұрынғыдан сайын айқындай түскендей еді. Дәл сол кезеңде тағы бір оқиға болды. Жұрттың жаппай «Байғұс Эмили…» дей бастаған кезі мен Алабамадан келген екі немере туысы біраз уақыт оның үйінде қалғанынан кейін шамамен бір жыл өткен уақыт.

Бір күні Эмили дәріханаға кіріп келді.

– Маған у керек, – деді ол.

Сол кезде оның жасы отыздан асып кеткен болатын. Өзі бұрынғыдан да жүдеп кеткен. Самайы тартыла түскен, өңі сұсты көрінеді. Қап-қара көзі салқын әрі тәкаппар. Ал көз қарашығы теңіз жағасындағы жалғыз маякты күзетіп отырған сақшының жанарындай терең де суық әсер қалдыратын.

– Әрине, Эмили ханым. Қандай у керек? Тышқанға арналғаны ма? Меніңше…

– Ең күштісін беріңіз. Түрі маңызды емес.

Дәріханашы бірнеше удың атын атап шықты.

– Мыналардың кез келгені пілдің өзін сұлата алады. Қайсысы керек?

Эмили сәл ойланып:

– Күштісі мышьяк па? — деп сұрады.

– Мышьяк дейсіз бе, ханым?.. Иә, әрине. Бірақ оны не үшін алмақсыз?

– Маған мышьяк керек.

Дәріханашы әйелге үнсіз ғана қарады. Эмили де оның көзіне тік қарап тұр. Басын асқақ қалыпта тік ұстап, қайсарлығынан танбады.

Ақыры дәріханашы сөз таластырудың бекер екенін түсініп:

– Жарайды… Бірақ заң бойынша оның не үшін қажет екенін айтуыңыз керек, – деді.

Эмили үн қатқан жоқ. Тек көзін алмай тұра берді.

Соңында дәріханашы ішке кіріп, мышьякты алып шықты да, қағазға оратқызып берді. Қаптаманы оның қара нәсілді қызметшісі ұсынды. Өзі бергі жаққа қайта шыққан жоқ.

Эмили үйіне барып, қағазды ашқанда, бас сүйектің суреті салынған таңбаның астынан «Тышқандарға арналған» деген жазуды көрді.

Сол кезде бәріміздің ойымызға бір ғана нәрсе келген болатын.

– Эмили өзін өлтіруге бекінген екен, – дестік.

Тіпті осының өзі дұрыс болатын шығар деп ойладық. Өйткені Гомер Бэрронмен бірге жүре бастағанда, әуелде:

– Екеуі үйленеді екен, – дегенбіз.

Кейін:

– Әлі-ақ оны көндіреді, – деп жұбаттық өзімізді.

Бірақ Гомердің өзі талай мәрте:

– Мен ер адамдардың ортасын ұнатамын, – деп айтатын. Оның үстіне, ол отбасын құратын адамға ұқсамайтын. Қаладағы жігіттермен клубқа барып, бірге ішіп жүретінін жұрттың бәрі білетін.

Уақыт өте келе жексенбі күндері түс ауа перделердің арасынан оларды тағы көретінбіз. Күймеде басын тік ұстап отырған Эмили, қасында Гомер болатын. Оның басында қалпағы, қолында сары былғары қолғап, аузында темекісі бар. Атты қамшылап, көшені күймемен асықпай аралап өтетін.  Сол кезде біз қайтадан «Байғұс Эмили…» дей бастадық…

Көп ұзамай қала әйелдерінің біразы:

– Бұл қылықтары бүкіл қала үшін ұят нәрсе. Жастарға да нашар үлгі, – дей бастады.

Ер адамдар бұл іске араласқысы келмеді. Бірақ әйелдер шіркеудің епископын Эмилимен сөйлесуге көндірді. Сөйтіп епископ оның үйіне барды. Алайда екеуінің арасында болған әңгіме жайлы ешкімге тіс жармады. Біз тек содан кейін оның Эмилидің үйіне қайта бас сұғудан үзілді-кесілді бас тартқанын білдік. Келесі жексенбіде жұрт Эмили мен Гомердің баяғыдай күймемен қала көшелерін аралап жүргенін тағы көрді. Ал ертеңіне епископтың жұбайы Алабамадағы Эмилидің туыстарына хат жазып жіберді.

Осылайша Эмили ханымның үйіне туыстары қайтадан келіп қоныстанды, ал біз болсақ, әрі қарай не боларын үнсіз бақылауға кірістік.

Әуелгі кезде ештеңе өзгермегендей көрінді. Бірақ көп ұзамай олардың үйленетініне күмәніміз қалмады. Өйткені Эмили зергерге барып, ер адамға арналған ұстара жиынтығына тапсырыс берген екен. Оның әр бұйымына «ГБ» деген әріптер ойылып жазылуы керек болыпты.

Арадан екі күн өткенде, оның ер адамның киім-кешегіне, тіпті түнде киетін жейдесіне дейін тапсырыс бергенін естідік.

– Болды, енді үйленеді, – дестік бәріміз.

Бұған жұрт іштей қуанды да. Өйткені Алабамадан келген екі немере туысы Эмилидің өзінен де өткен «Гриерсон» еді. Сондай тәкаппар, өркөкірек әрі бәріне араласқыш болатын

Сондықтан Гомер Бэрронның аяқ астынан кетіп қалғанына ешкім таңданған жоқ. Ол кезде көшеге тас төсеу жұмыстары да аяқталған болатын. Рас, бұл оқиға аздап жұрттың көңілін түсірді. Олар күткендей үлкен дау-жанжал да шықпады. Бірақ бәріміз Гомерді Эмили үйлену қамына дайындалып алсын деп немесе оның әлгі туыстарының кеткенін күту үшін уақытша алыстаған шығар деп ойладық.

Шынын айтқанда, біз Эмилидің әлгі екі туысына қарсы үнсіз ғана бір одақ құрғандай едік. Барлығымыз Эмилидің жағында болатынбыз.

Бір аптадан соң туыстары кетіп қалды. Содан соң біз күткендей, арадан үш күн өткенде Гомер Бэррон қайта оралды. Көршілердің бірі кешкісін қара қызметшінің оны үйге кіргізгенін көріпті. Бұл – біздің Гомер Бэрронды соңғы рет көруіміз еді.

Содан кейін Эмили де жұрт көзіне көп түспейтін болды. Тек қара қызметші қолына дорбасын ұстап, үйге кіріп-шығып жүретін. Ал үйдің алдыңғы есігі үнемі жабық тұратын.

Кейде ғана Эмилиді терезе алдында көріп қалатынбыз. Ол баяғыдағы үйдің айналасына әк сеуіп жүрген адамдарды үнсіз бақылаған кезіндегідей қимылсыз отыратын. Бірақ жарты жыл бойы үйінен бір де бір рет шыққан емес. Біз мұны да табиғи құбылыс деп қабылдадық. Өйткені қыздың өмір жолына қайта-қайта бөгет болған әкесі де өктем мінезді, ашушаң әрі кекшіл адам еді.

Эмилиді қайта көргенімізде, ол толысып кетіпті. Шашына ақ кіре бастаған екен. Арадан жылдар өтті, шашының түсі барған сайын ағара түсті. Бірақ жетпіс төрт жасында дүниеден өткенге дейін оның шашында өмірге деген қайсарлықтың белгісіндей бір сұрғылт рең сақталып тұрды. Алдыңғы есігін жауып тастағанынан ұзақ жыл өткен соң, қырықтар шамасына келген Эмили үйінің төменгі қабатындағы бөлмелердің бірін шеберханаға айналдырып, фарфор бұйымдарын өрнектеуден сабақ бере бастады. Сабақ ақысы жиырма бес цент болатын. Полковник Сартористің замандастары өз қыздары мен немерелерін Эмилиге жібере бастады. Олар бұл үйге кәдімгі сабаққа емес, шіркеуге бара жатқандай ұқыптылықпен әрі ерекше құрметпен келетін. Дәл сол жылдары Эмилиге салық төлеуден босатылу құқығы да берілді.

Уақыт өте келе жаңа буын өсіп жетіліп, қаланың тірегі мен рухына айналды. Эмили ханымның шәкірттері де бойжетіп, енді өз қыздарын қолдарына түрлі-түсті бояулар, қылқаламдар мен әйелдер журналынан қиып алған суреттерді ұстатып, оның үйіне жібермейтін болды. Соңғы шәкірті де оқуды аяқтай салысымен, үйдің есігі қайта жабылды. Бұл жолы ол мәңгілікке жабылғандай еді.

Қалаға тегін пошта қызметі енгізілгенде де Эмили өзгермеді. Үйінің қақпасына темір нөмір орнатуға да, пошта жәшігін ілуге де рұқсат бермеді. Ол ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын.

Күндер өтті. Айлар өтті. Жылдар сырғып жатты. Сол аралықта қара қызметші қолына дорбасын ұстап, үйге кіріп-шығып жүрді. Ол да қартайды. Жыл сайын желтоқсан айы туғанда біз Эмилиге салық төлеу туралы хабарлама жіберетінбіз. Бірақ бір апта өтпей-ақ хат сол күйінде кері қайтып келетін. Кейде кезде ғана оны терезе алдынан көріп қалатынбыз. Бірақ оның бізге қарап тұрған-тұрмағанын ажырату мүмкін емес болатын. Қатып қалған мүсін секілді қозғалмай отыратын.

Сөйтіп, неше ұрпақ алмасса да, Эмили сол қалпында өмір сүрді. Қасарысқан, бірқалыпты әрі ешкім жете алмайтын бір тылсым әлемнің адамы сияқты болатын.

Ақыры ол да дүниеден өтті. Өлім оны шаң басқан бөлмелердің бірінен тауып алды. Еденге құлап жатқан күйі жан тапсырған екен. Біз оның сырқат екенін де білмеппіз. Оған күтім жасаған жалғыз жан – жасы ұлғайып, жүрісі ауырлаған қара қызметші ғана еді. Бірақ жұрт әлдеқашан одан ештеңе сұрамайтын болған. Өйткені ол ешкіммен сөйлеспейтін. Тіпті қожайынымен де тілдеспейтін шығар деген ой келетін. Ұзақ жылға созылған үнсіздіктен оның даусы жуандап, қатайып кеткендей көрінетін.

Эмили ханым төменгі қабаттағы бөлмелердің бірінде, жұқа шілтер перделермен көмкерілген, жаңғақ ағашынан жасалған кереуетте жатып көз жұмды. Күмістенген ақ шашы күн сәулесін көптен көрмегендіктен сарғыш тартқан жастыққа төгіліп жатты.

Қара қызметші сыбырлап қана сөйлейтін, жүздеріне әрі қызығушылық, әрі үрей ұялаған әйелдерді үнсіз қарсы алды. Оларды дәліз арқылы ішке бастап кіргізді. Сосын өзі сыртқа шығып кетті. Сол кеткеннен оны ешкім, ешқашан көрген жоқ.

Хабарды естіген екі немере әпке-қарындасы асығыс жетті. Келесі күні-ақ жаназа рәсімін ұйымдастырып жіберді. Бүкіл қала халқы Эмили ханымның соңғы сапарына жиналды. Табыттың үстін үйілген гүлдер жауып тастапты. Ал оның қасында, арнайы тұғырға қойылған табыттың дәл үстінде, әкесінің қара қарындашпен салынған портреті үнсіз қарап тұрғандай еді. Әйелдер бір-біріне сыбырлап сөйлеп, таңданыстарын жасыра алмай жатты. Қарттардың кейбірі баяғы Конфедерация армиясының сұрғылт әскери киімдерін шаңнан тазартып, киіп келген екен. Олар бақ ішінде тұрып Эмили туралы айтқанда өз замандастарын еске алғандай болатын. Тіпті бір кезде онымен бірге балға барып, би билеп, оған ғашық болған адамдардай көрінетін. Бәлкім, кәріліктің әсерінен уақыттың шекарасы көмескіленетін шығар. Өйткені адам қартайғанда өткен өмір артта қалған сүрлеу жолдай емес, ешқашан қыс түспейтін ұлан-ғайыр жазирадай болып елестейді.

Сол жерде бәріміз білетін бір құпия бар еді. Үйдің жоғарғы қабатында қырық жылдан бері ешкім бас сұқпаған бір бөлме болатын. Оның есігі ұзақ уақыт ашылмағандықтан, қара күшке салып бұзбайынша ішке кіру мүмкін емес еді. Бірақ жұрт сол бөлмені Эмили жерленгенше ашпай күтіп отырды.

Ақыры есік зорлықпен ашылды. Сол сәтте іштен қалың шаң бұрқ ете қалған. Бөлме тұтас бір қалыңдық бөлмесіндей безендіріліпті. Барлық жер бозғылт қызғылт реңкке боялған…күнге оңған перделер, қызғылт шыра қалпақтар… Жылтырата сүртілген күмістен жасалған ер адамның ұстара жиынтығы да тұр. Оның бетіне «ГБ» деген әріптер қашалып жазылған. Жанында галстук жатыр. Орындықтың үстіне ер адамның костюмі ұқыптап бүктеліп қойылған. Еденде бір жұп аяқкиім мен шұлық тұр. Ал кереуеттің үстінде…

Гомер Бэррон жатыр екен…

Біз ұзақ уақыт үнсіз тұрып қалдық.

Кереуеттің үстінде ыржиып жатқан бас сүйекке көз алмай қарадық. Дененің сұлбасы бір кездері әлдекімді құшағына басқан адамның қалпын сақтап қалғандай еді. Бірақ махаббаттан да ұзаққа созылған мәңгілік ұйқы өз дегенін істеген екен. Уақыт әлгі адамды жеңіп, бойындағы тіршіліктің барлық белгісін жұтып қойған. Гомер Бэрроннан қалғаны – шіріп кеткен жатар киімнің жұрнағы мен жастыққа жабысып қалған қалың шаң ғана.

Сонсоң бәріміздің назарымыз кереуеттің жанындағы екінші жастыққа ауды. Оның үстінде бір нәрсе жатыр екен. Біреу ақырын ғана еңкейіп, әлгі затты қолына алды.

Бұл…

Сұрғылт, ақ түсті, ұзын бір тал шаш болатын…

Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ

Сөзбелгілер: әңгімеқимастықмахаббатпрозаФолкнер
Алдыңғы жазба

Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»

Келесі жазба

Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»

Ұқсас мақалалар

Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»
Проза

Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»

07.06.2026
6
Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»
Проза

Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»

01.06.2026
56
Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»
Проза

Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»

29.05.2026
93
Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ): «Ақжүрек Брахман жайлы хикая»
Проза

Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ): «Ақжүрек Брахман жайлы хикая»

28.05.2026
104
Келесі жазба
Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»

Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Көп қаралған

  • Эдгар Аллан По: «THE PHILOSOPHY OF COMPOSITION» – Жазу өнерінің философиясы

    Эдгар Аллан По: «THE PHILOSOPHY OF COMPOSITION» – Жазу өнерінің философиясы

    23.4k
  • Томас Стернз Элиот: «Поль Валери немесе көлге қарап тұрған Нарцис пен мистикаға толы бойдақтың жалғыздығы»

    12.7k
  • Эдгар Аллан ПО: «…Америка поэзиясы немесе ұятты монополияға қарсылық»

    5.5k
  • Фри́дрих Ви́льгельм Ни́цше: “ЗӘРДҮШТ ОСЫЛАЙ ДЕГЕН”

    4.5k
  • Жемаль Сүрея: «Фольклор» – поэзияның жауы»

    3.4k

Сөзбелгі

Your browser doesn't support the HTML5 CANVAS tag.

  • вольтер
  • абсурд
  • аударма
  • өлең
  • әдебиет
  • сағыныш
  • Фолкнер
  • түйсік
  • әуендер мен естеліктер
  • жаңа өлең
  • қимастық
  • әңгіме
  • өнертапқыш
  • еркіндік
  • жазу
  • стиль
  • өткен
  • ойлар
  • сен және ол жайлы
  • үрей
  • махаббат
  • сын
  • кітаптар
  • түрік поэзиясы
  • философия
  • қоғам
  • таным
  • жаңалықтар
  • проза
  • поэзия

Кітаптар

ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ

«ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ» порталы – Қазақстандағы тәуелсіз әдеби кеңістікте қалыптасқан әдебиет пен өнердің онлайн-платформасы.

Байланыс

  • Бас редактор: Қарлығаш ҚАБАЙ
  • Email: karlygaaaa.sh@gmail.com
  • Мекенжайы: Астана / Қазақстан
  • Телефон: +7 747 702 9797

Соңғы жазбалар

  • Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»
  • Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»
  • Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Поэзия
  • Проза
  • Сын
  • Кітаптар
  • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Көркемөнер

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.