Қай уақытта оянсаңыз да, әлдебір есіктің ашылып-жабылған сықыры естілетін. Қол ұстасқан елес кейпіндегі ерлі-зайыптылар бір бөлмеден екінші бөлмеге өтіп, бір бөлменің терезесін айқара ашып, ауасын тазартып, айналаны үнсіз шолумен болды.
– Біз оны мына жерде қалдырған едік, – деді әйел.
– Иә… дәл осы маңда, – деп қосылды ер адам.
– Әлде жоғарғы қабатта ма еді? – деп сыбырлады әйел.
– Немесе бақшада ма екен, – деді ер адам баяу үнмен.
– Түүүш, тыныш…аналарды оятып алып жүрмейік, – деді сонсоң екеуі бірдей.
Бірақ бізді оятқан олар емес тұғын. Жоқ, мүлдем олай емес…
«Олар әлденені іздеп жүр… пердені түріп жатыр», – деп ойлауың мүмкін. Сөйтіп тағы бір-екі бетті парақтап оқып шығасың. Кей сәтте қарындашыңды кітап жиегіне қойып тұрып: «Міне, енді іздегендерін тапқан секілді», – деп те қаласың. Сосын оқудан жалығып, орныңнан тұрып, бәрін өз көзіңмен көргің келеді. Үйдің іші қаңырап бос тұр. Есіктер ашық. Тек ағаш арасындағы кептердің мамыражай үні мен алыстағы қырманнан жеткен диірменнің бірқалыпты гуілі ғана естіледі.
– Мен мұнда не үшін келдім? Не іздеп жүрмін? – деп өзіңнен сұрайсың. Бірақ тағы да құр қол екеніңді түсінесің…
– Мүмкін, жоғарғы қабатта қалған шығар?..
Жоғарғы қабатқа шығып, шатырда тек алма ғана бар екенін көресің де, сөйтіп қайта төменге түсесің. Бақша баяғыша тым-тырыс. Тек кітап қана сусып барып шөптің үстіне түсіп қалыпты.
Бірақ әлгі елес кейпіндегі ерлі-зайыпты екі адам іздегенін қонақ бөлмеден тапқан сияқты. Дегенмен мұны нақты ешкім біле алмайды. Терезеден алмалар мен раушандар көрініп тұр. Әйнек бетіндегі жапырақтардың бәрі жап-жасыл еді. Егер әлгі екеуі қонақ бөлмеден көлбеңдеп өтсе, тек алмалар ғана сарғыш бетін бұрып, үнсіз бақылаған болар еді. Алайда бір сәтке есік ашыла қалса, әлдене еденге төгіліп, қабырғаға жайылып, төбеден салбырап тұрғандай сезілер еді… Ол не өзі? Қолыма қарадым. Қолымда әлі ештеңе жоқ. Кілем үстінен бір сайрақ құстың көлеңкесі сырғып өтті. Тым терең тыныштықтың түбінен жеткендей болып ағаш арасындағы кептердің бүлкілдеген үні құлағыма шалынды.
– Тыныштық… тыныштық… тыныштық… – деп үйдің жүрек соғысы баяу ғана бүлкілдейді. Содан соң:
– Көмілген қазына… бөлме… – деп барып кенет әлгі үн үзіліп қалды.
Әлде әлгі көмулі қазына – осы үннің өзі ме еді?
Сәлден кейін жарық та солғындап барып өшті. Әлде бұлар іздеген қазына бақшада ма екен? Бірақ ағаштар әп-сәтте адасып жүрген күн сәулесін қою қараңғылыққа орап жіберіпті. Мен іздеген әлгі сирек кездесетін, нәзік сәуле әйнектің арғы жағында әрдайым үнсіз жарқырап тұратын… Өлім – сол әйнек болатын. Өлім – біздің арамызда тұр… Осыдан жүздеген жыл бұрын әуелі әйелді алып кетіп, үйді қаңыратып, терезелерді мәңгіге бекітіп тастаған да – сол өлім болатын. Сол сәттен бері бөлмелер қараңғыға көмілген. Ал ер адам әлгі қазынаны да, әйелді де тәрк етті. Солтүстікке барды, Шығысқа барды. Оңтүстік аспанында төңкеріле көшкен жұлдыздарды көрді. Содан соң қайтадан үйін іздей бастады. Ақыры оны қыраттардың баурайына шөгіп қалған күйінде тауып алады…
– Тыныштық… тыныштық… тыныштық… – деп үйдің жүрегі енді қуанышпен соғады.
– Қазына енді сендердікі… – деп тұрған секілді…
Жел ағаштар бой көтерген саяжолды торлап ұлып жатыр. Ағаштар біресе оң жаққа, біресе сол жаққа иіліп, теңселеді. Ай сәулесі жаңбыр арасына шашырап, бытырап кеткен. Бірақ терезеден түскен шамның жарығы міз бақпай, бойын тіктеген қалпы қозғалмады. Балауыз шамның жалыны да қыбыр етпей, тып-тыныш жанып тұр.
Үй ішін үнсіз кезіп жүрген елес кейпіндегі ерлі-зайыптылар терезелерді ашып, бізді оятып алмау үшін сыбырлап сөйлесіп, баяғыда көз жазып қалған өздеріне тиесілі бақытты іздеп жүр.
– Біз мына жерде ұйықтаушы едік, – дейді әйел.
– Талай рет сүйістік қой осында, – деп қостайды ер адам.
– Таңертең оянғанда…
– Ағаштардың арасындағы күміс сәулемен бірге…
– Жоғарғы қабатта…
– Бақ ішінде…
– Жаз туған шақта…
– Қарлы қыста…
Алыстан есіктердің баяу ғана сықырлағаны естіледі. Сол дыбыс жүректің бүлкіл қаққан тамырындай жұмсақ әрі бәсең болатын.
Олар барған сайын есікке жақындай түсті де, есік алдында кілт тоқтады. Жел басылды. Жаңбыр әйнек бетінен күмістей сырғып ағады. Көзіміз қарауытып кеткендей болды. Маңымызда ешбір аяқ дыбысы естілмейді. Әлдебір әйелдің елес кейпінде келіп, шашын жайғанын да көрген жоқпыз. Ер адам қолымен шамды көлегейлеп:
– Қарашы, – деп сыбырлады. – Тып-тыныш ұйықтап жатыр. Еріндерінде махаббаттың табы бар.
Екеуі еңкейіп, күміс шамды төбемізден төндіріп, бізге ұзақ уақыт тесіле қарайды. Айналаны үнсіздік жайлағалы көп болған. Содан соң жел қайта екпіндеп соға бастады. Шамның жалыны сәл ғана діріл қағады. Ай сәулесінің жабайы жолақтары еден мен қабырғаны тесіп өтіп, бір-бірімен түйіскен жерде еңкейген қос елестің жүзін жарыққа бөлейді… ойға шомған қос елесті жарыққа бөлейді… ұйқыдағы ғашықтардың жан дүниесін шолып өтіп, олардың жасырын бақыты қайда екенін іздеген екі елесті жарыққа бөлейді…
– Тыныштық… тыныштық… тыныштық… – деп үйдің жүрегі мақтанышпен соғып тұр енді…
– Ұзақ уақыттан кейін… – деп күрсінеді ер адам.
– Сен мені қайта таптың. Дәл осы жерде, – деп сыбырлайды әйел.
– Ұйықтап жатқанда… бақта кітап оқып отырып… шатырда алмаларды домалатып, күліп жүріп… Қазынамызды біз дәл осы маңға қалдырған едік…
Екеуі еңкейген сайын, қолдарындағы шам көңілімді жарықтандырғандай болды…
– Тыныштық! Тыныштық! Тыныштық! – деп үйдің тамыры енді тағатсыздана соғады.
Мен оянып кетіп:
– Сонда сендердің көмулі қазыналарың осы ма еді? Жүректегі жарық па? – деп сыбырлаймын…
Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ






