Сапарларымның бірінде мен аса зерек, байыпты әрі білімді бір қарт Брахманмен таныстым. Оның үстіне, бұл адам аса дәулетті тұғын. Бәлкім, ештеңеге мұқтаж болмағандықтан да, ол өзгелерден гөрі парасатты әрі сабырлы көрінетін шығар. Өйткені әдетте адамдарды өтірік айтуға, біреуді алдауға жоқшылық мәжбүрлейді ғой. Оның көркіне көз тоймайтын үш әйелі бар болатын. Үшеуінің де Брахманның көңілінен шығудан өзге ешбір уайымы жоқ еді. Үй шаруасына да аса ұқыптылықпен қарайтын. Ал өзі әйелдерімен бірге көңіл көтеретін сәттерінен тыс уақытта пәлсапамен айналысатын.
Үйінің де сән-салтанаты келіскен, айналасы жайқалған бақ болатын. Ал оның дәл жанында кедей, аңғал әрі діндар бір қарт үнді әйел тұратын.
Бір күні әлгі Брахман маған:
– Шіркін, бұл дүниеге мүлде келмегенімде ғой, – деді.
Мен оның неге бұлай дегенін сұрадым.
Сонда ол:
– Қырық жылдан бері оқып келемін, – деп жауап берді. – Ал қазір сол қырық жыл босқа өткен өмірдей көрінеді. Өзім ештеңе білмей тұрып, өзгелерге ілім үйретпек боламын. Осы бір күйіме жан дүнием қатты қысылып, жиіркене қарайды. Кейде осы бір тіршілік, мына өмір маған көтере алмайтын ауыр жүк секілді сезіледі. Мен уақыттың ішінде тудым, уақыттың ішінде өмір сүріп жүрмін, бірақ уақыттың не екенін білмеймін. Данышпандар айтпақшы, екі шексіздіктің арасында өмір сүріп жүрген титтей ғана нүкте секілдімін мен. Алайда сол шексіздіктің табиғаты маған мүлде беймәлім. Мен материядан жаралғанмын. Ойлану қабілетіне иемін. Бірақ ойды тудыратын нәрсенің не екенін ұқпаймын. Ақылым жүру мен ас қорыту секілді жай ғана бір қабілет пе, әлде қолыммен зат ұстағандай, миыммен ойды «ұстаймын» ба? Оны да білмеймін… Тек ойымның бастауы емес, қимыл-қозғалысымның түп негізі де мен үшін құпия болып отыр. Неге өмір сүріп жүргенімді де түсінбеймін. Соған қарамастан, адамдар күн сайын осының бәрі жайында менен ақыл сұрайды. Бірдеңе айтуың керек. Айтатын нақты сөзің де жоқ. Бірақ сонда да көп сөйлеймін. Ал тым көп сөйлеген сайын өз сөзімнен өзім ұялып, өзімнен өзім жалығып кетемін…
– Әсіресе, жұрт менен «Вишну Брахманы жаратты ма, әлде екеуі де әуелден бері бар ма еді?» – деп сұрағанда, тіпті тығырыққа тірелемін, – деді ол. – Құдай куә, мен де бұл туралы ештеңе білмеймін. Мұны берген жауаптарымнан-ақ аңғаруға болады. Адамдар маған:
– Уа, қадірлі ұстазымыз! Неліктен зұлымдық бүкіл дүниені жайлап алды, соны түсіндіріп беріңіз, – дейді.
Сонда бұл сұрақты қойғандар қаншалық күйзелсе, мен де соншалық қиналамын. Кейде оларға:
– Бұл дүние – «мүмкін болған» дүниелердің ішіндегі ең жақсысы, – деп жауап беремін.
Бірақ соғысқа қатысып, мүгедек болып қалып, азап шеккен жандар оған сенбейді. Шынымды айтсам, өзім де сенбеймін. Ақыры, бір нәрсені білуге, үйренуге деген тынымсыз құмарлығым мен шексіз надандығымның салмағынан жаншылып, оңаша қалу үшін бөлмеме барып қамаламын. Содан соң көне кітаптарымызды ақтарамын. Бірақ олар менің білімсіздігімді бұрынғыдан бетер тереңдете түседі.
Кейде әріптестеріммен де тілдесемін. Олардың бір бөлігі: «Өмірдің қызығын көр. Адамдардың жағдайын ойлап қайтесің?» – дейді. Ал енді біреулері өздерін бәрін білетіндей ұстап, мағынасыз сөздерді қардай боратады келіп. Бірақ солардың бәрі жанымды кернеген әлгі аянышты күйді бұрынғыдан да ауырлата түседі. Осы ізденістің бәрінен кейін де, қайдан келгенімді, кім екенімді, қайда бара жатқанымды, ақыр соңында не болатынымды білмейтінімді ойласам, кейде үмітсіздіктің шегіне жеткендей боламын. Байғұс қарттың бұл хәлі менің жаныма қатты батты. Одан асқан парасатты, одан асқан ізгі жанды кездестіру қиын еді. Сол сәтте мен бір нәрсені анық түсіндім. Адамның ақыл-санасында білім көбейген сайын, жүрегі бұрынғыдан сезімтал бола түскен сайын, бақытсыздығы да ұлғаяды…
Сол күні мен оның көршісін, әлгі қарт үнді әйелді де көрдім. Одан:
– Жаныңыздың қалай жаратылғанын білмейтініңіз сізді қинай ма? – деп сұрадым.
Бірақ ол менің сұрағымды мүлде түсінбеді. Брахманның жанын жегідей жеген мәселелер оның ойына бір сәт те кіріп шықпаған екен. Ол Вишнудың түрлі бейнеге ене беретініне шын көңілімен сенетін. Ал кейде шомылу үшін Гангтың қасиетті суынан аздап табыла қалса, өзін дүниедегі ең бақытты әйел сезінетін. Осы бейшара тіршілік иесінің қарапайым ғана бақытты сәттеріне таңырқап, мен қайтадан әлгі философтың жанына бардым да:
– Есігіңіздің дәл түбінде ештеңені ойлап бас қатырмай-ақ, өміріне риза болып жүрген бір «мақұлық» тұрғанда, өзіңіздің бақытсыздығыңызға налудан ұялмайсыз ба? – дедім.
Сонда ол:
– Дұрыс айтасыз, – деді. – Өз-өзіме: «Көрші әйелдей ақымақ болсаң, бәлкім, бақыттырақ өмір сүрер ме едің», – деп жүз рет айтқанмын. Бірақ соған қарамастан, ондай бақытты жаным ешқашан қалаған емес, – деді.
Брахманның осы жауабы маған бәрінен де қатты әсер етті. Мен өз ішіме үңіліп қарадым да, бақытқа жетудің шарты «ақымақтық» болса, ондай бақытты өзімнің де қаламайтынымды түсіндім.
Мен осының бәрін философтарға айтып бердім. Олар да менің ойымды құптағандай болды. Бірақ мен сонда да:
– Бұл жерде бір терең қайшылық жатқан жоқ па? – дей бердім. – Адамға керегі не өзі? Бақыт емес пе? Ақылды болсақ та, ақымақ болсақ та, бұдан келіп кетер ештеңе жоқ емес пе? Тіпті бұл жердегі ең маңызды мәселе мына нәрсе: өз тіршілігіне разы жандар, ең болмағанда, бақытты екендеріне күмәнданбайды, ал ойға берілгендер өз пайымының дұрыс екеніне ешқашан толық сенімді бола алмайды. Ендеше шешіміміз осы тұста өздігінен нақтылана түседі: егер сана мен зерде адамға титтей де қайғы әкелетін болса, онда одан бас тартқан жөн шығар. Бұл пікіріме бәрі келіскендей көрінді. Бірақ соған қарамастан, араларынан бақыт үшін ақымақтықты саналы түрде таңдаған бірде-бір адам табылмады. Сонда мен мынадай қорытындыға келдім: адамзат бақытты қадірлейді, бірақ ақылды одан да жоғары қояды.
Алайда тереңірек ойлаған сәтте, ақылды бақыттан артық санаудың өзі – ақылға сыймайтын нәрсе екенін түсінесің. Бұл қарама-қайшылықты қалай түсіндіруге болады? Әдеттегідей, бұл туралы да сансыз пікір ойлап табуға болар еді. Өйткені бұл жайлы айтылар сөз әлі де көп…
Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ






