Дүйсенбі, 22 Маусым , 2026
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс
  • Кіру
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Бастапқы Проза

Герман Карл Гессе: «Кітапқа көміліп өмір сүрген адам»

Қарлығаш ҚАБАЙ жазған Қарлығаш ҚАБАЙ
22.06.2026
- Проза
0
Герман Карл Гессе: «Кітапқа көміліп өмір сүрген адам»
0
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-ге бөлісу

Баяғыда бір адам болыпты. Ол жастық шағының алғашқы кезеңінен-ақ өмірдің жанды қажытатын абыр-сабырынан, у-шуынан үркіп, кітаптар әлемін паналаған екен. Содан бері бөлмелері кітапқа лық толы үйде өмір сүріп келеді. Оның үйінің қуыс-тесігінің бәрінен кітап кездестіріп қалуға болады. Ал сол кітаптардан өзге жақын араласатын, сырласатын дүниесі тым аз еді. Жаны шындық пен сұлулыққа шексіз құштар болғандықтан, ол тағдырдың кездейсоқ сыйларына немесе жолықтырар адамдарына сенуден гөрі, адамзат тарихында із қалдырған ұлы ойшылдармен, кемеңгерлермен рухани байланыста болғанды әлдеқайда дұрыс деп санайтын. Өйткені кітап беттерінен тіл қататын нұрлы ақыл иелері күнделікті тіршілікте ұшырасатын адамдардан әлдеқайда жақын әрі сенімді болып көрінетін.

Оның кітаптарының бәрі дерлік көне дәуірден жеткен мұралар болатын. Сөрелерінде ежелгі грек пен рим ойшылдарының, ғұламалары мен қаламгерлерінің шығармалары самсап тұратын. Ол солардың тілін сүйетін. Дүниетанымын соншалық жарық, соншалық үйлесімді деп бағалайтын. Сондықтан адамзаттың қалайша сол биік жолдан тайып, ғасырлар бұрын қол жеткізген рухани асыл мұрасынан алыстап кеткенін түсіне алмайтын. Оның ойынша, әлгі бұрынғының данышпандары ғылым мен өнердің барлық маңызды салаларында адам қолынан келер ең ұлы дүниелерді жасап кеткен еді. Кейінгі ұрпақтардың сол мұраға шын мәнінде қосқаны тым аз болатын. Мысалы, Гёте де дәл сондай санаулы ұлы тұлғалардың бірі еді. Ал адамзаттың сол кезден кейінгі «ілгерілеуі» оған аса маңызды болып көрінбейтін. Қайта ол мұндай жетістіктердің көбін үстірт әрі өткінші құбылыс деп санайтын. Өйткені олардың дені адамның рухани кемелденуіне емес, басқа нәрселерге бағытталған еді. Мысалы, машиналар жасауды жетілдіруге, соғыс қаруларын көбейтуге, тірі дүниені жансыз затқа айналдыруға, табиғатты сан мен есептің құрсауына қамап, оны ақшаға айналдыру секілді істерге…

Оның өмірі жарқын, тыныш әрі бірқалыпты болатын. Аузында ежелгі ақын Теокриттің жыр жолдары жүретін. Шағын бақшасында серуендеп жүріп, көне даналардың қанатты сөздерін қайта-қайта ой елегінен өткізетін. Әсіресе Платонның және басқа да ежелгі ойшылдардың пікірлеріне рухани сапар шегіп, ғасырлар қойнауынан жеткен сол ой әлемінің ләззатын кеш болса да сезінуге ұмтылатын. Кейде өз өмірінде белгілі бір жұтаңдық пен тар өрісті дүниелердің барын аңғаратын. Бірақ ол адамның бақыты дүниенің көптігіне тәуелді емес екенін, парасатты адам адалдықтан айнымай, азға қанағат ете білсе де жан тыныштығына жете алатынын көне ғұламалардан үйренген еді. Күндердің бір күні көрші елдегі үлкен кітапхананы көру үшін сапарға аттанған еді. Сол елде кешкісін театрға баруы оның мүлгіген тыныштықта өтіп жатқан өміріне күтпеген өзгеріс әкелді. Сахнада Уильям Шекспирдің бір пьесасы қойылып жатқан еді. Әрине, ол бұл шығарманы мектеп қабырғасынан білетін. Бірақ мектепте қалай оқытылған болса, соның аясында ғана пайым жүгірте алатын.

Төбесі биік, күңгірт залда ол алғашында іші пысып, аздап мазасызданып отырды. Өйткені көпшілік ортаны ұнатпайтын. Алайда көп ұзамай пьесаның терең рухынан бойлай жеткен әлдебір үн оның жан дүниесін баурап алды. Қойылым өз арнасына тартып әкетті. Актерлердің ойыны мінсіз болды деуге келмейтін. Оның үстіне театр өнеріне де онша жақын емес еді. Бірақ осының бәрінен асып түсетін бір сәуле, бір тылсым қуат, бұрын-соңды бастан кешпеген бір сұлулық келіп, жүрегін жаулап алғандай болды. Қойылым аяқталған соң ол театрдан есеңгіреген күйде шықты. Сапарын жалғастырды. Ал үйіне қайтарда ағылшын данышпанының барлық шығармаларын бірге ала келді. Үйіне келген бойда кітаптарды оқуға кірісті. «Король Лирді» оқыды. «Отеллоны» оқыды. «Ромео мен Джульеттаны» оқыды. Бірінен соң бірін, барлық пьесаларды түгел оқып шықты. Сол сәттен бастап оның өміріне алапат құмарлық, тылсым күш пен қиялға толы дауыл кіріп келгендей болды. Күндерін кітапқа үңілген күйі өткізіп, рухани мас болып өмір сүрді. Жүрегінде бұрын белгісіз болып келген жаңа бір әлемнің есігі ашылғанын сезінді. Ұзақ уақыт бойы ол үйін де, бақшасын да жалғыз аралаған жоқ. Оның айналасын Шекспир жаратқан кейіпкерлер қоршап жүргендей еді. Өйткені бұл таңғажайып жазушы ежелгі гректердің ғасырлар бойы қалыптастырған қағидаларының көбін төңкеріп тастағандай көрінетін. Бірақ соған қарамастан, одан қателік табу мүмкін емес еді. Өйткені ол барлық қарсылыққа төтеп беріп, өз ақиқатын дәлелдеп тұрғандай әсер қалдыратын.

Сөйтіп тұңғыш рет оның әлемінде көзге көрінбес бір жарықшақ пайда болды. Бұрынғы классикалық тыныштығының ішіне сырттан бір леп еніп кеткендей еді. Бәлкім, өз жан дүниесінің түкпірінде әлдеқашан ұйықтап жатқан бір нәрсе оянып, мазасыз күйде қанатын қаға бастаған шығар? Бұл қандай тосын, қандай жаңашыл сезім еді! Әлдеқашан өмірден өткен Уильям Шекспир деген жазушының шығармаларын оқи отырып, ол бір нәрсені анық аңғарды. Бұл қаламгердің идеал туралы түсінігі ежелгі ойшылдардікінен мүлде бөлек болатын. Тіпті кейде Шекспир ешқандай идеалды мойындамайтын адамдай көрінетін. Шекспир үшін адамзат ақыл-ойдан қаланған мінсіз ғибадатхана емес еді. Ұйытқыған дауылда жүріп, тағдыр толқынымен арпалысып, кейде мұңға батып, кейде өз жазмышына масаттанып, бір белгісіз бағытқа қарай ағып бара жатқан алып теңіз секілді болатын. Оның кейіпкерлері жұлдыздардай қозғалады. Әрқайсысы өз орбитасымен жүреді. Қозғалысының қуаты да, екпіні де бәсеңдемейді. Тіпті жолының соңы тұңғиыққа, құлауға немесе құрдымға апарса да, олар өз бағытынан айнымайды.

Уақыт өте келе әлгі адам ұзаққа созылған мастыққа толы түннен кейін есін жиған жан секілді қайтадан көне дүниеге оралды. Ол тағы да латын мен грек классиктерін қолына алды. Бірақ енді бұрынғы әсерді таба алмады. Олардың бәрі біршама солғын көрінді. Біршама ескіргендей. Тіпті аздап жатырқап та қарайды. Содан соң ол замандас жазушылардың кітаптарын оқып көруге бел буды. Алайда олардың ешқайсысы көңілінен шықпады. Көпшілігі ұсақ-түйек мәселелердің төңірегінде айналып жүргендей көрінді. Оның үстіне бәрінен де бір түрлі жартыкеш салмақтылық аңғарылатын. Дегенмен жан дүниесінде оянған жаңа әсерлерге, жаңа толқынысқа деген шөл енді оны жібермей ұстап алғандай болды. Ал іздеген адам түбі бір табады.

Көп ұзамай норвегиялық жазушы Кнут Гамсунның бір кітабы қолына түсті. Бұл жазушының өзі де қызық тұлға екен. Айтуынша, ол әлі тірі болатын. Өмір бойы жалғыз жүріп, әлемді шарлаған. Белгілі бір мұратқа да, нақты бір сенімге де байланбаған. Бірде еркелеген, бірде тағдыр теперішін көрген. Бақыт пен қайғының арасында сенделіп, жүрегін толтыратын әлдебір сезімді үздіксіз іздеумен өткен жан. Кей кездері ғана сол іздеген сезіміне бір сәтке қол жеткізгендей болатын. Сол шақтарда оның жүрегі айналасындағы әлеммен үндесіп кеткендей әсер қалдыратын. Гамсун Шекспир секілді тұтас бір адамзат әлемін жасамайды. Көбіне өзі жайлы, өз жан дүниесі туралы жазады. Соған қарамастан, кітапты оқып отырып көптеген тұстарында әлгі адам қатты толқыды. Кейде терең мұңға батты. Кейде кенеттен күліп жіберетін. Бірақ бұл бұрынғы күлкі емес еді. «Қандай бала мінез адам! Қандай қырсық бала!» – деп ойлайтын ол Гамсун жайында. Сонымен бірге таңданысын да жасыра алмайтын. Өйткені бұл жазушыда бір тылсым күш бар тұғын. Оны оқыған жан аспаннан жұлдыздардың сырғып өткенін сезгендей болады. Алыстағы теңізде жартастарға соғылып барып жарылған толқындардың гүрілін естігендей болады. Және бір сәтке болса да, өмірдің жұмбақ әрі шексіз тынысын жүрегімен сезінеді.

Көп ұзамай оның қолына «Анна Каренина» атты көлемді роман түсті. Артынша Рихард Демельдің өлеңдерімен танысты. Одан кейін көп уақыт өтпей Фёдор Достоевскийдің шығармаларын оқи бастады. Шекспирді оқығаннан кейін кітаптардың өзі оны іздей бастағандай көрінген тұғын. Жан дүниесінде әлдебір бос кеңістік пайда бола қалса, дәл сол сәтте құдды өзіне арнап жазылғандай болып оны жетектеп әкететін бір шығарма аяқ астынан алдынан шыға келетін. Орыс жазушысының кітаптары оны жылатты. Ұйқысыз түндер сыйлады. Ол енді Горацийді бір шетке ысырып қойып, бұрын ерекше қадірлеген көне кітабының талайын жан-жаққа таратып жіберді. Бір күні сол ескі кітаптардың арасынан кезінде аса мән бермеген латынша бір еңбек қолына түсе қалды. Оны бөлектеп алып, оқуға кірісті. Бұл кітапта Аврелий Августиннің «Мойындауы» (Confessiones) берілген екен. Бірақ көп ұзамай ол қайтадан Достоевскийге оралды.

Бір күні кешке көп оқығандықтан көздері тала бастады. Жасы да ұлғайып қалған болатын. Сол сәтте ол терең ойға шомды. Бөлмедегі биік кітап сөрелерінің бірінің жоғарғы жағына алтын әріптермен ежелгі грек тілінде «Өзіңді таны!» деген сөз жазылып қойылған еді. Осы сөз оның ойын мазалай бастады. Өйткені ол өзін танымайтын. Тіпті көптен бері өз болмысы туралы нақты түсінігін жоғалтып алған еді. Сондықтан санасының түкпірінде сақталып қалған әлсіз іздерді кері қарай қуалай бастады. Кезінде Горацийдің бір ғана өлең жолы жанын баураған шақтарын, Пиндардың бір әні жүрегін шаттыққа бөлеген күндерді сағынышпен іздей бастады. Көне кітаптарды оқыған кездерінде ол адамзат деген ұлы қауымның бір бөлшегі екенін терең сезінетін. Ежелгі авторлар оны кейде қаһарманға айналдыратын. Кейде билеушіге. Кейде данышпанға. Олармен бірге заң шығаратын. Олармен бірге сол заңдарға бағынатын. Бір сәтке өзін жансыз табиғаттың бейберекет қараңғылығынан жарыққа қарай ұмтылған асқақ адамзат рухының өкілі ретінде сезінетін. Ал енді сол сезімдердің бәрі еріп кеткендей еді. Өйткені соңғы оқыған кітаптары оны мүлде басқа әлемге алып кеткен тұғын. Ол енді қарақшылармен бірге қарақшылық жасап жүргендей күй кешетін. Ғашықтармен бірге ғашық болатын. Кісі өлтірушілермен бірге кісі өлтіретін. Жылағандармен бірге жылайтын. Күнәһарлармен бірге күнәға бататын. Күлгендермен бірге күлетін. Ол қылмыс пен жауыздықтың, жоқшылық пен азғындықтың, тұрақсыз құмарлық пен тізгінсіз әуестіктің тұңғиығына түсіп кеткен еді. Қорқыныш пен құмарлықтың екі ортасында арпалысты. Жиреніш пен тыйым салынған сезімдердің батпағында аунап-төңкерілді. Осының бәрін кітап арқылы бастан кешіріп, адам жанының бұрын өзіне беймәлім болған қараңғы қуыстарын көрді.

Бітпейтін ойлары мен толғанысынан ештеңе шықпады. Сөйтіп көп ұзамай ол қайтадан жалынға жүгіргендей болып жаңа, тосын кітаптарға бас қойды. Оскар Уайльдтың еліктіргіш әрі аздап азғындық лебі сезілетін шығармаларын құмарта оқыды. Гюстав Флобердің мұңға толы күмән мен ізденіс жолын кезіп жүрді. Одан кейін жас буын жазушыларын оқуға кірісті. Олар тәртіп атаулыға қарсы екен. Ежелгі гректер мен классиктердің мұрасын жоққа шығаруға дайын тұратын. Көтеріліс пен анархияны дәріптейтін. Сұрықсыздықты сұлулық дәрежесіне көтеретін. Қорқынышты құбылыстарға күлімсірей қарайтын. Ол тіпті ең жас ақындар мен драматургтердің шығармаларын да қалдырмай оқып шықты. Ақырында бір тұжырымға келді: Олардың да ойлары мен бағыттары өзінше дұрыс тұғын. Олардың сөздері де адамның жан дүниесінен орын алатын. Тіпті солай болуы тиіс те еді. Оны жоққа шығару – жалғандық пен екіжүзділік болатын. Өмірдің қан мен қайшылыққа толы аласапыран табиғатын көрмегендей болу да – құйтырқы бір өтірік еді.

Бірақ уақыт өте келе бұл адамның жанын әлдебір шаршау басып, қажи бастады. Шаршау… Әлсіреу… Бұрын өзіне құшағын ашқан, ішіндегі жаңа әрі қуатты үнді шақырған кітаптардың бәрі енді өзінен алыстап кеткендей болатын. Ол қартайып бара жатты. Науқастана бастады. Және бірте-бірте өзін құдды бір алданған адамдай сезінді. Содан кейін бір түс көрді. Бұл түс оның бүкіл өмірінің мәнін ашып бергендей болды. Түсінде ол кітаптардан алып қабырға тұрғызып жатыр екен. Қабырға биіктей береді. Биіктей береді. Соңында оның көзі дүниедегі ештеңені көрмей, тек сол қабырғаны ғана көреді. Әлемдегі барлық кітапты бірінің үстіне бірін жинап, ұлан-ғайыр құрылыс тұрғызуды ол өзіне жүктелген міндет санай бастағандай құдды. Бір кезде әлгі құрылыстың бір бөлігі кенет шайқалып кетеді. Кітаптар сырғып құлай бастайды. Сосын әлдебір түпсіз құдыққа сатыр-сұтыр домалап түсіп жатады. Қабырғадағы жарықшықтан бұрын-соңды көрмеген бір сәуле сығалап тұр. Сол сәтте ол кітап қабырғасының ар жағынан сұмдық бір дүниені көреді. Жарық пен тұманның арасында орасан зор тіршілік қайнап жатыр екен. Адамдар. Халықтар. Жерлер мен елдер. Дүниеге келіп жатқан сәбилер. Жан тапсырып жатқан жандар. Жануарлар. Жыландар. Сарбаздар. Өрт құшағындағы қалалар. Толқынға жұтылып жатқан кемелер. Айқайлар. Шексіз қуаныштан туған жабайы шаттық үні. Барлығы бір түйінге айналып, қабырғаның ар жағынан тасқындап келеді. Қан ағып жатыр. Шарап төгіліп жатыр. Алау шамдар көз қарықтырар жарқылмен лапылдап жанып тұр. Осы сәтте ол селк етіп оянып кетті. Орнынан атып тұрды. Кеудесін ауыр бір нәрсе басып қалғандай болды. Ай сәулесі төгілген үнсіз бөлмеде абдырап тұрып қалды. Сосын үй сыртындағы ағаштарға көзі түсті. Жанындағы үстелде жатқан кітапты көрді. Сонсоң кенет бәрін түсінді. Өзін алданған адамдай сезінді. Иә, ол алданған еді… Өмір бойы алданып келген еді. Ол кітап оқыды. Парақтарды ақтарды. Қағаз иісін иіскеді. Ал дәл сол уақытта кітаптардан тұрғызылған әлгі қабырғаның ар жағында шынайы өмір қайнап жатқан еді. Сол жақта жүректер отқа оранды. Құмарлық тасып жатты. Қан төгілді. Шарап ақты. Махаббат гүлдеді. Қылмыс жасалды. Ал ол солардың ешқайсысын шын мәнінде бастан кешірмеді. Ешқайсысы оған тиесілі болмады. Оның қолында қалғаны – бар болғаны қағаз бетіндегі көлеңкелер ғана еді. Көлеңкелер мен әріптер… Ал өмірдің өзі болса, кітаптардан қаланған қабырғаның ар жағында өтіп кеткен еді.

Енді оның қайтадан төсегіне жатуға дәті бармады. Киіне сала үйден шығып, қала көшелеріне қарай асықты. Түнгі шамдардың күңгірт жарығымен жүздеген көшені кезіп өтті. Бәлкім, жүздеген қараңғы көшелерді кезді… Бәлкім, мыңдаған терезеге үңілді. Жүздеген жабық есіктің түбінде тұрып, іштен бір дыбыс естілер ме екен деп құлақ түрген де шығар бәлкім… Сөйтіп жүргенде таң атты. Көшелер ояна бастады. Қала қозғалысқа кірісті. Ал ол болса, түні бойы қаңғып жүрген соңғы мас адамдай бозамық таң жарығында сенделіп жүрді. Шаршағаны сонша, құлап кетуге шақ қалған еді. Сол кезде алдынан өңі қуарған жас қыз шықты. Қыз әлсіз әрі аурушаң болып көрінді. Оны көрген бойда әлгі адам жерге отыра кетті. Қыз оны өз үйіне алып барды.

Ол қыздың жұпыны бөлмесіндегі сынып-тозған төсектің үстіне жайғасты. Кереуеттің бас жағындағы қабырғаға шаң басқан, өрмек торына оранған жапон желпуіш ілулі тұр екен. Ол үнсіз қалды. Қыздың тиындарын саусақтарының арасында аударыстырып ойнағанын бақылап отырды. Кенет қыздың қолынан ұстап:

– Мені жалғыз қалдырмашы… жарай ма? – деді.

Даусы дірілдеп шықты.

– Маған көмектесші! Мен қарт адаммын. Сенен басқа ешкімім жоқ. Қасымда қалшы! Бұдан былай өмір маған ауру мен өлімнен басқа ештеңе бермейтін шығар. Бірақ ең болмаса солардың өзін шынайы күйінде сезінгім келеді. «Өзім» болып қиналғым келеді. Өз қаныммен, өз жүрегіммен өмір сүріп, өз жүрегіммен өлгім келеді…

Ол қызға ұзақ қарап қалды.

– Қандай әдемісің сен…

Қыздың қолын ақырын сипады.

– Саған қол тигізсем, жаның ауыра ма?

Қыз басын шайқады.

– Жоқ па?

Ол терең күрсінді.

– Неткен мейірімді жансың…

Сәл үнсіз қалды да, кенет әлдеқайдан жеткен өкінішпен сөзін жалғады:

– Білесің бе… Мен бүкіл ғұмырымды көмулі күйде өткіздім. Қағаздардың астында көмулі өмір сүрдім, – деп көзін қызға қадады.

– Мұның қандай болатынын білесің бе?

Қыз тағы үнсіз басын шайқады.

– Білмейсің бе?.. Қандай жақсы… Білмегенің жақсы екен…

Сонсоң ол терезеге қарай бұрылды.

– Жоқ, әлі өмір сүрейік. Әлі өлмеу керек…- деді. Даусынан баладай аңғал бір үміт сезілді.

– Күн шықты ма? – деді сыбырлай сөйлеп. – Мен күнді алғаш рет көргелі тұрғандаймын…

Қыз күлімсіреді. Оның мазасыз күйде дірілдеген қолын алақанына алып сипады. Айтқан сөздерін үнсіз тыңдап отырды. Шынын айтқанда, қыз оның не айтып отырғанын толық түсінбейтін. Сұрғылт таң жарығында әлгі адам шаршаған, күйреген, бейшара кейіпте көрінді бұның көзіне. Ал қыздың өзі де түнімен көшеде жүрген еді. Соған қарамастан жымиып:

– Иә… Иә… – деді жай ғана.

– Мен саған көмектесемін.

Қолын тағы бір рет ақырын қысты.

– Уайымдама. Көмектесемін саған…

Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ

Сөзбелгілер: әңгімеГерман Гессекітаптарөмірпрозатереңдік
Алдыңғы жазба

Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»

Ұқсас мақалалар

Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»
Проза

Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»

07.06.2026
113
Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»
Проза

Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»

01.06.2026
60
Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»
Проза

Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»

29.05.2026
95
Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ): «Ақжүрек Брахман жайлы хикая»
Проза

Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ): «Ақжүрек Брахман жайлы хикая»

28.05.2026
106

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Көп қаралған

  • Эдгар Аллан По: «THE PHILOSOPHY OF COMPOSITION» – Жазу өнерінің философиясы

    Эдгар Аллан По: «THE PHILOSOPHY OF COMPOSITION» – Жазу өнерінің философиясы

    23.4k
  • Томас Стернз Элиот: «Поль Валери немесе көлге қарап тұрған Нарцис пен мистикаға толы бойдақтың жалғыздығы»

    12.7k
  • Эдгар Аллан ПО: «…Америка поэзиясы немесе ұятты монополияға қарсылық»

    5.5k
  • Фри́дрих Ви́льгельм Ни́цше: “ЗӘРДҮШТ ОСЫЛАЙ ДЕГЕН”

    4.5k
  • Жемаль Сүрея: «Фольклор» – поэзияның жауы»

    3.4k

Сөзбелгі

Your browser doesn't support the HTML5 CANVAS tag.

  • кітаптар
  • бротиган
  • әуендер мен естеліктер
  • махаббат
  • түрік поэзиясы
  • сен және ол жайлы
  • поэзия
  • сағыныш
  • өнертапқыш
  • өткен
  • жазу
  • қоғам
  • жаңа өлең
  • абсурд
  • өмір
  • жаңалықтар
  • әдебиет
  • сын
  • өлең
  • әңгіме
  • стиль
  • түйсік
  • философия
  • аударма
  • үрей
  • ойлар
  • проза
  • таным
  • вольтер
  • еркіндік

Кітаптар

ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ

«ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ» порталы – Қазақстандағы тәуелсіз әдеби кеңістікте қалыптасқан әдебиет пен өнердің онлайн-платформасы.

Байланыс

  • Бас редактор: Қарлығаш ҚАБАЙ
  • Email: karlygaaaa.sh@gmail.com
  • Мекенжайы: Астана / Қазақстан
  • Телефон: +7 747 702 9797

Соңғы жазбалар

  • Герман Карл Гессе: «Кітапқа көміліп өмір сүрген адам»
  • Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»
  • Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Поэзия
  • Проза
  • Сын
  • Кітаптар
  • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Көркемөнер

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.