Дүйсенбі, 1 Маусым , 2026
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс
  • Кіру
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Бастапқы Проза

Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»

«Жерасты әдебиеті» редакциясы жазған «Жерасты әдебиеті» редакциясы
01.06.2026
- Проза
0
Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»
0
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-ге бөлісу

Егер маған өмірдің ең қиын екі сабағын үйреткен адамды ұмытып кетсем, бұл – нағыз опасыздық болар еді. Ол не қылған сабақ дейсіз ғой?! Сөз еркіндігіне толыққанды арқа сүйеп, әлемді билеп тұрған ақша дейтін күшке мойынсұнбай және адамдар арасынан бірде-бір жау таппай өмір сүрудің мүмкін екенін маған сол кісі көрсетті.

Ілуде бір кездесетін мұндай жанмен күтпеген бір кездейсоқтықтың арқасында таныстым. Ол кезде шағын ғана бір кентте тұратынмын. Кешкісін итімді ертіп серуенге шықтым. Жол үстінде итім кенеттен біртүрлі қылық көрсете бастады. Жерге аунап, ағаштарға денесін үйкеп, мазасыздана берді. Арасында қыңсылап, қайта-қайта үріп қояды. Бірдеңе маза қашырғаны анық еді.

Итіме не болғанын түсіне алмай, таңырқап, жан-жағыма қарап тұрғанымда, жанымнан бір адамның өтіп бара жатқанын байқадым. Жасы отыздардың шамасында, басында қалпағы бар. Алғашында оны қайыршы ма деп ойлап, қалтама қолымды сала берген едім, сондай байсалды түрде көгілдір көзімен маған баяғыдан таныс адамдай жылы жымиып қарағанын байқадым.

– Байғұс жануарға бірдеңе болған сияқты, – деді ол итімді нұсқап.

Сосын итке қарай иіліп:

– Келші бері, қане. Не болғанын анықтайық, – деді.

Бір қызығы, ол менімен жаңа ғана танысса да, баяғыдан бері дос боп жүрген адамша еркін сөйлесіп, «сіз» демей, «сен» деп тіл қатты. Бірақ мен бұған ренжіген жоқпын. Өйткені оның бүкіл болмысынан мейірім мен достықтың лебі сезіліп тұр еді. Содан соң мен де соңынан еріп барып, оның қасына, орындыққа отырдым. Бір ысқырып қалып еді, итім де жанына бірден жүгіріп келді.

Бірақ бір таңғаларлығы, бөтен адамдарға ешқашан оңай жақындай қоймайтын итім әлгі бейтаныс жанның қасына бірден келіп, басын оның тізесіне қойды. Әлгі адам ұзын әрі жұмсақ саусақтарымен иттің жүнін сипалап отырып, оны мұқият бақылай бастады. Сәлден кейін:

– Таптым! – деп қуана айқайлап жіберді.

Иттің қыңсылағанынан оның дәл сол кезде күрделі ем-домды бастан өткеріп жатқанын аңғардым. Соған қарамастан, жануар қашуға да, қарсыласуға да тырыспады. Ақыры әлгі адам итімді босатты. Сосын қолындағы бір нәрсені жоғары көтеріп:

– Міне, құтылдың! Енді қайтадан еркін шауып, жүгіре бересің, – деді күлімсіреп. Шынында да, итім бірден орнынан атып тұрып, мәз болып жүгіріп кеткендей болды.

Ал бейтаныс адам болса орнынан тұрды. Басымен сәл ғана ым жасап, менімен қоштасты да:

– Ал, аман бол! – деді. Сөйтті де өз жолымен кете барды. Жанымнан зып беріп, тез жүріп алыстап кеткені соншалық, тіпті көрсеткен көмегі үшін оған бір нәрсе ұсынуды былай қойғанда, қарапайым ғана «рақмет» айтып үлгеруге мүмкіндігім болмады.

Үйге қайтып келген соң да әлгі адамның қызық болмысын ойымнан шығара алмадым. Тіпті бұл оқиғаны аспазымызға дейін айтып бердім.

– Оны жұрт Антон деп атайды, – деді ол. – Мұндай нәрселердің жайын жақсы біледі өзі.

Мен оның қандай кәсіппен айналысатынын, күнкөріс үшін ақшасын қалай табатынын сұрадым.

Аспаз әйел менің сұрағыма таңырқай қарап:

– Ештеңе істемейді… Қандай жұмыс істесін? Оған жұмыстың не керегі бар? – деді.

– Жөн ғой, бірақ адам өз күнін өзі көруі үшін бір кәсіппен айналысуы керек емес пе?

– Антонға оның қажеті жоқ. Оған осы жақтағы адамдардың бәрі өз еркімен бірдеңесін апарып беріп жатады. Ақшаға да пәлендей мән бермейді өзі. Ақша деген, ол үшін – қолдың кірі ғой.

Бұл расында да таңғаларлық нәрсе екен. Әлемнің қай түкпірінде болмасын, дәл осы шағын кенттегідей, бір үзім нан табы үшін, бір кесе шай, баспана мен киім-кешек үшін ақша керек болатын. Ал үстіндегі ескі-құсқы киімінен басқа ештеңесі жоқ, көзге түсе қоймайтын әлгі қарапайым адам өмірдің осы бұлжымас заңынан қалайша құтылып кеткен? Қалайша ол еш уайымсыз, ештеңеге мұқтаж болмай, соншалық еркін әрі шат көңілмен өмір сүріп жүр? Осы сұрақ мені ұзақ уақыт бойы таңдандырып қойды.

Cөйтіп оның өмірінің құпиясын ашуға бел будым. Көп ұзамай-ақ аспазымыздың сөзінің рас екеніне көзім жетті. Антон атты бұл адамның расында да тұрақты кәсібі жоқ екен. Таң сәріден кеш батқанға дейін қала көшелерін кезіп жүреді екен. Сырттай қарағанда ешбір мақсаты жоқ секілді көрінгенімен, оның қырағы жанары айналасындағы бір де бір нәрсені назардан тыс қалдырмайтын.

Мәселен, ол кейде арба айдап бара жатқан адамды тоқтатып:

– Аттың әбзелдері дұрыс тағылмаған екен, – деп ескертіп кететін.

Кейде біреудің бақшасына кіріп:

– Мына ағаш қоршауыңыз шіріп қалыпты, абай болғаныңыз жөн, – деп кетеді.

Мұндай жұмыстарды адамдар оған жиі сеніп тапсыратын. Өйткені жұрттың бәрі оның ешқашан пайда табу үшін жүрмейтінін, барлығын шынайы жанашырлықпен әрі адамдық ниетпен істейтінін жақсы білетін.

Мен оның талай адамның шаруасын тындырып жүргенін көрдім. Бір жолы етікшінің шеберханасына кірсем, Антон аяқкиім жөндеп отыр екен. Сол кезде кентте тұратындардың бәрі басына іс түссе болды, ең алдымен Антонды іздейтінін түсіндім.

Тіпті бір күні оның базарда саудагер әйелдердің жанына отырып, алма сатып жатқанын көрдім. Кейін анықтасам, әлгі саудагер әйелдердің бірі жаңа босаныпты. Сондықтан ол Антонның біраз уақыт өз орнына саудаға шығуын өтінген екен.

Әлемде әртүрлі жұмыс атқаратын адамдар көп. Бірақ Антонның өзгелерден ерекшелігі – қандай ауыр, қандай қиын жұмыс болса да, ол соның ақысына тек бір күндік қажетіне жететін мөлшерде ақша берсең ғана қабыл алатын. Сол күнге керегін тапқаннан кейін басқа ақша алмайтын.

– Қойшы өзі, қажет болған кезде өзім-ақ сені іздеп табармын, – дейтін ол күліп.

Жұртқа көмектесуге әрдайым дайын жүретін осы бір кішкентай адам өзі үшін мүлде бөлек өмір сүру тәртібін ойлап тапқанын ұқтым. Ол адамдарға сенетін. Антонның кент тұрғындары арасында қандай ерекше құрметке ие екенін көру үшін оны көшеде бір рет көрудің өзі жеткілікті еді. Алдынан шыққан адамның бәрі қолын алып амандасатын. Қарапайым әрі ақжарқын бұл адам көшеде кетіп бара жатқанда өз иелігіндегі жерді аралап жүрген дәулетті қожайын секілді еркін әрі келісті боп жүретін.

Кенттегі кез келген есік алдынан айқара ашылатын. Ол кез келген дастарқанға отырып тамақтана алатын. Қажет болса, бәрі де оған көмектесуге әзір болатын.

Итімді емдегеннен кейін Антон мені көшеде көрген сайын тек басын сәл изеп амандасып, әрі қарай жүре беретін. Маған бөтен адамға қарағандай қарайтыны көңіліме аздап ауыр тиді. Ол жасаған жақсылығы үшін менен алғыс та, сыйлық та күтпейтін. Бірақ оның сол сыпайы әрі салқынқанды қалпы мені өзіне жақын адам санамайтынын аңғартатындай көрінетін. Бір күні үйіміздің шатырындағы суағар тесіліп қалды. Мен аспазымызға:

– Антонды шақыршы, жөндеп берсін, – дедім.

Сонда ол күліп:

– Антонды олай шақыра салмайды. Оның қайда жүргенін ешкім нақты білмейді ғой, – деп жауап берді.

Әлгі біртүрлі адамның тұрақты тұратын мекенжайы да жоқ екен. Бірақ соған қарамастан, оны табу мүлдем қиын емес. Көшеден кезіккен кез келген адамнан сұрасаң жеткілікті. Хабар бірден ауыздан ауызға тарап кетеді де, ақырында бір адам оның қай жерде жүргенін міндетті түрде айтып береді. Біз де солай таптық.

Антон сол күні-ақ біздің үйге келді. Бақ ішіндегі саяжолмен баяу жүріп келе жатып, қырағы көзімен айналаны шолып шықты. Сонсоң маған бұтақтарын кесетін уақыт жетті деген ағаштарды көрсетті, тіпті бір ағаштың орнын ауыстырған дұрыс деді.

Ақырында шатырдың суағарын мұқият қарап шығып, жөндеу жұмысына кірісті.

Екі сағаттан кейін жұмысының біткенін хабарлап, үн-түнсіз кетіп қалыпты. Мен тағы да оған алғыс айтып үлгермедім. Дегенмен аспазымызға еңбегінің ақысын жақсылап беруді тапсырған едім.

– Риза болды ма? – деп сұрадым кейін.

– Әрине, – деді ол. – Ол қашан да разы болып жүреді. Мен оған алты шиллинг ұсындым. Бірақ екеуін ғана алды. «Ертең кешке дейін маған осы да жетеді», – деді. Содан соң аз-кем ойланып барып: «Егер дәрігер мырзаның ескі пальтосы болса…», – деп еді.

Бұл сөзді естігенде ерекше қуанып кеттім. Ақыры оған бір жақсылығымды тигізудің мүмкіндігі туғандай көрінді. Мен өмірімде алғаш рет азға қанағат еткен адамды көргенімді де мойындаймын.

Содан соң бірден сыртқа жүгіріп шықтым да, артынан дауыстап айқайладым:

– Антон! Антон! Тоқта! Саған пальто берейін! – деп шақырдым.

Ол тағы да сабырлы әрі нұрлы көзін менің жүзіме қадады. Артынан жүгіріп шыққаныма таңғалғандай көрінбеді. Қайта артық пальтосы бар адамның оны мұқтаж біреуге беруін өмірдің табиғи заңындай қабылдайтыны сезіліп тұр. Аспазымыз үйдегі ескі киімдердің бәрін шығарып, ақтара бастады. Антон да оның қасына отырып, киімдерді бірге қарап шықты. Ақыры бір пальтоны алып, киіп көрді.

– Мынау маған жарайтын сияқты, – деді жай ғана. Оның қимыл-қозғалысы өте табиғи әрі шынайы болатын. Сырттай қараған адам оны дүкенде тұрған заттардың ішінен өзіне ұнағанын таңдап жатқан сатып алушы деп ойлап қалар еді.

Кейін қалған киімдерге де көз жүгіртіп шықты.

– Мына аяқкиімді Тұзшылар тұйық көшесінде тұратын Гучиге берсең болады. Соған аяқкиім қатты қажет болып жүр, – деді. – Ал мына жейделерді Үлкен көшедегі Жозефке бер. Жамап-жасқап болса да киіп алады. Қаласаң, сенің атыңнан мен апарып бере салайын.

Ол мұның бәрін құдды өз мүлкін бөлісіп отырған адамдай еркін ғана айта салды. Біреуден алған нәрсені екіншісіне жеткізу қайырымдылық емес, адамдар арасындағы өзара табиғи көмек секілді көрінетін оған. Сол сәтте мен оның адамдарды бізден әлдеқайда жақсы танитынын және әркімнің мұң-мұқтажын үнсіз-ақ сезе білетінін аңғардым.

Дауысынан да өзгеге жақсылық жасағанына шын көңілден қуанып тұрған жомарт адамның жан дүниесі сезілетін. Сол сәтте мен тіпті: «Мен танымайтын адамдарға киімдерімді таратып бергісі келгені үшін оған тіпті рақмет айтуым керек шығар», – деп ойладым. Антон аяқкиім мен жейделерді ұқыптап буып-түйіп алды да:

– Сен шынымен жақсы адам екенсің. Бұларды еш қиналмай-ақ мұқтаж жандарға беріп отырсың, – деді. Одан кейін қоштасып, өз жолымен кете барды.

Бірақ мойындауым керек, мен жазған кітаптарға айтылған сансыз мақтаулардың ешқайсысы маған осы Антонның қарапайым ғана әкелік ілтипатқа ұқсайтын бір ауыз сөзіндей әсер еткен емес. Оның сол бір жылы сөзі жүрегімде әлдеқайда терең із қалдырды. Содан бері қаншама жыл өтті. Бірақ мен Антонды ешқашан ұмытқан емеспін. Өйткені өмірде маған адамгершілікке қатысты дәл мұндай үлкен сабақ берген ешкім болған жоқ. Ұсақ-түйек ақшаға қатысты дау-дамайды көріп, есеп-қисапқа толы тіршіліктен жалыға бастаған сайын мен оны есіме аламын. Бір күндік қажетінен артық ештеңе сұрамайтындықтан, жан тыныштығы мен ішкі еркіндігін сақтап өмір сүрген Антонды ойлаймын… Сонда менің санама: «Егер адамдар бір-біріне сенуді үйренсе, полицияға да, сотқа да, түрмеге де, бәлкім, ақшаның өзіне де мұншалық қажеттілік туындамайтын шығар?» – деген бір сұрақ әрдайым жиі оралып отырады… Егер әр адам қолынан келгенше өзгеге жәрдемдесіп, ал оның ақысы ретінде өзіне шын мәнінде керек мөлшерден артық ештеңе алмаса, Антон секілді өмір сүрсе, бүгінгі дүниенің күрделі әрі қайшылыққа толы экономикалық жүйесі әлдеқайда әділ әрі үйлесімді болмас па еді?..

Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ

Сөзбелгілер: әңгімеминимализмөмір пәлсапасыпрозаСтефан Цвейг
Алдыңғы жазба

Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»

Ұқсас мақалалар

Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»
Проза

Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»

29.05.2026
90
Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ): «Ақжүрек Брахман жайлы хикая»
Проза

Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ): «Ақжүрек Брахман жайлы хикая»

28.05.2026
71
Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ): «Платонның түсі…»
Проза

Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ): «Платонның түсі…»

27.05.2026
118
Эмиль Мишель ЧОРАН: «Құрмет һәм қарғыс»
Проза

Эмиль Мишель ЧОРАН: «Құрмет һәм қарғыс»

28.03.2026
118

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Көп қаралған

  • Эдгар Аллан По: «THE PHILOSOPHY OF COMPOSITION» – Жазу өнерінің философиясы

    Эдгар Аллан По: «THE PHILOSOPHY OF COMPOSITION» – Жазу өнерінің философиясы

    23.4k
  • Томас Стернз Элиот: «Поль Валери немесе көлге қарап тұрған Нарцис пен мистикаға толы бойдақтың жалғыздығы»

    12.7k
  • Эдгар Аллан ПО: «…Америка поэзиясы немесе ұятты монополияға қарсылық»

    5.5k
  • Фри́дрих Ви́льгельм Ни́цше: “ЗӘРДҮШТ ОСЫЛАЙ ДЕГЕН”

    4.5k
  • Жемаль Сүрея: «Фольклор» – поэзияның жауы»

    3.4k

Сөзбелгі

Your browser doesn't support the HTML5 CANVAS tag.

  • өнертапқыш
  • жаңа өлең
  • бротиган
  • үрей
  • түйсік
  • өткен
  • вольтер
  • өмір
  • ойлар
  • өлең
  • таным
  • кітаптар
  • әңгіме
  • еркіндік
  • сын
  • стиль
  • түрік поэзиясы
  • аударма
  • абсурд
  • махаббат
  • қоғам
  • проза
  • сен және ол жайлы
  • философия
  • жазу
  • жаңалықтар
  • әуендер мен естеліктер
  • сағыныш
  • поэзия
  • әдебиет

Кітаптар

ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ

«ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ» порталы – Қазақстандағы тәуелсіз әдеби кеңістікте қалыптасқан әдебиет пен өнердің онлайн-платформасы.

Байланыс

  • Бас редактор: Қарлығаш ҚАБАЙ
  • Email: karlygaaaa.sh@gmail.com
  • Мекенжайы: Астана / Қазақстан
  • Телефон: +7 747 702 9797

Соңғы жазбалар

  • Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»
  • Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»
  • Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ): «Ақжүрек Брахман жайлы хикая»

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Поэзия
  • Проза
  • Сын
  • Кітаптар
  • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Көркемөнер

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.