Сейсенбі, 22 Қыркүйек , 2026
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс
  • Кіру
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Әдебиет
    • Поэзия
    • Проза
    • Сын
    • Кітаптар
    • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Көркемөнер
  • Өнертапқыш
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ
Бастапқы Проза

Пьер Жараван: “Хабарсыз кеткендерге арналған ән” (Ein Lied für die Vermissten)

«Жерасты әдебиеті» редакциясы жазған «Жерасты әдебиеті» редакциясы
22.09.2026
- Проза
0
Пьер Жараван: “Хабарсыз кеткендерге арналған ән” (Ein Lied für die Vermissten)
26
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-ге бөлісу

Yeki Bud. Yeki Nabud.

Дүниедегі ең керемет, ең көне хикаялар ежелден былай басталады: Бар екен де… жоқ екен. Парсы сөз тіркестерінің бүкіл алтын қорынан алынған жалғыз сөйлем, дәл осы сөйлем – хикая бастауы. Айтылатын әр әңгіменің серпіліс беруші қуаты. Әр хикаяның бастау бұлағы.

Біреу бар екен. Біреу жоқ екен.

Баяғыда бір заман болған екен, ондай заман болмапты.

Yeki Bud. Yeki Nabud. Бар екен де… жоқ екен. Сенің қиялың – желге төзбей қисайған үй. Немесе бір құпия ханшатыр. Жолдаулар мен суреттердің ызыңына құлақ сал. Айналаңа қара. Тыныста. Шайыр иісі сіңген ауа мен зәйтүн тоғайы. Осы сәттің аңқыған жұпар иісі саған: Һабиби, йа альби, көзіңді жұмып, аппақ қаланы елестет, – дейтіндей. Құдықтар мен ақ сәулелер қаласы, Жерорта теңізінің орхидеясы. Көзіңді жұм да, Бейрутты есіңе ал. Өйткені баяғының Бейруты солай болған, бұлай болмаған, үлкендердің айтуынша. Олардың жадында бәрі жақсы сақталған.

Соғыстың алдындағы Бейрут? Һабиби йа айни, сол күндер, еркіндік пен өмірге деген құштарлық! Теңіздің дәл жағасындағы Пепе Абедтің тавернасында өткен жазғы мамыражай түндер, сол жердегі омардың (теңіз жәндігі) түсі ерекше қанық болатын, айлақта тұрған яхталар толқынмен ырғала тербеліп тұрушы еді – Сан Тропе Леванте. Мамырдағы гибискустың (бөрітарақ) жұпары, тамыздағы газанияның хош иісі мен қарашадағы тәтті апельсин. Жағалауда жайғасқан үйлердің шатырынан жыл бойы меззенің (тіскебасар тағам) жағымды иісі айналаға тарап жататын, жұрт меззені Дюраффурд көшесіндегі Абу Наимнен алатын, ол жерде құрма қосып дайындаған тәтті тоқаш та болушы еді, балалар оны теңіз жағасындағы құз-жартастарға жайғасып алып жейтін. Ал олардан төмен жатқан көгілдір теңізге төмендеп ұшқан Middle East Airlines ұшақтарының көлеңкесі түсетін, олар Таяу Шығыс Парижіне жаңа саяхатшыларды тасымалдайтын.

Ескі Бейрут, әр таңда тау асып келіп, қаланы сан-алуан бояуға малындыратын нұр еді. Немесе темір тормен қоршалған терезелерінен американдық фильмдерді көреміз деп жасөспірімдер сығалап жүретін Cinema Montreal-дың түнде жарқыраған неон жазулары, джаз-барлар, ән салып, би билеген Джамела Омардың би киіміне шам сәулесі шағылыса түсетін клубтардың көмескі жарығы. Сол маңда, таяқ тастам жерде қалың кілемдері қауесетті таратпай тұмшалап, қаланың шахмат тақтасындағы күдікті фигуралар – тыңшылардың бар үстелінде отырып сыбырлай жеткізген сырларын ішіне бүгіп жататын ежелгі Сент-Джордж қонақ үйі тұратын.

Бейрут, тар көшелерді кезген қаңғыбас иттер, Морис, Mar Elias-та істейтін жас даяшы кейде оларға  асханадан тауықтың маринадталған бауырын білдірмей алып шығып әкеліп беретін. Өйткені Бейрут береке, жақынын жақсы көру мен сыйластық нышаны тұнған жер еді. Жұрт жұма намазға мешітке жиналып, қаланың жартысы босап қалып, біраздан кейін қайта толып жатқанда, шығыс жақтан шіркеу қоңыраулары жаңғыра естіліп, христиандарды кешкі ғибадат етуге шақырып жататын.

Соғыс алдындағы Бейруттегі сарын ше?. Ән мен әуен қаласы! Жаяу жүргіншілер ән салатын, азаншының әуезді даусы қалықтайтын, монах әйелдердің шіркеудегі қауыммен бірге салған әні естілетін. Шаһидтер алаңындағы ақша айырбастаушының жар салған дауысы, жағалаудағы жартастан ғашықтардың күлкісі естілетін. Жұлдыздар алаңындағы қоңырау мұнарасын айнала орналасқан сууқтан (базардан) естілетін саудагерлер дабдыры, Moonlight қонақ үйі алдындағы етікші Ахмед Азиздің Марлон Брандо мен Брижит Бардоға сәтті күн тілеген күбірі. Осынау жайнаған, алуан түсті бояу сіңген, армян зергері маронит тігіншісімен және шиит жеміс сатушымен дойбы ойнайтын қалада, базарлардың кіреберісіндегі дәмханаларда бір мүштікті кезекпен тарта беретін адамдар  ешқашан бір-бірінің дінін сұрамайтын, отбасының амандығын сұрайтын. Өйткені мерекені жұрт бірге тойлайтын, ал көп дінді қалада мереке де көп еді.

Бейрут, Моно көшесіндегі сүйір доғалы терезелердің астында ән салып, іштегі әйел затының бет-жүзін ду еткізетін лютняшы Диркан Наджарянның әндері еді ғой. Ішкі аулада ойнап жүрген балалардың күлкісі, бір-бірімен балконнан тілдесетін аналардың сықылықтаған күлкісі естілетін. Сосын уайым моншақтарының сатылмай жатқанын уайымдайтын кәдесый сатушы Һусеин Бадирдің тоқтаусыз күңкілі еді, өйткені адамдар көп уайымдауды қойған.

Бірдеңені әңгімелеп айту бар да, үндемеу бар. Арасында сауал да бар. Сенбеу ше? Қорқу мен күмән ше? Кейіннен болған нәрсенің бәрі қалай болды, себебі не? Жауап орнына алдыңнан үнсіздік шығады. Құм мен шөл дала. География кітаптарын ашсаң, Ливан шөл даласы жоқ жалғыз араб елі дейді. Әсілі олай емес. Шөл барлық жерді алып жатыр. Және онда сөзбен айтып жеткізуге болатын естелік жоқ. Еске түскен нәрсені жеткізетін тіл жоқ. Сұрақ қойсаң, одан кейінгі үнсіздік тыныштықтан да терең. Өйткені тыныштық ешқашан бәрін бірдей жұтып қоймайды. Ең кішкентай бөлменің өзінде сағаттың тықылы не тоңазытқыштың гуілі қалады. Оның үстіне тұншыға жеткен сырттағы шу, күнделікті өмір бар. Сабыр, үнсіздік, тыныштық, көп сөздер бұл күйді дәл бере алмайды екен.

Бірақ үнсіздік бөлек болады. Көкжиектен асып, тигенін жалмай береді, таптым ба деген шындықтың өзі де аяқ асты ғайып болады, құдды бір қолғап киген ұры әрекет еткеніндей.

Исфаһан, Каир, Шам мен Бейруттың дәмханалары мен қоғамдық алаңдарында отыратын баяғының хикаяшылары шөлейттің тек бос кеңістік қана емес екенін білген. Құм астында бір кездері ғайып болған тұтас бір қалалар мен өркениеттер жатқаны оларға аян.

Бала күнімде бір хикаяшы қария: – Бір түйір құм жеткілікті, – деген еді. Күтпеген жерден дауылға тап болып, танымайтын біреудің үйіне қонған едік. Сонда әлгі кісі: – Үлкен әңгіме тарқату үшін бір түйір құм жетіп жатыр, – деген еді.

Аударған: Таңсұлу Ғизатуллаевна Рахымбаева

Пьер Яраван – жазушы, шығармашылық жазу бойынша тәлімгер және еркін фотограф. Оның алғашқы романы « Ақырында қалатыны – балқарағай » (Am Ende bleiben die Zedern) 2016 жылы жарық көріп, автор халықаралық әдеби ортада танымал болды. Бұл шығармасы үшін автор Мюнхен қаласының әдеби шәкіртақысына, Бавария өнерін қолдау сыйлығына, сондай ақ AZ-Literaturstern марапатына ие болды. Аталмыш роман Шамбери қаласында өтетін Festival du Premier Roman фестивалінде неміс тіліндегі ең үздік дебют ретінде таныстырылып, оқырмандардың Prix des Lecteurs du Livre de Poche атты беделді сыйлығына да ие болды. Бүгінгі күні роман көптеген тілге аударылып, халықаралық деңгейде кеңінен танылған заманауи неміс әдебиетінің көрнекті туындыларының бірі болып отыр.

2020 жылы Пьер Яраванның екінші романы «Хабарсыз кеткендерге арналған ән» (Ein Lied für die Vermissten) жарық көрді. Оның ағылшын тіліндегі аудармасы беделді Dublin Literary Award сыйлығының ұзақ тізіміне енгізілді. Ал 2024 жылы жазушы қоғам өмірін ашықтық, төзімділік және мәдени алуандық құндылықтарымен байытқан тұлғаларға берілетін Эрнст Хоферихтер атындағы сыйлықпен марапатталды.

Жазушының үшінші романы «Айдағы әйел» (Frau im Mond) 2025 жылдың сәуір айында жарық көрді. Бұл шығарма Tukan-Preis әдеби сыйлығына лайық деп танылып, Германияның беделді SPIEGEL басылымы тарапынан 2025 жылдың ең үздік жиырма романының қатарына енгізілді. Әдеби шығармашылығымен қатар, Пьер Яраван көп жылдан бері халықаралық шығармашылық жазу шеберханаларының жетекшісі ретінде де белсенді еңбек етіп келеді. Ол Нью-Йорк, Бейрут, Каир, Рига және Әбу-Дабидегі әдебиет үйлерімен, мектептермен және Goethe-Institut филиалдарымен бірлесе отырып, көптеген әдеби-мәдени жобаларды жүзеге асырып келеді.

Қазіргі уақытта ол Мюнхендегі Әдебиет үйінің Offene Werkstatt («Ашық шеберхана») жобасына жетекшілік етеді. Мұнда ол шығармашылық жолын енді бастаған қаламгерлерге де, тәжірибелі авторларға да қолдау көрсетіп, олардың жеке шығармашылық қолтаңбасын қалыптастыруына, сондай-ақ әдеби туындылары мен жобаларын одан әрі дамытуына бағыт-бағдар беруде.

Аудармашы Рахымбаева Таңсұлу Ғизатуллаевна Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1989 жылы Алматы педагогикалық шет тілдер институтын тамамдап, бірнеше жыл неміс, ағылшын тілдерінің оқытушысы ретінде қызмет етті. 2019 жылдан бастап аударма саласына түбегейлі бет бұрып, аударма жұмысымен айналысып келеді.

Сөзбелгілер: әдебиетнеміс әдебиетіпрозаПьер Жараван
Алдыңғы жазба

Қарлығаш Қабай: “Зуһд” поэмасы (толық нұсқа)

Ұқсас мақалалар

Герман Карл Гессе: «Кітапқа көміліп өмір сүрген адам»
Проза

Герман Карл Гессе: «Кітапқа көміліп өмір сүрген адам»

22.06.2026
63
Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»
Проза

Уильям Катберт Фолкнер: «Эмилиге арналған гүл»

07.06.2026
125
Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»
Проза

Стефан Цвейг: «Адам атаулының досы Антон»

01.06.2026
68
Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»
Проза

Аделина Вирджиния Вулф: «Перілі үй»

29.05.2026
100

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Көп қаралған

  • Эдгар Аллан По: «THE PHILOSOPHY OF COMPOSITION» – Жазу өнерінің философиясы

    Эдгар Аллан По: «THE PHILOSOPHY OF COMPOSITION» – Жазу өнерінің философиясы

    23.4k
  • Томас Стернз Элиот: «Поль Валери немесе көлге қарап тұрған Нарцис пен мистикаға толы бойдақтың жалғыздығы»

    12.7k
  • Эдгар Аллан ПО: «…Америка поэзиясы немесе ұятты монополияға қарсылық»

    5.5k
  • Фри́дрих Ви́льгельм Ни́цше: “ЗӘРДҮШТ ОСЫЛАЙ ДЕГЕН”

    4.5k
  • Жемаль Сүрея: «Фольклор» – поэзияның жауы»

    3.4k

Сөзбелгі

Your browser doesn't support the HTML5 CANVAS tag.

  • еркіндік
  • сағыныш
  • философия
  • таным
  • өмір
  • әңгіме
  • поэзия
  • кітаптар
  • әуендер мен естеліктер
  • үрей
  • стиль
  • өнертапқыш
  • өлең
  • түйсік
  • махаббат
  • әдебиет
  • қоғам
  • проза
  • жаңа өлең
  • сын
  • сен және ол жайлы
  • вольтер
  • аударма
  • жаңалықтар
  • ойлар
  • бротиган
  • абсурд
  • жазу
  • өткен
  • түрік поэзиясы

Кітаптар

ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ

«ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ» порталы – Қазақстандағы тәуелсіз әдеби кеңістікте қалыптасқан әдебиет пен өнердің онлайн-платформасы.

Байланыс

  • Бас редактор: Қарлығаш ҚАБАЙ
  • Email: karlygaaaa.sh@gmail.com
  • Мекенжайы: Астана / Қазақстан
  • Телефон: +7 747 702 9797

Соңғы жазбалар

  • Пьер Жараван: “Хабарсыз кеткендерге арналған ән” (Ein Lied für die Vermissten)
  • Қарлығаш Қабай: “Зуһд” поэмасы (толық нұсқа)
  • Герман Карл Гессе: «Кітапқа көміліп өмір сүрген адам»

Айдарлар

  • Жаңалықтар
  • Кітаптар
  • Көркемөнер
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Поэзия
  • Проза
  • Сен және ол жайлы
  • Сын
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Байланыс

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Құпия сөзді қалпына келтіру үшін пайдаланушы атыңызды немесе электрондық пошта мекенжайыңызды енгізіңіз.

Кіру
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Бастапқы бет
  • Жаңалықтар
  • Поэзия
  • Проза
  • Сын
  • Кітаптар
  • Сен және ол жайлы
  • Мультимедиа
  • Өнертапқыш
  • Көркемөнер

© 2026 ЖЕРАСТЫ ӘДЕБИЕТІ - шекарасыз сөз порталы.